Жұма күні кешқұрым Жамбыл облысының Қордай ауданы, Масаншы ауылы тұрғындарының арасында топтық төбелес орын алды. Қазақтар мен дүңгендер арасындағы келіспеушіліктің соңы үлкен жанжалға ұласқан. Масаншыдағы қақтығыс туралы түрлі бейнетүсірілімдер мен ақпараттар сол күні-ақ кешке қарай әлеуметтік желілерде тарап кетті. Мәселенің мәнісі әлі де анықталу үстінде.
Оқиға орнынан «Адырна» ұлттық порталының тілшісі Оңғар Қабден хабарлайды.
«Халық қазір дүңгендерді көшіруді талап етіп отыр. Қазір кешегі қақтығыс болған Масанчи ауылының жанындағы Қаракемер ауылында жергілікті тұрғындар жолды жауып тұр. Сондай-ақ жиналған халық кеше түнде қақтығысқа қатысты бар деп ұсталған қамауға алынған жігіттерді босатуды талап етуде»,-деді Оңғар Қабден.
Тілшіміздің айтуынша, халықтың дүңгендерді көшіруін талап етіп отырған себебі: бұл бірінші мәрте болған жағдай емес. Бұған дейін де қазақ пен дүңгендер арасында түсініспеушілік талай мәрте болған. Жергілікті халық ауданға кірген әскердің көп болса бір ай тұратынын, ертең олар кетсе өздерінің қауіпсіздігі үшін алаңдайтындықтарын айтқан. Сондықтан көпшілік «қауіпсіздігімізге кепілдік болу үшін дүңгендер көшсін» деп талап қойып отыр.
"Адырна" ұлттық порталы