Сахнаның саңлағы, сахараның сардары

5930
Adyrna.kz Telegram

(Атақты әнші Хамит Ысқақұлы жайында)

 

Тағдыр сыйлаған тамаша шығанды дауысқа таңғажайып таланты қосылып, бір-біріне титтей де жуықтығы жоқ ән сахнасы мен спорт майданындағы ерекше еңбектері арқылы даралығын танытып, әлемнің әр түкпірін аралап, әсерлі де әсем ән орындау өнері талайды тамсандырған Хамит аға жайлы әңгіменің жөні бөлек.

Ал, қазақтың әйгілі ақыны Қадыр Мырзалиевтің берген бағасы бойынша айтсақ: «Өнерде топ жарған, спортта доп жарған, ауызын ашса ақ жүрегі көрінетін...» ардақты да аяулы ағамыз Хамит Ысқақұлының кешегі кешірмелері адамды табындырады да таңдандырады.

Сондықтан елден ерек талант иесінің ершімді ғұмырын бірнеше тақырыптарға бөліп сөйлеуді жөн көрдім.

Туған жер топырағында

1940 жылы 10-шы қазанда дүниеге келген Хамит Ысқақұлы балалық балғын күндерінің базарын кіндік қаны тамған топырағы – Тарбағатай аймағының Шәуешек қаласындағы «Бәйгетөбе» деген жерінде өткізеді.

Кейінірек Хамитты есейіп қалған шағында ұлы әкесі Ысқақ бауырына салып алады. Аяулы анасы Биғайша кішкентай ұлын қаншалықты қиғысы келмегенімен көненің жолына көлденең тұра алмай, ибалы да инабатты қазақ келіндерінің қасиетін сақтап қала береді.

Міне, мұндай жас ата-ананың бірінші, иә, екінші баласын үлкен шаңырақтың бауырына салып беруі – әріден жалғасқан ата дәстүр, ата-анаға деген сый-құрмет, «Менің балам – сенің балаң! Есімің мәңгі өшпейді. Ғұмырың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатады. Әрі мен өзім бөлек шаңырақ көтеріп, сіздерге қарайласа алмадым. Осы бала сіздердің жұмысқа қолғабыс етіп, септігін тигізсін» деген сияқты үлкен құрметтен туған халық салты. Бұндай істер қазақ шаңырағының әрқайсысының басында бар десек артық айтқандық емес. Ондай болса, Әбілқасым да әне сондай баба дәстүріне бас иген шағырақ иелерінің бірі болатын.

«Жетіге келгенше жерден таяқ жейді» дегендей жығылып-сүрініп, асық атып ,ақсүйек ойнап, бірде талға, бірде тайға мініп тайраңдап жүргенінде оқу жасына толған Хамитты әкесі орысша мектептің табалдырығын аттатады. Сонымен ол орысша үшінші классты тауысқан шағында мәлім себептермен бұл мектептен қол үзіп, енді «Ғұмырия» атты татарша оқытатын мектепке келеді. Орта мектеп құшағына кірерде өз ана тілінде дәріс беретін «Тарбағатай гимназиясына» түсіп, оқуын жалғастырады. Ол қай мектепте, қай тілде оқысын, жақсы нәтиже жаратудан тыс сабақтан сыртқы спорт, ойын-сауық шараларына белсене араласады. Әсіресе, ән айту мен футбол саласында әжептәуір көзге түседі.

Сол бір балалық шақтағы қызығу мен әуестің әсері болар, сабақтастары арасында желтабан жүйрік атанған Хамит 1960-1961 жылдары Шинжияң бойынша жүз метрлік жақын аралыққа жүгірудің рекордын он бір секундтық нәтижемен жаңалайды.

Адам шіркіннің тағдыры қызық-ақ қой, сол тұстағы спорт алаңында жүрген оны ешкім де бір елдің есінен кетпес атақты әншісі болады деп ойламағн болар. Иә, тырбыңы мол тіршілікте қайсы бір ісің өзің ойлағандай бола қойсын. Қайсы бір мақсатың бірден жолын тауып оңына баса қойсын. Бұл өмір сондықтан да қызықты әрі қырсықты шығар...

Қос майдан құшаңында

1958 жылы қаңтарда «Ысқақ шаңырағынан бір адам әскерге барады» деген шақырту келіп, Хамиттың Қалмет атты жалғыз ағасы тізімге ілінеді. Қалмет әрі икемсіз, қой ауызынан шөп алмас момын, сонымен қоса үйленгеніне үш ай ғана болған екен. Сол тұста оныншы сынып оқып жүрген Хамит өзінің әскерге баруға ықыласты екенін әкесіне айтып, Қалметтің орнына кетеді.

Ол әуелі Алтай аймағы Көктоғай ауданы «дербес үшінші баталионы» үшінші скадронында болады. Сол тұстағы жалпы ел жағдайы бойынша айтқанда оныншы сынып бітірген адамдар негізінен қабілетті, білімді, зиялы саналаты. Оның үстіне бұрыннан спортқа әуес, қол-аяғы жеңіл, пысық азамат қосынға келе сала көзге түсіп, түрлі әскери жаттығуларды жылдам игеріп кеткендіктен әскери бөлім оны Іле аймағындағы «Ерекше жаттығу» курсына жіберіп, жан-жақтылы жетіле түсуіне себін тигізеді. Хамит ол араға барғаннан кейін де бойында бар қасиетін толықтай көрсетіп, әскери мектептің футбол командасына қабылданып, басқа саптастарынан көп ілгері екенін көрсетеді. Ерекше әскери дайындық алаңында да, футбол майданында да қатарластарынан алда болып, курсты үздік нәтижемен тәмәмдайды.

Содан Алтайға қайтып барып, сахара сардарындай ат мініп, мылтық асынып, мемлекеттік шекара қарауылдарында күзетте жүреді. Сол жылы қытай мемлекеттік құрама командасына армия ішінен үздік футболшыларды талдауға келген бапкерлердің сынынан өтіп, 1959 жылы наурызда Үрімжідегі жаттығу майданына келеді. Бұл араға келгеннен кейін талданып алынған жігіттерді дене қуатына, тәбиғи бейімділігіне қарап спорт түрлеріне бөлген кезде ол балуандыққа да, ат үсті ойындарына да, футболға да қатар қабылданып, төтенше қызығушылықпен жалпы түрде машық жасайды да соңында футбол бапкерінің талабы бойынша теңбіл доп командасының алдыңғы қатарлы ойыншысына айналады.

Иә, халық даналығының тамыры терең тұжырымдарында «сүтпен біткен сүйекпен кетеді», «Бар болса егер бойда дарын, түбінде бір байқалар...» деген меңзеулер болушы еді ғой. Ендеше, туған жердің тұнық табиғаты мен анасының ақ сүті арқылы жүрекке жол алып, ақ бесіктің әлди әуенімен ұласып кеткен Хамит бойындағы әнге деген әуестік бұл шақтарда өзіндік өреге көтеріліп, мереке-мейрамдарда, апталық сауық кештерде оны сахналарға шығарып, шырқап салар асқақ әуені өз ортасында «әнші жігіт» атандыра бастаған. Алайда ол шақта ән өнері көрнекті бір команданың белді мүшесі үшін жай ғана қызығушылық сияқты болатын. Ақыры сол жылдың соңында Бейжіңге жол алған Хамаң қытай мемлекеттік «халық азаттық армиясының» жастар футбол командасында үш жыл доп тебеді.

1961 жылы Ауғанстан, Пакістан елдеріне барып футбол жарыстарына қатыспақшы болған «Шинжияң әскери район футбол командасының» арнайы шақыруымен Үрімжіге ауысып келіп, шетелдердегі жарыстарға қатысады. Сол жолғы бәсекеге барып келген олар 1961 жылдың соңында «Шинжияң әскери район футбол командасы» болмайтын себептермен таратылады да қатарластары арасында «әнші» атанып жүрген Хамит «Шинжияң әскери район ән-би үйірмесіне» қызметке тұрады.

Бастабында ол өзі сүйетін кәсібі – футбол саласынан айырылғанына ашуланып, Бейжіңдегі командасына қайтпақшы болады. Бірақ, қытайдағы әскери орындардың бірден-бір ерекшелігі есептелетін «бұйрыққа сөзсіз бағыну, басшылық нені бұйырса соны істеу» деген қатал әскери түзімнің аясында ақыры әншілік жолға қадам тастайды. Өзі жан-тәнімен сүйіп ойнайтын футбол командасынан қол үзгеніне Хамаң қатты өкінеді. Неше жылғы жасаған жаттығулардағы табан ет, маңдай тері текке кеткендей кейіп, күйзелісте қалады.

Алайда, елі үшін сіңірген еңбекті жұрт қашанда есінен шығармайды ғой. Хамаң Бейжіңдегі спорт майданындағы кездерінде футболды сондай керемет шеберлікпен, асқан талантпен үздік ойнағандықтан талай реткі жарыстарда мемлекеттік спорт комитетінің тізімдігінен бір кісілік орын алған болатын. Кейін оның ерекше еңбегі ескеріліп, мемлекеттік спорт комитеті тарапынан «Футбол чемпионы» деген атақ беріп, даңқ куәлігін ұсынады.

Нәтижесінде ардақты аға, аяулы өнер иесі Хамит Ысқақұлы әскери майдан және спорт алаңы сияқты қос майданда жүріп, өзінің алғашқы қоғамдық қызметке тастаған қадамдарын табысты, абыроймен басты. Күрделі жастық өмірдің күдірлерінен сүрңнбей өтіп, нағыз азаматқа тән алымдылығын, арындылығын аңғартты. Бір басына біткен бірқанша өнер өркенін бабымен өсіріп, тынбай ізденіп, алға тартып, жалынды жастық жалауын бірден желбіретіп жіберді.

Сахна төрінде

«Шинжияң әскери район ән-би үйірмесіне» ауысып келгеннен кейін ендігі жерде ел алдына шығып, сахнада ән салатын нәзік те ауыр міндетті арқалап, оның шыңына шығуды ойлайды. Хамаң әуелі ән айтудың, дыбыс шығарудың ғылымилығын игермесе болмайтынын ескеріп, 1963-1964 жылдары қытай мемлекеттік «азаттық армияның бас саяси басқармасы ән-би үйірмесінде» тұрып, бір жағынан ән айтып, бір жағынан орталық музыка институтының мұғалімдерінен ән сабағын алып, ғылыми жүйеге түскен сайын дауысының даралығы көрініп, алдыңғы қатардағы әншілерге айналады. Сонымен қатар ол кейінгі кезде де Шаңхай музыка институтына барып оқып, ол арадағы сонау 1995 жылы жылы Мәскеуде өткізілген дүниежүзілік  жастар фестивалының алтын жұлдызын жеңіп алған  қытайдың әйгілі әншісі, фрофессор Уың Кыжыңнан сабақ алып, мемлекет көлеміндегі бірден-бір жоғары дауысты әншілердің бірі болып танылады.

1962 жылғы «Іле-Тарбағатай оқиғасында» Шәуешектегі үй-іші Қазақстанға өтіп кетеді. Сол кезде ел ішіндегі көне-жаңа әндерді жинау тапсырмасымен Құлжаның Күнес ауданында жүрген еді. Онда үш ай тұрып, Үрімжіге келгеннен кейін барып, «Шинжияң әскери район ән-би үйірмесіне» келген әке-шешесі мен туыс-туғандарының хатын тапсырып алып, істің мән-жайын сонда бір-ақ ұғып, көңіл күйігін көз жасымен басып қала береді...

Бұл тосын жағдай – өнер мен қоғам табалдырығын енді аттап, жаңа салада жұмыс істей бастаған жас азаматқа оңай соққы болмаған еді.

Бүгіндері есімі әлемге таныс әншіміз Хамит Ысқақұлы Швейцария, Франция, Түркия, Иордания, Марокко, Пакстан сияқты отыз екі мемлекеттің сахнасында қазақ, қытай, ұйғыр қатарлы ұлттардың әндерін әрлендіре шырқаудан тыс, барған мемлекеттердің де әнін өз мәнерінде орындап, сый-құрметтер мен марапаттарға бөленді. «Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боларсың» дегендей, ауызекі кеңесте алдына жан салмайтын ағамыз өзінің тұңғыш рет шетел сахнасына көтерілу барысын былай еске алады:

«1964 жылы «Шинжияң әскери район ән-би үйірмесінің» құрамында тұңғыш рет шетелге шығып, Вьетнамда болдым. Ол араға барып алғаш концерт қойған күні қызуымыз бәсейіп, сәлде болса олқылық сезілгендей болды. Бұған себеп – ол жақтың халқы, көрермендері артистерді шапалақ соғып желпіндірмейді екен. Ал ерекше жақсы көрген әншілеріне тек үнсіз отырып, таңдайларын қағып, шықылықтай береді екен. Бұл олардың қызу қарсы алғаны. Сонымен қатар, бізден ән орындауда кеткен түсінбестік – вьетнамдық әншілер әнді мұрын дыбысынан пайдаланып, бейне «пұшық адамша» орындайды екен. Сондықтан болар, біз салған әндер оларға тым жақсы әсер етпеген көрінеді.

Ойын басталған күннің ертесі жергілікті орындағы қытайлықтардан жоғарыдағы жағдайды ұғысқаннан кейін мен дереу бір қанша рет дайындалдым да, келесі кезекті концерт кешінде Вьетнамның ұлттық көсемі «Жу Жыминге арнау» деген әнді жергілікті орынның стилімен еліктеп айтқанымда көрермендер бастарын шайқап, тебірене шықылықтап кетті. Ән орындалып болғанда клубтың алдыңғы қатарында отырған көсемнің өзі сахнаға шығып, гүл ұсынып, бетімнен сүйді. Сосын көрермендер талабы бойынша қазақтың бір әнін вьетнамдық стильмен орындап, қарсы алуға бөлендім.

Әнші болу үшін әдебиеттен, білімнен кенде болсаң, саф өнердің шыңына шығу мүмкін емес. Өз ұлтыңның кешегі өткен-кеткенінен, жалпы халық арасындағы тараған ән-күйлерден сауатты болу – әнші үшін ең мағызды дүние. Мысалы, халық арасында «Пұшықтың әні» деген ән бар. Ол әннің айтылуы жоғарыда айтқанымдай дәл Вьетнам әндерінің айтылуына ұқсайды. Баяғыда мұрны пұшық, өзі дімкас бір шал болыпты. Сол кісінің шығарған әні екен. Ел оны «Пұшықтың әні» атап кеткен. Әнді айтқан кезде де сол пұшықтың өзі құсап айтайтын. Мен сол әнді білетінмін әрі көп айтып, дос-жолдастарымды күлдіріп жүретінмін. Сондықтан да Вьентам сапарында солардың әнін өздеріне ұқсатып орындай алдым.

Одан кейін ән орындаудағы мендегі бір әдет – әрқандай бір жаңа шығарманы үйренгенімде  музыкасын бірер рет естіп қана ұғып аламын. Сөзін қағазға қайта-қайта көшіріп жазу арқылы түсініп отырып жаттаймын. Сондықтан ол әрқашан есімнен шықпайды. Мақтанғаным емес, алпысыншы жылдары айтқан әндерімнің сөзін күні бүгінге дейін жақсы білемін. Қазіргі біздің әншілердің арасында сақталып жүрген бір жаман әдет, ән сөзін дұрыс жаттамайды. Түсінбейді. Сосын да оны тым еркін тұрып, мазмұнына қарай беріліп, шырқап кете алмайды. Оның үстіне қазір бір әнді сахнада айтудың алдында музыкасына ере алса болды. Сөзін жаттамай-ақ қарап тұрып айтып, таспаға дыбысын алдырып алады да, сахнада ауыздарын жыбырлата салады. Нағыз өнер адамдары үшін бұл өзін де, өзгені де алдау және мойынындағы міндетін дұрыс түсінбеу болмақ. Біздегі бір ана сүті арқылы қалыптасқан тиімді жағдай тіліміз икемді, орамды, әрқандай бір ұлттардың тілін бейнелеуге қолайлы. Осы бір қасиетті ана тілдің арқасында мен де көптеген елдерге шығып, солардың әндерін үйрену барысында шынымды айтсам, ешбір қиналып көргемін жоқ...»

Қытай мемлекеттік «Бірінші дәрежелі артист», армияда «Өнер генарал-майоры» атағын алған, қытай мемлекеті бойынша өткізілген ән бәсекесінің бас бәйгесін жеті рет жеңіп алған ардақты аға, бір туар дарын иесі Хамит Ысқақұлы өз кездерінде Мау Зыдұң, Лю Шияучи, Хы Лұң сияқты алдыңғы буын қытай мемлекеттік басшыларының сан мәрте қабылдауында болудан тыс, сол кездегі премьер-министр Жоу Ынлаймен де бірнеше рет кездесіп, бірлікте ән салған. Хамаң кейіндері сол бір қуанышты да сәтті шақтарын сағына еске алатын.

1965 жылы Жоу Ынлай Шинжияңды аралауға келгенде, Ян-Ан қонақ үйінде премьер-министрдің келгенін қарсы алу сауық кеші өтеді. Осы кеште Хамаң ән салып болғаннан кейін Жоу Ынлай сахнаға шығып: «Мен қазақ халқының жауынгер әншісі Хамитты қайталай сахнаға шақырамын. Біздің қазақта * «ат пен ән қазақтың қос қанаты» деген мақал бар екен. Ендеше, сол қазақтың әнші ұлы Хамиттың тамылжыған қазақ әндерін орындап беруін сұраймын!», – дейді.

(*«Біздің қазақта» деген сөзіне қатты риза болдым дейді Хамит аға – автор)

Жоу Ынлайдың өтінішінен кейін Хамит «Қараторғай» әнін шырқағанда ол қатты әсерленіп, сахнаға қайта шығып, Хамитты құшақтап, қолын алып тұрып: «Екеуіміз қос дауыспен бір ән орындасақ», – дейді жайдары жүзінен күлкі есіп. Хамаң мен Жоу Ынлай сол арада «Біз келеміз даңғыл жолда»,  «Төңкерісшілдер мәңгі жасыл қарағайдай» деген екі әнді орындап, сахнадан түседі.

Иә, қазақ өнеріне деген қандай ғажап құрмет еді бұл!

Осыншама қуанышты сәттері болған Хамит аға қандай бақытты жан, осындай ұрпағы болған қазақ қандай қасиетті еді. Қарап отырсақ Хамиттың әншілік өнері шынында өзгеше бір орындаушылық шеберлікпен және ерекше табиғи да көркем сахналық көрініспен ұштасып, даралық танытып тұрады.

Мәселен, ән айтып тұрғандағы  бет-бейнесінің өзінен үлкен бір құбылысты байқауға болады. Ол мейлң халық әнін, мейлі, қазіргі авторлық әндерді орындасын, туындының тұлғасымен, құрылысымен бірге құбылып, табиғатымен табысып кетеді. Еркін де ерке әуенмен әуелетіп салғанда әннің типтік бояу мәнерін тауып және оны өзіндік сахналық мимикасымен қауыштырып, қасиеттендіріп жібереді. Құлақ құрышыңды қандыра салған  әсем әндерді тыңдаған сайын тыңдай бергің келеді. Ети отырып есің шыға елігіп, шалықтап, шарықтап кетесің. Бірде мажаурасаң, бірде масайрап маңғазданып қаласың. Әне, сөйте отырып алғысыңды айтқың келеді, мақтағың келеді, мақтанғың келеді...

Мен қазақша ән айтамын

Мейлі қай мемлекет, қай өлке, қандай орын сахнасына көтерілгенде ең кемінде бір әнді қазақша орындамай кетпейтін Хамит «өз-өзіңді сыйласаң, жат жанынан түңілер», «өз ағасын ағалай алмаған, кісі ағасын жағалай алмас», «әуелі өзін түсінбеген адам, өзгені әр кез түсіне алмайды» деп келетін ата сөзін жүректе сақтап, жаңылмай жаттап келеді.

Қытай мемлекеті құрылғандығының 35 жылдығын тойлау бойынша өткізілген сауық кешке 35 ұлттың өкілдері шақырылып, қазақ ұлты атынан Хамаң Бейжіңге жол алады. Орталыққа барғаннан кейін басқа да саптастарымен жолығып, келесі сауық кештің дайындық жұмыстарымен жүргенде кеш ұйымдастырушылар әр ұлттан келген 35 әншіге қытайша ән орындау талабын қойып, өздерінше сырттай шешіп тастайды. Содан сауық кешке бір күн қалған түні бұл шараны ұйымдастырып отырған ұлттық істер министрлігі, мәдениет министрлігі, мемлекет қорғаныс министрлігі, радио-телевидения министрлігі қатарлы жеті орынның министр басшылары артистермен жолығып, оларға кешкі қонағасы береді. Дәл осы кеште «дейтін жеріме енді келген шығармын» деп сыбағалы сөздерін сайлап алған Хамит тостын көтеріп министрлер алдына барып, әуелі сөз сөйлеу рұқсатын алып, сөз бастайды.

«Құрметті министр мырзалар! Мен өз алдына тілі бар, діні бар, неше мың жылдық мәдениет тарихы бар, әлемге таныс асқақтата салар әні бар қазақ ұлтының ұлымын. Партияның ұлттық саясатының арқасында осында шақырылып, өнер көрсеткелі келіп отырмын. Егер бұл жолы біз әрқайсымыз өз ана тілімізде ән шырқап қайтсақ, онда мемлекетіміздің ұлттық саясаты тіпті де көрнекілене түспес пе еді. Осы астананың өзінде сан мыңдаған қытай әншілер бар. Бұл жолы бізге қытайша ән орындау талабын қойып әуре болғанша, соларға неге орындата салмадыңыздар?», – деп таза да жатық қытай тілімен өз ойын ортаға тастайды. Сонда не дерін білмей аңтарылып қалған министрлер жағы: «Ой, біз ол жағынан хабарсыз екенбіз», – деп бір-бірлеріне қарасады.

– «Ендеше, сіздер білмеген болсаңыздар – деп сөзін қайта жалғаған Хамаң, – мен бұл жолы сөзсіз қазақша ән айтамын. Өйткені, бұл сапарда бір ұлттың өкілі атынан астанаға келіп отырмын. Егер талабымды орындамасаңыздар, қазір-ақ қайтып кетуіме болады», – дейді.

Басшылар ақыры Хамиттың талабын орындайды. Сонымен Хамаң «Қарғаш», «Бипіл» қатарлы халық әндерін шығандата шырқап, Шинжияңға оралады.

Сіргежияр

 Бірлескен ұлттар ұйымының бас хатшысы К. Валдхейм қытайда сапарда болған кезінде қытай мемлекеттік азаттық армия бас саяси басқармасының ән-би үйірмесі қойған концертті тамашалап отырып, сол үйірменің құрамындағы үздік әншілерден ән айтудың ғылыми қағидасы турасында білім алып, енді бір жағынан үйірмеге әнші болып қызмет істеп жатқан Хамиттың әнін тыңдаған соң: «Мен барған елдердегі мен естіген әншілердің әндерінің ішіндегі орындау шеберлігі мен сахналық көріністе, дауыстың асқақтығы мен табиғи тәттілігі жағынан ән патшасы екен», – деп баға бергеніндей, Хамит шынында күлі қазақтың мақтанышы еді.

Егер әр сала, әр кәсіптегі Хамит тектес үздік өрелі, өнерлі дара туған дарын иелері болмаса, онда біз тектес қиыр қонып, шет жайлаған азғантай халықты басқалар білмеген де, танымаған да болар еді-ау.

Иллаһи, ісіміз ілгері басып, міне осындай тұғыры биік түлкетер туа берсін деп тілейсіз.

Ұлтымызда «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» дейтін тәмсіл бар. Ендеше, аяулы ата-анасынан тірідей айырылса да туған елінен айырылмаған Хамаң қасиетті халқының тілеулестігінде, қазіргі кезде ұйғыр ұлтының бұлбұлы атанып, мемлекеттік «Бірінші дәрежелі артист» атағын алған Жәмила Құрбанқызымен 1968 жылдың тамыз айында бас құрап, басына үй тігіп, бауырына қазан асып, шаңырақ көтереді.

Әне содан бастап, отбасына бақыт орнап, кішкентай отауынан сүйкімді сәби үні көтеріліп, балалы үй базар болып құт ұялаған Хамит отбасы – әсем әннің бесігіне айналып кетті. Теңін тауып, теңдессіз қуанышқа шомып, жұбы жарасқан жұбайлар домбыраға тағылған қос ішектей үндесіп, халқының үмітін ақтап, елінің еркесі болып, құшақтары гүлге толып, арындай алға тартты.

Тарихта бөлек сенің тұғырың,

Ұлылығы ұмытылмас ұлының.

Ұрпақтардың жүрегінде жатталып,

Ғасырлармен жалғасады ғұмырың.

Сахнаның сәні болған, жан аға,

Сахараның әні болған, жан аға.

Ізгілігің ізет болса бабаға,

Ізденісің үлгі болар балаға.

Соқпақтарың ой салады санаға,

Аяулым-ай, ардықтым-ай, жан аға!

Жан аға!

 

Серік Әбілұлы.

Ақын, диктор, сазгер

Пікірлер