Бәбіш молла қаласы

3191
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан жері б.з.д. І-ші мыңжылдықтың екінші жартысында аса күрделі саяси-әлеуметтік оқиғалардың куәсі болды. Алтай, Жетісуды үйсін мәдениетіне жататын мемлекеттік дәрежеде өмір сүрген тайпалар мекен етсе, Қаратаудан Сырдарияның шығыс жағалауына дейін қаңлылар, ал Сырдың батысы мен Арал теңізіне дейінгі кең алқапты массагеттер мекендеген. Аралдан бастап Каспийдің шығысынан Орал тауларына дейінгі кең далада сарматтар, Сарыарқада исседондар өмір сүрген. Біз атап отырған тайпалар атауын сол кездегі мемлекеттік одақ деп түсінуіміз керек. Өйткені бұл тайпалар ішінде әртүрлі атпен аталған. Ондаған рулық құрамдар болған. 

Алайда бұл тайпалық одақтар әртүрлі аталғанымен, қазақ жерінің әр өлкесін мекен еткенімен, барлығына ортақ сипат олардың өз көсемдері, абыздары, бейбіт күнде малшы, егінші, қолөнерші ұсталар, мыс балқытып, темір қорытқан ісмер, зергер тайпаластары болған. Олар әркез алыс-жақын көрші елдермен бірде бейбіт келісімімен, бірде қару күшімен байланыста болды. Дегенмен, көне заман тұрғындарының тіршілігі өздері өмір сүріп отырған аймақтың табиғи жағдайымен байланысты болып, оған бейімделіп дамыған. Біз бұл шағын мақалада жоғарыда атап өткен тайпалардың Сырдың сол жақ төменгі сағасындағы бір бөлігінің көне тарихына шолу жасамақпыз. Арал теңізін құрғап қалудан сақтап отырған қазіргі кезде Әмудария мен Сырдария аталатын қос өзен адамзаттың мекені болған. Олардың тіршілік еткен қалалары мен бекіністерінің орны бүгінгі күнге дейін сақталған. Жоғарыда аталған Сырдарияның ежелгі оңтүстік арналары – Іңкәрдария мен Жаңадария бойында Шірікрабат мәдениетін таратушылар – сақ тайпаларының жерлеу ғимараттары мен мекен еткен орындары орналасқан.
BabyshСондай қалалардың бірі Бәбіш молла қаласы. Ол Сырдария­дан бөлініп шыққан Жаңадария арнасының оң жағалауында, рухани-әкімшілік орталығы болған Шірікрабат қаласынан солтүстік-шығыста орналасқан. Қаланың суландыру жүйесі жақсы дамыған. Жаңадария арнасы Аққыр тауынан төмен қарай бірнеше тармаққа бөлінген. Кейін, жергілікті халық олардан каналдар мен арықтар тартып егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етіп отырған. Осы каналдарды жағалай егін шаруашылығымен айналысқан тайпалар мекендеген. Бірнеше шақырымға созылған егіс алқаптарында сұлы, тары, бидай және т.б. өнімдерін өсірген.
Бұл аймаққа 1957-60 жылдары Хорезм археологиялық-этнографиялық экс­педициясы қазба жұ­мыстарымен қатар, маңай­ға барлау жасап 150-ге тарта қоныс тапқан болатын. Кейін, 2004 жылдан бері Археология институты ішінен Шірік Рабат архео­логиялық экспедициясы қайта барлау жүргізіп, зерттеу жұмыстарын жасап келеді.
Бәбіш молла орталығы бар үлкен қала. Қаланың оңтүстік-шығыс бөлігі биік дуалдармен қоршалған. Қабырғаларын жау алмастай етіп мұнаралар тұрғызып, оларды оқ ататын ойықтармен күшейткен. Қала орталығы солтүстігінде орналасқан, оның көлемі 100х100 м. Биіктігі 2 м болатын қабырғаларын жартылай дөңгелек мұнаралармен бекіткен. Қабырғалары мен мұнараларында бір немесе үшеуден оқ ататын тесіктер орналасқан. Қала орталығының оңтүстік- батыс кіреберіс қақпасында «донжон» деген атауға ие болған көлемі 30х30 м болатын қуатты бекініс бой көтерген. Оның қабырғалары 4-5м биіктікте сақталған. Іші бірнеше бөлмеден тұрады. Бөлмеден-бөлмеге қатынайтын есіктерін арка қылып көмкерген. Басты кіретін қақпасы осы жерде болғандықтан жауды күтіп алатын мұнара ретінде қолданып, кейін жауынгерлердің мекенжайы ретінде пайдаланған.
Ал қала орталығында «үлкен үй» деп аталатын шаршы тектес, жалпы ауданы 44х44 м ғимарат орны сақталған. Қабырғаларының қазіргі биіктігі 1,5м. Ғимаратты оқ ататын ойықтары бар, мұнаралы қабырғалармен қоршаған, бұл мұнаралар орталықтың бұрышта­рымен кіреберістегі оңтүстік қабырғаның орта тұсын тұтастай қамтыған. Кірер тұста ғимарат дәліз тәріздес екі бөлікке бөлінген. Қазба барысында шығыс бөлігінен бірнеше өндірістік пештер мен каркастан тұрғызылған үйдің орындары аршылды. Олардан, саз балшықтан күйдірілген мүсіншелер мен мыс қалдықтары және тұрмыстық ыдыстары табылды.
Қала маңында кісі жерлеген мо­лалары да сақталған. Олар жұм­баздалған саздан және шикі кесектен тұрғызылған кесенелерден тұрады. Солардың бірі қалаға тікелей жақын батыс бөлігінде Бәбіш молла 2 делінетін монументті, жерлеу ғимараты орналасқан. Жалпы аумағы 21х21 м, жобасы шаршы тектес ішкі жоспары симметрия­лы келген, оның биіктігі 7 м. Биіктігі жарты метрден асатын алты пақса блоктарынан тұратын негізгі тұғыры пирамида тәріздес. Жоғарғы жағы шикі кесектермен тұрғызылған. Кесененің басты есігі батыс бөлігінен шығады. Ішкі жағы төрт бөлмеден тұратын олар бір-біріне дәліз арқылы байланысқан. Олардың есіктері доға тәріздес безендірілген. Кейбір бөлмелердің едендеріне төртбұрышты болатын шикі кірпіштер төсеген. Бөлмелердің барлығы алебастрлы сылақпен сыланып, шахматтық жүйеде қызыл және ақ бояумен көмкерілген.
Бөлмелерден, қазба ба­рысында кісіні тіке­лей еденге немесе тақтай­шаларға қоюмен қатар ыдыс ішіне салу салты да қол­данған жерлеулер та­былған. Кісімен олар­дың моншақтары, темір жебе ұшы, алтын сырғалар мен ыдыстары бірге қойылған.
Қала маңайында және Жаңадария арнасы мен одан тартылған канал­дардың бойында бірнеше ауылдар мен жекелеген үйлердің орындары бар екендігін жоғарыда айтып кеткен болатынбыз. Олар төмпешік түрінде, тақыр жерлерде шоқы түрінде, ал кей жерлерде қыш ыдыс сынықтардың шашыранды түрінде сақталған. Кейбір ауылдарда қыш күйдіретін пештердің қалдықтары қалған. Сондай ауылдың біріне 2015 жылы қазба зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ауыл (Бәбіш молла 7) Бәбіш молла қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым жерде, кеуіп қалған арнаның бойында орналасқан. Зерттеу барысында анықталғандай, ауылдың іші қыш өндіретін өндіріс ошағы болғанын атап кету керек. Олай дейтініміз, ауыл­да 9 қыш күйдіретін пеш, 7 шеберхана мен тұрғын үйлер және бірнеше бөлмеден тұратын үлкен үйдің орны табылды. Ауылдың ішіне қарай арнадан бөлек суқоймасы тартылған. Өндіріске суды осы суқоймасынан алған болуы керек.
Зерттеу барысында үш пеш ашылды. Олардың көлемдері әртүрлі, ұзындықтары 2 м 3,5 метрге дейін, ені 2,1 м 2,7 м жетеді. Биіктіктері 80 см-ден 1 метр болады. Пештің оттық салатын ауыздарымен қатар, ыстық ауа өтетін ойықтары жақсы сақталған. Бір пештің өзінде 16 тесіктің орны сақталған. Қалыңдығы 0,7-0,8 м болатын қабырғалары жұм­баздалған саздан тұрғызылған.
Қыш күйдіретін пештермен қатар, айналасында орналасқан шеберханалары аршылды. Бірнеше бөлмеден тұратын шеберханалардың қабырғалары пақса блоктарынан тұрғызылған. Бөлмелерде тұрмысқа арналған ыдыстар, көзешілердің шарықта айналдыратын тастары, бұдан өзге ыдыс жасауға әзірленген қамырлары сақталған.
1Ұсталардың мекен еткен үй-жайына да зерттеу жүргізіліп, үйдің толық үш бөлмесі ашылды. Үйдің, қазіргі сақталған қабырғаларының биіктігі 1 м-ге дейін жетеді. Қабырға­лардың төменгі тұғыры пақса блоктарынан тұрғызылса, кейін жоғарғы жағын шикі кірпіштермен көтерген. Бөлмелерден астық, су сақтайтын ыдыс­тарға арналған бірнеше шұңқыр­лар мен ошақтың орындары және сол дәуірден қалған жәдігерлер табылды.
Шеберханалар мен үйдің орындарынан табылған ыдыстарда әртүрлі таңбалар кездеседі. Негізінен мұндай таңбаларды ыдыс жасаған әр ұста жеке таңбасы ретінде пайдаланған. Кейбір ғалымдардың пікірінше, сыртқы сауда айналымдық санау кезінде шатыспау үшін әр ыдысқа таңба салынып отырған. Мұндай таңбалар Бәбіш молла және Шірікрабат қалаларынан табылған ыдыстарда кездескен болатын.
Ауылдан табылған пештер мен шеберханалар тек қана Бәбіш молла халқын ғана емес, айналасындағы Шірікрабат, Бұланды қалаларын және Қабылдың, Алыптың қамал­да­рын қамтамасыз етіп отырған. Олар, мұнымен шектелмей сыртқы сауда айналымға да шығарып отырған.
Егін шаруашылығымен айналысып қана қоймай қолөнершілік өнерін де дамытқан. Өздерінің дінімен қатар салт-жоралғыларын ұстанған жергілікті халық, қала мен кесенелердің салыну архитектуралық әдісіне көп көңіл бөлгендігін көреміз.
Сонымен, б.з.д. І-мыңжылдық­тың екінші жартысында тұрғызылған Бәбіш молла қаласы отырықшы егін және қолөнершілік мәдениеті дамыған тайпалардың орталығы болған.


Жолдасбек ҚҰРМАНҚҰЛОВ,

Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері,

тарих ғылымының кандидаты

Жанболат ҮТІБАЕВ,

аға ғылыми қызметкер, "Ана тілі". 

 

 

Пікірлер