Жүргізушілер бір жыл ішінде шығыны көп көліктерін тіркеп үлгермейтіндерін айтты

2320
Adyrna.kz Telegram

24 қаңтарда түстен кейін Шымкент әкімдігінің алдына жүз шақты шетелдік нөмірі бар көлік иелері келіп, мәселелерін шешіп беруді сұрады.

Наразы жүргізушілердің бірі Үсен Сыдықбеков бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелден алып келген көліктерді тіркеуге бір жыл уақыт бергенін естіген. Оның пікірінше, бір жылдың ішінде барлық көлікті тіркеп үлгеру мүмкін емес - кемінде 3-4 жыл уақыт керек. Оның ойынша, алып келген көлікті үш жылға дейін сатуға болмайды деген талап та заңсыз. Ол көлікті кеденнен өткізетін кезде кеденші салық төлейсің деп ескертпеді деді.

Жүргізуші Қуан Есболған бар ақшасын жиып, мемлекет рұқсат еткеннен кейін тәуекел етіп, шетелден көлік әкелгенін айтады. Ол мемлекеттің "көлік әкелме" деп алдын ала айтпай-ескертпей, әкелген көліктің салығын көбейтіп жатқанына қарсы.

- 170 мың көлік Қазақстанға кірді дейді. Бұл ресми тіркелген көліктер. Тіркелмегені қанша? Шектеу қойылғаннан кейін де шетелден алып келген болса, өз обалы өздеріне. Заң бойынша алып келген машиналарға емін-еркін жүруіне рұқсат берсін, - деді ол.

Жүргізушілердің уәждерін тыңдап болған соң қала әкімінің орынбасары Бұхарбай Парманов олардың ұсыныстарын қарап, үкіметке жеткізуге уәде етті. Жүргізушілер өз сұрақтарына жауапты әкімдіктен күтетін болып тарады. Акцияны полиция бақылады.

24 қаңтарда таңертең үкіметтің кеңейтілген отырысы кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке шетелдік нөмірі бар көліктерді уақытша тіркеуді тапсырған.

- Үкімет 2020 жыл 1 ақпанға дейін Еуразия экономикалық одағы аумағынан әкелінген көліктерді бір айдың ішінде бір рет уақытша тіркеуден өткізуі тиіс. Бұл тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін жарамды болады, - деді Тоқаев.

Президент мұндай көлігі бар адамдар 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж салығы мен утилизация алымын төлеп, көлікті тұрақты тіркеуден өткізуі қажет немесе көлікті Қазақстан аумағынан шығаруы тиіс немесе заңмен тыйым салынбаған басқа әрекетті жүзеге асыруы тиіс деген.

Биыл қаңтардың 14-і күні ішкі істер министрлігі "Қазақстан аумағына кірген Армения, Қырғызстан, Ресей нөмірі бар көліктерді заңға сай тіркеу керегін" мәлімдеген. Қазақстан билігінің елде армениялық, қырғызстандық және ресейлік нөмірлермен жүрген автокөліктерді заң жолымен тіркеу туралы талабы кей жүргізушілердің наразылығын тудырған.

16-19 қаңтар арасында Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жаңаөзен, Орал, Петропавл және Семей қалаларында автожүргізушілер жиналып, көлікті тіркеудің шығыны тым көп екенін айтып, үкіметтен автомашиналарын жеңілдікпен әрі арзан жолмен тіркеуге мүмкіндік беруді талап еткен.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер