Home » Айдарлар » Ұлттық тәрбие » Қарашаңырақтың алтын қазығы

Қарашаңырақтың алтын қазығы

«Қазақ әйелі қандай болуы керек?» деген сауал туындай қалса, көз алдыма өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдарындағы әжелеріміз бен апаларымыз орала кетеді. Себебі дана аналар қатарында ес біле бастағаннан көргенім – сол кісілер. Одан бұрынғы өткен аналарымыз жайында тек ұзынқұлақ әңгімелерден ғана білеміз. Сол апа-әжелеріміз үйішілік қандай да бір тығырықты жағдай болмасын, аса сабырлылық танытып, әкелеріміздің табан ақы, маңдай терімен тапқан нәпақаларына шүкіршілік етіп, отбасының берекесін кіргізіп отырар еді.«Үйде отыр» дегені болмаса, ол кісілердің жайланып, жанын күткен кездері есімде жоқ. Студент бауырларымыз болса аналарымыздың күбіге піскен майын, құрт-ірімшіктерін, қолдан жапқан таба нанын аңсап келуші еді қаладан. Жалпы, тіршілік жұпыны болғанымен, үй тола ырыс, дастарқан үсті береке еді. Қаншама шаршап-шалдығып жүрген күннің өзінде ол кісілердің отбасы мүшелеріне еңбегін бұлдап назданғанын да, назаланғанын да байқамаппын. Бүкіл іс-әрекет, өмір қалыптарымен ол кісілер отағасыларын құрмет тұтудың биік үлгісін көрсетіп өтті десек жөн болар. Сол себепті әкелеріміз бізге асқар таудай аса беделді тұлға боп көрінуші еді.

Кеңес өкіметі салған кеселдер

«Қоғамы «оқымаған әйел­­дер» санатына қо­сып қойған, ас­та­на­дан сонау шалғайда жатқан ауыл­дар­дағы аналарымызға жоғарыда сипатталғандай даналық қасиеттер қайдан біткен?» деп ойға қалушы едік. Сөйтсек, мәселенің бәрі иманда, жұдырықтай ғана жүректің қа­лыбында екен ғой! Бір қарасаңыз, су тамшысында пәлендей күш-қуат жоқ сияқты. Алайда ол бар болғырың бір нысананы көздеп, тұрақты түрде тамшылап тұрар болса, тасты да жарады екен. Кеңес үкіметі кезінде қазақ отбасылары да соған ұқсас күй кешті десе болғандай. «Әйел теңдігі, әйел теңдігі, әйел мен ер адам тең құқықты» деген сырты жылтыр, іші жымысқы пиғылға толы сол бір қызыл идеология насихаты жетпіс жылдай, үздіксіз түрде Кеңес әйелдері санасын нысанаға алып, айтылуда, жазылуда болды. Тасты да жаратын тамшы-насихат ханымдар болмысына батпандап сіңіп жатты. Ал шын мәніндегі әйелдер теңдігін, ханымдар бақытын Жаратушымыз әу бастан-ақ қорғап, ол турасындағы өзгермес Үкімдерін содан 14 ғасыр бұрын қасиетті Құран арқылы адамзатқа жолдап қойғанын, өкінішке қарай, кеңестік кезеңде білмедік. Себебі темір перде сүзгісінің тым қатал әрі мызғымастай мығым болғаны баршаға аян.
Ойымызды нақтылай түсіп, пікірі­мізді тарата айтар болсақ, 1980 жылдары республикалық «Лениншіл жас» газетінің «Адамгершілік-тәрбие» атты бөлімінде жұмыс істегендіктен болар, отбасындағы ахуалдар жайлы редак­циямызға келіп түскен оқырман хаттары, негізінен, менің қолыма кеп топталатын. Кейбірін оқи отырып жаныңыз түршігеді. Еліміздің талай-талай түк­пірлерінен хат жолдаған көзіқарақ­ты небір отағасы-оқырмандарымыз ауыл­дарындағы шамамен 25 пен 55 жас аралығындағы қазақ әйел-аналардың отбасы берекесін күйттегеннен гөрі, жиылып, «бешір» жасағыш боп кеткендерін күйіне жазып жататын. Сиыр сауылмай, нан пісірілмей, бала-шағаның киімдерін кір шалып, отбасының берекесі кетіп-ақ қалған екен. Осының бәрін баяндай келіп, әлгі азамат газеттен көмек сұрапты: «Айтыңыздаршы, әйелдеріміз, тым болмаса, емшектегі балаларын үйге кеп емізіп берсін, сіздерден ақыл, сөз көмегін күтеміз. Әйтпесе, нәрестемізді олар отырған үйге тасып, шаршадық», – дегендей. Хатты қысқартып жарияладық. Сол сол-ақ екен, әлгі тақылеттес хаттар бөлімімізді басты да қалды. Сонда бір аңғарғанымыз – «эмансипированный» боп осылайша қызық қуып жүрген әйелдердің негізгі дені тұрғындарының 95-99 пайызын қазақ отбасылары құрайтын ауылдардан еді. Есіме түссе, күні бүгінге дейін қайран қалам. «Қазақы ауылдың қаймағы неліктен осыншалық бұзылды екен?!» деп. Осы баяндалған жайттар үшін тұрғындарының жүрегінен имандарын алып қойған кеңестік дәуірді кінәлаймыз да. Қайтеміз енді?!.

Ұлы заңдылықты басшылыққа алып…

Содан арада ондаған жылдар өткенде, нарықтық эконо­ми­каның құр­сауында қалған отбасыларын, негізінен, әйел-аналар «ала қап арқалап жүріп» асырады. Шаңырақтағы тепе-теңдік одан әрі бұзыла түсті. Дегенмен тәуелсіздігіміздің осы жиырма жылы барысында оң өзгерістер де болмай қалған жоқ. Шынайы Ақиқат жолын таңдаған шаңырақтарда оның әрбір мүшесі отбасындағы, қала берді, қоғамдағы өз рөлін айқын түйсініп, әркім өз орнынан табылуға тырысуда. Осылайша олар өз шаңырағындағы ғана емес, тұтас қоғамдағы келеңсіздіктерді жойып, тепе-теңдіктерді қайта орнатуға ұмтылуда. Жиырма жыл барысындағы өзгерістер нәтижесінде қазір қоғамымызда «эмансипациясы» одан әрі өршіп кеткен бикештермен қатар отбасының шырқын бұзбайтындай халдегі можантопай әйелдер де, сонымен бірге отбасының тірлігін ұлы Жаратушының бұйрық еткен заңдарына сәйкес жүргізуге қолдарынан келгенше күш салып жүрген ханымдар да баршылық.
Біздің ішкі ой-арманымыз айтады: «Шіркін-ай, жалған эмансипацияны қуалап, «білімдімін» деп санасын уақыт­ша әрі қажетсіз ақпараттармен толтырып, жанталасып жүргендердің саны мейлінше азая түссе ғой. Ал можантопайларымызға Алла Өзі терең иман, білім-білік, сана беріп, олар үшіншілердің қатарына қосылып кетсе, құба-құп. Себебі қасиетті Құран мен шынайы хадистерге сүйене отырып ғұламалардың жазуынша, отбасының бүкіл ырыс-берекесіне, балалар тәрбиесіне жауап беретін әйел-ана ең әуелі терең иман иесі болуы тиіс. Ал терең иманнан адам болмысындағы барлық өзге де ізгі қасиеттердің өрбитіні ақиқат. Сондай-ақ иман келтірген әрбір ер мен әйелдің талбесіктен жер-бесікке дейін ұдайы әрі жан-жақты білім алуға міндетті екендігі де қасиетті Кітапта баса айтылған. Ендеше, отбасымыздың, демек, тұтастай алғанда, Отанымыздың ішкі бүтіндігін, береке-бірлігін ойласақ, «әйелді – бастан» деген тұжырымның, кейбір еркеккіндіктілердің жаңсақ түрде түсінгеніндей, отанасын басынан бастап қысып ұстап, оны бас сап сабай беру еместігін оп-оңай-ақ түсінуге болатын сияқты.
Шариғат бойынша, әйел-ананың отбасындағы, қоғамдағы құқықтары ұшан-теңіз. Бұл жайлы өткен мақаламыздағы «күйеуінің әйелі алдындағы міндеттері» деген қағидалар тізбегінде тоқталып өткенбіз. Яғни ерінің әйелі алдындағы міндеттері, сөз жоқ, отанасының құқықтарын құрайды. Ал біз бүгін сөз етіп отырған әйел-ананың ері алдындағы міндеттерінен отағасының отбасы жағдайындағы құқықтары келіп шығады. Ендеше, ханымдардың шаңырақ астындағы міндеттері жайлы әңгімемізді одан әрі жалғастырсақ. Жоғарыда айтқанымыздай, иманын тұрақты түрде күшейтіп, ол үшін жалғасты күйде пайдалы білім жинақтап отырған әйел-ана сондай-ақ ерлі-зайыптық өмірлері барысында ерінің хақын өзі мен өз туыстарының хақынан да жоғары қоюға міндетті. Сонда ғана, өткен жолы сөз етілгендей, ер-азаматтың әйелі алдындағы өте салмақты міндеттері және әйелдің ері алдындағы міндеттері өзара тепе-теңдікке келер еді. Күйеуіне мейлінше адал боп, оның табиғи сұраныстарын ыждаһатты түрде орнына келтіру де осы алғашқы міндетінен туын­дайды екен. Бұл шариғи тұжырымды нақты дәлелдермен тарата айтар болсақ, әл-Бұхари жинақтаған шынайы хадисте айтылғанындай, Мұхаммед салла Аллаһу әлейхи уәссалам пайғамбарымыз: «Әйел адамның күйеуі бар кезде оның рұқсатынсыз ораза ұстауы халал емес», – деген екен. Осы қағидаға қатысты ғалым Мұхаммад Ахмад Канъанның айтуынша: «Өйткені әйел ораза ұстаған болса, күйеуі күндіз оған қосыла алмайды. Ал қосылу – еркектің хақы», – дейді. Ғұламалардың бұлайша тәптіштей түсіндіру себебі – осындай қағидаларды білмеулерінің кесірінен әйел-жарлардың өздеріне артық күнә жапсырып алмауларын жанашырлықпен ескерткендері.
Жаратушы әйел мәртебесін жоғарылатқан

Әйел баласының келесі міндеті – күйеуінің тапқан табысынан оның рұқсатынсыз өз төркініне болса да ешнәрсені жасырып-жауып бермеуі. Алла Өзі кешіргей, мұндай келеңсіз әрекеттерге мысал біздің қоғамымызда едәуір. Себебі кейбір шешелердің: «Қыз деген жақсы ғой. Күйеуіне көрсетіп бір, көрсетпей бір бізге тасиды да жатады» деген тектес «мақтау» сөздерін естіп қаламыз. Дегенмен әйел адамның өз еңбек табысы немесе жеке иелігіндегі заттары туралы сөз басқа! Әйелдердің келесі міндеті – күйеуінің рұқсатымен ғана үйден шығуы. Біздің қоғамымызға қатысты бұл қағиданы, бәлкім, былайша түсінген жөн болар. Тұрмыстық және материалдық түрлі қиын түйіндерді саралай келе, көбінесе, ер-азаматтар әйелдерінің жұмыс істеп, ақша табуына өздері ұсыныс жасап жатады. Демек, жұмысқа барып-келу және сол қызметіне байланысты отанасының басқа да жүріс-тұрыстарына отағасы алдын ала рұқсат беріп қойды деген сөз. Анығын, әрине, Алла біледі. Сонымен бірге күйеуі қаламаған ханымдармен әйелінің араласпауы да оның тағы бір міндеті боп есептеледі екен. Сондай-ақ күйеуінің рұқсатынсыз оның дос­тарымен танысуы да артық әрекеттер қатарына жатады. Айта кету керек, шариғат белгілеген мұндай шарттарды талап етуі үшін ол отағасының өзі ең әуелі иманын кемелдендіруге дәйім ұмтылған абзал жар болуы тиіс. Өзі имансыз тірліктердің ішінде кешіп жүрген еркектің әйеліне жоғарыдағыдай шариғи талаптар қоюына құқы да жоқ. Күйеуінің адал еңбегімен тапқан табысына қанағат етіп, оның берекесін кіргізуге тырысуы әйелдің басты міндеттерінің біріне жатады. Ғұламалардың айтуын­ша, көрсеқызар тойымсыздықпен: «Өзгелер­мен салыстырғанда, табысың аз. Неге көлденең пайдаға ұмтылмайсың?» – деп ызыңдаған зайыбы көп жағдайларда жұбайын харам табыс жолдарына итермелеуі, сол арқылы екеуіне де күнә жүктеуі ықтимал.
Әйел адам – отбасында асыл жар ғана емес, аяулы әрі көркем мінезді ана да. Ол балаларын «ұл, қыз» деп алаламай тең көріп, бәріне де инабатты тәрбие беруге күш салуы тиіс дейді Ислам қағидалары. Себебі әкесінен гөрі балалармен бірге көбірек болатын да, олардың әрқайсысының жағдайын терең түсінетін де – аналары. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырғаннан кейін де ол сабырлы әрі дана да әділетті ене ретінде келініне қызындай, күйеу баласына өз ұлындай қарап, жас отауларға қамқорлық жасай білуі тиіс. Отанасы күйеуінің ата-анасы мен туыстарына да, өз туыстарына да терең бауырмалдығын көрсетіп, оларды құрметтей білгені абзал. «Ағайын-жекжатпен қатар көршілерімен де жақсы сыйластықта бола білген әйел ғана құрметке лайық» дейді ғұламалар.
Бір қарағанда, әйел-ананың отбасы жағдайындағы міндеттері көп әрі ауыр сияқты көрінуі мүмкін. Алайда жоғарыда біз санамалап шыққан туыстардың ішін­де Алла риза боларлық істерді мейлінше молынан атқаруға тырысатындарының саны едәуір екенін, демек, олардың да бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері боп отырған әйел-ананы өз жекжаттары ретінде мейлінше құрметтеп, талай сауап жинауға асығатынын ескерсек, отанасы міндеттерінің қауырсындай жеңілейіп сала беретінін түсінер едік. Аса Мейірімді, Бәрін Білуші Иеміздің бұйырғаны бойынша тірлік кешсек, өміріміз тұнған үйлесімділікке айналар еді. Себебі адам баласын жаратып, оларға отбасын қалай құру керектігін үйреткен – бір Алла. Сондай Қамқор Жаратушымыз өз пенделеріне сол шаңырақ астындағы ортақ тірлікті иманды түрде қалай жүргізу керектігі туралы айнымас ережелерді қасиетті Құранда баяндап берді емес пе! Біздің міндетіміз – сол ережелерді оқып-үйреніп, оны басшылыққа ала білуіміз ғана. Өз өмірлерінде шариғат жолын ұстанып өткен дана бабаларымыз: «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» деп қалай тауып айтқан десеңізші!


Нұрлытай ҮРКІМБАЙ,

«Ана тілі»

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Шашыңды қима, бойжеткен, қырсық шалады!

Кісінің көркі болып саналатын шашта кие болатыны бағзыдан айтылатын болжам. Шашқа қатысты ырым, нанымдар да, ...