Қазақ халқының тұрмысында туыстық атауы бойынша ұзатылған қыздың күйеуі оның сіңлілері мен інілеріне жезде болады. Жезде мен балдыз, қайын інілер бірін-бірі қатты сыйлайды, бір-біріне қалтқысыз қамқорлық жасайды. Бұл – ежелден ұрпақтан ұрпаққа үзілмей беріліп, орнықты қалыптасқан үрдіс. Балдыздар жезденің құлағынан тартып ойнаса да ерсілігі болмаған. Балдыздың әйелі жездеге келін болады, бірақ оның да «жезде» деп әзілдесуге хақы бар.
Туыс-ағайындар бас қосқанда «жезде табақ» тартылатынын жақсы білеміз. «Жезде табақты» жездесіне балдыздар дайындайды. Оған жілік, жауырын, қабырға, белдеме, қарын, тоқ ішек, бауыр, жүрек, бүйрек, құйымшақ салады. «Жезде табаққа» салынатын сый-сыбаға, негізінен, «жеңге табақпен» бірдей болады. Ал ұқсамайтын жері құйымшақ қосады. Онысы балдыз-қыздардың жездесіне көрсеткен әзіл-қалжыңы, назды қылығы. «Құйымшақ жеген қойшы болады», «Сіз бізге қойшы боласыз» дегені. Бұл әзілді білетін қу жезделер білдірмей отырып, балдыз-қыздардың біріне ұсына қояды. Оны байқамай алып қойған қыз жездеден жеңілген болып, оған киіт кигізеді. Ал момын, әлжуаз, жол мен қулықты сезбейтін жезде құйымшақты білмей жеп қойса, оны аңдып тұрған қыз-балдыздар жезделерін шап беріп ұстап алып, жеңген жолын сұрайды. Ас қайырылып болған соң жезделер табаққа күміс теңге, жүзік, сырға салып қайтарады. Мұны «көңіл табу», «арашалану салты» деп атайды.
Көптеген адамдар жезделерінің жақсылығын айтып, жаһанға жар салуға бар. Бірге өскен бір елдің қыздары жезделерінің қылжақбастығын айтып отырады. Туыстық адал көңілмен, ізетті, ілтипатты жолмен жақсы қарым-қатынаста болған жезделерінің жұртқа қадірлі, отбасына жайлы болғанын, әпкелерін сыйлап, әлпештеп жүргенін мақтан етеді. Қазақта алыс-беріс, өзара көмек секілді туыстық қатынас болады. Осындай жағдайларда жезделер өз орнын, міндеттерін білетіні қандай жақсы. Жезденің кішіпейілділігі, әдептілігі, шаруаға оңтайлылығы, ең бастысы жарын құрметтеуі сынға алынады. Өмірде жезде мен балдыз қатты қалжыңдасады. Осыған орай ел аузында әзіл әңгімелер де, ән-жыр да айтылып жатады. Мысалы, Алаштың аяулы ақыны Қадыр Мырзалиевтің «Жездеке» дейтін өлеңі бар.
Жиналыс деп жүресің,
Демалыс деп жүресің,
Жүгіресің қалаға,
Жүгіресің далаға,
Жайын ойлап жұмыстың,
Қамын ойлап туыстың.
Шаршамайсың, жездеке.
Айтулы ақынның сөзіне жазылған әнді той-домалақтарда әншілер Гүлхан Сергебаева мен Дәулет Боранбаевтар орындап та жүр.
Бес саусақ бірдей еместігі қандай түсінікті болса, жезделер де әртүрлі. Ұяда алған тәлім-тәрбиесіне, бойға сіңген мінез-құлыққа, жинақтаған өмірлік тәжірибесіне, білім дәрежесіне байланысты жезделер де әрқилы болып келетіні айдан анық.
Бірде пойыз үстінде Астана қаласында тұратын Қалдыгүл атты келіншекті кездестірдім. Ол жездесі Болат туралы жылы лебіз білдірді. Қалдыгүл 1995 жылы Торғай облысы, Арқалық қаласына қарасты «Аққошқар» ауылындағы Ақбұлақ орта мектебінің 7-сыныбын аяқтаған кезде жездесі Болат оны өздері тұрып жатқан жерге алып кетуді ұйғарады. Олар өзі тоғыз ағайынды екен. Аналары дүниеден өткен. Қалдыгүл жаны жабырқап жүргендіктен әпкесі Гүлмираға қатты бауыр басып қалған көрінеді. Сөйтіп, ол Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Бесмойнақ ауылында оқып, әпкесі мен жездесінің қолында тұрып мектепті бітіреді. Әпкесі мен жездесі мектепте мұғалім екен. «Бұл жағдай менің үлгілі тәрбие алуыма, білімді болуыма игі әсерін тигізді. Мен де мұғалімдік мамандықты таңдап Арқалықтың пединститутына оқуға түстім. Оқу ақымды да апа-жездем көтеріп алды. Тұрмысқа шықтым. Қазір Астана қаласында тұрамын. Үш бала тәрбиелеп өсіріп отырған анамын. Менің үш жездем бар. Солардың ішінде ерекше болып дараланып жездем Болат ұдайы ойымда тұрады» дейді Қалдыгүл.
Солтүстік Қазақстан облысынан Алматыда тұратын жиенінің тойына келген Назгүл есімді келіншекпен «Томирис» мейрамханасында танысқан едім. Әртүрлі мәселелерді сөз ете отырып ол жездесіне деген өкпе-реніші көп екенін жасырмады. Әрине, бұндай жағдай көңілді жабырқатады.
–Менде де жезде бар. Бірақ бар деген аты ғана. Қазір өзім жер ортасына келген кезде өткен шақты еске түсірудің өзі ауыр. Әпкем Айгүлдің соры бес елі еді. Ішімдікке салынған жездеміз ешқашан жұмыс істеген емес. Кітапханада жұмыс істейтін әпкемді кім көрінгеннен қызғанып, соққыға жығушы еді. Талай рет үй ішіндегі жанжал кезінде Айгүлді арашалаймын деп, мен де жұдырықтың талайын жедім. Бүкіл ауылға сүйкімі кеткен жездемнен неге екенін білмеймін, әйтеуір әпкем ажыраса алмады. Ел ішінде небір жезделерді көріп жүрміз. Мәселен, уақыт өте келе кейбір адамның мінезі, қылығы, сөз саптауы да өзгереді. Бұрынғыша арзан, сұйық әңгімелерді айтпайды. Жоспар құрады, кез келген нәрсеге терең ойланады емес пе?! Ал тұрмыстық мәселелермен басы қатып, шақшадай басы шарадай болып жүрген адамның өз перзенттеріне лайықты түрде көңіл бөліп, тәрбиелеп, жеткілікті деңгейде мейірімін төгіп тәрбиелеуге мұршасы келмейді. Өз қайғысына мұрнымен шаншылып жүрген адамда қайдағы мейірім? Араққа салынып, мойнына жауапкершілік жүгін бірде-бір рет алып көрмеген адамда қандай жылылық болмақшы. Төрт жиенімді біздің әке-шешеміз бағып-қағып, әлпештеп өсірді. Айта берсем әңгіме көп. Жездеміз қазір қутыңдап арамызда жүр. Ал әпкем науқас, ауруханадан шықпайды. Сол себепті тойға да келе алмады. Әпкемнің өмірін тозаққа айналдырған жезденің де өмірде бар екенін көпшілік біле жүрсін деп айтып жатырмын.
Мына пікірлерге де құлақ түріп көрелік:
Болат ЖАНДАРБЕК, студент:
– Мен №2 Ұзынкөл орта мектебінің түлегімін. Мектебімді 2013 жылы ойдағыдай аяқтап, Алматы қаласының радио-электроника және байланыс әскери инженерлік институтына оқуға түсіп, білім алып жүрмін. Жастайымнан әскери оқуға түсуді армандаған болатынмын. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде де үнемі әскери далалық жиындарға қатысатынбыз. Содан бір қызығушылық пайда болса керек. Сол сәттен бастап мен арманыма жету үшін бар күш-жігерімді салып, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалдым. Қазірде алдыма қойған мақсаттарым жетерлік. Соның біріншісі – болашақта ата-анама қамқоршы болу, екіншісі – өз Отаныма адал қызмет ету. Менің қазіргі кезде оқуды тегін және үздік оқуым, ең бастысы ата-анам және ұстаздарымның арқасы, бауырларым мен туған-туысқандарымның, әсіресе қалада тұратын жездемнің мені қолдағаны деп білемін.
Бақытжан МЫРЗАҒАЛИЕВ, кәсіпкер:
–Мен 8-сыныпта оқып жүргенде әпкем тұрмысқа шықты. Бастауышта оқитын екі інім мен мені балдыздарым деп жездеміз Серік Қасымбеков қатты еркелететін. Інілерімді төбесіне көтеретін-ді. Бізге ағайындас болып келетін Қасымбековтер отбасының тұңғыш ұлын біздің әке-шешеміз де жақсы қарсы алды, жылы қабақ танытты. Ата-анам «жездеге ілессең жерде қалмайсың» деп Серік ағаның кішіпейілділігін, көпшілдігін, елгезектігін бізге үлгі ететін-ді. Өйткені болмыс-бітімі, бауырмалдығы ерекше жан біздің үйдің шаруасына да білек сыбана араласып кететін-ді. Ержеткен кезде де жездемнің көп жақсылығын көрдім. Ол кісіні бастапқыда-ақ аға ретінде қабылдаған болатынмын. Сол сезім алдамапты. Өкінішке орай, әпке-жездемнің екі ұлы аурушаң болды. Жездеміз кішкентай балаларын үлкен қалаларға апарып дәрігерге қаратып жүрді. Кейін білсек олар «дауна синдромы» дертіне шалдыққан көрінеді. Мүмкіндігі шектеулі балаларды аялап баққан әпкемнің көңіліне жездеміз ешқашан кірбің түсірген емес. Қазір ойласам бәрі бар, бүгінгідей заманда үй ішінде бір қиындық туындаса болды жақсы да, жайлы жер іздеп кететін ер-азаматтар баршылық. Ал осыдан бес жыл бұрын дүниеден өтіп кеткен жездемнің жарқын бейнесі жүрегімде мәңгілікке сақталып қалды.
Жезде туралы пікірлер осылай сан алуан. Бір жезделер бар – қамқорлық танытып, төңірегіне жанашырлық танытып жүреді. Енді біреулерінің қара басын алып жүруінің өзі мұң. Біздіңше «Күйеудің атымен күл тасы, жезденің атымен жер айда» дейтін мәтелдің айтылуында да үлкен мән бар. Бірқатар жезделердің әке секілді мейірбандығы көңіл қуантады. Керісінше, масылдыққа бейім жезделерді кездестіргенде жаның қиналады. Қалай дегенмен де, жақсы жезде аталғанға не жетсін…
Салтанат ҚАЖЫКЕН,
«Ана тілі»