«Дипломы бар, жұмысы жоқ»

2700
Adyrna.kz Telegram

Рамазан СТАМҒАЗИЕВ, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының меңгерушісі:

Белгілі өнер қайраткері, қазақ классикалық ән өнерінің майталманы Рамазан Стамғазиев оқу бітірген өнерпаздар мен дәстүрлі әншілердің жағдайын қысқаша осылай сипаттады. Сонымен қатар 20 cәуір күні Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында өтетін «Үш жүзге атым мәлім Балуан Шолақ» атты ән кеші туралы айтты.

– Рамазан Өмірәліұлы, ұлттық өнерде жүрген біраз азаматтар қазіргі уақытта жағдайдың, тіпті қиындап кеткенін айтады. Жұмыс жоқ. Бар болса да жалақысы мардымсыз. Сіз дәстүрлі өнер кафедрасының меңгерушісісіз. Студенттеріңізді ертеңі үшін алаңдамайсыз ба?
– Ұлттық музыканы өміріне серік еткен адамдарға өте қиын. Мысалы, музыкант болатын адам орта білім алғаннан кейін 4 жыл колледж оқиды. Одан кейін жоғары оқу орынға түседі. Онда да 4 жыл білім алады. Ол диплом толыққанды іске жарау үшін магистратура оқуы керек. Осылай оқумен жүрген өнердегі жастар 28-30 жасқа таяп қалады. Бұл оқуға қолы жеткендері. Ал оқуға түсе алмай орта жолда қалғанының жағдайы, тіпті қиын. Оның үстіне, күн санап оқу орындары мен өнер ошақтары жабылып жатыр. Ал сіз білесіз бе, мемлекеттік кейбір өнер ошақтарының өз алдына қойған саясаты бар. Онда барсаңыз, 18-21 жас аралығындағы өнерпазды ғана жұмысқа аламыз дейді. Сонша жыл оқып, байқауға қатысып, жеңімпаз атанған өнер адамының жасы ең соңында мекеменің қойылған межесіне сәйкес келмей қалады. Сонда оқу орнын бітіріп жатқан жас маман қайда бару керек? Осы сұрақтың шешімі табылмай келе жатқанына қаншама жыл өтті.
– Дәстүрлі әнші мен күйшінің құрылыста, күзетте жүргенін көп көреміз.
– Иә, жиі мамандықтарын ауыстыруға мәжбүр болады. Сосын өз ауылына барып, жергілікті халықтың мәдениетін көтерсін деген саясат жүргіземіз. Бірақ қай облысқа барсаңыз да, өнерпазға орын табылмайды. Әрі кетсе, 2-3 адам жұмысқа қабылданады. Көптен бері жұмыс істеп келе жатқан адам өз орнын бере қоя ма? Оның да бала-шағасы бар. Ал енді жылда бітіріп жатқан балалар қайда бару керек?
– Нақты дерек келтірсеңіз…
– Соңғы екі жылда Астана қаласындағы «Шабыт» фестиваліне қазылар алқасының төрағасы болып бардым. Сонда байқағаным, тек қана дәстүрлі ән бойынша жылына 12 бала жоғары оқу орын бітіреді. Жыл сайын қобыздан да тура сонша адам оқу аяқтайды. Ал сырнайдан жылына он шақты адам оқу тәмамдайды. Осы ұлттық өнер бойынша жылына 30-40 адам оқу орнын бітіріп шығып жатыр. Ал соларды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бірде-бір жоспар жоқ. Онымен қоймай, оқу бітіргендерді жұмысқа тұратыны туралы немесе жұмыс істеп жүргені жайында анықтама әкел деп міндеттейді. Бізде осы бойынша мәселе жыл өткен сайын қордаланып келеді. Әсіресе, дәстүрлі әншілердің мәселесі өте ауыр. Кейде біреулер «жұмыс жоқ болса, несіне маман дайындалады» деп жатады. Ендеше, осындай ұлттық өнерге жастарды баулитын кафедраны жабайық. Онда ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан ата-бабамыздың өнерін кім жалғастырады? Қазақ даласын сазбен бөлеген, мұңын мұңдаған күйді кім тартады? Тарихтан сыр шерткен жырларын кім жырлайды? Асқақтаған ән өнерін кім насихаттайды? Құдайға шүкір, талантты жастар өте көп. Оларды оқуға қабылдауға келгенде жер қайысқан адамдар отырып іріктейді. Ал бірақ бітірген соң не істеу керектігін айта алатын ешкім жоқ. Мемлекет оқуға қанша қаржы бөледі, қаншама ұстаз сабақ береді? Алайда жұмысқа орналастыру мәселесі қарастырылмаған.
– 20 сәуір күні «Адырна» қоры сол дәстүрлі әншілердің басын қосып, Балуан Шолақ атамызға арналған ән кешін өткізбек. Несімен ерекшеленеді деп ойлайсыз?
– Жалпы «Адырна» қоғамдық қоры бүгінге дейін дәстүрлі өнерге арналған 8 концерт өткізген екен. Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Сәкен Сейфуллин тәрізді ән кештерінің қай-қайсысы да терең тарихи мәнімен өтіп келеді. Ән тарихы арқылы тұлға тарихының сыры ашылады. Әрбір концертте 10-нан 20-ға дейінгі аралықта мұрағатта қалып қойған, аймақта ғана орындалып, үлкен сахнаға жетпеген мұралар орындалып келеді. Осы жолы да Балуан Шолақтың 20-дан астам жаңа әні табылып отыр. Бүгінге дейін Балуан Шолақтың 10-ға жуық әні ғана белгілі болып келген еді. Бұл концерт қазақ руханиятына қосылған зор үлес болғалы тұр. Бұл тарапта Жоламан Құжымановтай өнерге шексіз берілген азаматтың еңбегін атап өтуіміз қажет. Жөкеңнің мұрағаттарда нотасы ғана сақталған әндерді тірілтіп, жастарға үйретіп жүрген еңбегі тиісті деңгейде бағалануы керек деп есептеймін.


Әңгімелескен 
Г.Мықтыбекова

 

Пікірлер