Шөптібай Байділдин қазақтың хас өнерін ЭКСПО-да көрсетуді армандайды.
Үйде дастарқан басында отырғанда да Шөптібайдың қайықтай зуылдаған ақ қайшысы жанында тұрады. Арнайы алып қойған қағазы зәуде бір таусылып қалса, жеңгеміз стол үстіне қойған қол сүрткіш қағаз қайтып сүрекке қосылмайды, ол Шөкеңнің қайшысынан өтіп кетеді. Бұл Байділдиндер отбасындағы күнделікті көрініс, оған ешкім таңғалмайды да. Шөкеңнің қолына қайшы іліккенде оның ойын ешқайсысы бұзбайды.
– Ою ойдан туады десем сенесіз бе? Бұл өнерде атамекеннің бүкіл табиғаты, халқымыздың өткені, жан дүниесі, ішкі әлемі жатыр. Мен сол әлемді армансыз аралап жүрген жандай сезінемін, – дейді қазір тек Торғай-Қостанай өңіріне ғана емес, Қазақстанға аты мәшһүр болып қалған оюшы Шөптібай Байділдин.
Қазақтың өзімен бірге жасап келе жатқан байырғы өнерін пір тұтқан осы жанкешті жан еңбегінің, ізденістерінің арқасында ою да жаңғырып, түрлене, түлей түскендей сезіледі. Расында, солай болса керек-ті. Уақытпен бірге барлығы да өзгереді, дамиды. Шөкең оюды қазақ оюының атасы «Қошқар мүйізді» негізге ала отырып ояды. Мысалы, ою өзге халықтарда да жоқ емес. Оларды қазақ оюымен салыстыруға да, араластыруға да болмайды. Ұлттың уызына жарыған кісі олай істемейді де.
– Ою халықтың өзі өмір сүрген ортаны, табиғатты, сезімін, тұрмыс-тіршілігін салған алғашқы картинасы, салған суреті. Қазақтың өзі жөнінде берген алғашқы ақпараты деп білемін. «Қошқар мүйіз», «шынжыр бау», «қаз табан», «ат бас», «аша тұяқ», «ала құрт» секілді оюлардың аты айтып тұрған жоқ па? Мен оюмен ой айтқым келеді де тұрады, – дейді Шөкең.
Торғай өңіріне кеш келсе де, көктемнің көркі бөлек қой, шіркін. Жер көгеріп, гүлдер шешек ата бастағанда-ақ Шөкеңнің даланы аңсаған көңілі үйде дамыл таптырмайды. Қармен жағаласып гүлдейтін бәйшешек, бақ-бақ, мамырдағы жасыл кілем үстіне шашқандай қызғалдақ, сарғалдақтың өзі, кез келген шөптің жапырағы оюды көркемдеп көз алдыңа жайып салғандай әсер береді. Жаз айларында тобылғы, жусан, шайыр, жүзген гүлдегендегі табиғаттың ғажап көрінісін Шөкең ешқандай тілмен жеткізе алмайды. Ол үшін даланы кезген бөкеннің желісі, аспанда ұшқан құстың қанаты, көлде жүзген аққу-қаздың мойыны – барлығы да ою тілімен сөйлеп тұрғандай болады. Өнер мен табиғаттың арасында көзге көрінбес, тек көңілмен ғана тоқитын байланыстың барлығын Шөкең қазір мойындайды. Ол бала кезінен отыра қалып ою оятын, ойнап жүріп жерге сызып ою салатын. Қазір ойлап отырса, бұл қанмен, текпен келген өнердің бала бойында бұлқынуы екен ғой.
– Әкем де, аталарым да он саусағынан өнері тамған ұста, шебер, аңшы жандар болған. Олар ат әбзелін, сандық жасаған, үй көтерген, сырт киім, аяқ киім тіккен. Тұрмысқа қажеттінің барлығын өз қолдарынан шығарған. Анамның шеберлігі өз алдына. Осының барлығын көріп өстік, – дейді оюшы әңгімесін тұздықтай отырып.
Шөкең оюдың соңына 90-шы жылдары біржола түседі. Оған да аталары секілді өмір мәжбүрлеген. Амангелді ауданындағы Құмкешу деген жерде тұрғанда ауылдан, жұмыстан да береке кетті. Партия ұйымын басқарып жүрген кісі жұмыссыз қалды. Ол өзгелер секілді көшпеді, бір бөлмесін дайындап, сонда сандық, жиһаз, басқа да тұрмысқа қажетті заттар жасауға кірісті. Оюды да сол жылдары жинай бастады.
– Оған дейін оюды ойғым келіп тұрса да, оны сақтауды, жинауды білмеппін. Ол менің кәсіби білім ала алмағанымнан шығар деп ойлаймын. Аталарым төре болғаны үшін 20-30-шы жылдары әбден қуғындалып, аштықта қырылып, содан әкем бізді алпысқа жақындағанында зорға көрген. Мен ержеткенде әкем Байділда алысқа оқуға жіберуге қорықты. «Көз алдымда жүр, оқымай-ақ қой, тірі жүрсең жетеді» деп оқуға рұқсат бермеді. Әлихан Бөкейханов секілді оқыған төрелерден кейін әкем оқуды басқаша түсініп кетті, сенбейтін, желдің үп еткенінен қорқатын кісі еді. Солай ауыл арасында қалдық, оқуды балалар өскенде ғана оқыған болдық, – деп шертеді Шөкең әңгімені. Айтпақшы, Шөптібай Байділдиннің шежірелігі өз алдына бір төбе. Кейкі батыр жөнінде жазған кітабы уақыттың дауылын көрген аталарының аузынан шыққанды қағып алатын құймақұлақтығының, шежірелігінің тамаша нәтижесі деп айтқан ләзім.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі еліміздегі рухани сілкініс Шөптібай ағаға қатты әсер етті. Ойған оюларын сақтап, оларды кітап етіп, жас ұрпақтың пайдасына асырсам деген ой оған сол кезде келген еді. Алайда, осы уақытқа дейін оюшы өнерінің аса қолдау көрмей келе жатқанына тарынады. Алғашқы 350 оюдың басын қосқан «Қазақтың ою-өрнектері» атты алғашқы кітабы белгілі қоғам қайраткері марқұм Орал Мұхаметжановтың қамқорлығымен жарық көріп қалды.
– 2005 жылы Астанадағы темір-терсек сататын базарға барсам, Орал Мұхаметжанов жүр. Сәлем беріп, жөн сұрастық. «Ертең менің жұмысыма кел» деді. Ол кісінің менің оюшылығымнан хабары бар еді. «Оюды сен ойғанмен, бұл халықтың мұрасы ғой» деп, тиісті орындардағы кісілерге менің оюларымды қарап, көмек беруді тапсырды. Міне, сол кітапты бүгінде ою іздегендер қолына алады, – дейді Шөкең.
Мұнан кейін әупіріммен «Ою ой, өрнек сал» деген кітабы шықты. Шөптібай Байділдаұлының айтуынша, қазақтың ою-өрнегі аса зерттелмеген, назардан тыс келе жатқан сала. Қазір оның қолында өзінің авторлығы бекітілген 2000-нан аса ою бар. Ол өзі ойған оюларды киімге, жиһазға, аспаптарға дегендей, қайда пайдалануға болатынын жіктеп көрсетті және оларға «ақ зер», «ай мүйіз», «құс құйрық», «шашбау», «өңіржиек» секілді толып жатқан аттар қойды. Шөкеңнің 1200 оюды паш ететін «Оюмен ой айтатын елміз» деген тағы бір кітабының баспада жатқанына да 2 жылдың жүзе болды. Дизайнерлер, кейбір кәсіпкерлер ара-тұра оюшыға халқымыздың оюы жөнінде хабарласып, сұрап тұрады екен. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай республиканың әр шалғайында өткен және Қытай қазақтары ұйымдастырған конференцияларда, басқа да шараларға арқаланып барып жүріп, ою-өрнегінен үлкенді-кішілі көрме өткізіпті. Әсіресе, Ақтөбе «Ұлы дала нақыштары» атты көрмеге қойған Шөптібайдың ою-өрнегін Моңғолиядан, Тывадан, Ресейдің басқа да облыстарынан келген ғалымдар тамашалады. Қазақтың байырғы өнерінің байлығына таңғалысты.
Бүгінде Шөптібай Байділдиннің арманы аспанмен таласады. Келер жылы өтетін ЭКСПО-ға баспада жатқан кітабымен, көрмесімен қатысуды ойлайды.
– Сырттан келгендерді қазақ халқының осындай ежелгі өнері барлығынан хабардар етсем деймін. Осылай ырғатылып жүргенде асылымыздың бірі – оюды да өзгелер өңгеріп кетпесіне кім кепіл? Қытайға барғанымда Құлжадағы қазақтар Іленің бойына қатар-қатар киіз үй тігіп тастаған. Аппақ киіз үйдің ішінің барлығы ою-өрнек, көз тұнады. Қазақ өнерін дүйім дүниеге насихаттау үшін ЭКСПО таптырмайтын мүмкіндік емес пе? – дейді Шөкең. Бірақ оның бұл талпынысы жергілікті атқарушы биліктен де, қолында қаржысы бар азаматтар тарапынан да әлі түсіністік таппай жатқанға ұқсайды. Қазақ оюын өндіріске енгізуді де ол шаршамай насихаттап келеді.
Жылда Наурыз келген сайын Шөптібайдың рухы көтерілгендей болады. Қалада, далада өткізіліп жатқан шараларда айналаның барлығы ою-өрнекпен безендіріледі. Жастар, қыз-келіншектер киген шапан мен камзол ою-өрнексіз болмайды. Олардан өзінің ойған оюларын да танып қалады. Осындайда Шөптібайды іздейтіндер де табылып жатады. «Халқым аман болса, ою да өлмес» деген бір үміт ұшқыны жүрегін жылытқандай болады. Оның ою ойған қайшысының ұшы үміт отын ұшқындатады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
АРҚАЛЫҚ.