Қазақстанда коронавирус табылмаса да, шенеуніктер онымен күреске бөлінген 2 миллиард теңгені жұмсап қойыпты. Осыған қатысты әлеуметтік желілерде жұрт наразылық білдіріп, шенеуніктерден түсініктеме беруді талап етті. Бірақ журналистер әңгімеге тартқан лауазымды шенеунік ақшаның қайда кеткенін айта алмайтынын мәлімдеді.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мың да, миллион да емес, миллиардтаған бюджет қаражатының қайда жұмсалып кеткенін халыққа айтуға рұқсаты жоғын жеткізді.
– Коронавируспен күреске ақша Үкімет қаулысына сәйкес бөлінуде. Дегенмен оған қатысты мәлімет «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген ақпаратқа жатады. Мұны Денсаулық сақтау министрлігі ойлап тапқан жоқ, ол Үкіметтің қаулысы. Мен қуана-қуана айтып берер едім, алайда ондай құқым жоқ! – деді Е.Біртанов.
«Жалпы, сол ақшаға қорғаныш құралдары, оның ішінде медициналық маскалар, костюмдер, көзәйнектер, дезинфекциялық заттар, зертханалар, диагностикалауға арналған зертханалық жабдықтар, тепловизорлар сатып алынды. Өйткені кең ауқымды тексеру, диагноз қою шараларын іске асыру қажет. Құралдар арасында тек медицина мамандарына ғана емес, сондай-ақ шекарашыларға арналғаны да бар болғандықтан, бұл енді тек қызмет бабында пайдаланылатын жабық ақпарат», – деді министр Е.Біртанов.
Биліктің халық қаржысының жұмсалуын халықтан жасырғанына журналистер шын кейіді. Осы орайда, Жамбыл облысының жаңа әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтқан сөзі елең еткізеді. Өңір Қырғыз елімен шектесетіні белгілі. Оның тізгінін қолына алмас бұрын Бердібек Машбекұлы Қордайдағы қақтығыстың мән-жайын зерттеген үкіметтік комиссияның жетекшісі ретінде шекараның және кеден бекеттерінің беріктігі мен бүтіндігін тексеріп қайтты.
Сонда кеденшілер жаңадан сатып алынған термосканерлеу құрылғысын паш етті. Ол тапаншаға ұқсас және «ұңғысынан» лазерлік сәуле шығады. Соны адамның маңдайына көздеу арқылы оның дене температурасы қашықтықтан өлшенеді.
– Шекарада бақылау нашар. Анау тепловизорлары жұмыс істемейді, өтірік нәрсе. Адам температурасын өлшесе, онысы 30 градусты көрсетеді. Адамда сондай температура да бола ма екен?! 30 градус болмайды ғой, ең кем дегенде 35 болуы керек. Ендеше біз коронавируспен дертті науқасты шекарада қалай анықтаймыз? Оның үстіне адамдар Қырғыз елінен бері өтіп жатыр. Ал Қырғыз Республикасының Қытаймен шекарасы ортақ. Осыған көңіл бөлмесек, болмайды», – деді Жамбыл облысының әкімі. Б.Сапарбаев әкімдік аппаратына және жергілікті денсаулық сақтау басқармасына олқылықты жою жөнінде тиісті тапсырмалар берді.
ҚХР-мен іргелес өзге өңірлеріміздің әкімдері әзірге тым-тырыс.
aikyn.kz