Гомер «Илиадасы», түркілер және мәңгілік қала

3465
Adyrna.kz Telegram

Батылдардың бағы артсын.

Еділ патша

Түркі қасқыр мифі мен тотемінің шығу төркінін зерттеу барысында маған осы миф пен Римдегі Капитолий қаншық қасқырының арасында қандай да бір байланыс болуы мүмкін бе деген сауалға жауап іздеуге тура келген. Осылайша аз-маздап бұл бағытта деректер жинала бастаған. Деректерді өзара кіріктіру, яғин жалқыдан тұтасты тану барысында ақындар мәңгілік қала деп дәріптейтін бағзы да жаңа салтанатты Римнің негізін бір кездері прототүркілер қалаған деген пікірге келгенімді ашық айтқым келеді. Амал қанша, бұл түркішілдікпен ауырған сананың сандырағы дейтіндердің табылатындығын да сеземін. Бірақ ақиқаты – осы.

Кейбір тұстарда дерек көзі ретінде, әдеби шығарма болса да, Гомердің «Илиадасына» да арқа сүйегенімді жасыра алмаймын. Тіпті ол ол ма, прототүркілер тағдыр жазмышымен Аппенин түбегіне осы «Илиадада» жырланатын Троя қырғынынан кейін қоныс аударуға мәжбүр болған деген пікірді де қоса айтқым келеді.

ЕДІЛ ПАТША МЕН РИМДІКТЕР

Тарихи деректерден біз ғұндардың Рим қаласына Еділ (Атилла) басшылығымен біздің дәуіріміздің 451-жылы жеткендігін, тіпті оны тізе бүктіргенін де жақсы білеміз. Бірақ бұл Батыс пен Шығыстың көнеден байланысып келе жатқан ортақ тарихының көгінде жарқ ете қалған жасындай қас-қағым сәт қана еді.

Құмық Мұрат Әжінің «Дешті-Қыпшақ даласының жусаны» кітабында крест-айқыштың тәңіршілдіктің бас таңбасы екендігі, оны Римге тәңіршіл ғұндар апарғандығы туралы баяндалады.

Иә, римдіктердің ымыраласу мен пәтуаласу белгісі ретінде (шын мәнісінде жағымпаздық еді!) Еділ қосынының алдынан айқыш-кресті алып шыққандығы рас.

Себебі – олар Еділдің қолында Марс қылышының бар екендігін білетін-ді. Римдік жылнамашы Прииск Еділдің зор абырой-атағын, алысқа кеткен даңқын, патшалар мен бай-манаптар арасындағы беделін оның Марс қылышын тауып алғандығымен түсіндіреді. Аңыз бойынша, әлдебір бақташы өрістен табынын қайтарып келе жатып, бір қашарының сирағынан қан сорғалап жүргендігін байқайды. Тамған қан ізін қуалап барған ол жерден жүзі шығып жатқан қылышты көреді. Қылышты алып келіп, Еділге сыйға тартқан. Осы қылышты алғасын Еділдің айы оңынан туып жүре береді. Себебі – бұл иесіне шексіз күш-қуат пен билік сыйлайтын соғыс тәңірісі Марстың қылышы еді. Аңыз осылай баяндайды.

Қалай дегенмен де римдіктердің Еділден қатты қорыққандығы анық. Болмаса өз қаласының желеп-жебеушісі болып саналатын Марстың қылышын ата жауы Еділге тегіннен тегін бере салар ма еді. Аңыз аңыз ғой, дегенмен өз иесіне шексіз күш-қуат пен билік сыйлайтын Марс қылышының тасасында қандай құпия жатқандығын ешкімнің білгісі келмегендігі қызық.

Меніңше, Марс қылышы Еділдің қынабында болған жоқ, оның туында бейнеленген-ді. Яғни, ғұн көсемі бас иетін тотемнің символдық кескіні болып табылатын. Ал сырт пішіні бұрыштары мен қырлары тең айқыш-крестен гөрі төменгі қыры өзгелерінен ұзындау свастикаға көбірек ұқсайтын.

Жобалап сызғанда пішіні мынандай болуы мүмкін:

Киелі таңбаның мағыналық оқылуы қасқыр деген ұғымды білдіретін-ді. Мұрат Әжі жазғандай, оның крест-айқышқа ұқсас нұсқасы болуы да шындықтан алыс кетпейді. Өйткені теология талаптары бойынша екеуі де тәңірлік мәнге ие таңбалар еді.

Рим түбінде Марс қылышы мен айқыш-крест осылай кездесті. Кездесу себепшісі ғұндар патшасы Еділ болатын. Римдіктердің бәрі болмаса да ішінара көзі ашық сауаттылары ғұн туындағы таңбаның  Марс қылышы емес, қасқыр тотеміне тиесілі екендігін сезген шығар, бірақ оны ашық айту 451-жылғы ғана емес, арғы-бергі Римді бүкіл тарихымен ғұндардың аяғына жығып беру болып шығатын. Тарихтың бұлай бағыт алып кетуін римдіктердің қаламағандығы анық. Нәтижесінде олар қасқыр тотемін жазбаша болса да Марс қылышына тели салды. Ал Марс қылышы туралы түсінікпен бұл кездегі ғұндар, олар ғана емес-ау, жалпы түркілер әлдеқашан қош айтысқан-ды. Олар Римнің өткен тарихына таласа алмайтын, өрелері жетпейтін. Ал римдіктер мұндай өресіздікті шебер пайдалана білді.

Марс қылышы неге Еділ патша туындағы қайқы қылыш бейнесіндегі свастика болуға тиіс дейтін сауал тастауы мүмкін оқырманның. Тарих атасы саналатын Геродот (б.д.д. 495-425 жж.) скифтердің Марстың бейнесі емес, осы тәңірінікі болып саналатын қайқы (байқайсыз ба, қайқы!) қылышқа табынатындығы туралы жазады. Олар соғыс тәңірісіне құрбандыққа адам шалғанда оның қанымен қылыштың жүзін жуып отыратын болған. Солин деген жылнамашы да осы деректі нақтылай түседі. Иә, Геродот римдік емес, ол – көне грек оқымысты. Ол Еділ дәуірінен сегіз ғасыр бұрын, яғни біздің дәуірімізге дейінші төртінші ғасырда өмір сүрген жан. Оның жазбаларының түпнұсқасында Марс қылышы емес, Арей, не Арес қылышы туралы сөз болғандығы да күмән тудырмайды. Бізге Гомер «Илиадасына» жол ашатын да, міне, осы  Арей не Арес, дәлірек айтқанда, Рим Марсының көнегректік прототипі болмақ. Дегенмен, асығуға болмас. Әр дерек өз орнымен сөйлеуге тиіс.

Қайқы қылышты бертінге дейін түркінің атты әскерлері ұстағандығына күмән жоқ. Яғни, Геродот әңгіме қылып отырған сақ-скифтердің де түркілер екендігіне шүбәлануға болмайды. Олар табынған қайқы қылыштың сыртқы бейнесі шамамен мынандай болғандығы да күдік тудырмаса керек:

Міне, гректер мен римдіктер Марс қылышы деп әспеттеп, аңызға айналдырып жүрген түркінің қайқы қылышы осындай еді. Оның бір қарағанда свастика не айқыш-крест сияқты болып көрінетіндігі де анық. Қасқыр-қылышқа қарсы қарсы шыққан қайран римдіктер! Олар осы қарсылығымен өз тарихын да жоққа шығара жаздағандықтарын сезді ме екен?

ҚАСҚЫР – ҚҰДАЙ

Көзі қарақты қандай да бір этнограф не тарихшы болсын, түркі қасқыр мифіне әлемдік үлгілерден ұқсастық іздегенде, Римдегі Капитолий қаншық қасқырына бір соқпай өтуі мүмкін емес. Рим аңызы бойынша, қала негізін қалаған ағайынды жігіттер Ромул мен Ремнің әкесі соғыс тәңірісі Марс болып саналады. Олардың Марсты өз қаласының желеп-жебеушісі ретінде пір тұтатындығы да сондықтан. Әфсана бойынша әлдебір бойжеткен (әрине, жар құшағын көріп, күнәға батпаған жан) ғибадатханаға орналасады. Осында ол соғыс құдайы Марстың нақсүйеріне айналып, одан егіз ұл табады. Бірақ бейшара қыздың соғыс тәңірісімен төсек рахатын бөліскендігіне кім сене қойсын (Мұндағы желі Шыңғыс хан ататегі мен жорықтарынан сыр шертетін «Моңғолдың құпия шежіресінде» де ұшырасады). Балалар күнәдан туылған жандар ретінде далаға тасталынады. Міне, осы жерде оларды қаншық қасқыр тауып алып, асырап бағады. Аман-есен ержеткен балалар кейіннен жауларынан кек алып, Тибр жағалауында әйгілі Рим қаласының негізін қалайды.

Иә, түркілік қасқыр мифі мен рим аңызының ұқсастығында дау жоқ. Бірақ неге тағы да қаншық қасқыр? Неге өзге аң емес, мысалы марал не аю? Олай болуы да әбден мүмкін еді ғой.

Көне Римдегі Марс сенімімен (культі) таныс жан бұл сауалға тез-ақ жауап тапқан болар еді. Ежелгі Грециядағыдай Римде де мүсін өнері жақсы дамығаны белгілі. Олар өздері табынған құдайлардың бәріне қаланың көрнекті жерлеріне, ғибадатханалар мен құтханаларға қола не мәрмәрден мүсіндер орнататын. Ал Марсқа  келгенде, қала жебеушісі емес пе, ілтипаттары мен мырзалықтары, тіпті, ерекше болатын. Олар Марс отырған тастұғырдың төңірегіне бір үйір қасқырдың мүсіндерін тағы да орнататын-ды. Шамасы, бағзы Римде соғыс тәңірісі осы бір қорқау жыртқышпен астастырыла ұғынылған болса керек. Иә, Ромул мен Рем туралы әфсананы тудырушы Рим ақын-абыздары (неге екені белгісіз, оларды жергілікті халықтың сал деп атағандығы қызық. Біздің сал-серілер солардың заңды жалғасы болмады ма екен) өз замандастарының осы құдай туралы сенім-түсініктеріне қайшы келген жоқ. Олар аңызды белгілі бір дайын шеңбердің ішінде ғана жасап шығарды. Өйткені, ырық бермес асау қиялдан туындады дегенмен мифология да белгілі бір логикалық қисындарға сүйенетін. Аңыздың түпнұсқасында қасқыр тотемі жатты.

Бірақ қасқыр тотемімен Марс қылышын, мейлі ол қасқыр-құдай қылышы болсын, тікелей  байланыстыруға бұл дерек те аздық етеді. Енді қасқыр тотемінің бағзы гректерге, одан көне римдіктерге қалай жеткендігін, оны жеткізген халықтың кім екендігін зерделеу керек. Әрине, олар прототүркілер еді.

«ИЛИАДА» МЕН «ЭНЕЙДА»

Гомер «Илиадасы» он жылға созылған Троя қырғынының соңғы екі айында болған оқиғаларды ғана жырлайды.

Екі армияның мұншалықты ұзақ уақыт табан тіресе соғысуын одан бұрынғы да, одан кейінгі де тарих білген емес. Трояның тарихта болған қала екендігін немістің әуесқой археологы Генрих Шлиман 1863-жылы қазба жұмыстарының нәтижесінде дәлелдеп берді. Оның орны қазіргі Түркия территориясында, Жерорта теңізінен бес шақырымдай қашықтықтағы төбеде жатыр. Яғни, Троя қырғынының да тарихта болған оқиға екендігіне дау жоқ. Ғалымдар әлі күнге он екі қабат қала-қорымның қай қабаты «Илиададағы» Трояға тиесілі екендігін анықтай алмай дал. Бірақ бүгінгі тарих соғыстың шығуына ақындар шабытынан туындаған алтын алманың ешқандай да кінәлі еместігін нақты айта алады. Ахейліктер мен троялықтар арасында қанды қырғынның тұтануына Иллионның (Трояның тағы бір атауы. «Илиада» атауы осыдан шыққан) үлкен сауда орталығы ретінде тиімді жағрапиялық нүктеге орналасуы себеп болған-ды. Үш құрлық – Азия, Еуропа, Африканың теңіз және далалық керуен жолдары осы жерде түйісетін. Қысқасы, ахейліктер Трояға алтын алманың кесірінен қашып кеткен аруды емес, шын мағынасындағы алтын алманың — байлықтың өзін іздеп аттанған болатын. Қалғаны ақындардың шаруасы еді. Олар Платонның (б.д.д. 428-348 жж.) ақындарға қоятын талабын толық ақтап шықты. «Ақын, ол егер шынымен ақын болса, бәдік ақыл айтып уақыт алмай, мифтер тудыруға тиіс». Обалы кәне, көне грек  ақындары тілдерін безеп-ақ бақты. Оларды түсінуге де болады. Өйткені грек қала-мемлекеттері өзара біріккенде ғана қуатты саяси және әскери күшке айнала алатындығын байқатқан. Өз халқының патриоттары ретінде грек ақындарының мұндай оқиғадан тыс қалуы, оны жырламауы мүмкін емес-ті. Бірақ ақындар соғыстың шынайы себептерін мифологиялық реңктермен көмкеріп, әлдебір тұспал мағыналармен шебер астастырып жіберді. Егер Троя қырғынының тарихи хронология бойынша біздің дәуірімізге дейінгі 1200-ші жылдары болған оқиға екендігін ескерсек, уақыттың ақындардың пайдасына жұмыс істегендігі анық. Гомердің өзі осы оқиғадан кемі төрт ғасырдай кейін өмір сүрген жан еді. Ұлы жәдігер екендігіне қарамай «Илиаданың» тұтас туындының бір тарауы ғана сияқты болып сезілетіндігі де сондықтан. Троя қырғыны, жалпы алғанда, ауыздан ауызға, ұрпақтан ұрпаққа көшіп отыз ғасырдай уақыт бойы жырланып келді. Бірақ бізді қызықтыратыны «Илиаданың» көркемдік құндылықтары немесе гекзометрлік өлең өлшемдері емес, ондағы прототүркілер тарихына қатысты-ау деген деректер ғана.

Неге екені белгісіз, басқа құдайлардай емес, бағзы грек ақындары соғыс тәңірісі Арейге шүйлігіп-ақ бағады. Қолдарынан келсе, оны әжуалап қалуға құмар. Ожар мінезді құдай жігіттің, тіпті, кейбір тұстарда ажалды пендеден таяқ жеп мұрны қанап қалатын кездері де бар. Мұны әдебиетшілердің Арейдің троялықтар жағында соғысатындығымен ұғындырғысы келетіндігін жақсы түсінемін. Қарсыласының өзінен бір саты болса да жоғары тұрғандығын кім жақсы көре қойсын. Осылай деп тұжырымдай салуға да болар еді-ау, бірақ мәселенің астары одан тереңіректе жатқан секілді. Кезекті ой үстінде маған соғыс тәңірісі Арейдің прототипі Троя жағында одақтас болып соғысқан әлдебір белгісіз халықтың тотемі емес пе екен деген пікір келген. Жебірей тіліндегі «aris» сөзі «қасқырлар үйірі» деп аударылатындығын білгенімде, бұл пікірімнің дұрыстығына көзім тағы да жете түскендей болды. Иудеяны бір кездері гректердің басып алғаны тарихтан жақсы белгілі. Екі халықтың арасындағы мәдени қарым-қатынастың да жоғары деңгейде болғандығына күмән жоқ. Мұндайда ірілі-ұсақты алыс-беріс бола беретін. Яғни, гректердің соғыс тәңірісі есімінің жебірейлік нұсқасын қабылдаған болуы да әбден мүмкін. Кім біледі, бәлкім, қазақтағы Бекарыс, Жанарыс, Ақарыс секілді кісі есімдерінің құрамындағы арыс сөзі де қасқыр не бөрі деген мағынаны білдіретін болар. Арыс сөзінің ер кісіге ғана қолданатындығын ескерсек, бұл болжам негізсіз де емес сияқты. Қасқырға байланысты арлан атауында бірінші буынның ар болып келетіндігі де осындай ойға бастайды. Яғни, Троя түбіндегі қырғынға қатысты тайпалардың бірінің туында қасқыр сұлбасы бейнеленген деп батыл айтуға болады. Және олардың байырғы түркілер екендігіне де күдік тумаса керек.

Алдыңғы және таяу Азия, берісі кіші Азия көне тарихында көрнекті із қалдырған белгісіз халықтардың санатында қар ұлысы да аталады. Осы ұлыстың Троя түбіндегі шайқасқа қатысқандығында күмән жоқ. Гомер «Илиадасында», сегізінші жырда мынандай жолдар бар:

«Теңіз жаққа қар жасақтары,

қисық садақты пеондар,

Және де тәңірі тектес лелег, кавкон,

пеласг қосындары беттеп келеді».

Осында аталған ұлыстардың бәрі – Трояның одақтастары. Яғни, қарлар да Троя жағында соғысқан. Ал олардың Алтайдан шыққан халық екендігі туралы екінші ғасыр тарихшысы Птоломей жазбаларында нақты дерек бар. Страбон да қарлар миграциясы туралы әңгіме қылғанда осы пікірді растайды.  Яғни, Алтайдың қашаннан баба түркі бесігі болғандығын еске алсақ, қарлар түркі тектес халық болған. (Еш нәрсе ізсіз жоғалмақ емес. Меніңше, «Илиаданың» көне түркілік нұсқасы болған болуы да әбден мүмкін). Қарлардың Троя қырғынынан бертініректе, яғни біздің дәуірімізге дейінгі бесінші ғасырға дейін Жерорта теңізі мен оның жағалауларына үстемдік етіп келгендігі көне дәуір тарихынан жақсы белгілі. Оларды Крит пен Кипр аралдарынан біріккен грек флотилиясы ғана ығыстырып шығара алды. Бағзы бір кездері Кипрдің Алаш деп аталғандығы да мұнда түркілердің болғандығынан хабар беретіндей. Иә, біздің бабаларымыз теңізде жүзуді жақсы білген. Олар мықты жауынгер де еді. Жалпы қарлар ержүректілімен аты шыққан халық-ты. Прототүркілердің (бәлкім, скифтер) керемет теңізші болғандығына көнегректтердің  «зәкірді» (якорь) скиф Анақарыс ойлап тауып еді» деуі де тамаша айғақ.

Өкініштісі сол, біздің қолымызда қарлардың туында қасқырдың сұлбасы бейнеленгені туралы нақты дерек  жоқ. Бірақ оны іздеудің қажеті де шамалы сияқты. Өйткені Троя қырғынына бір емес, бірнеше прототүркі тайпалары қатысқан деуге негіз бар. Солардың бірі Троя патшасы Приамның туысы, атақты «Энейда» поэмасының («Энейда» — рим ақыны Вергилийдің поэмасы.Онда Энейдің Трояны қорғауда көрсеткен ерлік істері, Троя құлағаннан кейінгі қайғы мен қасіретке толы өмірі сөз болады) кейіпкері Энейдің соңына ерген ұлыс секілді. Түркілік қасқыр мифі мен тотемінің көне түркілік нұсқасын Аппенин түбегіне апарған да, сол төңіректегі тайпалармен бірігіп (этрускілер) Римнің негізін қалағанда, Рим тарихына қаншық қасқыр бейнесін теліп берген де осы бір тайпаның жасампаздыққа толы ерлік сапары болса керек. Әйтпесе гректерде әжуа болып жүрген соғыс тәңірісінің римдіктер ұғымында Юпитерден кейінгі (Юпитер – Римнің құдайлар пантеонындағы бас құдай) екінші орынға шыға келгендігін қалай түсіндіруге болады? Әрине, бір ғана себеппен. Ол Римнің негізін қалаған халықтардың бірінің сыйынатын кие-құдіреті болғанда ғана. Және осылай болғандығы да ақиқат. Бұған қосымша мынандай болжамды да ұсынуға болады. «Илиададағы» Энейдің  троялық емес, Троя патшасының басқа жақтан келген одақтас туысқан екендігін ескерсек, осы бір қаһарманның ата-тегін сол кездері Қара теңіздің оңтүстігін мекендеген скифтерден (Геродот дерегіндегі) таратуға әбден болатын секілді. Энейдің көшпелі болмаса да малшылар қауымынан екендігін осы қаһарманның Ахилеспен жекпе-жекке шығарда өз ата-тегін таныстырып сөйлейтін сөзі де айғақтай түсетіндей. Ол «бабам Эрахтонның (Бәлкім Еріктон шығар) үш мың, иә, анау-мынау емес, үш мың жылқысы болған және жер бетіндегі ажалды пенделер ішіндегі ең бай кісі еді» деп мақтанады. Ажалмен бетпе-бет келіп тұрғанда тек көпшелі ғана осылай желпінуі мүмкін-ді. Оның үстіне Трояны қорғауға скиф тайпалары қатысып еді деген болжам да шындыққа толық жанасады. Жалпы, Троя түбінде кімдер өлімге басын  тікпеді. Балканнан да, Африкадан да, арысы Скандинавиядан да белгісіз халықтардың осы жерге өз қосындарын аттандырғаны анық-ты. Асылы, Гомер дастаны мен Геродот дерегін өзара байланыстыратын түйін де осы болса керек. Осы жерде көне Грецияның екі ұлы перзентіне өкпе-наз айта кеткен де орынды. Гомер қасқыр тотемін Ареймен байланыстырып жіберсе, Геродот осы тотемнің таңбасын Марс қылышымен шатастырып алды.

Маған қасқыр мифі мен тотемінің шығу төркіні туралы бұдан бұрын да жазуға тура келген (Тәңірі, Құдай ие және қасқыр туралы, «Қазақ әдебиеті», 1997 ж, № 48). Онда аңыздың негізінде Күн жүйесінде болған ғарыштық апат жатыр деген болжам айтқан болатынмын. Жебірей құдай иесінің (Иегова) Синай тауында Мұса пайғамбарға негізгі он қағиданы түсіретін мезгілінде осы апатпен байланыстырғанмын-ды. Иә, осы апат жер бетіндегі барлық халықтың дүниетанымы мен мифологиясында өшпес із қалдырды.  Осындай із көне грек мифологиясында да болуы мүмкін. Өйткені Гомер соғыс құдайы  Арейді  «Илиадаға» кейіпкер қылып енгізгенде, осы апат туралы аңызды негізге алған іспетті. Арейдің, Марс планетасының грекше атауы екенін ескерсек, «Илиададан» Троя қырғынымен бір мезгілде жүріп отыратын пленаталар аралық қақтығыс туралы желіні де аңғаруға болады.

Әрине, бұл желі дастанға оның көркемдік деңгейін арттыра түсу үшін көп кейін енгізілді. Дастанға осы желіні енгізерде Гомердің ғарыш апаты туралы түркілер арасында айтылып жүрген аңыз әңгімені естіген болуы да әбден мүмкін. Түркі аңызының бас кейіпкері жебірей құдайы Иегова да, гректің соғыс тәңірісі Арей де емес, кәдімгі қасқыр еді. Яғни сұңғыла Гомердің соғыс құдайы Арейдің прототүркілік қасқыр тотемінің дәл өзі екендігін аңғармауы мүмкін емес-ті. Сол себепті де Троя түбіндегі қырғында соғыс тәңірісі туына қасқыр сұлбасы бедерленгендердің жағына шығып кетті. Оған ақын қиялы кінәлі еді. Өз кезегінде прототүркілер де өздерінің қасқыр тотемімен тамырлас гректік Тәңіріден хабардар болған деуге болады. Әйтпесе, Римнің негізін қалаған прототүркілер өз тотемін Марспен астастырып жібермес еді ғой.

Иә, Ромул мен Рем туралы аңыз да, Марстың скульптуралық пантеондарда қасқыр үйірінің ортасында бейнеленетіндігі де халық жадының жасампаздығының жарқын мысалы болатын.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, мені Эней баспаналаған Карфаген қаласы Қарлар қаласы болар-ау деген ой түртпектегелі де біраз болды. Мысалы, Қаркент болуы да мүмкін ғой. «Кент» сөзі парсы тілінде қала, шаһар деген мағынаны  білдіреді. Бірақ көне латын тілінде адам, адамдар, халық деген мағынаны білдіретіндігін де ұмытпаған жөн. «Илиададағы» Троя төңірегінде Қарқара атты шыңның кездесетіндігі де  қызық. Дастанда:

«Кронұлы (Зевс) Идаға, аң-құстың

нулы-сулы анасына,

Тоғайы мен құрбандықханасы

орналасқан Қарқараға келіп, жүйрік

сәйгүліктерінің тізгінін тартты»,

-         деген жолдар бар.

РИМ ПІР ТҰТА ЖАЗДАҒАН АДАМ

 

Еділ патша заманындағы білімді римдіктер Рим тарихының бастауында прототүркілер тұрғандығын сезінген сияқты.

Олар Еділге Марстың қылышын ғана сыйлап қойған жоқ, оны Марстың ұлы қылып та жібере жаздады. Бұл қасиетті қала тарихында Ромул мен Реммен бір қатарда тұру деген сөз еді. Христиан діні кедергі жасамағанда, кім біледі, біздің Римнің ұлы перзенттерінің бірі Еділ туралы  аңызға  куә болуымыз да әбден мүмкін еді-ау. Амал қанша. Кейінірек, Еділдің  басынан бақ тайғаннан кейін христиан діні, дәлірек айтқанда, шіркеу ғұн көсемін ұлықтайтын аңыз әңгімелердің бәріне теріс мағына, солақай сипат беріп жіберді. Нәтижесінде, Еділ Марс пен ханшаның некесінен емес, ит (негізгі қасқыр болуы тиіс) пен ханшаның көңілдестігінен дүниеге келген адам бейнелі, ит құлақты құбыжық болып шықты. Дегенмен аңыздың түпнұсқасында Ромул мен Ремнің дүниеге келуі туралы римдік әфсана желісі жатқандығын сырт көзден жасыру мүмкін емес-ті.

Иә, Олжас Сүлейменов жазғандай Еуропаға Еділдің иттен туғандығы туралы аңызды ғұндар әкелген жоқ, оның көне римдік, бәлкім, этрускілік болып саналатын жергілікті көнекөз нұсқасы да бар еді. Оны бағзы бір кездері Римнің негізін қалаған прототүркілердің мұра қылып қалдырғандығы да анық. Бірақ, амал қанша, бұл кездері Марстың орнын Исус Христос басып үлгерген болатын. Уақыт Христос туғаннан кейінгі 450-жылдарды көрсетіп тұрды. Шаңырағы шайқала бастаған Рим болса христиан сенімінің орталығы болып қалуға  тырысып жатты. Себебі, алып империяның әлдебір отар елінде пайда болған адамзатты құтқарушы жайлы ілім Рим когорталарын соғыссыз тізе бүктірген-ді.

Ал Христоспен жағаласуға Еділдің дайындығы да, ынтасы да жоқ еді. Өйткені көшпелі түркілердегі секілді онда да пайғамбарлық жайлы түсініктің болмағандығы анық. Кім біледі, Иса жайлы әңгімені естіген қайран Еділ қарқылдап күлген де болар-ау. «Оң бетіңнен ұрса, сол бетіңді тос» деген қағиданы жүрегі бар қандай жан қабылдай қойсын.

Міне, осылайша түбі бір Марсқа табынушылық пен қасқыр тотемінің арасында өткел бермес асу болып христиан сенімі жатты. Ал Еділ бастаған ғұндар бағзы бір заманда Рим тарихында із қалдырған прототүркілердің жаңғырығы сияқтанып өмір мен тарих сахнасынан зыр етіп өте шықты. Олар Римнің негізін бір кездері өздері тектес халықтың қалағандығын білген де, оны білсек деп бас ауыртқан да жоқ.

 

СӨЗ СОҢЫ

«Римдіктер алдымен латын тілінің шығу төркінін зерттеуге кіріскенде олардың әлемді жаулап алуға ешқандай да уақыты қалмаған болар еді». Неміс ақыны Генрих Гейне осылай жазады. Бір ғасырдан аса уақыттан кейін қазақ ақыны Олжас Сүлейменов те осы ыңғайлас пікірді қайталайды. Ақын «Сөз төркіні» еңбегінің «Бастапқы грамматика» атты тарауында байырғы Алдыңғы Азия мен Жерорта теңізі жағалауларындағы елдерде, яғни бүгінгі Рим орналасқан Аппенин түбегінде де түркілер мен славяндардың ықпалы зор болғандығын айтады. Ал мұндай ықпалдың тарихта, жергілікті халықтардың сөздік қорында, аңыздар мен әфсаналарында із қалдырмауы мүмкін емес-ті.

Ақын, сондай-ақ, түбекте алғаш рет 12 қала-мемлекеттен тұратын қуатты бірлестіктің (б.д.д. ҮІІ ғ.) негізін қалаған тайпалардың құрамында прототүркілік тайпалардың да болғандығын жоққа шығармайды. Тіпті, олардың бірінің туында қасқыр бейнесі болған деген пікірді де алға тартады. Иә, ақын аға айтқандай, Римнің бір кездегі  елтаңбасы «қаншық қасқыр мен егіз ұл» деген мағынаны білдіретін мынандай таңбалардан тұрған болуы ғажап емес.

Ол ол ма, ақын аға кейбір бағзы этрус жазбаларын тікелей түркі тілінің көмегіне сүйеніп оқуды ұсынады. Иә, Аппенин түбегінде бір кездері прототүркілер дәуірлеп тұрған. Оған мәңгілік Римнің іргесіне қаланған тастар куә. Біздің ендігі міндет сол тастарды сөйлету болса керек.


Әмірхан БАЛҚЫБЕК

Пікірлер