Алты Алаштың Кене ханы

2975
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық тарихымызға үңілгенде бойымызды өр рух кернеп, рухани байып, батырлықтың бейнесіне қызығып, көрмесек те сол бір ерте күндегі асқақ рухты батыр бабаларымызды аңсайтынымыз да шындық.

Ертек, ертек, ерте, ертек – ерте екен,

Ерте күнде ерлер екпінді өрт екен.

Хандарынан, ерлерінен айрылған,

Алты Алаштың жүрегінде дерт екен!  

Мағжан ЖҰМАБАЕВ

 Тарих өткеннің тізбектелген оқи­ғасы ғана емес, сол оқиғаның себеп — салдарын, нәтижесін сүзгіден өткізіп, ұлттың, күллі адамзаттың қателіктен қа­шуына қам жасауына, өткеннің інжу-маржанын теріп, оны өрімтал жастың бойына сіңіруге еңбек ететін ғылым. Тарих ғылымының арқалаған жүгі тым ауыр. Өйткені тарихи сана арқылы ғана ұлт қызметкерін тәрбиелей аламыз. Материалдық игіліктер, жетілген экономика миының сүйегіне дейін ұлтын сүйетін ұлт қызметкерін тәрбиелей алмайды десек те қателеспеген болар едік. Әрине, бұл өз алдына жеке зерделенетін мәселе.

Ұлтты сүюдің классикалық үл­гісін көрсетіп кеткен зиялылар тари­хымызда жеткілікті. Қазақ рухын жат ниетке аяқ асты еткізбеу үшін өмірін қиған Кенесары сынды хандарымыз бен Наурызбай сынды батырларымыз, тарих тағылымын жете жеткізген ақын-жырауларымыз, қысылтаяң уақыттарда елге демеу болып, даналығымен рух беріп, ақылмен жөн сілтеген данагөй билеріміз, ала шапқын болған аласапыран заманда тал бесіктегі сәбиін, әрбір атқан таңға тәубе ете, рухтана отырып, әлдиімен тербеген аналарымыз елдіктің ұйытқысы болғандығы сөзсіз. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған елдік сана өрімтал жастың өршіл, намысшыл, бір сөзбен айтқанда, рухшыл болып жетілуіне жол салып, текті тұлғаларды қалыптастырды. Осы тұста тәрбиенің ана сүтімен бала бойына там-тұмдап енетіндігін ескерсек, көп жайттың мәнін ұғынамыз. Адам баласының адам болып дүниеге келген соң өз рухын ұдайы жетілдіріп отыруы бас­ты парыз. Бұл ақиқат да. Дара тұлғаларымыз ақиқат жалынан ажырамағандар. Ар ілімін өмірінің мәніне айналдырған жандар.

Ақиқат дегеніміз талқылауға келмейтін, бопсалауға көнбейтін, адамның жетегінде жүрмейтін категория. Адам баласы керісінше ақиқаттың жетегінде жүруі тиіс екендігін де зерделей білуіміз қажет. Ақиқатты ақыл көзімен көре білгендер шындықтан ажырамайды. Ал, шындықтың жалынан айрылмаған жандар ақиқаттан адаспайды. Ақиқаттан адасу адам боласын ессіздікке итереді. Ессіздік ақылдан адастырып, арды арамдыққа апарып былғаныш етеді. Міне, осы тұста нағыз трагедия басталады. Ар ілімін аяқ асты еткендер елдік сананың іргесін өз қолдарымен сөгетіндер. Арамға былғаныш болған ардың адалдануы екіталай. Бұл мәселені Шәкәрім қажы

Қазақтың көзсіз баласын,

қаңғытып қайда барасың?

Арыңды сатып арамға,

Адалдап қалай аласың?, –

деп төтесінен қойған еді.

Тарих өткен ұрпақ тәжірибесі мен тағылымын зерделеуші ға­на емес, өткеннің даналығын ұғын­дырып, қателіктен қашуға қам жасауға жөн сілтеуші. Алаш зиялылары айтқандай, тарих түзушіліктің кітабы, келешек күннің болашағын білуге тарих анық құрал болады. Төл тарихымызда ұрпақтың қамы үшін өз өмірлерін бәйгеге тігіп, ұлт жолында құрбан болған дара тұлғалар жеткілікті.

Сонымен, қазақ ұлты ұлттық сананың тұтас кезінде асқақ рухты хандардан, жау жүрек батырлардан, арқалы ақын-жыраулардан, қара қылды қақ жарған билерден, аузы дуалы ақсақалдардан, ақ жаулықты аналардан (ақ жаулық мағынасының өте терең екендігін ескергеніміз жөн) кенде болған емес. Сондықтан да, қазақты текті халық деп атаймыз. Жалпы ғалымдарымыз жазып жүр­гендей, текті адамдар саны артқан сайын халық та тектілене түседі. Сөзіміз дәлелді болу үшін 1915 жылы «Қазақ» газетінде жария­ланған «Шаруашылық өзгерісі» деген мақаладан үзінді келтіруді жөн көріп отырмыз: «Неліктен бір жұрттың тұрмысы, я хакімшілігі екінші жұрттан өзгеше болады деген мәселені шешуден бұрын бір адамның түрі, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы неге екінші адамға ұқсамайды дескен мәселені шешу керек. Оны ғылым әлі шеше алған жоқ. Бұл күндегі ғылымның білетіні адамнан-адам, малдан-мал, астықтан-астық туатыны һәм адамды жақсы тәр­биелесең жақсы болатыны, астықты жақсы ексең жақсы шығатыны. Сондай-ақ хакімшілік турасында да біздің білетініміз: хакімшілік жақсы болса, ел де жақсы болатыны ғана сондықтан». Алаш зиялылары бағыттағандай, тәннің күшті болуы да, елдің күшті болуы да – екеуі де тәрбиеден.

Алайда, ұлттар мен ұлыстардың жаһандану қармағына ілінген қазіргі уақытта ұлттық тәрбиенің діттеген жеріне жету мәселесіне, тектіліктің халық бойына таралу ісіне ерекше мән беру керек. Бұл да дербес зерттелінетін тақырып болғандықтан, тереңдеп тоқталуды жөн көрмейміз.

Басқару түзу болса, елдік са­на­ тамырын тереңге жайып, ұл­тын сүйгендер саны артып, нә­ти­­жесінде ұлттың қауіпсіздігі то­лық­­қанды қорғалады. Қазақтың сайын даласында желмен жарысып елді қорғаған дара тұлғаларымыз ұл­тымыздың етек-жеңін жинап, на­мысты қолдан бермей, ұлт болуы жолында жанын қиды. Төл тарихымыз тектіліктің тұлғалық көріністеріне тұнып тұр. Бір ғана Кене ханның тарихи бейнесі арқылы сол бір аласапыран кезеңдегі ұлттық сананың тарихын сомдауға болады.

Кене ханның тарихи бейнесін сомдаған тарихи еңбектер баршылық. Алайда, Кене ханның тұлғалық бей­несін әр қырынан ашып, батыр­лық рухын кейінгі ұрпаққа тағылым ретінде қалдыру Алаш баласына ақбас тарихтың арқалатқан аманаты екендігі де шындық (фильмдерді көптеп түсіру және т.б.). Кене ханның батырлығы талай жырға арқау болып, көзсіз ерлікті шетел ғалым­дары да мойындаған. Алайда, ше­тел ғалымдарынсыз-ақ бір кездері қазақ қариялары Кене хан туралы жырлар мен әңгімелерді жатқа айтып, Кене ханның болмысын жақсы білген еді.

Кене хан туралы алуан түрлі пікір­лер де бар. Алайда, қазақ мі­незін жақсы білетін адам Кене хан­ды ұлттық батыр ретінде мойын­дайды. Кене хан «көнені көксеуші» де, «қатыгез» тұлға да емес, ке­рі­сінше бойын ұлттық намыс кернеген, көлденең көк аттыға жем болғалы тұрған қазағына араша түсуге өз ғұмырын арнаған тұлға. Кене хан халқына пана болу үшін, ұлтының азаттығы үшін жат жерліктермен соғысты. Ұлтын аман сақтау үшін қатал тәртіп орнатып, реформалар жүргізді. Талантты тарихшы Е.Бекмаханов жаз­ғандай: Елінің азаттығы мен­ тәуелсіздігін сақтап қалуға бағыт­тал­ған Кенесары қозғалысы – ал­ға тартқан саяси талаптары бойын­ша прогресшіл көтеріліс. Кене ханның сұңғыла саясаткерлігін, талантты қолбасшылығын, елінің психологиясын жетік білген, яғни өзінің жан-дүниесін ұлтының болмы­сынан ажыратпаған басшылық бейнесін жан-жақты зерттеу қажет. Шағын мақалада Кене ханның феноменін ашып көрсету мүмкін емес. Алайда, бір ғана Ақмола бекінісін алу оқиғасы арқылы Кене ханның асқақ бейнесін көруге болады.

7 тамыз (1838 жылы) Кене хан­ның Ақмола бекінісін өртеп, патшаның отаршыл саясатының пәрменін қайтарған тарихи күн. Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» тарихи романындағы Ақмола бекінісін алған тарихи оқиғаны зерделей отырып, қазақ батырларының тұлғалық бей­несінен тағылым аламыз. Зиялы­лық­тың жібін жалғаған талантты жазушы қамалға кірген Басықара батыры оққа ұшқан сәттегі Кене ханның «Тастамаңдар Басықара батырды жау қолына!» деген жан айқайын, жау қамалына жеке кетіп бара жатқан Төлебай батырды көріп, шыдамай көкбурылдың үстінде тік түрегеле «Абылайлап» қамалға қарай құйындатқан тарихи сәтті шебер суреттейді. «Көкбурылдың үстінде ажалдан қорықпай түрегеліп шауып бара жатқан Кенесарыны көргенде өзгелері де орындарында тұра алмады…» (І.Есенберлин. Қаһар.-2010.-155 б.) деген жолдардан батырлық рухты көреміз.

Ақмола бекінісін алған күн қазақ тарихында мәңгі қалады. Кене хан еліне сүйенді, елі Кенені отаршылық бұғауынан азат етуші хан ретінде қабылдады. Кенесары хан бастаған 10 жылған созылған азаттық соғыс ұлттық сананың серпілісін, ұлттық намысты баян етеді. Кене хан көреген саясаткерлік қабілеті арқасында Ресей басқыншыларынан жеңілетінін білді де. Алайда, әріден ойлаған адамға Кене ханның «қазақ рухы биік екен деген ой басқыншылардың жүрегін шайлықтырсын әрі кейінгі ұрпағым ата-баба ісінен беті қызармасын», – деген деген мақсатпен басын бәйгеге тіккендігі түсінікті де.

Мағжан ақын:

Алашта талай-талай ерлер өткен,

Ерлерде Кенекеме кім бар

жеткен?

Сүйремей елін өрге, көрге сүйреп,

Ер емес, «ершіктер» ол ерді

еңіреткен, – деп жырласа, ал Нысанбай жырау:

Кенесары кеткен соң,

Иесіз қалды тағымыз.

…Бастан тайды бағымыз,

Бұлбұлдай сайрап жүр едік,

Байланды тіл мен жағымыз,–

деп тарихи шындықты көрсетеді.

Сонымен, Кене хан бейнесі қайталанбас феномен. Кенесарыны жазалайын деп жатқанда, ханның тауға, күнге қарап тұрып естіген адамның жанын шырқыратар әнін шырқағандығы (қазағының азаттығы жолындағы күрес тарихын баяндаған) оқырманға жақсы таныс. Кене хан әнді кейінгі ұрпақтың адаспауы үшін белгілі бір мақсатпен айтса керек-ті.

Тарихи деректерді зерделегенде ханның сөзге сараңдығы, даналығы, сөзі мен ісінің жарастығы, батырлық рухы, түйіндеп айтқанда, тектілік келбеті өрімтал жасқа мәңгілік өнеге. Осы тұста өткен тарихымыздағы дара тұлғаларымыздың өмір ақиқа­тын жақсы түсінгендігін (діни сауаттылық) де ерекше назарда ұстау керек. Себебі, мұсылман ді­нінде, қазақы санада Отанды сүю иманнан деген түсінік бар. Мұсылман дінінің Отансүйгіштік қа­сиетке айрықша мән беретіндігін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде Отан қорғаудың қаншалықты сауапты іс екендігі туралы айтқан. Сондай-ақ, Отанын сатқан опасыздардың жазасы да ауыр екендігін де мұсылман баласы жақсы біледі. Сонымен, мұсылман діні – ұлттық рухтың тірегі екендігі даусыз. Мұсылман дінін таза ақылмен қабылдаған адам өз басына, жақындарына, қоршаған ортасына, бір сөзбен айтқанда, Отанына адал қызмет ете біледі. Пайғамбарымыздың: «Әрқайсысың жауапкерсіңдер. Баршаң да қарамағыңа жауаптысыңдар: Ел басшысы – жауапкер; ол – қара­мағына жауапты. Ер адам – отбасының басшысы; ол – отбасына жауапты. Әйел – ерінің үйіне басшы; ол – меншігіне жауапты. Қызметші – мырзасының мал-мүлкінің басшысы: иелігіне жауапты. Әркім – жауапкер: әрбірің қарамағыңа жауаптысыңдар» деген хадисін білген көңіл көзі ашық адам жауапкершіліктің аманат екендігін ұғынады. Осы тұста «Расында, Алла сендерге аманаттарды лайықты орнына тапсыруларыңды, адамдардың арасына билік етсеңдер, әділдікпен билік етулеріңді әмір етеді. Расында, Алла сендерге неткен жақсы өсиет айтады. Күдіксіз, Алла – барлық нәрсені естуші, күллі нәрсені көруші» – деген мазмұндағы аятты ұғынып өскен қазақ баласының аманатқа қиянат жасамайтындығы да белгілі. Кене ханның батырлық феноменінің мәні терең әрі түзу діни сауаттылықта жатса керек-ті.

Кене ханға тірек болған батырлар бейнесі де халық жадында. Өкінішке қарай, Ресейге көгендеулі болған уақытта қазақ тарихы табиғи қалпынан күштеп ажыратылды. Бір ғана мысал, Кенесарының та­рихи бейнесі тұрғысында қалам тер­беген Е.Бекмаханов пен Елтоқ Ділмұхамедов (1946 жылы канди­дат­тық диссертация жазған) жазықсыз қудаланды.

Төл тарихымыздағы рухты ба­тырлар секілді жолбарыс жүректі жас­тарды тәрбиелеу мемлекетке, қазіргі зиялы қауымға артылып отырған басты міндет. Адам сапасы ғана мемлекеттің жарқын болашағының кепілі болып табылмақшы. Адам сапасы түзу тәрбиемен ғана түзел­мек­ші. Түзу тәрбие тарихи санамен ғана тамырланбақшы.


Құралай СӘРСЕМБИНА, 

тарих ғылымдарының кандидаты

«Түркістан» газеті

 

 

Пікірлер