«Беғазы кешені» сыр сақтап жатқан құпия сандық

4491
Adyrna.kz Telegram

Қарағанды облысы Еуразияның кіндік тұсында жатыр. Арқаның беліндегі Қызыларай-Беғазы тауларын бауырына тылсым сыр сақтап жатқан құпия сандық деп бағалаймыз. 1946-1953 жылдары академик Әлкей Марғұланның археологиялық зерттеулері Беғазы қорымындағы қола дәуірдің құпия сырын ақтарды. Ғылымға қазақтың ұлы даласы өркениет пен мәдениеттің ошағы болған деген жаңалық енді. Содан бастап бұл өңір зерттеуші ғалымдардың, зиялы қауым өкілдерінің, табиғат жанашылары мен саяхатшылардың арнайы іздеп, ат басын тірейтін мекеніне айналды.Аудандық, облыстық деңгейде өтетін түрлі шараларға қатысушылар осы Беғазыға келіп кетеді.

1979 жылғы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Жаманқұл Шайдаровтың идеясымен Ақтоғай ауданында ұйымдастырылған мәдениет қызметкерлерінің ғылыми-пратикалық конференциясына қатысушылар да осы Беғазы қорымын тамашалап, таңданып тарасқан еді.
Кеңестік дәуірде Ақтоғай ауданына келген ресми өкілдер мен басшылардың барлығы Қызыларай мен Қаратал совхоздарының тап ортасындағы Ақсораңға, оның сілеміндегі Әулиетауға келіп тыныстамай кетпейтін.
Қонақ күтуден әбден қажыған бір партком «осы екі таудың көркінен ақ көрдік қой көресіні» деп қабақ шытқан көрінеді. Қызыларай совхозында директор болып қызмет атқарып, кейіннен ауданның бірінші хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған Рымбек Жүнісов келімді-кетімді қонақтарды Ақсораңда қарсы алып, Қызыларайдан шығарып салып жүрген. Ол 1988 жылдан бастап «Қызыларай Ұлттық паркін» құруды тікелей қолға алып шұғыл іске кіріскен еді. Соның нәтижесінде 61 мың гектар жерді қамтитын «Қызыларай ұлттық паркін» құру мәселесі 1991 жылы Жезқазған облысының тарихи, мәдени ескерткіштерді сақтау, қалпына келтіру, насихаттау жөніндегі 1990-2000 жылдарға арналған бағдарламасына енгізілген болатын. Қызыларай ұлттық паркінің құрамына Беғазы қорымын қосу шаралары да қатарласа жүргізілді. Оның алғы шарттық базасы ретінде аудан орталығындағы пошта, телекомның ғимаратын алып еді. Ол да «Тұрғын үй – 91» бағарламасы бойынша жүзеге асты. Сол кезде облыстық өндірістік-техникалық байланыс басқармасының бастығы болған Әдебиет Сәтековтың игі істерін ұмытпаймыз. Мұражайдың археологиялық бағытқа бейімделуіне Аманқұл Мұсатайұлының еңбегі ерекше болды. 1991 жылы сол кездегі Жезқазған облыстық археологиялық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Қайырбек Садуақасовтың жетекшілігімен аудандық мұражай ресми түрде ашылып, болашақ ұлттық парктің құрамдас бөлігі ретінде жұмыс жасай бастады.
Аудан мұражайының ашылу салтанатына КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Жезқазған облыстық Кеңесінің төрағасы, Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің бірінші хатшысы Е.Г.Ежиков-Бабаханов пен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ұйымдық-партиялық және кадрлармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі О.Ә.Әбдікәрімов қатысып, лента қию рәсімін өткізген болатын.
Осылайша сәтімен қарқын алып келе жатқан рухани шара Кеңестер Ода­ғымен бірге тоқырап, тоқтап қалды.
Жаңадан құрылған әкімдік жүйе­нің басшысы Сағадат Дүйсе­беков күрмеле бастаған бұл істі жедел жалғастыруға кірісті. Ол 1993 жылы осы мәселені Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Камал Смайылов жетекшілік жасаған ұлттық саясат, мәдениет пен тілді дамыту жөніндегі комитетінің көшпелі мәжі­лісінің қарауына енгізген болатын.
Жоғарғы Кеңес тарап кеткен­діктен бұл шара тағы да аяқсыз қалды. Әбден сағымызды сындырды. 1997-98 жылдары ұлттық парк құруды жаңғыртып, қайта қолға алған сол кездегі аудан әкімі Төлеужан Ахметбеков пен аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Қалияқпаровтардың ізденіс-талпыныстарын «Азия дағдарысы» тежей берді.
Санамызға әбден сіңіп, туған жерге деген перзенттік парызымызға айнала бастаған Қызыларайға бағытталған шаралар жалғаса берді.
Үмітімізді үкілеген 2008 жылғы «Мәдени мұра» бағдарламасы болды. Еліміздің түкпір-түкпірінде ашыла бастаған қорықтардың тәжірбиелеріне сүйене отырып, алғашқы атауын өзгертіп, енді Қызыларай-Беғазы тарихи-мәдени табиғи қорығы болып құрылды. Археолог мамандардың, жергілікті тарихшы, шежірешілер мен көне көз қарттардың ақыл-кеңестеріне сүйене отырып, қорықтың аумағына Қызыларай, Беғазы, Желтау тауларын енгізу ұсынылды.
Қорықтың екі бөлімінен тұра­тын ғылыми негіздемесі облыс­тық мәдениет басқармасының қар­жыландыруымен толықтай жасалып бітті. Табиғат, өсімдік, жануарлар әлемі бөлімін Терра ғылыми орталығы, ал археологиялық тарихи, ескерткіштерге қатысты бөлімін Ә.Марғұлан атындағы Археология инс­титуты дайындады.
Бұдан кейінгі іс осы ғылыми негіздемені қорық ашуға қатысты мекемелерге мақұлдатып, сараптамадан өткізу болатын. Негіздеме мамандандырылған сараптамадан, содан соң Ерекше қорғалатын аумақтар бө­лімі, қоршаған ортаны қорғау мекемесі сияқты салалық құрылымдардан өтіп оң бағасын алды. Осы жоғарғы сараптамалық мағлұматтарға сүйене отырып, Мәдениет министрлігі өз келісімін берді. Бұл істерді атқаруға облыстық ескерткіштерді қорғау мемлекеттік инс­пекциясының бастығы Түл­кібай Төлеуовтың айрықша үлес қосқандығын атап өту орынды.
Жұртшылық өкілдерінің қаты­суымен жиналыс өткізген облыс басшысы Әбілғазы Қалияқ­парұлының «Ақтоғай жері табиғаты көркем, тарихы бай өңір, мүмкіндікті пайдаланып ауданда туризмді дамытуды неге қолға алмасқа?» деген ұсынысы қорық ашу жолындағы кептеліп тұрған сеңдерді қозғап жібергендей болды. Қызыларай, Беғазы, Желтау өңірі қорық болған жағдайда туризмнің де бағын ашары дау­сыз.
Орталық Қазақстандағы төбесімен көк тіреген ең биік тау – Ақсораң осы жерде тұр. Етегін қарағай көмкерген, орта тұсы аршамен қапталған, ұшар басы Пермь гранитінің күмбезіне айналған, оңтүстік батысқа қараған беті құз-қия жақпар тасты, теріскей шығысқа қараған жағы жусан мен көде өскен шөптесінді, екі беті екі дүниедей бөлектеніп жаратылған сұсты да, сымбатты тау осы Ақсораң.
Ақсораңмен иық тіресіп, атына сай аңыз ерген Әулие тау жалғасқан. Ақсораң мен ортасынан Желтауға қарай жол өтетіндей қақпа қалдырып шөккен нардай (ең биік жері 1169 метр) Беғазы тауы жатыр. Күні кеше ғана көрермендердің көзайымына айналған «Жау жүрек мың бала» фильміндегі батыр қыз Қорлан сияқты, Бегазы да жауға шапқан батыр қыз болған. Таудың аты соның ерлігіне орай қойылған деген аңыз сақталған ел аузында.
Әлкей Хақанұлы Беғазы қорымын зерттеуге отыз жыл уақытын сарп еткен. Ол сөз арасында Жәмші совхозының директоры Қауаз Мұ­қажановқа: – «Өткен дәуірдің өркениеті болған мына «Бегазы кешені» болашақтың да өркениетіне айналатын сәті туар» деп болжам жасапты. Бұл сөз ақтоғайлықтардың осы мұраны көздің қарашығандай сақтауға деген талпынысын оятты.
Айналасы ат шаптырымдай-ақ осы өңірге әрқайсысының өзіндік тарихы бар бес таудың құт-береке болып қона қалуына таңғалмасқа амалымыз жоқ.
Жаман Қызыларай деген жақпар тасты, қалың аршалы, тұщы бұлақты таудың (биіктігі 1283 метр) биік беткейінде ықылым заманда мыс қорытқан. Оның тайқазаны да болған деген аңызды естіген бір топ азаматтар 1967 жылы сол жерге барыпты. Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы Мәлік Имашов, сол кездегі Қаратал совхозының директоры Ғаділша Түсіпбеков және тағы басқалар Қызыларай тауының ұшар басындағы алты қанат киіз үй орнындай жерді алып жатқан беймәлім руда қорытпаларының үстінен түседі. Бірақ тайқазан табылмайды. Содан 43 жылдан соң кен қорытқан жерді Ғаділша ақсақал дәл тауып көрсетті. Беймәлім кен қалдықтары бырдай болып жайылып жатыр. Кеннің астындағы топырақта жанған отынның қара қошқыл күлдері де сақталған.
Беғазыдан қозы көш жерде Желтау, ақиық ақын Серік Ақсұң­қарұлының «Төретам» деп атаған «Талды бейіт» атты қорым бар. Жел­таудың өн бойы қола дәуіріне тән тастағы таңбаларға толы. «Құз қара таста» отырып қарыс қадам жердегі Бегазы қорымын көрмеу, оған назар аудырмау мүмкін емес. 1925-1929 жылдары Әлихан Бөкейханов Әлкей Хақанұлына тас қорымы туралы, болашақта оны зерттеу жайында бағыт-бағдар бермеді ме екен деген ой туындайды. Әлихан мен Әлкей 1926 жылдары Маңғыстау экспедициясына бірге қатысқан. Адайлар Әлиханды құрметтеп, тай сойып күтіп алғанын Әлкей өмір бойы есінде сақтаған.
Ә.Марғұлан атындағы археология институты директорының орынбасары, тарих ғылымының кандидаты Арман Бейсенов осы алқаптағы тарихи жәдігерлер туризмнің таптырмас кластері болатындығын қуаттай келе, саяхатшылар үшін деп көліктің қай түрі болсын пайдалануға жарайтындай етіп үйлестіріп қойған дейді.
Саяхатшылар үшін түзілген жол-сапар картасы бойынша алдымен Ақсораңнан аттанып әйгілі Беғазыға барасыз. Батырлар мен бабалардың, жауын­герлер мен аналардың бейнесі қашалған тастарды көріп, Жіңіш­кені бойлайсыз. Сөйтіп, Гранит жақпарларына қашалған таңбасы бар Желтауға жетесіз.
«Ғұн масагет, әлде скиф, сақ бабам,
Қолтаңбасы анық емес нақ маған.
Мүсін тастар тұр даланы күзетіп,
Жел кеміріп, күн күйдіріп қақтаған» деген ақын Мүсіркеп Сейдахметтің жыры еске түседі осындайда.
Одан кейін Әлихан Бөкейханов­тың туған қыстағымен танысып, «Талды бейіт» зиратына тағзым етесіз. Содан соң ақын, сазгер, әнші, ­балуан Әсет Найманбаевтың туған жері – Тастыбұлаққа тізе бүгесіз. Содан кен қорытқан Қызыларай тауына көтеріліп, Мамай асуынан асып барып, Тесік тастың ортасынан өтіп, Қарағаштың сарқырамасынан сусындап, Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтың туған жері Бөріктастың басына шығып, одан Әулие тауға өрмелеп, оның ұшар басындағы үңгірге бас сұғып, қайтарда Ақсораң­ның бауырындағы Шабанбай би ауылына ат басын тірейсіз.
Ауданның оңтүстігіндегі қыздың сәукелесіндей болған (биіктігі 1214 метр) Бектауата (Әулие тау) туристік саяхатқа тұрақ болатындай жер. Ақселеу Сейдімбеков «Күңгір, күңгір күмбездер» деген кітабында ұзындығы 50 метрдей, аңызға айналған тас үңгір жайында да анықтама беріп кеткен болатын. Бір ғажабы 2009 жылы Бектауата баурайындағы қорымға археологиялық қазба жұмыстары жүргізілгенде тас қабірден бас сүйегіне екі жерден тесіліп, хирургиялық ота жасалған мәйіт табылды. 1953 жылы Көрпетай тауының аңғарындағы Қарабие қорымын зерттеген ғалым Александр Қадырбаев та тура осындай хирургиялық ем қолданған сүйек тапқан еді. Бұл малшаруашылығының, егіншіліктің, металл өндірісінің, саздан ыдыс аяқтар жасау өнерінің, тас қашау шеберханасының ғана емес, сонымен қатар емшіліктің де кең өріс жайғандығын айғақтайды.
Ғалым Ғ.Мұсабаевтың Алакөл өңірінде тау басындағы тасқа қашалып сызылған дойбы тақтасы туралы деректері бар. Дәл осының жалғасындай Ақтоғайдың Егіз қойтасындағы тас­тан қашалып, ойылып жасалған тоғыз құмалақ тақтасы табылды. Бұған ғалым, доцент Ғұзыхан Ақпанбек бағзы замандағы адамдардың тіршілігі мен білім дәрежесінен хабардар ететін жәдігер деп баға берген. Қарашілік, Қоңырбұлақ, Көпетай жазықтарындағы таңғажайып мұртты обаларды ежелгі халық есепшілері аспан құбылыстарын, ауа райын зерттейтін расытхана (обсерватория) ретінде пайдаланған деген болжам жасайды.
Көрпетайдың әйгілі «37 батыр» кешені Орталық Қазақстанды мекендеген сақтардың бай шонжарларын, батырларын жерлеу және оның рухымен қоштасу, ас беру салтанатын өткізуге арналған жер. Бір қуанарлығы облыстық мәдениет басқармасының қаржыландыруымен «37 батыр» кешенінде Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының ғалымы Арман Бейсеновтың жетекшілігімен зерттеушілер экспедициясы құрылып, зерттеу, қалпына келтіру, жұмыстары басталып кетті.
Бір өкініштісі Балқаш көлінің қылта жерінен өтіп, Тоқырауын өзенін бойлап, Беғазының үстімен солтүстік бағытқа қарай Ұлы Жібек жолының теріскей кіші тармағын дәйектеу, жаңғырту ісінің кенже қалуы болып отыр. Егер Қызыларай-Беғазы тарихи-мәдени, табиғи қорығы құрылған жағдайда Ақтоғай өңірі жаңаша түрленіп, жандана түсіп, болашағымыздың бағдаршамы болары ақиқат.


Т.Мұқан,
Ақтоғай археологиялық-этнографиялық мұражайының
директоры

 

Пікірлер