Рахымжан Отарбаев. «Жалғыз атты жолаушымын»

1051

Рахымжан Отарбаев өзінің шығармашылығы арқылы бүгінгі қазақ әңгімесі қалай болуы керек деген сұраққа жауап берген жазушы. Ол қазақы тәлім-тәрбие аясында өскен, дәстүрлі қазақ ұғымын санасына сіңіре білген суреткер. Жазушы шығармаларынан ауыл өмірінің лебі есіп тұратыны содан. Суреткер табиғат пен рухани үндестікті жан-тәнімен құптайды да, шығармаларын сол табиғат пен адамның үндестігі негізінде жазады. Рахымжан Отарбаев өлген сөзді тірілтіп, ұмытылған тіркестерге жан бітіріп, ескірген оралымдарды қайта жаңғыртады. Таптаурын жолды айналып өтіп, өзінше сүрлеу салады. Абайша айтқанда, «Сөз өнері дертпен тең» деген айықпас азапқа өзін біржола байлап берген жазушы. Яғни қазақ қара сөзінің ерікті тұтқыны. Қазақтың көрнекті қаламгерімен Алматыға келгенінде әңгімелесудің сәті болып еді.

– Аға, алғашқы сұрақты Хемингуэй­дің «Жазушы болу үшін талантпен қоса бақытсыз балалық керек» дегенінен бас­­та­сам. Айып етпессіз. Бір әң­гі­меңіз­де «қиналған кезімде балалық шағыма ойша жиі ораламын. Көңілсіздеу болса да. Естелік еміп жұбанамын» дегенсіз.

– Иә, Каспий теңізінің қуысында, Қоша­лақ құмының уысында өстік қой. Әкем Қасымғали бір қауым елдің ұйытқысы еді. Аталарымыз байдың тұ­қы­мы деп тәркіленіп Қалмақ қыры, Дағыстан елінде жүргенде көп оқи алмай қалған. Өмір бойы мал бақты. Анам Шәмсия Дәу­лет­қызы ақжарқын, ақыл-есті кісі болыпты. Бекежан деген інім, Райса деген қарындасым жастай шетінеді. Ал, анам су білмейтін қырдың қызы. 26 жасында өзен тасығанда суға кеткен. Сөйтіп, мен бес жасымда жетім қалғанмын.

Нағашы шешем Ұлжан жалғыз басы жеке үй боп құм ортасында тұрды. Өзі де, малы да құдықтан су ішеді. Маңында ел жоқ. Анам қайтыс болған соң әкем қо­лына алғысы келген, көшпеді. Дәулет атам­ның шаңырағын жыққысы келмеген шығар. Сол нағашы шешеме 3-сынып бітірген соң түйеге мініп, алма апарып бердім. Бір айдан соң барсам, жаз мезгілі ғой, шіріп кетпесін, келесі келгенде өзі жер деп әлгі алмаларды бөліп-бөліп тұздап қойыпты. Көрмеген таңсық асы.
Сол шағылдары шыққан күнмен сары алтындай балқитын иен дала. Жалғыз үй. Бірге ойнайтын баланың жоқтығы әрі жас­тай жабысқан мұң мені қияли ғып жіберді-ау деймін. Қозы-лақ, қой қайы­рып жүргенмен, ойым өзге әлемде, оңа­ша аралда өмір сүріп жататын. Тіпті, басы бүтін десе де болғандай. Кейін ойласам, қорқынышты. Сол қиялмен жасаған аралдардан қайтпай қалуым да мүмкін еді ғой. Бәлкім, мені жалғыздықтан құтқарған да солар шығар. Сол оңаша ой қуу, өзіме-өзім күбірлеп сөйлеу, шалықтап күлу әлі күнге жалғасып келеді.

– Бала күніңізде тағы қандай ерекше жайт есіңізде қалды?

– Өз әжем Гүлбағила өлеңді төгіп оты­ратын адам еді, жарықтық. Атам болса, ес­кілікті әңгіменің кеніші. Әлі есімде, мектептен келіп, Махамбеттің өлеңін жат­тап отырсам, әжемнің «Қой, ол оныкі емес. Үкімет те шатаса береді-ау. Біздің шешелеріміздің ханға наразы боп айт­қа­ны ғой», – десін. Содан өзі сабақтап әкетсін:

Шыға алмаған далаға-ай,
Міне, алмаған алаға-ай,
Атаңа нәлет Жәңгір хан,
Оқытам деп баланы
Көзінен тізіп айдады-ау,
Орынбор деген қалаға-ай!

Кейін зерделей жүріп білсем, Жәңгір өз мектебін бітірген шәкірттерді Орын­бор­дың Неплюев кадет корпусына оқуға түсірген ғой. Мұхамбет Салық Бабажанов, Мақаш Бекмұхамбетов, Өтешқали Атаниязов... Иә, бұл өзі мұсылманша, орыс­ша хат таныған сауатты, баласы Нұрсұлтанды Орынбордағы оқуға кіргізем деп талаптанған Махамбеттің аузынан төгілер өлең емес-ті. Несін айтасыз, Жәң­гір ханның екі дүниеде бағы ашылмады ғой. Елге жасаған жария жақсылық­тың жаңғырығы кейде жамандық боп оралатынын қайтерсің. Исі қазақ баласы оқысын, ілгері өркениетке ерсін деп еді... Шешелерімізден естіген қарғысы әлгі.

– КазГУ-ге неге оқуға түспедіңіз? Орал­да студент атанып, Иманғали Тас­ма­ғамбетовпен құлын-тайдай тебісіп өсіпсіз.

– Әжем көзтаса еткісі келмей, алыс­тағы Алматы тұрмақ, іргедегі Орал қала­сы­на әрең жіберді. «Жұрттың өзіңдей ба­ла­сы оқудан құлап келіп жатыр. Менің қарғам да енді көп кешікпес» деп отыр­ғанда тілекке қарсы оқуға ілініп кет­ке­німді айт­саңшы!
Иә, Иманғали қолына гитарасын алып, сырлы сазды құлпыртып отыратын. Орысшаға жүйрік. Тіл тапқыш. Бекзат еді. Бірғаным Әйтімова бірер курс жоғары оқитын. Жандарбек Кәкішевтің ағалығын көп көрдік. Қызуы басылмайтын, қызығы қашырмайтын қайран жастық. Құрманға­зы­ның «Сарыарқа» күйіндей жұлқынған аста-төк, ақжарма кезең ол. Ол кезде оларды болашақ Премьер-министр, елші, сенатор, ал өзімді сөз терген жаман қа­тын құсап жазушы болам деп ойладым ба?

– Ел-жұртпен жете таныстым. Сонда олар «ағаң текті әулеттің тұқымы ғой. Жез қармақтай иілсе де, сынбайтыны содан» десті. Осы сөздің сырын аша кет­сеңіз?

– Көктен түскен жоқпыз, жерден өн­ген жоқпыз. Арғы атамыз... Беріден қоз­ғасам, Естайға соқпай кете алмаймын. Батырлығы мен билігі тең түсіпті. Байлы­ғы­ның өзі әлі аңыз. Әулие деп әлі күнге ба­сына кісі түнейді.

Ол заманда түркімендер теңіз жаға­сын жайлапты. Атамыз сол Жәуміт руы­ның атақты бекзадасының қызы бай таң­дап жатыр екен. Батырлығы мен бай­лығы асқан жігітке тием депті деген хабар естиді. Көрші жұртқа барып, аламанда атам қандай ерлік көрсеткені бүгінде ел есінде жоқ. Есесіне қалың малына деп үш мың бас ақсарбас қойды санап беріпті. Сөйтіп, Қарашаш әжемізді алған. «Адам баласында мұндай сұлу жаратылысты көрмедік. Ақтығы сондай, ішкен асы та­ма­ғынан көрініп өтетін», – деседі ел-жұрт. Біз сол әжемізден тараймыз. Жеті мүшеме деп жеті ұлттан әйел алған атамнан тараған мол ұрпақ қазірде аман-есен ғұмыр кешіп жатыр. Ата-бабаның жаманы жоқ қой, інім. Солардан болымсыз боп туған біз болмасақ...

Сырым батыр Нұралы ханды шауып, ел іші бүлінген шақ екен. Нұралы бас бағып, елден қашқанда бәйбішесі Жұм­сақ­­ханым мен кішкене екі ұлы Бөкей мен Шы­ғайды атамның үйіне жасырған. Артынан қуғын салып дігірлеп Сырым жете­ді. Бірақ сойқан салуға бата алмапты.

– Әй, Естай, сен болдың, амал не?! Әйтпесе, бөрінің екі бөлтірігін құртатын едім, – деп ат басын кері бұрған. Сол Бөкейден Жәңгір хан, ал, Шығайдан дәу­лес­кер күйші Дәулеткерей тарайды ғой...

– Мерейлі жасқа толғаныңызда Атырау облысы халықаралық дәре­же­де салтанат өткізді. Оған көптеген шетелдерден мәртебелі меймандар қа­тыс­ты. Ал, «Парасат» орденімен мара­патталға­ныңыз­да Қанішкен жері биыл үлкен той жасады. Құтты болсын, аға!

– Ол қасиетті топырақтан Әбу ата, Жұ­ме­кен, Зейнолла Серікқалиев сынды әдебиетіміздің үлкен тұлғалары шыққан ғой. Біз деген... Солардың басып кеткен ізіне тати ма екенбіз? Елге рахмет! Аз еңбегімізді әуелете көтеріп жатады. Үл­кен көл жағасына әдемі киіз үйлер тігіп, ел-жұрт боп қарсы алысты. Көкорай шалғын. Аяқ астың Бұхар кілеміндей был­қыл­дайды. Көлде аққу жүзеді, балық шоршып ойнайды. Көп қызықтың со­ңын­да сол көлді «Рахымжан көлі» деп атасты. Картаға белгілесті. Байтұрсыновша айтсам, ел «өз балам» десті.

Енді бала да «елім» деуі керек қой. Бір ой көптен көкейімде жүрген. Сол Еділ-Жайық ортасында туып-өскен, елге нұрын шашқан тұлғаларға үлкен ескерт­кіш-тақта орнатсам деймін. Өз қаража­ты­ма. Бейбарыс сұлтаннан бастап, Зейнолла Серікқалиевке дейінгі же­т­­піс-сек­сен жәдігердің есімін алтын әріптермен әдіптесем. Кітаптан жеріп, компьютермен өскен ұрпақтың санасына ең болмаса аты-жөндері сіңе берер еді ғой.

– Алматыға, әдеби ортаға қай жылы келіп едіңіз?

– Ананың құрсағына сыйғанмен, ауыл­дың құшағына сыя алмадық. 1981 жылы пойызға өрмелеп мініп, Алматы астық. Шіркін, ол кезгі Алматы қандай еді! Сол жазиралы мекен жатсынбай бауырына басты. Жалпы, Жетісудың то­пы­рағы алтын ғой. Азаматтарының алды кең. Бәйбішелері биязы. Алма жүзі алаулап, аш белі солқылдап тұрған қыздары. Жаны жомарт, жүрегі жұмсақ ұлдары ше?! Ғұмыр бойы қарыздармыз.

Жазушылар одағы әулиелердің ме­кенін­дей көрінетін. Алтын жұлдызы кеудесінде жарқырап, әр сөзінің буынын былқылдатып тұратын Ғабит аға, Қарға­лыдан трамвайға мініп жететін қарапа­йым да қамқор Ғабиден Мұстафин, айналасына алтын шуақ шашатын Мәриям Хәкім­жа­нова, бұйра шашы басына түркіменнің сеңсең бөркін киіп алғандай көрінетін Әбу Сәрсенбаев, ақ бас бурадай желкіл­деп келетін Тахауи Ахтанов, ақ қайыңнан ойғандай сымбатты Жұбан Молдағалиев, балбал тастай мызғымас Әкім Тарази, несін айтасыз, өңшең нұр-сипаты бөлек тұлғалар-ды. Ботатірсек біздер әр­қайсы­сы­ның алдын торғай адым кесіп өтпей, екі-үш бүктетіліп сәлем беріп жатамыз.

Олардың шабысуы да, табысуы да бөлек еді ғой.

«Қошалақтан отыз жылдан соң қо­лы­на қалам ұстаған бір бала келді», – деп Жұ­ме­кен ағам қуанды. Шерхан аға қыз­метке алды. Фариза апа алғашқы әңгіме­лерімді журналына жариялады. Мұхтар аға (Шаханов) пәтер алып берді. Олжас Сүлей­ме­нов қиналып жүргенімді естіп, үйіне ертіп барып, қолыма мың сом ақша ұстатты. Ол кезде екі жылқының бағасы! Несіпбек Дәутаев соғым сойып әкелді. Мұхадес Есламғалиев пен Мереке Құл­кенов туған ағамдай қамқорлады. Міне, солардың арқасында тентек бураның өркеш жүнін­дей шашым үрпиіп, ел қа­та­рына қосылдым да кеттім. Аштықта жеген құйқаның дәмін неге ұмытайын!?

Сол Алматы, сол тұлғалар... Қасында жү­ріп қағындық, алыстап кеттік, сағын­дық. Қайтерсің.

– Қазақ әдебиетінің классигі Әбді­жәміл Нұрпейісов: «Қазірде Рахымжаннан асқан стилист жазушы жоқ. Түбі осы жетістігі кемшілі­гіне де айналып кетуі ғажап емес. Тым әуес боп кетті» деп еді. Әдебиетте кім­дер­ді үлгі тұттыңыз?

– Әдебиеттегі екі ұстазымның өнегесі мен үшін ерекше. Бірі – Әбіш аға Кекіл­баев. Сөздің құнарын, бояуын шығар­маларынан қанып іштім. Мұндай ғажайып дарын иесі қазақ әдебиетінде, әй, қай­дам, енді қай­тып тумас. Менің кейбір ата­ларым та­қымы құрғамас конокрад болған. Орынбор мен Тұзтөбенің жыл­қы­сын үйірлеп айдап қоймаған. Құйрығын теуіп ойнаған өңшең шу асауды айқаймен қайырып... Пау, шіркін!

– Әбеке, мен сізден сөз көп ұрладым, – деп әзілдеймін ғой ағаны, аталарымның сол қылығын есіне сап.

– Баяғы шалдарың тіпті Еділден де ат жалдап өтіп, кабарда мен балқарды ба­қы­ртып, талайын жаяу қалдырып, жер соқтырып кеткен. Тұқымыңда бар ғой. Әйтеуір, сөзімнен айырылсам ештеңе етпес, – деп нұрланады.

Екінші тәу етерім – Әбе Нұрпейісов қой. Өзіне де, өзгеге де соншама қатал­дық­пен қарайтын мұндай қарау классикті көргенім жоқ. Бәлкім, көріп қалғанымыз бағымыз да шығар?.. Сөзді оңды-солды шашпай, Ай сәулесіндей тамызып-тамызып қана қолдансам, осы ағаның үлгісі.

Әлемнің қырыққа таяу тілінде сөйле­ген, қазақтың ғана емес, күллі дүниенің рухани қазынасына айналған «Қан мен тер» мен «Соңғы парыздың» соңғы басылымын алдына алып, сөйлем емес, аб­зац-абзацты қайшымен қиып лақтырып отырғанын көргенде көзіңнен жас шығып кетеді. Қарау демей көр!
Ілгеріде бір интервьюімде: «Нұрпейісов ойыншықтары көп бала» дегенім бар-ды. Дереу телефон шалды: – Әй, сен мені сынапсың ғой, – деп.
– Ойыншықтарыңыздың көп екені өтірік пе? Әкімдермен ойнайсыз. Министрлермен ойнайсыз. Өз шығармаңызды өзіңіз қысқартып, түзеп-күзеп ойнайсыз. Ал, біз ойыншықтарымыз жоқ, жетім баламыз ғой, – дейін.
– Керемет риза болдым. Бұлай мені ешкім сынаған емес, – деп Әбем рахаттанып кеп күлсін.
– Халқымыздың ноқта ағасы Д.Қонаев кіріптарлыққа тап болған жылдары үйіне барыпсыз. Сұхбат алыпсыз. Ол кісіге кірген-шыққанның бәрі есеп­теулі кезде қалай тәуекел етіп жүрсіз?
– Намыс та! Бір күні қолыма Рауль Мир-Хайдаров деген жазушының «Двойник китайского императора» деген Мәс­кеу­ден шыққан кітабы түссін. Оқып, таңға көз ілмедім. Қонаев пен Шараф Рашидов­тың дымын қоймай жамандапты. Жұрттың бәрі Колбинның алдында баталы құлдай бәйпең қағып жүрген кез ғой. Қонаевтың үйінің жанынан жұлдыздай ағып жөнеле­ді...

Ой арқалап Жазушылар одағына келе жатыр ем. Көшенің қарсы бетінен Асқар Тоқпанов ағам айқайлайды.

– Әй, Жайықтың үкілібас қамысындай боп қайда кетіп барасың? – деп. Ерен туған тұлға! Тентек шалға қолтығымдағы кітапты көрсетіп, мұңымды шағайын. Ди­маш ағаның үй телефонын сұрайын. Жақын көретін інісі-тін.

Асекем алдымен көзін ойнатып, сосын бір парашют дем шығаратындай боп танауын делдитті. Басындағы татар тақия­сының сынық сүйем желпіншегін олай бір, былай бір былғады. Зәрені ұшырды. Ақыры Раульды алты қырдан асырып, Рахымжанды қурайдай ғып құшағына алды. Сұрағанымды берді.

Димаш ағамен жүздесіп, сұхбат құрға­ным үзіп-жұлынып баспасөз бетін көрген. Бұл әуезді бөлек сыр. Кейіннен кеңінен бір келістіріп жазсам деймін. Шерлі көкірек боп отырған ұлы тұлғаның шерткен шежіресі, Майлықожаның термесін төгілдіре толғағаны, алаң көңілі әлі күнге санамда сәулеленеді. Қоңырау таққан құба нардай боп тұрған ағамен қоштасып жатып: – Ешкімді қабылдамай қойғансыз. Маған неге кеңшілік жаса­дыңыз? – дейін.

– Кеше телефоннан «Аман болсақ алтын аяқтан әлі де су ішерміз», – дедің. Сол сөзің үшін!

Жақсы жоғалып табылса, жаман сүйінші сұрауға жарамай қалған кез еді-ау ол!

Айтпақшы, жақында Ақтөбе қаласы­нан сол Р.Мир-Хайдаровты жолықтырдым. Мартөк ауданында туып-өсіпті. Лаң боп тиген сол кітабын есіне салып ем. Тіл қат­пады. Көзіне сақиналанып жас келді.

Айтпақшы, Қапшағайда тұратын құда­мыз қалаға Қонаев аты берілсе деп өмір бойы армандаумен келеді...

– Мемлекеттік сыйлыққа екі мәрте ұсынылып, шығармаңыздың бағы жанбады. Себебі неде?

– Қайдан білейін. Ұсынған да, құ­латқан да өздері. Мен болсам, кедейдің кербезі құсап жатып алдым. Ол үшін айғыр шабысқа түсіп жүгіруің керек екен. Елуге тарта комиссия мүшесінің әрқайсы­сының есігінен сығалап, жарапазан айтуың керек екен. Бұл неткен қорлық?!

Сосын менің алдымда қалам қуаты мықты Б.Нұржеке-ұлы, С.Елубаев, Т.Нұр­мағамбетов, С.Сматаев, Қ.Сәрсекеев, М.Байғұтов, Н.Дәу­таев, Д.Әшімханов сынды ағаларым бар ғой. Олар неге сыйлық алмауға тиіс­ті?

Батырлық жырда Мафия деген сақау қатынның «Әдіре қалсын ділдәсі, денім сау боп жүрейін» дейтіні бар ғой. Мына за­ман­да ең ұлы сөз сол ма деп қал­дым...

– Пьесаларыңыз қазақ, қырғыз театрларында жиі сахналануда. М.Әуе­з­ов театры «Бейбарыс сұлтан» тарихи драмасын ағылшын тілінде де ойнады. Бұл – бұрын-соңды қазақ театры тарихында болмаған оқиға.

– Иә, оның рас. Жалпы, он бес пьеса тудырыппын. Әйгілі Асанәлі Әшімов айтып еді: – «Бейбарыс сұлтан» – сен ана ауылға кеткен соң да қырық жыл бойы үзілмей қойылатын пьеса» деп. – Әумин! – деппін. Қуанғаным да. Бұл аса ауыр шығарма. Оны үлкен сахнаға алып шығуға Есмұқан Обаев пен Еркін Жуасбеков, Әлия Бөпежановалар ерекше қамқорлық жасады. Режиссері Ю.Ханынга-Бекназаровтың да еңбегі айта қалардай. Қазақ театр өнерінің осы қатарынан қара үзген қайраткерлерінің есімін әркез мәніжатпен атаймын.

Мұнан өзге «Мұстафа Шоқай», «Бас», «Жәңгір хан», «Сырым батыр», «Абай-сот», «Айна-ғұмыр», «Двоиник», «Нашақор жайлы новелла», т.б. пьесаларым біраз театр­ларда көрермендермен қауышты. Олар­дың сыртқы сымбатын, ішкі қым­батын жоймай сахналаған Хұсейін Әмір Темір, Сағызбай Қарабалин, Нұрлан Жұба­ниязов, Асылбек Ықсан, Мұқан Томанов, Ұлан Ахметов, Жанат Телтаев сынды сарабдал саңлақ режиссерлермен шығар­машылық бірлікте жұмыс істеудің өзі бір бақыт!

Сол «Бейбарыс сұлтанды» Каир, ал «Актриса» деген пьесамды Мәскеудің Н.Гоголь атындағы театры қабылдап, ал­дағы жылы сахналауға ниет білдіріп отыр.

– Тұстастарыңыз сізді қазақ әңгіме­сі­нің классигі деп жатады. Ауқымды шығармаларға неге қалам тартпай жүрсіз?

– Иә, жапырақ тергендей боп әңгімені жиі жазып кеттім. Оқырмандар ықылас­пен қабылдады. Лауазымды талай тұлға­ның шамына тиетін де сөз айттым-ау, деймін. «Американың ұлттық байлығы», «Жаң­ғырық», «SOR», «Сатқын», «Алтын ба­лық» боп жалғаса береді. Алқалы жиында мұрыны бомба түскен белдей болған бір көкем: – Рахымжан – халық жауы. Жаз­ған әңгімелерінің бәрі астарлы, арамза. Ұл­ты­мызға қара күйе жағады. Қоясын ақтарады. Бір оңды кейіпкері жоқ. Оны шетел аударады. Сонда жатжұрттықтар біздің ел жайлы не ойлайды? Бұған тоқтам қояйық. Тәртіпке шақырайық, – деп сайрай жөнелсін. Еріксіз күлдім. Абай атам еске түсті. Бұ қазаққа бір ауыз жылы сөзін қимай кетіп еді. Жек көргеннен бе?

Көкелерім-ау, қырт мақтанмен жеткен жеріміз, шыққан биігіміз белгілі еді ғой...

Соңғы жылдары «Шыңғыс ханның көз жасы» деген повесть жаздым. Ұлы хаһан­ның және Жошының өліміне қатысты бұрын ел айтпаған екі жаңалығым бар. Мазмұндап қайтемін. Оқыған озады.

«Бас» деген романым жарық көргелі жатыр. Махамбет жайлы. Ішінде тірі Махамбет жоқ. Бүгінгі заман көрінісі және Алматы қаласында жоғалып кетіп, 17 жылдан кейін әзер табылған батырдың кәлласы жайлы хикая.

– Кітаптарыңыз ханзу, орыс, ағыл­шын, араб, француз, итальян, болгар, түрік, украин, қырғыз тілдеріне аударылды. Осы жайында не айтар едіңіз?

– Қазақ руханиятына пияз қабы­ғын­дай болса да үлес қостым-ау, деймін. Қытайда қос томдығым, Африка құрлы­ғын­да үлкен жинағым шығып, Мәскеуде дембіл-дембіл басылым көріп, атақты Сорбонна университетінде менің шығар­ма­шылығыма арналып лекция оқылған­да, әрине қуандым. Өзім үшін емес, елім үшін! Қазақ деген қыдыр дарыған халық­тың сүйегіне сөз біткен ортаңқол жазушысы болғаным үшін!

Өкінішім де жоқ емес. Айтайын. Кеңес дәуірінен соң қазақ әдебиетінде аударма ісі тоқтады. Тоқтады да тоқырады. Ұлы жазу­шымыз Әуезовті әлем біледі деп мақтанамыз. Шындығында қазақтан өзге ешкім білмейді. Білсе де кейбір аудармашы, баспагер, азын-аулақ зерттеушісі білер. Өз-өзімізді алдап, арбап қажеті қан­ша? Ол Әуезовтің немесе «Абай жолының» кінәсі емес.

Тамыз айында Қазан қаласында түркі халықтары әдеби журналдары басшы­ла­рының Халықаралық жиыны өтті. Небір келелі мәселелер талқыға түсті. Соның бір сарасы – аударма жайы. Сол талқыда бір қатысушы бәрімізге Пауло Коэльенің, Мураками мен Орхан Памуктің шығарма­шылығын өнеге етіп көп бәйіт айтсын. Ежіктеп түсіндірсін. Шыдай алмай килік­тім. Әңгіме ауанын бұзып-жардым.

– Аталған үшеуі де қатардағы қара­пайым жазушы. Суреткер емес, күн­делікші. Тәлім алатын ештеңесі жоқ. Өң­шең сөз сатқан саудагер. Қазақ боп туса ғасыр халтуршигі деп әлдеқашан қуалап тастар ек, – дейін.

Бірақ олардың өзінен де, елінен де үйренетін нәрсеміз бар. Өйткені, бұлар жазылып жатқан шығармаларының жарнамасын өте мықты ұйымдастырады. Алуан тілде. Сосын мықты баспагерлермен ынтымақты жұмыс жасайды. Мысалы, Мураками кітаптарының аударылымы, таралымы, жарнамасы, болашақта алар сыйлығы, абырой-атағы әрдайым Жа­пон үкіметінің назарында! Ол үшін қара­жатты аямайды. Төгіп отырады. Есесіне, жапон әдебиетін әлем оқыр­маны біледі. Бағалайды, сүйсінеді.

Бізде ше?.. Кешірерсіз, осының бірі жоқ. Үкімет өз шаруасымен әлек. Ақ­ша­ның тілін білгенмен адамның тілін біл­мейтін бизнесмендерге әдебиет жат. Ал бізде кез келген елдің әдебиетінің маң­дайында тұрар марқасқалар аз ба?

– Қандай ұсыныс айтасыз?

– Баяғыда бала асырап алар болса сол үйдің бәйбішесі баланы ырым ғып бұ­тының астынан өткізіп алады екен. Сон­да өгей емес, өзі тапқандай исінген... Үкімет

– бәйбішенің бұты әлеуетті ғой, біз де еңбектеп өтіп шықсақ, өгей деген аттан құтылар ек...

– Республикалық «Ақ Жайық kz» жур­налын шығарып жатырсыз. Ерек­шелі­гімен ел-жұртты бірден елең еткізді.

– Биыл екі жыл толды. Қазақ журнал­дарының ішіндегі ең қалың басылым, ол рас. Оның шығуына Атырау облысы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тікелей атсалысты. Өзі де өлең жазатын, әрі әнші, әрі күйші осы ерен тұлғаның өнерге, әдебиет пен мәдениетке деген ықыласы еріксіз риза етеді. Орынбасары Шыңғыс Мұқан да мамандығы журналист, алғыс­тауға тұрар азамат. Қаражаттан тарлық көрме­дік. Соның арқасында журналда жария­лан­ған үздік роман, хикаят, әңгіме, өлең, поэма, сын, көсемсөзге деп 2,5 млн. тең­ге бәйге тіктік. Сонымен бірге, журналдың әр саны исі қазаққа танымал тұлғалар жайлы деректі фильммен қоса таралымға түседі.

– Балаларыңыздың ішінде қала­мыңыз­­ды ұстап қалар кім бар?

– Ұлым Ермерей өлең жазатын еді. Бизнестің сиқыры арбап жүр. Ал, қызым Қаракөздің алғашқы кітабы Мәскеу бас­пасынан шыққалы жатыр. Әңгімелерін орыс тілінде жазады. Стилі бөлек, күрделі. Өзі Ирландияда магистратураға түсіп, оқуын жалғастыруда.

– Көп-көп рахмет, аға!

Сұхбаттасқан Сержан Тоқтасын

madeniportal.kz

Пікірлер