Қытай басшысы Си Цзиньпин қытайлық жаңа жыл мерекесіне қатысты өткен үкіметтің арнайы жиналысынан кейін жаңа індетті ауыздықтау қиынға түсіп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы nege.kz хабарлады.
Си Цзиньпин үкімет мүшелеріне елдің «ауыр жағдайда қалғанын» айтқан. Жаңа жыл қарсаңында Ухань қаласынан тарай бастаған жаңа індетке шалдыққандар қатары күн сайын көбеюде. Қазір Қытайдың бірқатар қаласына кіріп-шығуға шектеу қойылған. Жексенбіден бастап Ухань қаласының орталығында жеке көліктердің жүруіне тыйым салынады.
Қытай билігі бірнеше апта ішінде осы қалада коронавирус індетін жұқтырғандарға арналған 1 300 орындық жаңа аурухана салып бітірмек. Одан кейін бір-екі аптадан соң тағы осындай екінші жаңа аурухана пайдалануға беріледі. Қытайдың көп қаласында сенбі күні басталған қытайлық жаңа жылға байланысты жоспарланған шараларды өткізуге тыйым салынған.
Жаңа коронавирустың белгілері қандай?
Жаңа вирус ауа арқылы жұғатын ауыр жұқпа түріне жатады. Алғашында адамның қызуы көтеріліп, жөтеле бастайды. Бір аптадан соң адамның тыныс алуы қиындап кетеді. Дәрігерлер бұл індеттен көз жұмғандардың дені бұрыннан денсаулығы нашар, жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққандар екенін айтады.
Вирус қаншалықты тез тарайды?
Ұлыбританиядағы жұқпалы ауруларды сараптау Орталығының ғалымдары Қытайдағы індетті әлемге таратпай ауыздықтау қолдан келмейді деп болжауда. Олардың айтуынша, адамнан адамға жұғатын коронавирус індетінің ауқымы өте үлкен болады. Мамандардың есебінше, ауру жұқтырған әр адам орташа 2,5 адамға таратады. Орталық өкілдері індетті тоқтату үшін вирустың жайылу деңгейін кемінде 60%-ға төмендету керектігін айтады.