Досымның қызы

545

...Ол екеуміз бала кезден бірге өстік. Үйіміздің арасы да онша қашық емес еді. Бір мектепте оқымасақ та, бос уақытта жұбымыз жазылмайтын. Есейе келе "қызды ауылдың итін үргізіп", бірге жүрген күндеріміз қандай шуақты еді. Арман қуып Алматыға аттанғанымда, ол ауылда қалды. Жүргізуші болып, қала мен ауылдың арасындағы жолды біраз тоздырғаны бар. Сөйтіп жүріп Алматының бір аруын ауылға келін ғып түсіргенде бәріміз де қуанған едік...Көп ұзамай жайсыз хабар естідім. Келіншегі төркіндеп кетіп қайтып оралмапты. Үш айлық сәби бірге кетіпті. Дос ішкілікке салына бастаған. Тоқсаныншы жылдар еді ғой. Ол кезде кім араққа салынбады дейсіз! Талай, талай атпалдай азаматтарымыз осы бір аждаһаның аузына түсіп, ажал құшып жатты емес пе! Дос та солардан алысқа бармады. Ауылда сенделіп жүріп, артынан әлдебір қаңғыбастардың жетегінде кетіп, қала маңындағы саяжайларда өзі де солардың жолына түсті деп естідік. Достары қолдарынан келгенін істеді. Тіпті, әлгі әзәзілден емдейтін ауруханаға да жатқызып көрдік. Болмады. Аз уақыттан соң бұрынғы әдетіне қайта басатын. Соңғы рет достардың наурызға жайған дастарханында кездесіп едік. Ауруханадан шыққан кезі болса керек, татып алмады.Отырыс қызып жатқан бір тұста мені қапсыра құшақтап құлағыма сыбырлады.
-Досым-ау, менің бір арманым бар! Қызымды көргім келеді. Қандай болып өсті екен?
-Денсаулығыңды түзеп алсаң әлі - ақ көресің. Тек жазылып кетші,-дегенім де есімде. Үлгермеді. Арада аз уақыт өткенде қаралы хабар естідік. Айдаладан өлі денесін біреулер тауып алыпты. Әлгіні көп ішіп қойған деседі...
...Кабинетімде әдеттегідей жұмыс іздегендердің резюмелерін қарап отырғанмын. Қасымда спорт шолушымыз
Аманкелді Сейітхан әріптесім де бар еді. Бір кезде кезекті бір өмірбаянды оқи беріп, жүрегім дір ете түсті. Өз көзіме өзім сенбей қайта оқыдым. Сол ғой, сол! Әкесінің аты- жөнін, өзінің кішкентай кезінде анасымен ажырасып кеткенін жасырмай жазыпты. Қыз бала екен . Тағдыр дегенді қойсайшы! Досымның өмір бойы сағынып өткен қызы менің алдыма келер деп кім ойлаған? Ертеңіне үміткерлермен әңгімелесу барысында өзін де көрдім-ау. Қайран достың аузынан түскендей болып, монтиып отыр. Бірақ, ерте есейген, өмірдің өзі ширықтырған қыз екені бірден байқалады. Қандай сауалға болса да мүдірместен жауап береді. Жұмысқа қабылдаушыларға да бірден ұнады.
...Мен ол қызды қазір де көріп қаламын. Қашан көрсем ағалап тұрғаны. Бірақ "мен әкеңнiң досымын" деп айта алмадым. Ешқашанда айта алмайтын да шығармын. "Қайда? " десе не деймін? Анау әзәзілдің құрбаны болды деп қалай айтамын? Қиялындағы әкенің сол биік қалпында қалғаны да дұрыс шығар. Қайран дос-ау, осы бір жауқазындай жайнаған қыздың маңдайынан иіскеп, мына өмірдің рахатын көріп жүретін жөнің бар еді ғой. Әттең-ай! Әттең...

Арман Сқабылұлы,
2014 жыл.Алматы.

 

Пікірлер