Жетімнің күйін кешкен жыраулық өнер

2553
Adyrna.kz Telegram

Қыз Жібек пен Төлеген қосылып бақытты болды дегенді есітіп пе едіңіз? Әй, қайдам! Бұл екеуі қосыла алмай арманда кеткен ғашықтардың символы болып  санамызға сіңгелі қашан?! Бірақ, жыраулық өнердің ұшар биігіне шыққан Теңізбай жыраудың арқасында осы қос ғашық қосылып, бақытты өмір сүріпті. 

Арқалы жырау Ақтөбеге барған бір сапарында «Қыз Жібекті» жырлаған ғой. Сонда жырдағы оқиға желісін бұрыннан білетін жұрт Төлегеннің өлетін жері жақындағанда егіліп жылай бастапты. Осы кезде тыңдарманын   аяған  Теңізбай жырау Төлегенді өлтірмей, Қыз Жібекке қосып беріпті. Жырға ынтасы ауған тыңдаушылар да жыр нұсқасының дәлсіздігіне қиналмай, жырауға қатты риза боп тарасқан дейді.

Бұл біз қазақ қазақтығынан айырылған кез деп жүрген Кеңес заманында, алпысыншы жылдарда болған оқиға.

Қорқыт заманынан бастау алған жыраулық өнердің,  хандық тұсында хандардың кеңесшісі болып, ел басқару ісіне араласқан жыраулардың тарихтағы орны баршамызға мәлім. Хандық тұсында жыраулар халыққа рухани азық беруші өнер иелері ғана емес, кәдімгідей саяси қызмет атқарған үлкен тұлғалар еді. Ол жайындағы әңгіме бөлек. Хандық құлап, қазақ бодан болып, ұлттық менінен айырылып қала жаздаған кеңестік кезеңде де  жыраулық өнер өлген жоқ. Бұрынғыдай саяси мәні болмағанымен халық жырды тыңдайтын. Жырауларды алыстан ат сабылтып іздеп, алдырып, жырлататын. Ғашықтық дастандарын, батырлар жырларын, насихат˗термелерді жұрт таңды таңға ұрып, ұйып тыңдаушы еді. Тойға атақты жыршы-жырауларды шақыру той иелеріне үлкен мәртебе болатын. Өнері елге қажет болған соң ол уақтардағы  жыршы˗жыраулардың абырой˗беделі зор, қарым-қабілеттері, күтім-баптары мықты еді. Өмірі қосылмаған Қыз Жібек пен Төлегенді қосып жіберген тыңдаушы ықыласы мен жыраудың шеберлігіне қарап-ақ о кездегі  жыраулық өнердің деңгейін бағамдай беріңіз. Бұл үрдіс тоқсаныншы жылдарға дейін осылай жалғасып келді.

Ал бірақ, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанған Тәуелсіздік жылдарында жыраулық дәстүрдің  шырағы  жанды ма? Әрине, өшті деуден аулақпыз. Жыраулық   өнер бар, жыршылар да көп. Тек жетімнің күйін кешіп тұр.

Айталық, қазір пәленше жыршы, түгенше жырау дегенді  көп есітиміз. Бірақ, сол жыршылардың қандай жыр жырлап жүр? Бүгінгі біздің жыршылар баяғыдай таңды-таңға жалғап, эпостарды жырламақ түгіл, ғашықтық дастандарынан азын-аулақ үзінді де айтпайды. Жыршылар көбіне дәстүрлі әндер, насихат-термелер айтумен ғана шектеледі. Оның өзінде  ол айтқандары халыққа бірде жетсе, бірде жетпейді. Халыққа танылып,  өнерін дүйім жұртқа көрсету үшін  жыршымыз да, дәстүрлі әншіміз де қаласын-қаламасын эстраданың ауылына бір ат ізін салып қайтуға мәжбүр. Өйтпесе, оның шығармашылығы өз ауыл-аймағынан, жырға әуес азғантай ортадан  арыға ұзап шыға алмайды.

Тағы да... «Қайрат Нұртас отыз мың көрермен жинап концерт беріпті»,  «Және бір әнші шығармашылық есеп беріпті», «Ана бір ақынның жыр кеші өтіпті», «Айтыс болыпты, оған мынадай автокөлік тігілген екен» деген ақпараттардан құлағымыз да, көзіміз де жауыр болып болды, ал,  «Белгілі  жыршы  концерт беріпті, онда пәлен жыр  толғапты» немесе «Тәуелсіздік күніне арналған мерекеде әйгілі жырау «Қырымның қырық батырынан» жырлапты» деген жаңалықтарды теледидардан немесе интернеттен көргеніңіз бар ма? Ондайды осы ширек ғасырдың ішінде көрмедік десек, ешкім өтірік дей қоймас.

Рас, ғасырлар бойы қазаққа  қалтқысыз қызмет еткен, ұлттың бүкіл болмысын бойына сіңіріп, елдікті, ерлікті, патриоттықты, адалдық пен адамдықты ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеп келген жыраулық өнер баяғы мазмұнынан әлдеқашан айырылды. Жазба әдебиет ауыз әдебиетін, оның ішінде жыраулық өнерді де бір шетке ығыстырып тастады. Бірақ, нешеме жылдар бойы қазақтың қанына сіңген, қазақ екеніміздің бірінші белгісі болған бұл өнер ұлттық құндылығымыз, мәдени мұрамыз ғой. Ендеше, ол  мәдени мұраларымыздың қатарында жарқырап тұруы, жан-жақты зерттеліп, жүйеленуі, төл өнеріміз ретінде бағаланып,  алдымен өзімізге, содан соң өзгелерге дәріптелуі керек емес пе?

Қазір «жыраулардың концерті» деген ұғым, тіпті, ақылға қонымсыз сияқты да көрінеді. «Сағаттап жырланатын дастандарды  кім тыңдайды?» деген ой санада қылаң береді. Алайда, айтысты да ешкім тыңдамаған кездер болды. Оны сахнаға алып шығудың өзі бір мұң болғаны да белгілі. Жанашырлықтың, жанұшыра араша түсудің арқасында айтыс аман қалды. Осы күнде «Айтыс көрмеймін» деу  «қазақпын» деген азаматтарға ұят саналатын деңгейге жеткен. Руханияттан шеттеп жүрген былайғы жұртты айтпағанда,  әдеби, мәдени дейтін ортада жүрген жандар айтысты көреді, талқылайды, айтыскерлерді таниды. Бірақ, солардың ішінде жыр тыңдайтындары кемде-кем. Бүгінгінің зиялы қазағына  жырды білмеу,  тыңдамау ұят емес. Сөзімізге сенбесеңіз, кейбір  жас жазушылардан немесе журналистерден Қобыландының не Алпамыстың мазмұны, оқиға желісі туралы  сұрап көріңізші, біле ме екен?

Елдің есінде қалған үлкен жыршылар сайысы 1989 жылы өтіпті. Алматыдағы  Ленин атындағы сарайда (қазіргі Республика сарайы) өткен  жыршы-жыраулардың халықаралық конкурсына көптеген жыршы-жыраулар қатысқан еді. Сол конкурс  жыр сүйер  ортада әлі күнге аңызға бергісіз әңгімелердің арқауы болып келеді. Еуропадағы қазақтар сондағы терме-толғаулардың бейнетаспасын бүгінгі күнге дейін сақтап, балаларының бойына қазақылықты сіңіру мақсатында жиі-жиі тыңдататыны туралы да естідік. Бұл  – «Қазіргінің қазағы жыр тыңдамайды» дейтіндерге уәж. Жырды Кеңес дәуірінде де тыңдаған қазақ Тәуелсіздік алғанда неғып тыңдамайды? Қиыр шетте, өзге жұртта жүрген қандастарға керек жыр өз елінде, атажұртында отырған бізге неге керек болмасын?

Еуропада он сағат жанды дауыста ән айтқан адамды Гиннестің рекордтар кітабына енгізіпті. Біздегі жыраулар күні кешеге дейін үш күн, үш түн жырлайтын. Ондай «таңға шабатын» жырауларға деген құрмет бөлекше еді. Содан да шығар, жыршылық өнерге келген әрбір жас «таңға шабуға» талаптанған. Кешегі өткен Құдайберген кердері, Сүгір, Теңізбай, Наурызбек  сияқты көптеген жыраулар бірнеше күн бойы тоқтамай жырлағанда  сарқылмас жыр телегейін тасытатын. Бұған олардың репертуарлары да, жыраулық шеберліктері мен күш-қуаттары да молынан жететін. Он сағат ән айтқанға ауыздары ашылып жүрген еуропалықтар  мұны  естісе не дер еді? Ондай, жыр өнерін өмірінің мазмұны еткен, тарихи жыр-дастандарды сағаттап жырлайтын, мақамы мен дауысы тыңдарманды елітіп әкете алатын жыраулар ортамызда әлі де бар. Олар өз орталарында үлкен сұранысқа да, құрметке де ие. «Өз ортасы» деп отырғанымыз бабадан жеткен асыл мұра – жыршылық өнерді жанына серік еткендер, өнердің айналасында жүрген адамдар. Ал жалпақ жұртқа  бұл жыраулардың өздері де, өнерлері де танымал емес.  Көңіл алаңдатар тағы бір жәйт. Біз айтып отырған жыраулардың бәрі де аға буын өкілдері. Ал жастардың  арасында жыршылық өнерге қызығып, терме-насихат айтып жүрген өнерпаздар бар болғанымен, олардан баяғыдай таңды таңға жалғап жырлауға деген ұмтылысты көре алмаймыз. Өйткені, оған сұраныс жоқ. Жас жыршыларға да сағаттап жырланатын дастандарды жаттау аса қиын бола қоймас, бірақ, оны тыңдайтын жұрт болмаса  еткен еңбек еш кетпей ме?

ХХІ ғасырдың адамдары  тереңнен гөрі шалшықты, саф тұнықтан гөрі құр жылтырды  жақсы көреді. Ұзақ жырдың терең мәніне үңіліп, ондағы философиялық ойларды тергенше, эстраданың  әуеніне елтіп, бірер минут көңіл серпіген тыңдарманға оңай. Қаптаған арзанқол дүниенің ортасына  қымбат, бірақ, құны да соған тұрарлық бағалы дүниені апарып өткізу қандай қиын болса, асыққан, аптыққан, елірген, есірген  заманда жұртқа  жыраулық өнерді дәріптеп, таныту да сондай машақатты шаруа болар. Алайда, осының үдесінен шығып отырғандар бар. Қырғыз ағайындар, мәселен. Қырғызда атақты бір ғана жыр бар. Соның  өзін олардың  қалай қастерлеп, әлемге қалай танытып отырғанын көргенде біздің «жыр-дастан ұзақ, эфирге, сахнаға шығаруға ыңғайсыз» деп жүргеніміздің бәрі құр сылтау екеніне көзіміз анық жетеді. Қырғыздың қандай мерекесінде  де «Манас» жыры жырланады. Оны жырлайтындарды «Манасшы» деп  айрықша құрметтейді. Әлемге де мәдени құндылығы ретінде сол жырды  көрсетіп, оны әлемдегі ең ұзақ жыр ретінде рекордтар кітабына енгізіп те қойыпты. Шындығында, бізде ондай жырдың талайы бар емес пе? «Қырымның қырық батыры» «Манастан» кем бе? Көркемдігі жағынан да, көлемі жағынан да  еш кем емес. Бірақ, оны өзге түгіл, өзіміз білмейміз.

Өзбектерде біздегідей жыраулық өнер болған  жоқ. Бірақ, олар «Алпамысты» еншілеп алғалы қашан?! «Алпамыстың ұрпақтарымыз» деген сөзді теледидардан күнде қайталайды, осы жырдың желісі бойынша көркем фильм де түсіріп тастады. Жыраулық өнерін жоғалтып алмай, дәріптеп келе жатқан ағайындардың бірі – қарақалпақтар. Қарақалпақстанда қазіргі кезде «Қарақалпақстанның халық жырауы» деген ресми атақ  бар. Ондай атақ  жыр-терме айтумен елге танылған,  мемлекеттік мерекелерде жыр-дастандарды нақышына келтіріп орындап жүрген өнерпаздарға беріледі. «Қырық қыз» дастаны, «Едіге»  жыры тәрізді жыр-дастандарды  қазіргі жыраулардың орындауында эфирден беріп, туристерге тыңдатып жатқанын өзіміз көзімізбен көрдік.

Ұйғырлардың ұлттық музыкаға деген көзқарастарынан  да үйренеріміз бар. Олар он екі «мұқамын» түгендеп, жүйелеп қойған. Ал қазақта қанша жыр мақамы барын бір Құдайдан басқа әзірге ешкім білмейді. Оны түгендеп, зерттеп жатқан ешкім жоқ.

Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойладық. Осы мерейтойдың себебімен  бірталай тарихи, мәдени жәдігерлерімізді жаңғырттық. Керей мен Жәнібектен бастап, Кенесарыға дейінгі ел басқарған хандар  туралы көптеп айтылды, жазылды. Хандар шежіресі жасалды. Әрбір ханның тұсындағы саяси оқиғалар, жаугершілік жылдары, онда ерлік көрсеткен батырлар да назардан тыс қалмады. Еліміздің түпкір-түпкірінде іс-шаралар өтіп, ең соңында  Таразда дүркіреген той өткізіп барып,  мерекені қорытындыладық.

Алайда, осы тарихи, саяси мәні зор  шара кезінде  жыраулық өнер тағы да ұмыт қалғандай. 550 жылдыққа орай айтыс ұйымдастырып, елдің өткені мен бүгінін жырлатқанымыз тәрізді, жыраулардың да басын қосып, әр кезеңдердегі тарихи оқиғалар суреттелген  хандар мен батырлар жайындағы тарихи жыр-дастандарымызды жырлатуға болмас па еді? Газеттерде жыраулық поэзия туралы ғылыми бағыттағы мақалалар шығып жатты. Шындығында, осы мерейтойға орай жыраулық өнер туралы, хандардың  ақылгөйі болған, хандық кезеңде үлкен саяси, идеологиялық қызмет атқарған  жыраулар туралы сүбелі еңбектерді  жарыққа шығаратын   жөніміз бар еді. Өкінішке орай, мұның бірі де атқарылған жоқ.

Жыр – халықтың тәрбие құралы. Жырда халқымыздың тарихы, дүниетанымы, бүкіл болмысы көрініс тапқан. Дін де, діл де, философия да, көркем, бай  тіл де  бар мұнда. Тарихи жыр-дастандарды сөздік қорымыздың мұрағаты деуге болады.  Оны орынды пайдаланып, насихаттап, дәріптеу арқылы жас ұрпақтың санасына сіңіре білсек, ұтарымыз көп. Жыраулық өнер қазақтың бай мұрасы, ұлттық рухани қазынасы. Оның қадіріне жетіп, өз биігіне қондырып, ұлт игілігіне  пайдалану  жыршылық өнердің айналасында жүрген азғантай қауымның ғана міндеті емес, мемлекеттік деңгейде атқарылатын үлкен шаруа.


Нұрбану КАМАЛ

 

Пікірлер