Қордайдағы қақтығысқа байланысты оқиға орнына аттанған тілшіміз Оңғар Қабденнің айтуынша, ұсталғандардың басым бөлігі қазақ балалары.
Бұл ақпаратты бірқатар БАҚ өкілдері де жарыса жазып жатыр. Мәселен, Qamshy.kz порталының мәлімдеуінше, тіпті «полиция қызметкерлері 78 жастағы қария мен оның ұлдарын ұрып-соққан дүнгендерді жазаламаған. Бұл туралы аталмыш порталға Қордайдағы қақтығыстан зардап шеккен 78 жастағы қарияның ұлы Нұрлан Төлегенұлы айтқан.
«Бізді соққыға жыққан дүнгендерді қамауға алмады. Аудандық ішкі істер бөліміне барған кезде дүнгеннің адвокатын көрдім. Қазақ әйелі әлгі дүнгендердің қорғаушысы екен. Ол маған "мен бұлардан бөлек басқа да дүнгендерді қорғап, шығарып алғанмын" деп айтты. Адвокаттың аты-жөнін білмеймін. Аудандық ішкі істер бөлімінде маған бірнеше сұрақ қойды. Біраздан соң адвокат әкемнің қайда екенін сұрады. Кейін әкеммен сөйлесті. Мені ешқайда шығармады. Сұрансам 5 минутқа ғана сыртқа шығуыма болады. Ал әлгі дүнген болса емін-еркін кіріп-шығып жүреді. Сонда оларға заң жоқ болып тұр ғой. Кейін түнгі 01:00-ге дейін бізді ұстап, сұрақ қойды. Әлгі дүнгендерді босатып жіберді. Таңертең ертемен аудандық ішкі істер бөліміне барып, дүнген жігіттің қайда екенін сұрасам, сол жердегілер "білмеймін" деп қысқа қайырды. Аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары "бүгін үшеуін де қамауға аламын, төртіншісі жоқ" деп мойындамай қойды. Ал мен төртінші дүнгенді сипаттап жазып бергенмін. Бірақ әлі таба алмаған, – деген Нұрлан Төлегенұлы.
Қамалғандардың айтуынша, оларға қорғаушылар берілмеген. Қазақ тілді адвокаттардың қажеттігі де айтылып жатыр.
"Адырна" ұлттық порталы