"Астана қаласы тұрған жердің мыңжылдық тарихы бар"

819

 Ұлан ҮМІТҚАЛИЕВ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Археология және этнология кафедрасының меңгерушісі, этнограф, археолог: 

Бозоқ қаласы туралы алғашқы деректі орыс ғалымы Иван Шангин қалдырған болатын. Кейін Алтын адам тапқан Кемел Ақышев ағамыз Бозоқ қала жұртын тапқан. 

Елордамыз Астана қаласының тұрған жері  мыңжылдық тарихы бар орын. Өйткені Астананың тарихы сонау ерте ғасырлардан басталады.  Сонау 7-ғасырдан бастап тарихын шежірелеген иен далаға, халық жай келе салып орнықпады. Бұл жер мың жұрт келіп, мың жұрт кеткен жер болды. Нақтылы тарихи және археологиялық зерттеулер бойынша бұл жұрттың аты – Бозоқ қаласы деп аталды. 

Бозоқ қаласы - біздің зерттеулеріміз бойынша қола дәуірінің, көне тас дәуірінің кейінгі орта ғасыр дәуірлерінің қалашығы.  Астана іргесінен 17 шақырымы қашықтықта жатқан қала Дешті Қыпшақ хандығының ордасы болған. 1998 жылдан бастап, археолог мамандар бұл жерді жіті зерттеу үстіне алды. Алайда Астананың түп қазығы деуге лайық қалашық әлі күнге дейін ашық, ешқандай қоршаусыз жатыр. 

Бозоқ қаласы туралы алғашқы деректі орыс ғалымы Иван Шангин қалдырған болатын.  Кейін алтын адам тапқан Кемел Ақышев ағамыз Бозоқ қала жұртын тапқан. Археолог ғалым,  Қорғалжын тас жолымен келе жатып, оңға қарай түсіп кететін жолды көріп, көлік жүргізушісіне айтып, сол жерге тұрақтаған. Содан Бозоқты көлінің биіктеу ортасында орналасқан жерінен ортағасырлық қала жұртының қалдығын көрген. Кемекең 10 жылға жуық археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Сарыарқа төсіндегі Бозоқ қаласын қазақ тарихына қосқан болатын. 

fdf3f468c9dbd00996e63d89df35ddd6.JPG

Академик Астана Алматыдан Сарыарқа төсіне көшкенде, бұл түгі жоқ қу дала деп, ел ішінде айтыла бастаған алып-қашпа әңгімелерді жоққа шығару үшін Астананың түп-тамыры қайда жатқанын зерделеуге бел буған. Сол жолда ерінбей еңбектеніп, оның ізін Кемел Ақышев ағамыздың шәкірттері жалғап, тарихи орданың құнды жәдігерлерін, тарихи ескерткіштерін топырақ астынан қайта тірілтті. Бұл енді Астана қаласының тарихы тереңде жатқандығының бір куәсі. 

Сондай-ақ Бозоқ қаласының бір ерекшелігі,  оңтүстік өлкелердегі сияқты керемет қамалдары, рабадтары мен цитадельдері бар шахристаннан тұратын емес, дала мәдениетіне тән,  хан сарайларының, көшпенді халықтың  жаз жайлауға шыққан қаласы болған. Бұл негізінен ертеден табиғаты қоңыржай салқын, жаз жайлауға қонатын өлке.  Қазақстанның Сарыарқасынан, Жаңарақа өлкесінен, Баянауыл мен Көкшетау өңірлерінен әрбір таудың қыстауын мекендеген тыныш жатқан халық, үлкен-үлкен текті әулеттер осы жерге келіп жаз жайлауын өткізіп, Бозоқты сияқты қала жұртына мекендеген. Үш-төрт ай бойы осы жерде төрт-түлігін бағып, қымызын сапырып, үлкен елдік даулық мәселелерді осы жерлерде шешкен. Күзге қарай қаланың орнынан ие болатын кедей-кепшіктер, жатақтарды қалдырып кететін болған. Бұның бәрі біздің тұжырымдарымыз бойынша зерттеліп, таразыланды. Бозоқ та  үлкен қамал салынбауының басты себебі де осыда. Алайда бұл мүлдем түкте, ешнәрсесі жоқ, құр киіз үйлер ғана тігілген қала деуге де болмайды. Археологиялық қазба жұмыстары барысында бірнеше ор қазылған шұңқырлар болған, оларға су толтырылған,  ішкі және сыртқы қамалдары болған, ортасында мұнара болған, бірнеше мешіттің орындары табылған.


Әңгімелескен Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

 

Пікірлер