Көркем шығармалары терең ойға жетелейтін, ал публицистикасында келелі мәселелерді қопара жазатын, ұлт тағдырына қашанда бей-жай қарай алмайтын Дидахмет Әшімханұлының қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, ұлттың қоғамдық өміріне өлшеусіз үлес қосқандығына ешкім де күмән келтірмейді. Бірақ, біз ағамыздың жастар жүрегінде сақталған адамгершілік жарқын бейнесі туралы жазғымыз келген еді. Дидахмет Әшімханұлы өмірден озған соң былтыр қырық күндігі қарсаңында, әрі туған күні – 10 маусымға орайластырып бір топ жастар болып ағамыздың ауылына, яғни, Қатонқарағайға арнайы барып қайтқан едік. Алматыдан Қатонқарағайға барып қайтқан жолымызда көңілді тербеген ойларды оқырман назарына ұсынуды жөн көрген едік.
ӨНЕГЕ-ӨСИЕТІ
Дидахмет Әшімханұлы қазақтың ұлттық құндылықтарының сақталуына қатты мән беретін және өмірлік ұстанымына айналдыра білген қаламгер-тұғын. Қазақ елінде әртүрлі діни ағымдар бас көтеріп, салт-дәстүрімізді жоққа шығарғанда жазушылардың ішінде алғашқылардың бірі болып үн қатып, ата-баба мұрасын сақтау мәселесін көтеріп мақала жазған да ағамыз еді. Салт-дәстүрді бұрмалап, құнын төмендетіп, табанға салғысы келетіндер көбейген мына қоғамда Дидахмет ағамыздың орны ойсырап тұрары анық. Өз азаматтық позициясы жолында құрбан болып кетуге бар ағамыз жер тағдыры сынға түскен бір жылдары «Жер аңсаған сарыатан» шығармасын жазып өзінің қазақтың арда перзенті екенін дәлелдеген болатын. Шығарманы оқыған кез келген жанның туған жерінің әрбір тау-тасы, әрбір шоқысы, әрбір өзен-көлі мен бұлағы, жусаны мен ақ селеуі көз алдына елестеп, көңіл пернесінде дархан даланы сайратады емес пе? Өмірлік білімі мен жиған байлығын шетелге жұмсайтындарды ойлағанда, туған жердің қадірін білер сарыатан құрлы сезіміміздің болмағаны ма дейсіз де...
Күлбілтеге салып күмілжіп тұрмайтын, кесіп айтатын, ұшқыр ой, жүйрік қиялы әрбір сөзінен аңғарылатын ағамызға бәріміз де үйірсек келдік. Өйткені, ол кісі ақыл айтудан еш жалықпайтын, жақсы дүниең болса, қанаттандырып, желпінтіп те тастайтын. Орынсыз емес, әрине. Кемшілікті де келістіріп жеткізе білетін. Қайткенде де, Дидахмет ағаның жастарға ниеттестігі, шынайы тілектестігі аңғарылып, аңдағайлап тұратын еді. Сафуан Шаймерденов өзінің ағалардан көрген жақсылығын «Ағалар алақаны» деген деген кітапта жақсы бейнелейді ғой. Шынын айту керек, жас толқынға шынайы тілектестік білдіретін алдыңғы толқын ағалардың қатары сиреп барады. Қанаты қатаймаған жастарға қамқорлық қажет екенін, мұның сол сарыауыз жасқа ғана емес, тұтас ұлттың болашағына жасалған қомқорлық екенін ұға бермейді-ау. Дидахмет аға да өзінің дәстүр сабақтастығын ұмытпайтын мінезіне сай алдыңғы толқыннан алған игі қасиеттерді, ізгілік мұратын жастардың бойына өз ісімен үлгі-өнеге болуға тырысты. Мұны жай ғана жақсылық деп емес, азаматтық борыш пен парыз көрді. Сонысымен Дидаға өзгелерден биік тұратын. Тіпті, ағамыздың кеңпейілдігіне арқамызды кеңге салып еркелеп тұратынбыз... Қазір сол шын еркелейтін ақжүрек ағамызды сағынамыз. Дидахмет Әшімханұлының аты-жөні аталғанда, жастардың ет-жүректері езіліп, тебіреніп еске алатыны да сондықтан болса керек.
Дидағам тек рухани демеп қана қойған жоқ, бізге қаржылай да қарайласып тұратын еді. Сол оқуды аяқтай сала отбасын құрдық. Тойымызда Дидағаның жазушы ағалардың ішінде көшбастап, соңында «Атамекенді» жоғары дауыспен көкке самғатып шырқағаны әлі есімде. Баспалар үйінің түбіндегі жатақханада тұрдық. Отбасылық өмірге бейімделе қоймаған қиын кезең. 45 мың теңге жалақы аламын, оның 35 мың теңгесі жатақхана бөлмесін жалға алуға жұмсалады. Жанымыз мұрнымызға тіреліп қиналғанда есімізге алғашқы түсетін кісі – Дидахмет аға. Ағамыз құр қол қайтармайды. «Сен бұл ақшаны жұмыспен қайтарасың, редактор ретінде оқуға кітап беремін» дейді. Сосын кітапты оқуға беріп жатып «мынау қазақ тарихы жайында құнды кітап, оқып болған соң пікіріңді білгім келеді. Соңынан талқылаймыз...» деп жатады. Осылайша бізге оқуға кітап тапсырады. Қаражат алып бір қуанамыз, берген кітаптарын оқып шығып руханиятымызға сарқылмас азық жинап тағы да мерейіміз артатын еді-ау. Сол бір қиын кездердегі ағамыздың қамқорлығын ара-тұра отбасымызбен еске алып отырамыз. Адамның артында тек жақсы істер қалады дейді. «Жақсының аты өлмейді» деген де сол болса керек. Кейін баспаналы болғанымызда да қуанышымызды бөлісіп, құтты болсын айтып келген кісілердің ішіндегі ең үлкені Дидахмет ағамыз еді...
ТҰМСА ТАБИҒАТ ТАЛАНТТАР ТУДЫРАДЫ
Міне, біз Қанат Әбілқайыр, Жадыра Нармаханова тәрізді достарымызбен ағамыздың ізі қалған, туып-өскен топырақты басқанымызға өзімізді шексіз бақытты сезіндік. Дидахмет ағамыздың ауылдағы жан досы, өңірдегі беделді журналист Жәнібек Қызыр бізді өз көлігімен алып жүрді. Қатонқарағай ауданының шексіз сұлулығына тамсанамыз. «Тасқа біткен шынардай» тіркесінің қаншалықты сұлулықтың жүгін арқалап тұрғанын сонда ғана түсіндім ғой мен пақыр. Жұмыртқадай жұп-жұмыр дөңгелене біткен тау-тасты жарып шыққан шынар ағашы гүлдей жайқалып тұрған кезге тура келіппіз. Қалың жынысты тау баурайларын көзбен сүзіп, көңілмен тоқып-ақ басымыз айналды, тіпті. Қайран қазақтың жері, осындай сұлулықты көріп өскен Дидағаның жаны қалай сұлу болмасын дейміз. Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханұлы тәрізді ағаларымызды ең алғашқы ұстазы осы Алтайдың әсем көріністері болғанын ішімізбен сезіп келеміз. Тұмса табиғат нағыз таланттарды тудырады екен. Басына бұтадай мүйіз көтерген бұғылардың өзі неге тұрады, десеңізші! Өзге еш жерде кездеспейтін 2 000 жуық дәрілік шөптер осында ғана өсетінін естіп таңдайымызды қағып, басымызды шайқадық. Биігін бағындыру талайға арман болған Мұзтауға қарап бойын түзеген азаматтарды жіпке тізсек, мақаламыз тым созылып кететін түрі бар. Шыңғыстайдағы ағамыз оқыған мектепте Дидахмет Әшімханұлына арналған арнайы сынып ашылған екен. Сонда кездесуде болдық. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Гүлнар Қайсенова сыныпты жап-жақсы безендірген екен. Тіпті ағаның жеке мұрағатында кездеспейтін балалық шақтағы, бозбала кезіндегі суреттерін көрмеден көріп қайран қалдық. Одан кейін Қатонқарағай Мәдениет сарайында аудандық басшылардың қатысуымен үлкен шара өтті. Қарақұрым халық жиналды. Мұндайда ерін сыйлаған, жоқтаған елден айналады екенсің. Сол бір жиында Жәнібек Қызыр ағамыз көзіне жас ала толқып сөйлегені сөзі көпшіліктің жүрегін тербетті. Бұдан соң Жаңаүлгі ауылындағы Дидахмет Әшімханұлының қара шаңырағында болып дәм таттық. Жазушының анасы Бағди Тәңірбергенқызының қолын алып амандастық. Әбден еңсесі түсіп, көзі суалған қартқа көңіл айттық. Көпті көрген әжемізге Тәңір қуат берсін дейік. Қайтарда Дидағамдай асылды өмірге әкелген әже бізге ақ батасын берді.
АСҚАҚ АЛТАЙ, БУЫРҚАНҒАН БҰҚТЫРМА
Дидахмет ағамыз жастарды тарихи орындарға алып барып, жол бойы өнегелі әңгімелер айтуға құштар еді. Ағамыз тірі болғанда, ол кісі де осы Алтайдың тарихи мекендерін бір көрсетпей қайтармас еді-ау дейміз бір-бірімізге. Дидағамның ауылдағы көзіндей болған жалғыз жолдасы Жәнібек Қызыр аудан орталығынан 80 шақырымдай Берельге бізді көлігімен алып жүрді. Жол бойы небір сұлу көріністерге құмарымыз қанбастан сүйсініп тамашаладық. Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханұлы, Әлібек Асқарұлы тәрізді жазушылардың шығармасынан сан рет кездесетін Алтайдың асау өзені Бұқтырма дәл осы кезде арнасынан тасып, буырқанып жатыр екен. Алтайдың өр биігі, Бұқтырманың буырқанған ағыны адам баласының бойына қайтпас қайсарлық, өрге сүйрер қайрат берерін осы сапарда түйсіне түстім. Дидағамның көптеген асыл қасиеттерінің бірі – ақиқатты тіліп айтар қайсарлығы еді ғой.
Жол-жөнекей Жәкеңнен «Берель» сөзінің мәнісін сұрадым. «Осы өңірде Өргіел деген ауыл бар. Орыстар оны «Оргель» деп атайды. Өрдегі ауыл, өрдегі ел деген мағынада. Берель де солай Бергіел болуы керек. Яғни, мағынасы бергі жақтағы ел дегенге келеді. Орыстілділер «Берель» деп кеткен» деп жауап берді ол кісі. Дидахмет ағаның «Жас кезімде Өскеменде жүргенімде қазақ тілін, ұлтын қорлағысы келген орыстармен жаға жыртысып, қан-жоса болып талай төбелесуші едік» дегені есіме түсті.
Тарихи кешенде тек сақтардың ғана емес, кейінгі көне түрік дәуірінің де қорғандары жетерлік екен. Қос биік шатқалдың ортасында, суы балдай дәмді әрі мөп-мөлдір, ағаштары көз сүйсіндіріп жайқалған тарихи орынның бабаларымызбен әдейі таңдалып алынғаны көрініп тұр. Мұнда ежелде аруақтарға құрмет көрсет, ас беретін жазық алаңқай да бар. Қорымдар орналасқан жер алаңқайдан әлдеқайда биік. Қағандар мен бектердің ас беру шарасын сырттай бақылап, тамашалауға өте ыңғайлы жер екені қайран қалдырды. Бұл жер белгілі археолог Зейнолла Самашевтың бастамасымен ашық аспан астындағы музейге айналады деп сендірді бізге қорғандарды таныстырып жүрген Алмас есімді жас археолог. Берель қорғандары мыңжылдықтар бойы бұзылмай сақталған алтын абзелді жылқыларымен әйгілі тарихи кешен. Сақтар дәуірі саналатын б.э.д VII-IV ғасырлардан бүгінге дейін адам мен құрбандық малының тұтастай бұзылмай жетуің қалайша қамтамасыз еткен десеңізші, қайран ата-бабаларымыз... Өкінішке қарай, сол тарихи игілікті, бабалар ғылыми жетістігінің дәлелін сол қалпында сақтай алмадық. Жерден аршылып алынған соң аз уақытта адамдар денесі мен құрбандық малының еті бұзылып кеткен. Ал Ресейдегі Алтай патшайымы (Берельдің түбінде, тек Ресей шекарасы бөліп тұрғаны болмаса) денесі сол қалпында тоңазытқышы бар көлікке артылып, бұзылудан аман қалған. Иә, Алтай, осындай адам айтса, нанбайтын ғажайыптар мекені.
Алтай күллі түрік дүниесінің алтын кіңдігі. Дүниені дүр сілкіндірген, көк бөрі байрақты көне түріктер туралы аңыздардың дені Алтай тауына келіп тіреледі. Дидахмет Әшімханұлы да осынау асқаралы Алтайдың төл перзенті. Алтын Алтайдың рухына шомған Дидахмет Әшімханұлының шығармашылығы мен ұлт болашағына жасаған игі істері ешқашан өлмек емес. Біз жасыл желек табиғатпен көмкерілген Алтаймен емес, Дидахмет Әшімханұлының сырлы әлемімен сырласып қайтқандай күй кештік. Қош бол, қазыналы Алтын Алтай!
Арман ӘУБӘКІР,
Алматы – Қатонқарағай – Алматы