Қарақұм құрылтайы

4541
Adyrna.kz Telegram

1710 жылы Арал теңізінің солтүстігіндегі Қарақұмда Қаракесек құрылтайы өтті. Оны тарихта Қарақұм құрылтайы деп те, Қаракесек құрылтайы деп те таңбалай береді. Өйткені бұл жиын өткен Қарақұм алқабын негізінен Қаракесек ру-тайпалары мекендейтін. Осы халық құрылтайына шартараптан жиналған жұртшылық өкілдері (төрелер, билер, рубасылар, өзге де түрлі шонжарлар, ақсақалдар, батырлар, сарбаздар) өздерінен күші басым қаһарлы жауға жұмырықша жұмылып, бүкіл ел-жұрт болып бірігу жолымен қарсы тұрамыз деп бір ауыздан шешкен. Шешім аса күрделі, қайғылы-зарлы жан күйзелісі бұрқаған ауыр ахлақтық ахуалда қабылданды. Құрылтайда әуелде күйзелісті елдің үмітін үзе түскен күңіреніс орнап тұрды.

Ақылман ақсақалдың бірі мәселені тереңнен қозғап толғанған-ды. Қасым хан заманынан бері біз салт еткен ұстаным қандай еді деп аһ ұрған… Ауыздан ауызға беріліп келеді – сонау ұлы әмірші бізді дала төліміз деген. Бізде қымбат мүлік жоқтығын айтқан. Біздің бар байлығымыз – жылқы, сол кезде де, қазір де біз үшін жылқының еті мен терісі ас әрі киім, сүті сусын. Әлі күнгі көңіл көтерер орнымыз – мал жайылымы, жылқы үйірлері. Қашаннан ат көрінісіне сүйсінетінбіз. Бүгінгі жау бізді атам заманнан ұстап келе жатқан осы салтымыздан айырды. Атамекенімізден тықсыруда. Жер-суымызды басып алуда… жұрт босып кетті. Қайтіп жан сақтаймыз? Елдігіміз қайда қалмақ? Дұшпан атының тұяғы астында тапталып қала береміз бе? Оп-оңай жан бере саламыз ба? Әлде бір ақтық серпілісімізді көрсетеміз бе? Бабалар жолына салсақ, күрескен жөн. Қасық қанымыз қалғанша соғысу ләзім. Елімізді, жерімізді, ата-ана, әйел, қыз-келіншек, бала-шағамызды, бір-бірімізді, ошағымызды бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қорғаған дұрыс болмақ. Бірақ қайтіп? Не істеу керек бізге қазіргі аса ауыр жағдайда? Жан-жақтан ат сабылтып Қарақұм құрылтайына келген ағайын, осы жайында келелі кеңес құрайық дегенді айтты. Жиын барысында түрлі дауыс шықты, торыққан пікір естілді. «Тоз-тозы шыққан ел-жұртты сақтау үшін, тым қарсыласа бермей, қалмақ қонтайшының мейіріміне үміт артайық, – деді әлдебір бас адам қоянжүрек қорқақтық көрсетіп, – сонда қалған мал-жанымызды аман алып қалармыз, бұдан арғы өміріміз қауіпсізірек болар». Тап сондай көңіл-күйдегі екінші біреуі: «Қой, кетейік бұл жақтан, Еділ асайық, шалғайға қоныс аударайық, пәледен сөйтіп қашып құтылайық», – деп, үрей үстіне үрей қосып жатты. Оны үшіншісі: «Алысқа үдере көшіп неміз бар, жан-жаққа, сексеуіл арасына қоянша бытырай шашылып кетсек те болмай ма, топталып қарсылық көрсетпесек бізді жау іздей де, ала да қоймас», – деп толықтыра түзетіп жатты.

Осынау жеңіліске бейіл топтың айтқандары құрылтайға үміт арта келген көпшіліктің ой-пікіріне қобалжу кіргізгендей болды. Халық жиналысын шақырудың бел ортасында жүрген Әбілқайыр баһадүр мұндайды күтпегендіктен түйіліп отыр еді, бір кезде найзағайша жарқ етіп, қамыққан жұрттың еңсесін күрт көтерген жәйт орын алды. Ортаға Бөкенбай батыр жұлқына шықты. Тәуке ханның ақылымен ұйысқан Жетіру бірлестігінің Табын руын басқаратын, ержүректігімен ел аузына көптен ілігіп жүрген батыр, жігіт ағасы.  Ол мәжіліс құрған жұртшылыққа айнала қарап, қатты айтыс үстінде киімінің өңірін  айырып жыртып жіберді. Қылышын қынынан суырып алып, кеңеске жиылғандар алдында үйіре көтерді де, үздіге сөйлеп, жан айқайға басты: «Дұшпанымыздан өш алуымыз керек! – деді ол эмоцияға толы жарқын да қоздырғыш дауыспен. – Талқаны шығып тоналған көштеріміз бен тұтқынға түскен ұрпағымыздың қор болғанын шарасыздана бақылаумен шектелетін бейшара болмайық! Біз кек қайтаруға тиіспіз! Қолымыздан қаруымызды тастамай, қылышымызбен дұшпанымызды шауып тұрып  жан тапсырайық! Қыпшақ жазығындағы, ата-бабамыз аунап-қунаған осынау қазақ даласы төсіндегі сарбаздар қай кезде жүрексініп еді! Мен қолымды жау қанына малғанда – мына сақалға ақ кірмеген еді ғой! Енді мен пұтқа табынған жабайылардың өктем зорлығын жайбарақат қабылдай бермекпін бе?! Шүкір, табындарымызда сәйгүліктер жеткілікті, шайқасқа мінетін мықты тұлпар азайған жоқ! Белдегі қорамса өткір сұр жебеден ортайған жоқ! Керулі садақтың қуатты жағы серпімділігін жоғалтқан жоқ! Қылыш майырылған жоқ! Шайқасамыз!» Бөкенбай батырдың осынау жүрекжарды сөзі жеңілуге мойынсұнғандарға елтігендердің көңіл-күйін шапшаң өз жағына бұрып алды. Жер-жерден жиналған рулар мен аталықтардың басшылары, ақсақалдар, билер мен сұлтандар бірінен соң бірі сөйлеп, қазақ жер-суынан жауды қуып шығуды, қайткенде жеңіске жетуді мақсат еткен сөздер айтты.

Құрылтайға жаңа серпін енді. «Құп алдым Бөкенбай батырдың сөзін!» – деп жария етті ел ағаларының бірі. «Ант етем жаудан өш алуға!» – деді екіншісі оны қостап. Осылай, салтанатты ант беру рәсімі кенеттен басталып кетті де, жылдам ұлғая түсті. Бір жігіт ортаға суырыла шықты да, сапысын көкке көтере жалаңдатты. Содан соң білегін тіліп жіберді. Бұрқ етіп  аққан қанды ортада жанған алауға тамызып тұрып: «Ант ішем!» – деген сөздермен, білегін отқа кептірді. Оның үлгісін қолдағандар көбейді. Жігіттер қанды білектерін түйістірісті. Төс қағыстырысты. Ата жаудан қорғану, туған жерді азат ету баршаның есіл-дертін алды. Ант бермеген жан қалмады. Бірі ортаға ақбоз ат жетектеп әкелді, төрдегі ақсақалдан бата сұрады. Бата берілді. Құран оқылды. Жылқы бауыздалды. Құрылтайға қатысушылар арнайы сойылған ақбоз аттың етін асып жеп, құрған одақтарының табанды да мықты болмағын айтып жатты.

Жер шалғай, Тәуке хан алыста. Ұлы ханның өз келісімі бар. Ол бұдан бұрын аймақтарды басқаруға өз өкілдерін тағайындаған, кейінгі жылдары жаңа жағдайды ескере отырып, әр аймақтың өз  ханын сайлауды қош көрген. Бұдан бірер жыл ілгеріде, шығыс аумақтағы жұртты басқаруға Тәуке ханның батасымен Қайып хан сайланған болатын. Оған Орта жүз бен сол жақты мекендейтін Кіші жүздің бір бөлігі қарайды. Сол шамада Ұлы жүз Абдолла ханды таққа отырғызып алды. Енді осынау құрылтайда, осынау кеңейтілген билер кеңесінде Кіші жүздің ханын сайлап алғандары орынды болмақ.

Хан лауазымына күні кеше башқұрт тағында болып келген, жорықтарда жиһангерлік жақсы аты шығып жүрген Әбілқайыр баһадүрді сайлау ұсынылды. Құрылтай мүшелері бұл ұсынысты қызу қолдады. Сұлтандар мен билер Әбілқайыр баһадүр сұлтанды ақ киізге отырғызып, жұртшылық алдынан алып өтті: хан көтерді. Табын Бөкенбай батыр халық жасағына жетекшілік ететін сардар ретінде танылды. Осылай, ойраттардың үдей түскен агрессиясына жауап ретінде, қазақ елінің батысындағы өлкеде мемлекет ішіндегі жаңа әкімшілік бірлік – өзінің әскері болатын Әбілқайыр хандығы пайда болды. (Бұл – Жошы әулетінен шыққан ІІ Әбілқайыр. Бұдан бұрын айтқанымыздай, І Әбілқайыр Ақ Орда әміршісі Барақ хан қаза тауып, Ноғай Ордасы бөлінген соң, Ақ Орданың қалған бөлігінде құрылған «Әбілқайыр хандығын» билеген). Хандыққа Кіші жүздің Әлімұлы, Байұлы, Жетіру бірлестіктерінің көп бөлігі кірді, Орта жүзден қыпшақ пен найман руларының біраз бөлігі енді. Ел ішіне көтеріңкі көңіл-күй орнады. Басқыншыларға тосқауыл қоюға жұрт тас-түйін әзірленді. Өкілдері құрылтайға қатысқан аймақтардан және құрылтай шешімін естіген өзге жерлерден де сарбаздар отан қорғайтын жорықтарға сайлана бастады. Ауыл-ауылда ұсталар, шеберлер, ісмерлер іске кірісті. Қару-жарақ дайындады. Дулыға, сауыт тігіп, жебе, садақ, айбалта, қылыш, шоқпар соғып жатты. Жұмыс қызды.

Таққа отырған бетте Әбілқайыр хан көптеген өзекті мәселелермен бетпе-бет келген еді. Құрылтайдан кейін іле-шала өткен Қарақұм шайқасы қазақтың отаншылдығы, намысы жоғары екенін көрсетті. Дұшпанды ұйымдасқан түрде түре қуды. Алайда Еділ қалмақтары мен Жайық казактары, тіпті күні кеше мүдделерін өзі араларына барып қорғасқан башқұрттар да елдің терістігі мен терістік-батысындағы құнарлы жер-суға, Еділ-Жайық аралығына, Ырғыз, Тобыл өзендері алқаптарына сол алапат ұрыстан кейін де ұдайы көз алартып, әлсін-әлсін қазақтармен қақтығысып қалуларын доғармай тұрған. Ал оңтүстікте Цеван Равданның жоңғарлары тегеуірінді жорықтарын тоқтата қоймаған еді. Осындай күрделі ахуал салдарынан Әбілқайыр бірнеше бағытта бір мезгілде әрекет ету жолдарын ойлауға мәжбүр болды. Халқы оны түсінді, қолдады. Әр атадан іріктелген жігіттер атқа қонды.  Сонда Әбілқайыр хан мен Бөкенбай батыр бас болып, аз уақытта қалмақты Қарақұм алабынан асырды. Жем өзенінен қуды. Жайықтың арғы бетіне дейін тықсырды. Сарысу өзенінің сыртына қашырды.

Әбілқайыр ханның қалыптасқан жағдайға байланысты тастаған ұранына Қайып хан мен Абдолла хан өз үндерін қосты. Табын Бөкенбай батыр бастаған қаһарман сарбаздар қатарына ел ішіндегі Тама Есет батыр, Қошқарұлы Шақшақ Жәнібек, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай сынды ондаған айтулы батырлар қосылды. Солар бастаған сарбаздар азаттық үшін алысып, дұшпан жасақтарын елден қуып шықты. Жоғалтқан көші-қондық жерлерін, шұрайлы жақсы жайылымдарын қайтарып алды. Қазақ хандығының әскері 1711–1712-ші жылдары жоңғар басқыншыларына тойтарыс берумен, оларды хандықтың жер-суынан аластап, шығысқа ығыстырып тастаумен ғана шектелмей, олардың еліне – Жоңғарияға басып кірді. Сәтті жорық жасап, олжалы оралды. Ойраттардың қарымта қайтару мақсатымен  1713 жылы жасаған қарсы шабуылын да  жеңіліске ұшыратты. Араға аз уақыт салып, жоңғарлардың қазақ елімен шектесетін ұлыстарын тағы шапты. Содан кейін бірнеше жыл бойы қазақ және жоңғар елдерімен екі арада ұсақ қақтығыстар ғана орын алып тұрды. Біраз уақыт тыныш өтті. Цеван Равдан қонтайшы әзірге қазақ еліне үлкен армиясын бұра қоймады. Оның ірі шабуыл жасамауының бір себебі қытаймен екі араларында жаңа соғыстың басталуында жатқан.  Ойраттардың негізгі әскери күші Цин-Қытай империясы әскерлеріне қарсы соғысқа жұмылдырылған болатын.  Бұл 1715 жыл еді. Қазақтарға ішкі жағдайды тұрақтандырып, нығайта түсу мүмкіндігі туды.

Осы ретте ұлан-ғайыр Ұлы дала төсін алып жатқан қазақ елін замана дауылдарына төтеп беретіндей дәрежеде дамытып, басқара алуды көздеген жаңа жүйенің енгізілгені оңды болғанын айта кету ләзім. Жүздер өз араларында әлдебір басымдыққа қол жеткізуді ешқашан мақсат еткен емес, бір де бір рет  өзара қақтығыстарға барған жоқ. Керісінше, аралас-құралас, ағайынгершілікпен күн кешті. Ал қажеттілік туғанда, ру-тайпалардың бәрі үш жүздің біріккен әскеріне сарбаз берді, сыртқы жаудан бірлесіп қорғанудан еш уақытта бас тартпады. Тәуке хан мен оның үзеңгілестерінің жоғарыда айтылған нәтижеге жеткізген саяси творчествосы шын мәнінде  ел ағаларына лайық данышпандық пен көрегендікті танытқан еді. Алайда әбден қартайған Тәуке хан өзінің осынау реформасы мүмкін еткен жаңа тарихи жағдайдағы елін ұзақ басқара алмады. Ол 1715 жылы дүние салды. Сүйегі Қожа Ахмет Йассауи күмбезі жанындағы қазақ хандары пантеонында мәңгі тыншуға қойылды. Бұл кезде замана қазақ еліне жаңа сындарын әкеле жатқан. Тарих ғылымында қалыптасқан көзқарас тұрғысынан қарасақ, Тәуке хан қазақ елінің тарихындағы хандық дәуір деп аталатын тарихи кезеңнің ең соңғы және ең кемеңгер ханы бола білді, ол қайтыс болғаннан кейін біртұтас мемлекеттің де тарихы аяқталды, сөйтіп, қазақ елінің әр жүзіндегі кіші хандықтардың тарихы басталды – кәсіби де, әуесқой да тарихшы біткен бүгіндері осылай санайды. Әйтсе де, белгілі бір дәрежеде жаны бар болғанмен, бұл соншалықты әділ тұжырымға жата қоймаса керек.  Біздің ойымызша, Тәуке хан тұсында қазақ хандығының конфедеративтік сипатта даму кезеңі басталды деу әділ болмақ.  Ал ол қайтыс болғаннан соң бұл жоба қандай үдерістерді бастан кешті – бұл алдағы әңгімелер үлесінде…


(Жалғасы бар)

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымының кандидаты

 

 

 

Пікірлер