Келіні жақсының керегесі алтыннан

3183
Adyrna.kz Telegram

Журналистік зерттеулер барысында бір байқағанымыз – «отбасы мәселелері» десе бітті, көпшілік қауымның ойына әуелгі боп ене мен келін арасындағы қарым-қатынас оралады екен. Бұлайша қабылдаудың, бәлкім, өзіндік себептері бар болар. Дегенмен ғаламтордан бастап басқа да ақпарат құралдары бетінде пікірлерін білдіріп жататын замандастарымыз ене-келін байланысындағы негізінен негативті жайттарды тілге тиек етуге бейім тұратын боп шықты.

Ондай пікірлердің ұзын-ырғасы үй-ішілік қазан-аяқтың сылдырауынан бастап, кей жағдайда қарт ананы өз қарашаңырағына сыйғызбай, бері болғанда қыздарының үйін паналатып, ары кеткенде қарттар үйінің тұрғынына айналдырып (Алла Тағала ондайдың бетін қазақ топырағынан жырақ еткей), бар «билікті» қолына алған келіндерді сипаттаумен жалғасады. Ал баз бір әңгімелер келінді басы байлы күңі немесе өзінің ата жауындай қабылдап, баласынан ажырастырмайынша жаны жай таппайтын «айдаһар» енелер жайлы баяндайды. Статистикалық деректерге сүйенер болсақ, Қазақстандағы әрбір төртінші некенің ғұмыры ұзаққа созылмайды екен. Демографтардың айтуынша, соңғы жылдары бала тәрбиесіне әкелердің араласуы да күрт төмендеп, оның кесірінен жарты миллионға жуық бала жалғызбасты әйелдердің тәрбиесінде өсіп келеді екен. Бұған себеп болған сандаған жағдайдың бірі сол ене мен келін қарым-қатынасынан туындайтын көрінеді. Демек, үй-ішілік кикілжіңнің, түптеп келгенде, қоғамдық, ұлттық мерездерге жалғасып жатуы заңдылыққа айнала бастағандай. Қайтпек керек? Жаманды «жаман» деп айтудан май шықса, қазекем қарын-қарын май жинайтындай дәрежеге жетті емес пе?! Бабам қазақтың «Жеті жарғысынан» бастап, тұтас өмірінің ұстынына айналған Ислам шарттарына, шариғи даналықтың тәжірибесіне сүйенер болсақ, өмірдің кез келген саласында үлгілі істерді кеңінен жариялау, жақсылықты, имандылықты жаю, оны түбегейлі тұрғыда насихаттау арқылы жамандықтың, мерез атаулының түбіріне балта шабуға болады екен. Біз осы соңғы байламды жөн көріп отырмыз.

Мейірімдері тұтас ауылды қамтыған

«Келін» десе бітті, менің көз алдыма «су сұрасақ, сүт берген, айран берген» бала кездегі жомарт жеңгелерім оралады. Ол заманда оң жаққа ақ Шымылдық құрылушы еді. Сол Шымылдық ішіне еніп, жаңа түскен жеңгемізбен танысу дегеніңіз бас айналдыратындай бақыт еді біз үшін. Үлбіреген келін әрқайсысымыздың атымызды сұрап, басымыздан сипап, қысыла күлімсіреп, ерекше мейірленетін. Кейін келе сол мейірімдері өзі түскен отбасына ғана емес, тұтас ауылымызға да жетіп-артылатын еді. Өз енесін ғана емес, ауылдағы үлкен біткенге тік тұрып, құрмет көрсететін. Аналарымыз да жас келінін «біреудің әлпештеген баласы ғой, бұйыртса, өз қызымдай көрермін» деп ерекше жомарттықпен қарсы алушы еді. Енелер:
– «Балаңды өскенінше, ал немереңді өлгеніңше бағасың» деген осы екен», – деп әзілдей жүріп, негізінен, немерелер тәрбиесімен айналысушы еді. Әрине, бала күтіміне отбасының барлық мүшелері дерлік – бойжеткен қыз, ержетіп қалған немере, келіндер түгел үлес қосатын. Ал келіндер жағы болса үй шаруасын ұршықша үйіруші еді. «Келіндер» демекші, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін бір шаңырақ астында екі, кейде тіпті үш абысын сыйысып, бірге өмір сүре беретін. Ал ене дегеніңіз құрметті бір лауазымдай еді. Әйелдер жағы тату болғандықтан, шаңырақта сүттей ұйыған келісім салтанат құрып тұратыны есте. Аллаға шүкір, талай отбасыларында мұндай жарасым әлі де жалғасуда. Ал тәуелсіздігіміз арқылы қолымыз жеткен имани тәрбие арқасында, Ислам шарттарын басшылыққа алған отбастарында, соңғы онжылдықтарда ұлтымызда бәсең тарта жаздаған ене мен келін арасындағы инабатты сыйластық қайта түлеп, түбірімен жаңғыра түскендей. Социолог мамандардың дәлелдеріне қарағанда, нарықтық экономиканың өмірімізге дендеп енуіне байланысты, тұтас қоғам, оның ішінде отбасы мүшелері, әсіресе, ене мен келін арасындағы қарым-қатынастар шиеленісіп кеткен-мыс. Бәлкім, бұл сөздің, сірә, жаны бар.

Бірақ қай заманда да сали­қалы ене мен ибалы келін сыйластығының ке­руені қазақ топырағында үзіліп көрген емес. Оған көп­теген мысалдар келтіруге болады. Ұлы Абайдың қос анасы Зере мен Ұлжан ене-келін қарым-қаты­насындағы зия­лы өнегені көрсетті емес пе! Ал Мұқағали ақынның «Қош, махаббат» атты прозалық жина­ғындағы Тиын енесін төредей күтіп, ол кісінің айт­қанын екі етпес­тен атқара жүріп, инабатты келін мі­незінің өрнегін салып кеткен Нағиман апаның өзі қа­зақ келіндерінің жиынтық бейнесіне айналған де­се болады.

Енді бір сәт бір кездері иманды келін атанып, ал бүгіндері арамызда жүрген аяулы апа-әпкелерімізді де еске түсірелікші. Қазақ зиялылары, оның ішінде ақын-жазушылар отбасыларын айтар болсақ, отағасының шығармашылық ізденістеріне барынша жағдай жасап қана қоймай, олардың әке-шешесін де мәпелеп баққан жеңгелеріміз жетерлік. Бәрінің дерлік түсін түстеп, атын атау – бір мақала көлемінде мүмкін емес шаруа. Дегенмен бірін айта отырып, сондай асыл жеңгелеріміздің бәріне де мегзеген сыңаймен кейбіріне тоқталып өтсек. Мысалы, Жұбан ақынның шаңырағын ұстап отырған, сексеннің сеңгіріне шыққан апамыз София Мәлікқызы Молдағалиева өзі берген сұхбаттарының бірінде сырқат енесі Зеріп апаны баладай мәпелеп күтіп, оңайға соқпаған осынау келіндік міндеттерін бар ынта-ықыласымен атқаруына Жұбағаңа деген махаббаты көмектескенін ақтарыла баяндағаны есімізде. Ең бастысы, әрине, Жұбан ағаның өзі жырлағандай, София апайдың жеке адамгершілік қасиеттері болатын. Енесі: «Жалғыз баламның билігін саған ұстатпаймын» деген кезде ол биліктің не екенін анық түсінбегенін айта келіп, кейін түсінген кезінде: «соның тіпті маған керегі де шамалы екен» деген ой айтады София апай. Ал, шынын айту керек, көп ене мен келін сол билікке талас барысында кетісіп тынады емес пе! Осылайша парасатты үлкен кісілердің естеліктеріне ден қойсаңыз, талай сауалға жауап өз-өзінен табыла кететіндей.
Келесі кейіпкеріміз – Бақыт жеңгей Мағауина. Бір емес, ағайынды екі-үш қарияның ортасында тел өскен Мұхтар аға өз әке-шешесіне аға-жеңгесі іспетті қарап, ол кісілерді «мойындамаған» екен. Сондай «мойындамаулар» тұсында Бақыт жеңгей екі арада «елшілік» қызмет атқарып, ерке ұлдың, бәлкім, ыңғайсызданып жеткізе алмаған жан жылуын да қоса көрсетпекке бәйек боп бағатын болған. Бақыт жеңгей ол кісілерге өзінің туған келін екендігін бар ықылас-болмысымен дәлелдемекке ұмтылып, қас-қабақтарына қараумен болған көрінеді. Қолынан келгенінше алты перзентін де ата-әжесіне тән етіп өсіріп, араларына алтын арқау бола білген деседі жақын араласқандар. Соғыстан кейінгі сталиндік репрессия қыспағының «дәмін» әбден татқан атасын да, тіршілік тауқыметінен сырқат халге жеткен енесін де бағып-қағып, ол кісілерді үлкен сапарларына өз қолымен арулап, аттандырған көрінеді. Сырт көзге қалыпты боп көрінетін осы бір істе қаншама қазақы кеңдік жатыр десеңізші.
Тағы бір келін жайлы сөз қозғағанды жөн көріп отырмыз. Өзін жақсы білетін айналасына ибалы келін, жайлы ене ретінде танылған Күләш апай Сығаеваның мінез болмысы да ене мен келін арасында проблемалары бар отбасыларына үлгі етіп ұсынарлықтай дәрежеде.

Жалғыз ұлдың соңынан сонау Кентаудан көшіп келген ата-ене ғана емес, ол кісілерге «сәлем бере» келгіштейтін ауылдас­тарын да қоса күтіп, үлкендердің де, күйеудің де, ұлдарының да, «құдайы» қонақтардың да, қысқасы, бес бөлмелі пәтер тола жандардың бәрінің бабын таба білген Күләш апай ата-енесіне туған қыздарындай болып кеткен екен. Бауыр, дос-жарандарын қабағымен ықтырып үйренген адуын мінез иесі Төребай ақсақал да, ол кісіге тарта туған перзенті – жазушы, өнертанушы Әшағаң Сығай да айтқан беттерінен қайтпайтын сыңайларына басқан сәттерінде олардың болмыстарына төтеп беру едәуір сын болған деседі. Сондай сәттерде Аққыз ене шалы мен баласының осынау асаулықтарына наразылығын білдіре: «Күләш қайда болса, мен сондамын. Келініммен біргемін. Сендердің мінездеріңе болайын», – деп Күләш апайды «одақтастыққа» шақырады екен. Осылайша келінін жалғыз ұлынан да артық жақсы көру деген, біздің ойымызша, ене болмысында өз-өзінен пайда бола қалған сезім еместігі айқын. Күләш келіннің күніне 5-6 сағат қана көз шырымын алып, тік тұрып қызмет етуінің өтеуі еді бұл. Осы әңгіме есіме түскен сайын көңілім біртүрлі уылжып, көзіме үнемі жас үйіріледі.

Өткен ғасырдың 60-80-жылдары үйдегі үлкендерге осылайша иіліп қызмет еткен, жоғарыда аталған келіндер легі «могиканның соңғы тұяқтары» еместігіне сенімдіміз. Аракідік болса да ондай жандар қазір де кездеседі. Әсіресе, «тұтас өмірдің мәні Алламен арадағы байланысты мейлінше дұрыстау» деп ұғып, ата-ене, қайын жұртпен, жалпы туған-туыс, жекжат-жұраттармен байланысын имандылық арнасында ұстауға тырысатын келіндер арасында…

Жақсы ене анаңдай…

«Отбасы» деп аталатын кішігірім мемлекеттің әрбір «тұрғынының» жай-күйін күйттеген Ислам әлемі ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты да назардан тыс қалдырмаған ғой. Шынтуайтына келгенде, отбасындағы барлық ахуал отағасы мен отанасының бір-біріне деген сыйластығына тікелей байланысты екені даусыз. Себебі сол қос кейіпкердің үй-ішіндегі өз рөлдері мен міндеттерін, бір-бірінің алдындағы құқықтарын қаншалықты жете түсініп, соларды Алла разысы үшін қай дәрежеде орындай алуларынан тұтас отбасындағы ахуал қалыптасады. Шаңырақтың басқа да мүшелерімен олардың қарым-қатынасы, сыйластығы туындап жатады. Ойымыз дәлелді болуы үшін аса мәшһүр шынайы хадисті мысалға келтіре кетсек. Әл-Бұхари мен Мүслімнен жеткен сахих хадисте былай делінеді. Бір жолы бір кісі келіп: «О, Алланың елшісі! Адамдар арасында менің сыйыма айрықша лайық кім?» деп сұраған екен. Сонда Пайғамбарымыз салла Аллаһу әлейхи уәссалам: «Сенің анаң», – деп жауап береді. Әлгі адам: «Содан кейін кім?» дейді сұрағын жалғастырып: «Сенің анаң», – дейді Мұхаммед (с.а.с.). Әлгі адам: «Ал содан кейін кім?» деп тағы қайталай сұрағанда: «Сенің анаң», – деп жауап берген екен Расулалла (с.а.с.) үшінші мәрте. «Содан кейін ше?» деп қайталай сұрағанда: «Сенің әкең» деген екен Алла елшісі (с.а.с.). Демек, Жаратушы Иеміздің белгілеуі бойынша, кез келген пенде үшін анасының хақы айрықша жоғары! Әсіресе, сол шаңырақтың отағасы болып отырған оның ұлы үшін. Мұндай жағдайда, яғни Алланың ризалығын іздеп өмір сүрмекке ұмтылған шынайы иманды әйел некелі жарын қадірлеп, құрмет тұтады. Сондықтан күйеуінің мойнындағы ең басты осынау міндетін, яғни оның өз анасын мейлінше разы етуі тиіс міндетін мейлінше мүлтіксіз атқаруына өз үлесін де қоспаққа келін барын салады. Яғни жақсы жар, иманды келін енесін өз анасындай құрметтеуге, бар жағдайын жасауға тырыспақ. Себебі жаннаттан үміткер әрбір келін оның бір кілті енесімен қарым-қатынасында жатқанын терең сезінеді.

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Жаратушымыз «Лұқман» сүресінің 14-аятында: «Маған және ата-анаңа алғыс айт. Қайтып келер жерің – менің алдым», – дейді.

Бәрін Білуші Алла Тағала аталған аятта: «Сыйлауға, алғысқа лайық» деп Өзінен кейінгі орынға ата-ананы қойып отыр. Адамзатты жаратып, отбасын құрып, оның мүшелеріне өзара сыйласу тетіктерін көрсеткен Алла, расында да, сиынуға лайық жалғыз Құдірет қой! Осының өзі адамзат табиғатына, оның қос дүниесіне Жаратушының жасап отырған шексіз қамқорлығы, даналығы екені сөзсіз.
Енді мәселенің екінші жағына тоқталсақ: Егер ене міндет атаулының бәрін өзінен ысырып, келінінің ғана мойнына іліп қойған болса, онда 14 ғасырдан аса уақыттан бері жер бетінде иманды келісім мен татулықтың салтанат құруын қамтамасыз етіп келе жатқан Шариғат заңдарының ене тарапынан орындалуы кемшін тартар еді ғой! Демек, отбасы ынтымағына салиқалы ененің де қосар үлесі, арқалар жүгі қомақты. Бір Жаратушының әмірлерінен қаймығып, өзіне жүктелген аманаттарды ойлаған ене өз келініне перзентіндей қарап, оған өзі жинақтаған өмір тәжірибелерін ұдайы үйретуге тырысатыны имандылық ұйыған орталардағы сандаған мысалдар арқылы белгілі боп отыр. Себебі ақ босағасын адал ниетпен аттаған келініне келсап сияқты қарамай, оған туған перзентіндей мейірімін салу – ене үшін Алла тарапынан жүктелген үлкен міндет, Қиямет күнінде сұралатын аманат. Ал жас келінге үй шаруасын жүргізуде орынды талап қойып, оның жалқаулық қамытын абайсызда киіп алмауын қадағалай білуі – ене үшін келесі міндет. Ененің бар білгенін, өмірден түйгенін келініне жалықпастан үйретуі де – ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа апаратын ізгі әрекет. Дәл қазір сіздің көз алдыңызда отырған ене дегеніңіз – кешегі келін. Ал бүгінгі келін – ертеңгі ене емес пе!? Тепе-теңдік заңдылығы керемет үйлесімін тапқан осынау әсем Жаратылыстың ене мен келін де – бір бөлшегі. Олардың арасындағы «сыйластық» деп аталатын қарым-қатынас әлемі құны түкке тұрмайтын «пендешілік» деген азғырындының құрбаны боп кетсе өкінішті-ақ. Мұның өзі сол Жаратылыс дүниесіне жасалған қиянат болар еді. Біздің ұлы аналарымыз осыны терең түсінгендіктен де бірін-бірі қонағындай сыйлаған. Лайым, сол қазақы болмыс жалғаса түскей!


Нұрлытай ҮРКІМБАЙ, «Ана тілі».

Пікірлер