Абай мен Мағауия

6225
Adyrna.kz Telegram

Бұдан тура 110 жыл бұрын, яки 1904 жылы көктемнің аяғында Абайдың «арқасын жүктен, алдын кісіден, аузын сөзден босатқан» сүйікті ұлы, ақын Мағауия көз жұмады. Одан кейін 40 күн өткенде Абайдың өзі, одан соң араға осындай уақыт салып Ақынның тағы бір ақын ұлы Ақылбай дүниеден өтеді. Құнанбай, Абай ұрпақтарының бұдан кейінгі тағдыры да өте аянышты болады. Ұзақ жыл партия, совет қызметінде істеген, бүгінде құрметті демалыстағы Сейітжан Тәбәріков ағамыздың «Тауқымет» атты көлемді зерттеу еңбегінде осы қасіретті тағдырлар жан-жақты баяндалады. (Кітап қолжазбасы «Ел-шежіре» қоғамдық қорында).

Аталған еңбектің бір тарауын бүгін «Түркістан» оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік.

 Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ

«Әке балаға сыншы» деп данагөй халқымыз тегіннен айтпаған. Бұған қоса, шыққан тек пен тума талант, дарын да табиғат сыйы болса керек. Осыны аңғарған Абай Мағауиясын сегіз-тоғыз жасынан бастап төрт жылдай Мұхаметкәрім деген татар молдасынан оқытып, хат танытады. Мұнан кейін оны Семей қаласындағы орыс мектебіне оқуға жібереді.

Қазақ ССР Орталық мем­ле­кет­тік мұражайында сақталған (ф.408-0-1.с.-1. 1884 ж. 75-79 бб.) құжат дерегі бойынша Мағауия (Ибрагимов) он төрт жасында Семей­дегі ер балалар тәрбиеленетін мек­тептің 1 класында оқып жүр­генінен хабардар боласың. Әмбе, осы аталған мектептің 1-5 кластарындағы 32 оқушының тек біреуі (ол Мағауия) ғана оқу үздігі де, 6-уы – жақсы, 4-уі – нашар, ал қалғандары қағанаттанарлық бағамен оқыған. Абай бұл мектепке ұлы Мағауияны ғана емес, қасына өзге де жерлестерінің талантты деген балаларын қосып түсіреді. Соған орай, баласы тиянақты, алаңсыз оқу-білімге ден қояды, үздік оқып, дараланып ауызға ілінеді. Мағауия бұл мектепті төрт жыл ойдағыдай оқып тәмамдаған соң, қалалық 5-кластық училищеге түсуді мақсат тұтқан. Абай өзінің «жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңіндегі өкініш орнын өз балаларын оқыту арқылы толықтыруға қол жеткізуді көздейді. Үлкен баласы Әбдірахманды Түмен қаласындағы орыс мектебінде (реальное училище ), одан кейін Санкт-Петербургтегі әскери училищеде оқытқаны мұны айғақтайды. Бұл шамада Абайдың өзі де Батыс пен Шығыс классиктерінің еңбектерін құштарлана оқып, құныға қабылдап, ел тұрмысымен салыстыра сараптап, саралы ой-елегінен өткізеді. Білім, ғылым жолына түскен өз балаларын да тыңдап жүріп ол өздігінен надандық, зорлық, жуандық, өсек-аяң, жалақорлық секілді ел ішіндегі алауыздық пен әділетсіздікке қарсы күреске белсене кіріседі.

Бұл кезде жасы он жетіге жеткен, оқуға зерек, табиғи таланты ерен, алғыр, орыс тіліне де жетік Мағауия науқасқа шалдығады. Амалы таусылған Абай ендігі жерде оны қаладағы оқуынан үзіп, өз жанында ұстауды қалап, ауылға қайтарып алады. Мағауияның былайғы өмірі енді әкесі Абайдың жанында өтеді, оның ақындық өнерінен сусындаған тағлымды шәкіртіне айналады. 1889 жылы Түмен қаласындағы орысша училищені үздік бітіріп, Петербургте оқып, жазда елге демалысқа оралған ағасы Әбдірахманның да Мағауияға тигізген әсері мен көмегі аз болмайды. Одан жаңа үлгі, жақсы өнеге, озық білім мен мәдениет тәлімін алып, бойына сіңірді. Жан-жақты білімдар, ақыл-ойын ұшқырлаған, өнерпаз, ақылды, шешімді жігіт дәрежесінде көпке танылып, жерлестерінің сүйіспеншілігіне бөленді.

Мағаш Абайдың орыс достары, оқымыстылары Гросс пен Долгополовқа ықыласы ерекше ауып, олар келгенде қастарында болады. Тау-тастағы ескерткіштерді бірге тамашалап, жаңалыққа балаған көптеген нәрселерді жазып алады. Мағауияның қырдағы тағдырына тағы бір жақсы әсер еткен жағдай – ел ішіндегі жақсы-жайсаңдар топталуы еді. Және оның ақындық жолға бет бұруына әке үлгі-өнегесі, ақыл-кеңесі зор ықпал етеді. Әке жолына түскен ақылды азамат оған шын серік, үміт еткен мықты тірегіне айналады. «Мағауияның ауылы» атанып, отау көтеріп, жұртқа ұнаған кісілік танытады. Ел билігі ісіне араласады. Ауыл арасындағы дау-шар, өкпе-өштесі секілді мәселелерді шешуге Мағауия мен Кәкітай жүреді.

Абай кей-кейде үйге келген кейбір қонақтың сәлемін алмайтын көрінеді. Осыны естіп көрші Жуантаяқ атаның ауылынан Ескен Мөңке деген кісі Ызғұтты қажының тапсырмасымен әдейілеп Абай ауылына келсе керек. Абай отырған үйге баса көктеп кіріп келсе, төрде ол қағаз жазып отыр екен. Бөгелместен, үндеместен төрге озып, жайлана жоғары шыға отырады. Сәл уақыт өткен шамада Абай:

– Мөңке, немене, сәлемнен де қал­ғанымыз ба? – дегенде, Мөңке іркіл­местен:

– Е, Абай, соны білмеуші ме едің! Сен Абаймын деп бұлданасың, мен Ызғұтты қажымын деп бұлданамын. Сон­дайда сәлем болушы ма еді? – деген екен.

Ызғұттыны Құнанбай өзі Меккеге барғанда бірге ертіп, «қажы» атандырып қайтқаны елге мәлім-тін. Ел арасында содан бермен Ызғұттыны «Кіші қажы» деп өзгеше құрмет көрсеткен екен. Құнекеңнің «өкіл інісі», әрі «қажы» атануы , әрі өзі де пысық, көзі отты, жылпос жігіттің «ет пен тері» арасына жел кеулетуін аңғартады.

Абай мұндайда не десін? Ол өзі жақтырмаған адамның сәлемін алмай, тек көзімен атады да қоятын мінезі болған дейді. Шетте отырып мұны байқайтын баласы Мағауия : «Ә-ә, аға-ай!», – деп, іштей бұл мінезіне назаланатын көрінеді. Ал, біреулер батып «бұл қалай?» дегендей болса, Абай мырс етіп күліп, тіл қатпай қоя салады-мыс. Онысын «сәлемді іштей қабылдаған да рәсім» деседі білем Абай сырын білетіндер…

Мағауияның алғашқы ақындық бас­тауынан-ақ Абай өнегесі айшықталады. «Айтпақ ойын, сезім-сырын ақын тілімен суреттеп жеткізу, тақырыптан ауа жайылмау, «бөтен сөзбен арасын былғамау» деген Абайдың ақынға қоя­тын шартын Мағауия әуелден берік ұстанған екен.

Мағауияның лирикалы өлеңдері, Абай айтқандай «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиген», «айналасы теп-тегіс жұмыр келген» нағыз көркем шығарма екенін көреміз». («Абайдың ақын шәкірттері», Қ.Мұхамедханов, Алматы. 1993 ж. 89-бет).

1885 жылдан бастап Мағауия әкесінің тәрбиесінде болады. Он бес жасынан өлең жазады. Мағауияны тек әкесі емес, барша Тобықты елі жақсы көріп, іріге санаған. Ақындығына қоса ерекше жұмсақ, майда мінезі де көпке тағлым болған. Адамшылығына кір жұққызбай өте таза болып, кең пейілді, мол рахымды, өте сезімді, білімді, әділ болуы ел ұстарлық төрелік айтқызған. Ол өз бетімен іздене, талаптана жүріп, әкесінің жолын ұстанған, Мағауия де Абайдың мәслихаты бойынша шығармасының тақырыбын қазақ даласынан аулақ, алыстағы Африка елінің тұрмысынан алады.

Бір әңгіме қозғалды ойымдағы,

Мақсат болды әшкере болынбағы.

Бай мейірсіз, ер құлдан саза тартқан

Африка, Ніл дария бойындағы … –

деп басталатын «Медғат-Қасым» поэмасы бұған айғақ. Мұнда романтикалық өмірді аңсау бар, шындықты баяндау арқылы қазақ ұлтына тәлімдік мәні үлкен еңбек ұсынған.

Өз заманында Абай Көкше Бозанбай балаларына да қамқорлық көрсеткен. Бес жасында әкеден жетім қалған Бозанбай шөбересі Балтақайдың тәрбиесіне зер салады. Балтақай ер жетіп, үйленіп, бала сүйеді. Одан туған Мұсахан ата-бабаларының өмірін жалғап, 1929 жылы Қытайға өтіп, 1956 жылы елге оралған. Әкесі кеңес заманында айдалып, мүлде хабарсыз кеткен екен. Мұсахан жас кезінде әкесінің Абайдың немересі Әубәкірмен аралас, сыйлас болғандығын, Абай жәйлі, Шәкәрім, Мағауия туралы бір қыдыру деректер білетіндігін іштей мақтан тұтқанмен сыртқа шығармай құпия көкірегінде сақтаған. Соның айғағы, оның қолынан Абайдың Мағашқа жазған хатының түпнұсқасын Абай мұражайына тапсыруы дерсіз. Семейде жүрген күндердің бірінде ауылдағы баласы Мағауияға жазған қысқа сәлем хаттан Абайдың өз қолтаңбасы мен жүрек үнін сеземіз. Жұқалтаң ақ қағазға араб жазуымен (қадымша) «Дұғай сәлем» деген сөзбен басталып, «Амандықта ағаңыз Абай, Семей, 1896 жылдың (…) » деген сөздермен тәмамдалған екен. Хаттағы небәрі 14 жолдың 8 жолы екі шумақ өлеңге арналыпты. Бұл өлеңнің өзі Абайдың па­йым, толғам өзгерісі, ақынның (әкесінің) өз рухани тіректерін іздеуі сияқты, ұлы Мағауияға деген ыстық сезімін, сенімін айғақтайды.

Семейде болған күндеріндегі Абай ісінің бастысы – оқу, ғылыми ізденіс, рухани тынығу болса, басқасы қу өмірдегі өз басы мен замандастарының бастарына төнген бітпес дау-дамай, жікшілдік туғызған арыз-шағымдар шырғалаңы, ақынды мезі қылған замана иірімдері-тін.

Хаттағы Бәкен – Баймағамбет Мырзаханұлы Семейде айлап жатып елден әкелген малдарын саудалап, табыс көзін табатын ең сенімді кісісі. Сондықтан болар, Шәкәрімге сәлем айтып, «сатарлық» деп жазып қалып, сосын оны сызып тастауының мәнісін аңғартқандай. Абай балаларына өмір, тұрмыс қажетіне байланысты сатарлық малды жеткізуді тапсырады. Таза пейіл, ақ жүректен, қарапайым тілмен жеткізеді.

Соңғы өлең жолында, ақын өзін бәйтеректі айналған жан сезініп, «жұртты» сол бәйтерекке ұқсатады:

Бәйтерек те күндейді көлеңкесін,

Байқап тұрсаң осы жұрт соған ұқсас

Көп білгенге көп надан болады қас,

«Маужут» пенен манухты ол  айыр­мас, –

дей келіп, Мағауияға: «Үшбу сөзді зейін қойып оқы һәм солай істе, шырағым», – деген ыстық жүректі әкенің, мол мейірімі мен «жарық шырағына» балаға ең сенімді тірек ұлына лайық ұлы махаббат сезімін білдіреді. «Ақылбай бірге келсін» деп екін­ші бір ұлын қасына серіктікке ша­қырады.

Біздің айтпағымыз: Абайдың Ма­ғашқа деген бағасы мен таным көк­жиегін әспеттеу ғана. Бұл ретте, алғаш осы бір хатты, архив ақтарушы Амантай Исин деген жас ғалым азаматтың көзі шалып, қуана жар салғаны бар. Әрине, ол да тегін емес. Бұл жәйінде ғалымның өзі былай дейді: «Жүз жыл өтіп, жұртшылыққа жаңа таныс болып отырған Абай хаты – халқымыз үшін баға жетпес мәдени мұра. Абай мұраты. Абай арманы, Абай өлеңі, Абай мейірімі – бәрі де осында, бәрі бар, жоғы менмұндалап, үні естіліп, түсі көрініп, иісі жұпарлап тұр. Хаттағы Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия сынды тарихи тұлғалардың да өмір белестері осы ат арқылы танылады» («Абай» №4, 974-бет).

Абай 1894 жылы Мағауияны Әбіштің (Әбдірахманның) қасында бол деп, Алматыға жібереді. Әбіш әйелі мен баласын ауылға қайтарады. Мағауия Әбіштің қасында бес айдай болып, күтімін мойнына алады. Тағдырдың жазуымен бес айдай қасында болған сүйікті ағасын өз қолымен бақиға аттандырады. Осы күндер оның өзінің де аз өмірінің ішінде ең ауыр, күйзелісті, қайғылы, жалғыздық сезінген кезі еді, ол қатты тебіреніп, көңіл күйін, көз жасын өлең-жырмен төгеді.

Ыңқылдап жатыр екен жаңа барсам,

Жасымды тоқтата алмай, болдым сарсаң.

Сұп-сұр болып жатқанын шалқасынан,

Көкірегім көреді, көзімді алсам, – депті.

Әбіштің айықпас дерті күн са­йын асқынып, Мағауияның үмітін тас-талқан ете бастайды.

Жалғыз, міне, отырмын әр нәрсе ойлап,

Тістеніп, көзге келген жасты «қойлап».

Ауру тыныш болғанда, мен де тыныш,

Ыңқ еткен дыбыс шықса жүрек ойнап…

Шыншыл тіл, әдебі зор, таза жүрек,

Ақ көңіл сақталмайтын ішінде кек!

Өмірден үміті жоқ, бейнеті көп,

Жатады бір қозғалмай зор көкірек, – деп Әбіштей ағасының бойындағы барша адамгершілік асыл қасиеттерін ашып береді. Кейін Абай Әбішке арнаған өлеңдерінде оны тек өз балам деп жоқтамайды:

Жаңа жылдың басшысы – ол,

Мен ескінің арты едім, – дейтіні бар.

«Дейтұғын сөзің қайда «Мағатайым», –

дейтін жан ағасы Әбіш небәрі 27 жасында (1895 ж.) қыршынынан қиылады. Мағауия салы суға кетіп, ұнжырғасы салбырап, зарлап еліне қайтады.

Осыдан тоғыз жыл өткенде, небәрі 34 жасында Мағауия өзі де өкпе дертінен айықпай өмірден өтеді. Сүйегі Қажы атасының жанына, Ақшоқы мекенінде жерленеді.

Абайға Мағауияның өлімі қатты әсер еткен. Мағашын жер қойнына тапсырып, әкесі Құнекеңнің бейітінен екі сағаттай шықпай, оңашалана күйзеле жалбарынушы болған. «Ей, Тәте, (әкесін солай атайтын) әруақты ер едің, мені Мағаштың артына қойма, ал қасыңа», – деп қажының зиратын үш айналып жіберді», – дейтін Баймағанбет айтыпты, мүлде опырылып, қартайып, құр сүлдерін басып шыққаннан көрдік дегендер де болған.

Мағауия екі әйел алған. Бәйбішесі – Дәмегөйден: Уәсила (1891-1954 жж.), Құтайба, Бабыр, Жағыфар туса, тоқалы – Мөржаннан – Кәмилә атты қыз туған.

Абайдың айтуы, тапсыруымен одан алған деректі әңгімелері арқылы бірнеше поэма жазған. Олары: «Еңлік-Кебек», «Абылай» және «Медғат-Қасым». Алғашқы поэмасын 20 жасында жазса, соңғысын 30 жасында жазған еді. Ауыздан ауызға жатталып, қолдан-қолға көшірілумен жұртқа тараған. Көшірмесі сақталып, бүгінге жеткен.

Абай «Әбдірахман» атты өлеңінде:

Арғы атасы қажы еді,

Бейістен тартқан шәрбәтті.

Жарықтықтың өнері,

Айтуға тілді тербетті.

Адалдық, ақыл жасынан

Қозғапты, тыныштық бермепті.

Мал түгіл, жанға мырза еді,

Әр қиынға сермепті, – деп әкесі Құнанбайға баға бере келіп, оның немересінің де қасиет қадырын бейнелеп, толғанған қалың ойға шомады.

Жиырма жеті жасында,

Әбдірахман көз жұмды.

Жүрегі жылы, бойы құрыш

Туысы жаннан бөлек-ті,

Тұл-бойың ұят, ар едің,

Ескеріп, істеп ойлаған – деуінде Абай өз балаларының тұла бойларынан толысып, өскен шақтарында ар-ұятты зор тұтып, жұртқа мейірімді, жүректері шуақты, әр істі ойланып барып оң тындыратын адамгершілік асыл қасиеттерін мадақтайды.

Абайдың Әбдірахманнан үлкен баласы Әкімбай 1874 жылы, не бәрі сегіз жасында қаза болады. Оны Ысқақ інісі бауырына салған екен. Жастай қыршын қиылған баласы Әкімбайға жоқтау өлеңін Абай:

Арғы тегі мұндағы,

Орта жүздің ұлығы.

Ана тегі ондағы

Өзен-судың тұнығы.

Екі асылдың қосылған,

Сом алтынның сынығы, – деп­ Құнекең мен Алшынбайдай асыл­дар­дың ұрпағы екендіктерін дәріптей жазады. Әкімбай бала болса да, өзгеше қылығымен ел назарына іліккен, қаршадайынан имандылық жолына бейіл болған. Көз жұмар соңғы ауыр сын сағатта тіл қатып: «бүгін күн бейсенбі ме?» деп сұрап, жұмаға дүниеден періштедей өткеніне таңдана отырып, еріксіз көңілі босап, көзіне жас алған. Абайдың жан күйзелісін көргендер осылай дейді. Кәкітайдың он жасында Мағашқа серік болсын деп Ысқақтың оны Абай тәрбиесіне беруі де әрине, тегін емес қой. «Әке балаға сыншы» демекші, әр баласының әр қырын дөп басып, кейінгі жастарға үлгі етумен қоса, алтын арқау тартқан нәрлі тектің сүйкімді, сүйікті перзенттері екенінен бұлжытпас хабар береді. Абай «Әбішіне» арнаған мұң-зары мен Әкімбайды жоқтауындағы «Баға» – Мағауия ұлының да өліміне қарата айтқан жоқтауы дерсіз. Тарихи мұражай құжатында: «1903 ж. 23 қыркүйекте Дала генерал-губернаторына: «Шыңғыс болысы Ибрагим Құнанбаевтың туғанына алпыс жыл, әйелі мен жиырма баласы бар. Құнанбаев аса сауатты, ақылды (кемел), орыс әдебиеті мен кітап, журнал, газеттерді алдырып, зер салады. Балаларын орысша сауаттандыруға көп көңіл бөледі. Абайдың бұл күндері денесі ауырлап, ерте қартаюға бейім алдырған…» деп жазылыпты.

Абай Мағауия дүниеден өтерде қолынан ұстап:

Арқамды жүктен босатқан қарағым,

Аузымды сөзден босатқан қарағым.

Алдымды кісіден босатқан, қарағым,

Қош бол, Мағашым, қарағым, –  деп көзіне жас алып, шыдамай тысқа шығып кететін, күйрете күйзелткен сүйікті ұлы болатын. Өзіне серік, келешегінен зор үміт күткен ақын және оған артқан аманаты да ауыр еді. Енді сол үміті үзіліп, арманы күйреген сәттегі ішқұсасы ғой бұл.

Сондай-ақ, өзінің кенже інісі Оспан жәйлі де шынайы сыр ашады. Тегіне тартқан адалдық пен мырзалығын айшықтайды. 1887-1889 жылдары екі сайлауда Шыңғысқа болыс болған білікті інісіне зор баға береді.

Кешегі Оспан ағасы,

Кісінің малын жемепті.

Мал сұраған кісіге

Жоқ, қайтемін демепті.

Қуаты артық, ойы кең,

Жұрттың бәрін шенепті.

Досына дәл – жаз, жауға – аяз,

Алысқанды демепті.

Адалдық үшін алысып,

Жегішке ақы төлепті.

Жүрегімді қан қылды,

Өткен адам, өлген жан.

Ақыл іздеп ізерлеп,

Бәрін сынап сандалған.

Бірін таппай солардың,

Енді ішіме ой салған.

Тұла бойды улатты,

Бәрі алдағыш сұм жалған… –

деп зарлы мұңға шомады, жүрегін дерт шарпиды. Абай осы бір егде тартқан шерлі шағында «бәрі алданыш сұм жалғанның» жүрегін қан жылата сыр ашады. Абай небәрі жасы 20-ға іліккеннен 40 жасқа толғанша 18 жылдан астам ел билігінің тізгінін ұстап, болыстық қызметтер атқарғаны мәлім. Беделді халық биі болып танылады. Содан бері де «Жұмбақ жанға» айналған. Мағауияның қазасына дейінгі тағдыр тауқыметін ойынан сүзгілей өткізіп, сан салада күйінген де күйзелгені рас. Бұл жайында өзі: «Жүрегім менің қырық жамау, қиянатшыл дүниеден, қайтып аман қалсын сау, қайтқаннан соң әрнеден», – деуі ұлы жанның тауқыметіне айғақ.

Құнанбай әулеті үшін өткен ғасырдың соңғы әр 10 жылы қайғы-қасыретке өте толы: Оспан опат болған (1893 ж.), Әбіш өмірден өткен (1895 ж.), және ғасыр басында Мағауия мен Абай, Ақылбай көз жұмған әр қырық күн сайын қалың қайғы шеккен (1904 ж.). Одан кейінгі алапатты, аласапыранды, қатал қасіретті 1928, 1930, 1937 жылдар ерекше көзге ұрады, көңілге ой салады, мәңгі бақи есте ұсталмақ.

Мағауия мен Абай дүние сал­ғанда Уәсилә 13 жаста, Құтайба – 9 да, (Бабыр) Мағфур – 7 де, Жағыфар – 5 те, Кәмилә 2-жас­та болатын.

Абайдың інілері – Шәһкәрім – 46-да, Кәкітай – 35 те еді. Тұрағұл ұлы – 29 жаста, ел билігі қолындағы атпал азаматтар болатын.

Міне, Құнанбай, Абай ұрпақта­ры­ның тағдыры осындай.


 Сейітжан ТӘБӘРІКОВ, 

Семей қаласы,

"Түркістан" газеті, 2014 жыл

 

Пікірлер