Қазақстанда жүрген дүнгендердің Қытаймен байланысы анықталды

3926
Adyrna.kz Telegram
Сурет : Sputnik / Тимур Батыршин

Осы және басқа да елең еткізерлік жаңалықтар елордада бүгін өткен "Қазақстандағы этносаясаттың өзекті мәселелері" атты дөңгелек үстелде жария етілді, деп хабарлайды  inbusiness.kz.

Елімізде этносаралық қарым-қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат түбегейлі реформаланатын болды. Айтқандай, биыл ассамблеяның 25 жылдығы. Мерейтой жылдағы дәстүрмен бюджет қаржысына би билеп, той тойлап атап өтілуі мүмкін еді. Алайда Қордайдағы оқиғалар бәрін өзгертті.

Негізі, бұл қақтығыстың алдын алу мүмкіндігі болыпты. Сарапшылар этносаралық қатынастар саласына 2016 жылы зерттеу жүргізіп, көптеген ашық және жасырын проблемаларды сонда әшкерелеген екен. Биылғы 11–14 ақпан аралығында, Жамбыл облысындағы төбелестен кейін сарапшылардың жаңа тобы Қордай ауданына барып, ахуалға қаныққан. Сонда төрт жыл бұрын анықталған әлгі түйткілдер 2020 жылы да сақталып отырғаны мәлім болды. Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев жауырды жаба тоқымай, олардың негізгілерін нақты атады:

"Еліміздегі дүнген жұрты әлеуметтік және мәдени оқшауланған, тұйық, жеке өмір сүреді. Дүнген жастары жалпықазақстандық әлеуметтендіру бағдарламаларынан қол үзген. Олар демографиялық жағынан үздіксіз көбейгеніне қарамастан, өзге облыстар мен қалаларға көп көшпейді. Этнос ішінде кастаға бөлінуі орын алған, яғни "якши" және "яман" топтарына кіретін дүнгенден әрбасқа мешіттерге барады. Бір-бірінің тойларына, жерлеу рәсімдеріне қатыспайды. Бұдан бөлек, дүнгендер мен қазақтар да өзара басы қосылмайды. Мемлекеттік қызметшілер арасында этникалық диспропорция бар", – деді Жансейіт Түймебаев.

Бұл сала қылмыспен астасып жатқаны ашық айтылды.

"Контрабанда, құқық қорғау органдарын сыбайлас жемқорлық жайлауы секілді проблемалар да бар. Қазақстандық дүнгендердің елеулі бөлігі Қытай мен Қырғызстан жоғарғы оқу орындарында оқуды жөн көреді. Олар қырғыздың ұялы байланыс операторларының қызметін пайдаланады. Сондай-ақ отандық емес, Қытай, Ресей, Қырғызстан телеарналарын қабылдау үшін солардың спутниктік құралдарын кең қолданады. Қырғызстаннан дүнген тіліндегі газет-журналдарды алғызады", – деп хабарлады ҚХА төрағасының орынбасары.

Этностар шоғырлана орналасқан елдімекендерде бай ұлыстар кедейлеу тұрғылықты халыққа шекеден қарайтыны құпия емес.

Сарапшылар ауыл аймақта жер және су ресурстарының тапшылығы да текетіреске себепкер болатынын анықтаған.

Осының барлығы Қазақстанда, соның ішінде, әсіресе, шекаралық аумақтарда "жабық этникалық қауымдардың құрылуына әкелгені" мәлімделді.

Өңірлерде шешілмеген білім беру, денсаулық сақтау, еңбек қатынастары мәселелері этносаралық кикілжіңді де ушықтыра түсуде.

Ж.Түймебаев жабық этникалық қауымдастықтар мәдени, экономикалық тұрғыдан мемлекетке тәуелсіз, өздерін өздері қамтамасыз ететінін жеткізді.

"Жабық этникалық аудандарда көрші мемлекеттердің ықпалы өте жоғары екені қатты сезіледі. Жалпы алғанда, Қордай қақтығысы жинақы орналасқан және жабық этностардың мәселесін өзектілендірді. Ол әсіресе, Қазақстанның оңтүстігінде кең таралған. Түркістан облысында – өзбектер мен тәжіктер, Жамбыл облысында – дүнгендер мен күрдтер, Алматы облысында – ұйғырлар, күрдтер, месхетин түріктері, Алматы қаласы аумағында – ұйғырлар, дүнгендер, Шымкентте – өзбектер, Тараз қаласында – дүнгендер, күрдтер және өзбектер. 1990 жылдардан бері елді дүрліктірген резонансты қақтығыстардың негізгі бөлігі де дәл осындай аймақтарда болды. Бұған бір этностың экономикалық ресурстарды монополияландырып алуы, мәдениет және тіл жағынан қазақтан бөлектенуі және өркен жайған коррупция себепкер", – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Салдарынан, өзге этнос өкілдерінің қазақ қызын зорлауы, жігітін өлтіруі, ақсақалын сабауы ұлтаралық шиеленіс сипатына ие болады. Жергілікті құқық қорғау органдары күдіктіні жедел құрықтап, лайықты жазаласа, қақтығысқа дейін жетпес еді. Алайда бармақ басты, көз қысты тірліктер кесірінен қылмыскердің жазадан құтылып кету жағдайлары кездеседі.

"Ауруын жасырған өледі" дейді қазақ даналығы. Жылдар бойы жабулы қазан күйінде, жаба тоқылып келген "іріңді" проблемалар әшкереленді. Енді билік кешенді шаралар түзіп, оны жүзеге асыруға бел буып отыр.

Этносаралық қатынастар бағытындағы ғылыми, сараптамалық, болжамдық жұмыстар жаңа сапалы деңгейге шығарылмақ. Ел басшылығының тапсырмасымен этносаясат жөніндегі жеке ғылыми-зерттеу институтын құру мәселесі қарастырылуда екен.

"Біз этностар жинақы орын тепкен барлық аудандарға сарапшылардың сапарын ұйымдастырамыз. Сонда жергілікті жердегі барлық түйткілдер терең зерделенеді. Биылғы жылы сонымен қатар жалпыұлттық халық санағы өткізіледі. Оның аясында енді этностардың демографиялық даму үрдістері, олардың қоғамға интеграциялану перспективалары нақты зерттелуі қажет", – деп түйді Жансейіт Түймебаев.

Жанат Ардақ

Пікірлер