Люстра (Көне күнделiк беттерiне)

2766
Adyrna.kz Telegram

Бақытжан үйге жадыраған шыраймен көңiлдi кiрдi. Келдi де, ләм деместен бiр буда ақшаны үстел үстiне тастай салды. Ақша шашылып жайыла түс­кендiктен, тiптi мол болып көрiндi.

– Мұнша ақшаны қайдан ал­дың? – деппiн.

Оның өңi лезде өзгерiп сала бердi. Әлгiндегi жайдары жүзi өрт сөндiргендей түтiгiп, тiстене сөйледi:

– Бiр жiгiт: “Әйелiмнiң бабын табуым қиын, ақша әкелсем – “қайдан алдың” деп тергейдi, әкелмесем – “құлқыныңа құйып құрттың ба” деп байбалам салады”, – деп едi. Есiңде болсын, аштан өлiп бара жатсам да, бiреудiң соқыр тиынын алған да емеспiн, алмаймын да... – деп ары қарай өз демiне өзi тұншыққандай, сөйлей алмай тiсiн шықырлатып, үнсiз қалды. Шошып кеттiм. Бiрдеңенi бүлдiргенiм анық. Ашулының алдына тұрмау керек екенiн бiлсем де, жүзiне тура қарап:

– Мен бөтен ой ойлап, көңi­лiң­дi сындырайын дегенiм жоқ. Осы кезге дейiн жазған мақала, әңгiме­лерiңе ең көп дегенде қырық-елу сомнан артық әкелген емессiң. Бүгiн ойламаған жерден мұнша ақшаны көрген соң таң­ғалып сұрадым. Сен менi басқаша тү­сiнген секiлдiсiң. Тек ренжiмешi, тiкесiнен сұрағанымды кешiршi! – деп ағымнан жарылып, кiнәмдi мойыныма алдым. Менiң бүк­песiз шынайы сөйлеп тұрғаныма сендi бiлем:

– Бұл ақша – Шерхан ағаның “Табылған теңiз” деген повесiн аударғаным үшiн төленген қалам­ақы. Таза өз еңбегiм. Мен оны сен әлi келмей тұрғанда аудар­ғанмын. Бопыратпай ақшаны жинап алсаңшы, – деп дауысы қалыпқа түсе бастады.

Ақшаны санап көрсем, бақандай үш жүз сексен алты сом екен. Үйленгенiмiзге жылдан асып кетсе де, жұбайымның осыншалық көп ақша әкелгенi бiрiншi рет. Өзгелер секiлдi ерте кетiп, кеш қайтып тұрақты жұ­мыс iстеуге денсаулығы көтер­мейдi. Жамбас сүйегiне екiншi рет жасалған отадан кейiн қос балдаққа байланып, жағдайы қиындап қалған. Соған қарамай “Огни Алатау” газетiнде штаттан тыс тiлшi болып, қала iшiнде ғана тапсырмалар орындайтын, онда да жиi емес. Сөйтiп, азын-аулақ қаламақымен күнелтiп жүргенбiз. Мен де жұмыссызбын, аяғым ауыр. Ал мына бүгiнгi ақша – егер ұқыптап тек тамаққа жұмсасам, екеумiзге үш-төрт айға жететiн қаражат. “Жыртық үйдiң де құдайы бар” деген осы шығар.

– Менiң бiр өтiнiшiм бар, – дедi жұбайым бiр түрлi мүләйiм үнмен.

– Қандай өтiнiш?

– Люстра алайықшы. Өзi арзан, қарапайым, бiрақ сүйкiм­дi болсын.

Әйтпесе, жалаң бауы салбыраған шамға қараудың өзi кө­ңiлсiз.

– Әрине, аламыз. Дүкенге бар да, қалағаныңды сатып әкел.

– Жоқ, сен таңда. Мен Юр­чиктi шақырып келейiн.

– Сонда люстраны бүгiн iлмекшiсiң бе?

– Несiне күтемiз? Бәрiн бүгiн-ақ тындырамыз. Тек Юр­чиктiң қолы тимей жүрмесе болғаны.

Юрчик деп отырған адамы – әкесi әзiрбайжан, шешесi орыс, Бақытжанмен кiшкентай­дан бiр аулада өскен досы. Өзi – суретшi, шын аты Юсуп. Сонымен, затқа ақша жұмсағым келмесе де, жұбайымның көңiлi үшiн дүкенге жиналдым.

– Iлiпаларыңды неге киме­ген­сiң? – деп қулана жымиды. Оның ненi меңзеп тұрғанын бiрден түсiндiм.

– “Ханатлас” көйлегiмдi айтасың ба, оны “iлiпалар” демей­дi, “бiркиер” дейдi. Бiлем, неменеге күлiп тұрғаныңды. Жарайды, мен кет­тiм, – деп көтерiңкi көңiлмен үйден шықтым.

Иә, неменеге қулана күлгенi белгiлi ғой, осыдан бiраз уақыт бұрын анам тiгiп берген өзбекше шәйi көйлектi алғаш кигенiмдi көргенде:

– Сен ендi балағын кестелеген дамбал киiп, қасыңның ортасын қосып, осма жақсаң, қышлақтағы өзбек әйелдерiнен ау­май қаласың, – деп мәз бола күлген. Сонда менiң қылт етiп томпия қалғанымды байқай қойып, сөздi тез бұрып жiбердi.

– Ерте заманда, – деп әл­дебiр әңгiменi бастады. – Ферғанада әрi суретшi, әрi тоқымашы бiр шебер өмiр сүрiптi. Оның он екi жасар жалғыз қызы болыпты. Жаратылыстың ерекше сыйы шығар, сол қыз пейiштiң перизат аруындай ерекше сұлу екен. Бiр күнi кездейсоқ ханның көзiне түседi. Жақсы нәрсе көрсе, жабыса кететiн, оның бәрiн өзiнiң меншiгi санайтын ұлықтардың әдетi емес пе: “Қызыңды мен әйелдiкке аламын”, – дептi. Ол бәленiң некелi төрт әйелi мен бiр сарай гаремi бар екен. Соған қарамай, қауызы ашылмаған гүлдей, перiштедей пәк бейкүнә жеткiн­шекке жармасқан ғой. Шебер ханның қаһарынан қанша қорықса да, балапанын қорғаған тор­ғайдай шырылдап: “Дат, тақсыр!” – деп аяғына бас ұрыпты. “Да­тың болса, айт”, – дептi хан, қанша де­генмен хандық ереженi бұз­бай. Сонда әке байқұс: “Аса мәртебелi мейiрбан қамқоршы ханымыз! Қызым әлi ана сүтi аузынан кеппеген бүлдiршiн ғой, аяй көрiңiз! Құлыңыз болайын, жанымды қияйын, тек райыңыздан қайта көрiңiз!” – деп жалбарынып көз жасын төгiптi дейдi. Хан бiр сәт ойланып: “Жарайды, тiлегiңдi берейiн. Бiрақ қызыңның нұр дидарына тең келетiн бұрын болмаған керемет сұлу нәрсе жасап әкел! Орындай алмасаң, өз обалың өзiңе”, – дептi. Шебер арайлап атқан таңды да, алаулап шуағын шаша шыққан күндi де, асқақтаған тауды да, жайқалған гүлдердi де, қойшы, әйтеуiр, көркем, әсем, сұлу деген көрiнiстердiң небiр түрiн бейнелейдi. Алайда бар қарым-қабiлетiн жұмсап еңбектенсе де, қыздың нұр жүзiне сай келетiн, соған лайық ештеңе таба алмапты дейдi. Әбден тығырыққа тiрелiп, перзентiнiң тағдырын ойлап, жаны түршiгiп, қайғыдан қан жұтып, қайнар бұлақтың жағасында жылап отырыпты. Бiр кезде көзiнiң жасы да сарқылып,  сiлесi қата есеңгiреп, қаталап шөлдеп, бұлаққа ең­кейiп су iшпекшi болады. Кенет демi iшiне түсiп, сiлейiп тұрып қалыпты. Жер астынан жан-жағына шашырай атқылап шығып жат­қан мөп-мөлдiр тұнық су тамшыларына тура түскен күн сәуле­сiмен шағылысқан ғажайып өрнектердi көредi. Алуан түстi мың құбылған сиқырлы көрiнiс шебердi есiнен тандыра жаздапты. Осы кезге дейiн еркiңдi арбайтын мұндай тылсым құбылысты кездестiрмеген екен. Iздегенi табылып, дереу көшiре бастайды. Сөйтiп, әлемдегi күллi бояу мен реңдердiң үндестiгi төгiлген жiбек мата тоқып ханға апарыпты. Хан таң-тамаша қалады. Оған ұнағаны соншалық, хан әулетiнiң қыздары мен әйелдерi ғана киюге құқылы шәйi тоқуды бұйырады. Содан бастап бұл жiбек “ханатлас” деп аталған дейдi.

Жұбайым айтып берген аңыз-әңгiменi есiме түсiрiп, осындайдың бәрiн қайдан бiле бередi екен деп ойлап келе жатып көздеген жерiме де жетiппiн. Алматыдағы ең үлкен сауда дүкенi – ЦУМ-ға келмегенiме не заман! “Базар ақшалыға – базар, ақшасызға – құр назар” дегендей, қалтаңда көк тиының болмаса, босқа көз қызартып, дүкен қы­дырып қайтейiн... Бүгiн, құ­дайға шүкiр, дүкенге тоқ көңiл­мен именбей кiрдiм. Ойхой деген! Сөредегi дүниелердi көшiрiп әкететiндей армансыз бiр араладым-ау! Өзiме ұнаған әрбiр затты үйiме апарып қойса, қалай жарастық табатынын ойша кө­зiме елестетiп, қиялыма еркiндiк бердiм. Бiр жылдан берi бас сұқпаған есемдi қайтарғандай, көңiлiмнiң ырқына көнiп, бiраз жүрдiм. Әншейiн қызықтап мауқым басылған соң, ендi тiкелей өзiме керек “электротовар” бөлiмiне бардым. Шамдардың неше түрi – аспалы люстра дейсiң бе, бра, торшер дейсiң бе, үстел шамдары ма, шетiнен қалағаныңды таңдай бер. Маған арзандау, бiрақ әдемiсi керек. Мына бiр ақ шыныдан жасалған төрт тостақты люстра артық еш­теңесi жоқ, жып-жинақы екен, мына бiр бақ-бақ тәрiздiсi де тәп-тәуiр, мына жиырма сомдық сарғыш түстi, алмұрт пiшiндiсi де жарар едi... Осылай, әлi бiр тоқтамға келмей, көз қыдыртып тұрғанымда дәл қасымнан: “Что ты, дорогой?!” – деп шыққан әйел даусына бұрылып қарадым. Көрген адамды сұқтандырмай қоймайтын сұлу реңдi келiншекке назарым түстi. Сұң­ғақ бойлы, аққұба өңiне доғадай иiлген барқыт қастары мен мөлдiреген мойыл көздерiне қызыға, iштей тамсанып қарап қалыппын. Қасындағы ер адам күйеуi болуы керек, әйелге қарағанда егделеу көрiндi. Маңдай шашы артқа қаша бастаған, қызыл шырайлы, иегi жас баланың жалаңаш өкшесiндей жып-жылтыр, қарыны әжептәуiр шы­ғыңқы толықтау кiсi екен. Мына сұлу әйелдiң қасында бiртүрлi қораштау ма қалай... Бiрақ онда шаруам қанша, әркiмнiң өз қалауы бар ғой.

Ер адам көгiлдiр түстi майда табақшалардан тұратын әп-әдемi люстраны сұлу келiншекке көрсетiп:

– Менiңше, жаман емес, – дедi. Әйелi жұлып алғандай:

– Жоқ, тым арзанқолды, бар-жоғы сексен сомдық қой. Одан да анау төрт жүз отыз сомдығын қарасаңшы, – деп салиқалы сүйрiктей саусағымен төбеде бағасын бадырайтып жазып қойған шамды нұсқады.

“Жақсыны көрмек үшiн” дедiм бе, құны мен секiлдiлердiң басын айналдыратын шамға қарадым. Абажадай қомақты, толып жатқан домалақ салпыншақтары бар люстра екен. “Мына сұлудың талғамы шамалы екен, мен болсам мұндай домбаздай салған шамды алмас едiм”, – деп ойладым. Ойладым да өзiмнен-өзiм күлкiм келдi. Бiр мысық биiкте iлулi тұрған еттi алып жей алмай: “Түһ, мына еттiң сасығын-ай!” – дептi ғой. Менiң де мысық секiлдi көңiлiмдi жұбатқан желеуiме күлкiм кеп едi.

Бұйырмайтын қымбат шам­дар­ға босқа көз тiгiп уақыт оздырмай өз жұмысымды бiтiр­мекшi болып, басқа жаққа бұрылдым. Тағы бiраз таңдап, ақыры бетi төмен қарай иiлген, үш тостақты қызғылт түстi люстраға тоқталдым. Бақытжан: “Қызыл, сары түстi шам үйге жарықпен қоса, жылу берiп тұрғандай жағымды әсер етедi”, – деп едi. Чек жазғызып, кассаға он жетi сом сексен екi тиынды төлеп, iштей бiр мақтаныш сезiммен сатушыға чектi ұсындым. Көптен берi бүйтiп бұйым алмағандықтан бүгiн соған қолым жетiп, риза болып тұрған жайым бар. Көк халатты сатушы қыз қорапты ашып, ақауы жоқ па деп шамды тексерiп жатыр едi:

– Безобразие! Оңды зат жасауды қашан үйренедi екен­бiз? Все бы тяп-ляп. Осыны да алады. Үйiне апарып мүлiк көрiп iледi, – деп шала бүлiнiп тұрған кiм десем, өзiм сұлулығына тамсанған келiншек екен. Ә дегенде ненi, кiмдi айтып тұрғанын ұқпадым. Сөйтсем, ол менi де, алған затымды да кемсiтiп тұр. “Алты аласы, бес бересi жоқ, танымайтын, кiм екенiн бiлмейтiн қаймана адамға соқтыққаны несi? Тым болмаса, аяғын басып кетсем бiр жөн, өзiмен-өзi жүрген менде не ақысы бар? Ит жақсыны да, жаманды да қабады деген осы екен-ау”, – деп менiң де қаным қыза бастады. Үндемей-ақ қоюыма болар едi, бiрақ мына кесiрлi кербездiң садақасына шалынғым келмедi. Намыс алға шықты.

– Адал еңбегiңе алған зат әрi әдемi, әрi ыстық. Елдiң бәрi­нiң бiрдей нәзiк талғамына қалың қалта сай келе бермейдi, – дедiм жайбарақат сөйлеуге тырысып.

– Мынау менi кекеп тұрғаннан сау ма? – деп танауы қусырылып, көздерi шатынап кеттi.

– Құдай сақтасын! Төрт жүз отыз сомдық сiз жаққа қарауға бата алмаймын, – деп қойып қалдым, “я бел кетер, я белбеу кетер” деген тәуекелмен.

– Чт-чт-о-о! – деп тұтығып қалды. Сол кезде күйеуi менi ала көзбен атып, әйелiн бiлегiнен ұстап, жетелей жөнелдi. Кетiп бара жатып “нечего связываться со всякими” дегенiн естiдiм.

Сатушы қыз менiң затымды орап, жiппен байлап тұрып:

– Жаңағы әйел ашуға булығып, бетi теңбiлденiп кеттi, – дедi.

– Ол да екiқабат шығар, – дедiм.

Сатушы қыз менiң тарғақтың жұмыртқасындай секпiл-секпiл бетiме қарап күлiп жiбердi. Өзiм қосыла күлдiм.

...Бағана дүкенге троллейбуспен келiп едiм, ендi қолымда қорап болғандықтан әрi өзiме мырзалық жасап үйге таксимен қайттым. Әлгi ұсқынсыз сұлумен арадағы қақтығыс бүгiнгi көңiл күйiмдi бұза қоймады. Өткiншi өмiрдiң болымсыз бiр көрi­нiсiндей артта қала бердi. Тiптi жұбайыма да айтқам жоқ. Сөз көбейтiп қоңырсытып, жағымсыз әңгiменi үйге тасығым келмедi.

Юсуп төбенi люстра iлуге дайындап қойған екен. Кез келген iстi тыңғылықты тындыратын қолы ептi жiгiт шамды құрастырып тап-тұйнақтай етiп iлiп бердi. Бақытжан екеумiз ойыншыққа қуанған жас баладай әлсiн-әлсiн төбеге қарап ыржия­мыз келiп... Қарапайым жалғыз люстра үйiмiздi жайнатып жі­бергендей көрiндi. Ендi ымырт үйiрiлiп, қараңғы түсуiн асыға күттiк. Люстраны жарықта жаққан – бiр басқа, қараңғыда көр­ген мүлде бөлек көрiнiс қой. Бiздiң тағатсыз көңiлiмiзден уақыт өтпей қойған секiлдi. Алайда Құдай жаратқан жаратылыс заңдылықтары өз қозғалысын, өзiнiң ережесiн еш бұзбайды. Қанша асығып, шыдамсыздық танытсақ та, қараңғылық бұлжымайтын уақытында шымылдығын түсiрдi. Шамды жақтық. Күндiзгi қуанышымыз еселенiп, көңiлдiң көк дөненi шарықтап кеткендей. Бiз мұнымен тоқтамадық, аулаға шығып люстраны сырттан қалай көрiнетiнiн тамашаламақ болдық. Пәтерiмiз бiрiншi қабатта едi. Далаға шығып пердесi ашық терезеге көз тiктiк.

– Керемет! – дейдi Бақытжан.

– Тамаша! – деймiн мен.

– Жарық ауланың ортасына дейiн жетiп тұр.

– Тамдағы кiлем құлпырып кетiптi.

– Қызғылт түстiсiн алғаның қандай жақсы болған!

– Әрине, әдемi көрiнерiн бiлдiм ғой.

Егер сыртымыздан бiреу бiздiң сөздерiмiздi естiп, неге лепiрiп тұрғанымызды бiлсе, күлкiден езуi екi жаққа жайылар едi немесе: “Мына байқұстар болымсыз дүниеге сонша қуан­ғаны несi?” – деп мысқылдауы мүмкiн. Не десе де өздерi бiлсiн! Бұл – бiздiң қуанышымыз, тек екеу­мiзге тиесiлi. Шаңырақ көтерiп үй болып, өмiр сүргелi берi бiрлiкте алған алғашқы мүлкiмiз. Жай бұйым емес, жарық беретiн шырақ. Дауыстап айтпасақ та екеумiз де iштей: “Жарығымыз жарқырай берсе екен!” – деп тiлек тiлегенiмiз анық.

Кейiн жылдар өте келе люстралардың салтанатты сәндiсiне де, шетелдiк қымбаттарына да қолымыз жеттi. Бiрақ сонау бiр бұлдырап артта қалған кездегi үш тостақты қызғылт люстраға қуанғандай қуанған емеспiз...


Зейнеп АХМЕТОВА

 

 

Пікірлер