Режимді бұзғаны үшін әкімшілік жаза, яғни мемлекеттік органдардың талабын орындамағаны үшін жауапкершілік қарастырылған
Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың алдын алуға байланысты ерекше режим енгізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасовтың айтуынша, бас санитарлық дәрігер коронавирустың алдын алу шараларын күшейтуге арналған қаулыға қол қойды. Оған сәйкес, 20 ақпаннан бастап коронавирусқа шалдығу жағдайы бар мемлекеттерден келетіндердің бәрін бақылауға алатын болады. Ондай азаматтарды үш топқа бөліп тіркейді.
"Бірінші топқа Қытайдан келетін адамдар кіреді. Олардың бәрін 14 күнге карантинге жатқызатын болады. Оқшауланған станционарлар дайын. Ол жерде 4 400 кереует қойылған. Ал екі апталық карантиннен кейін дәрігерлер оларды тағы он күндей үйде қарап жүреді", - деді Сәдуақасов астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Екінші топқа коронавирусқа шалдығудың 10-нан астам жағдайы тіркелген елдер кіреді. Осы санаттағы мемлекеттерден Қазақстанға келген азаматтар бірден үйдегі карантинге отырғызылады. Дәрігерлер оларды екі аптадай бақылайды, одан кейін он күндей телефон арқылы хабарласып тұрады.
"Үшінші топ – ол коронавирустың 10-нан кем жағдайы тіркелген мемлекеттер. Ондай елдерден келген азаматтар тұрғылықты жері бойынша бақылауға алынады. Дәрігерлер 24 күн бойы оларға хабарласып, денсаулығын біліп отырады.
Айта кетер жайт, осы режимді бұзғаны үшін әкімшілік жаза, яғни мемлекеттік органдардың талабын орындамағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Талапты орындамағандарға айыппұл салынады.