«Бұл мемлекеттік маңызы бар шаруа»

1786

«Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы жолдас  Н.Нұрмақовқа Қазақ КСР Халық артисі

Александр Затаевичтен өтініш

Сонау 1920 жылдың қараша айынан Қазақстан халық ағарту Комис­сариатының атынан мамандық бойынша (Қазақ халқының ән-күйлерін жинап, қағазға түсіруге) жұмысқа жіберілген едім және бұл салада бүгінге дейін жұмыс істей жүріп, осы жылдың наурызында «Қазақ халқының 1000 әні» атты үлкен том – 460 беттік, оның 320 беті ешкім жазбаған, ешбір жерде жарияланбаған әндерді жарыққа шығарып үлгердім.
Бұл кітапқа пікір жазу әлі аяқталған жоқ, соның өзінде кеңес басылымдарында жоғары баға алып үлгерді. Міне, соның кейбіреулері:
1) «Жинақ қазақтардың мәдени саладағы дәуірлік аса ірі жаңалығы ғана емес, сонымен қатар еуропалық музыка этнографиясына қосылған бағалы үлес болып саналады» («Известия», 1925 жыл, 1-сәуір, №74 (2407).
2) Бұл кітапты қолына алған қай қазақтың қазақы жүрегі торға қамал­ған тоты құстай алып ұшпас дерсің («Книгоноши», №9 (90), 15-бет. Әлихан Бөкейханов).
3) «Әнге бөленген Шығыс алдында ең маңызды, ең ірі әрі ескі қарызымыздың өтелуі А.В.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» атты ғылыми жинағы біздің револю­циялық мәдениетіміздің керемет ескерт­кіші» (профессор С.Богуславский, 13, 1925, «Жизнь искусства», 6, 7-беттер).
4)«Орыстың ән-күй этнографиясы мынадай ғажайып еңбекті мақтан тұтпауы мүмкін емес» («Новый зритель», №15, 14 сәуір, 17-бет).
Менің негізінен аштық пен ауру жай­лаған, жүйкені тоздыратын, үнемі кедей­шілік жағдайында өткен бес жылдық ауыр еңбегіме айтылған алғашқы пікірлер осындай. Мен үшін аса маңызды кітабым жарыққа шыққан тұста құрметті демалысымды қалпына келтіруді ойламақ түгілі (асқынған атеросклероз және жүректің үлкеюі, ол жайында осы жылдың сәуір айында Қазақстан Халық Ағарту Комиссариатына дәрігерлік қорытындыны хабарлаған болатынмын) турасын айтқанда, тіршіліктің ең жұпыны қажеттерінің өзі өтелмей отыр. Осы жылдың 1-қаңтарынан менің семьяма әрең жететін (4 жанның ішінде жұмыс істеуші ғана – 57 жастамын) 115 сом+15 сом (жалға алған пианиноның ақшасымен) барлығы 130 сом айлығым төленбей отыр.
Қадірлі жолдас! Бұл жағдайларды Сізге тәптіштеп жеткізу маған ыңғайсыз болып тұр. Айтарым, газеттерде жазылған дефициттердің де қажеті жоқ. Ақмешітте өткен концертте қошемет көрсеткен Бүкілқазақтық Кеңестердің 5-съезінің делегаттары менің осындай жағдайда екенімді ойламаған да болар. Менің үй-ішіме азық-түлік алу, пәтерақы, жалға алған пианиноның ақысын төлеу және демалу, емделу, тіпті аяқкиімдерімізді жөндеу қиынға түсіп отыр. Тұрақты жалақымыз болмағандықтан, кездейсоқ келген табыстан қаражат құрау мүмкін емес.
Мәскеуде қарыз алатын кісім де жоқ (Қазақстан өкілдігіне сексен сом қарызбен және үй жиһаздары, күнделікті бір киер киімнен басқа біздің ешнәрсеміз жоқ). Пәтер серіктестігімен де түсінісе алмадық. Олар менің ақшам жоқтығына сенбейді. Екіншіден, мұндай жағдайда мені «Бас еркі өзіндегі мамандар» қатарына қоспақшы. Онда менің жоқшылығым одан әрі асқына түспек.
Қадірлі жолдас! Сіз көзі ашық адамсыз, менің кітабымның жалпы менің бар қызметімнің, Қазақ КСР Халық артисі ретінде, Қазақ халқы үшін саяси және мәдени үлкен маңызы бар деген пікіріме қосылатын болсаңыз, өз билігіңізбен менің жағдайыма араша түсіп, айлығымды алуға, мүмкін болса жылы кезде демалып денсаулығымды түзетуімізге ақшадай көмек көрсетсеңіз екен.
Ал тамыз айында (мүмкін одан ертерек) мен Орынборға жиналатын жыршылар мен күйшілердің ән-күйлерін нотаға (қағазға) түсіру жайындағы тамаша ойыңызды қуана-қуана орындаймын! Қадірлі жолдас С.Сәдуақасовтың менің бұл өтінішімді толық қолдайтынын білемін.

Құрметпен, Қазақ КСР Халық артисі 
А.Затаевич. Мәскеу қаласы, 
1925 жылғы 13-мамыр».

Өтініш хатты алған бойда Үкімет басшысы Нығымет Нұрмақов «150 сом жәрдем ақы бөлінсін және ХКК-нің мәжілісіне Затаевичті одан әрі де қаржымен қамтамасыз ету туралы мәселе қою керек» деп бұрыштама соғады. Бұдан кейін мәселе мәжілісте қаралады, бірақ толық шешімін таппайды. Себебі, Халық ағарту комиссариатының түсіндіруі бойын­ша:
1)А.3атаевичпен жасалған шарттың мерзімі 1924 жылы біткен. Демек, жұ­мыс­тың мақсаты және көлемі көрсетілген жаңа шарт жасалу қажет.
2)Жұмыстың ыңғайлы болуы және комиссариат тарапынан бақылау, байланыс болуы үшін А.В.Затаевич Мәскеуде емес, Қазақстанда тұруға тиіс.
Осындай миға қонбайтын себептермен комиссариат мәселені сүйреткіге салады. Ол мәжілісте Н.Нұрмақов болмаған. Өзі жоқта үстірт қарап, үлкен қайраткерге қамқорлық жасамаған комиссариат қызметкерлеріне Нығаң қатты ренжиді де, мәселені қайта қозғап, халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасовқа хат жолдайды. Онда былай деп жазыпты: «Смағұл, мен сіздің адамдарыңызға түсіне алмай-ақ қойдым. …Бұл мемлекеттік маңызы бар шаруа» деп Смағұл Сәдуақасовтың өзіне тікелей хатты тапсырады.
Көп кешікпей Смағұл Н.Нұрмақовтың атына жеделхат жолдайды: «Сіздің артист А.3атаевичке 300 сом жіберу туралы жазбаша тапсырмаңызды бүгін орындадық. Құрметпен, С.Сәдуақасов».
Екінші бір хаттан келтірілген үзінді мынау:
«Халық комиссарлар кеңесінің шешімімен Қазақстан өкілдігіне Сіздің атыңызға 1000 сом жіберілді. 1-қазаннан бастап Сіз Қазақстан Халық ағарту комиссариатынан ай сайын 200 сом айлық алып тұратын тұрақты қызметке тіркелдіңіз. Н.Нұрмақов».
Міне, халықтың ардақты ұлы, адал басшы Н.Нұрмақовтың қазақ өнеріне деген қамқорлығының көріністері осындай. Тағы бір дерек келтірейік: Республика Халық ағарту комиссариатына берген тағы бір нұсқауында Нығаң өз қолымен былай деп жазыпты: «500 ән-күй» ­дайын болғанда жедел түрде шешіміңізді маған хабарлаңыз. Менің ойымша А.Затаевичтің барлық шығармаларын Халық ағарту комиссариаты Қазақстанды зерттеу қоғамынан өз қолына алуы керек. Аталған еңбектерді 1928-1929 жылдары міндетті түрде басып шығару үшін Халық комиссарлары Кеңесінен қажетті қаржы сұраңыз.

1928 жылдың 21-тамызы
ХКК төрағасы Н. Нұрмақов».


Болатбек НӘСЕНОВ,
тарих ғылымдарының докторы, 
экономика ғылымдарының кандидаты, құрметті профессор,

«Ана тілі»

 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket