Home » Айдарлар » Сөз – құдірет » Арына бекем болған Аюбике

Арына бекем болған Аюбике

Аюбике – қазақ батырлар жырындағы айрықша есім. Ол – «Қобыланды», «Қамбар» батырлармен салыстырып, Мұхтар Әуезов іні батыр атаған «Ер Сайынның» жары. «Ер Сайын» жыры ең алғаш Алашорда көсемі, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының жинақтауымен 1923 жылы Мәскеудегі «Күншығыс» баспасынан жарық көрді. Кітап Шоқанның досы, орыс ғалымы Григорий Потанинге тарту ретінде шығарылған. Бір қызығы, бұл кітап өткен ғасырдың бірінші ширегінде жарық көргеніне қарамастан, Аюбике есімі көп қазаққа бейтаныс. Біздің бүгінгі назарға алып отырғанымыз да – 2007 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Ер Сайын» жырының Ахаң ұсынған нұсқасы.

Анығында, Құртқа сұлу, қыз Назым, Гүлбаршын, Ақжүніс есімдерімен қатар ұлықталуға тиісті қастерлі есімдердің бірі – осы Аюбике. Ол жырда:
Езу тартып күлмеген,
Бөтен үйге кірмеген
Аюбике сұлу бар,
Беті желге тимеген.
Қиғаш қара қасы бар,
Қолаң қара шашы бар.
Сырты сұлу сымбатты,
Кер құландай керілген.
Ішкен асы сұлудың
Тамағынан көрінген, – деп суреттеледі. Бұл батырлар жырына тән қалыптасқан теңеу десек те, ондағы «Езу тартып күлмеген, бөтен үйге кірмеген» дейтін тың тіркестер – қыздың тектілігі мен даралығын көрсететін айрықша теңеулер. Айта кетерлігі, «Ер Сайын» жырында қазақ ертегілеріне тән «күн санап өсу» дәстүрі бар. Сайынның сегіз жасында-ақ балдағы алтын ақ болат асынып, тоқсан құлдың басына қылыш ойнатқаны – соның дәлелі. Қобыланды батырдың жауға бірге шабуға Сайынды іздеп келуі де – жырдағы маңызды оқиғалардың бірі. Осыдан кейін-ақ әкесі Бозмұнай Сайынға айттыруға қыз іздейді. Таңдау Көбікті байдың көрікті қызы Аюбикеге түседі.
«Жалғыз қыздың тұсында
Не жанымды аярмын», – деп құда болуға қарсы болған Көбіктіні елі жиылып, ақылға көндіреді.
Жұрт жиылды тойына,
Отыз күндей ойынға.
Ақ некесін қиған соң,
Күйеу кірді қойынға.
Бұл – жырда өте маңызды рөл атқаратын төрт жол өлең. Таңғаларлығы, басқа қазақ батырлар жырларының ешқайсысында кездеспейтін бір оқиға осында қылаң беріп қалады.
«Жүкті келді келін», – деп,
Қыз-келіншек күледі.
Бір Алланың бергенін
Жалғыз Сайын біледі.
Шындығында, батырлар жырында ғана емес, қазақ дәстүрінде «келіннің жүкті келуі» – ұғымға жат. Асылы, ақ некесін қидырып, жарының ақ төсегіне алғаш жатқан күні-ақ Ер Сайынның түсіне Бабай өмір бабасы кіріп, Киікбай, Бөкенбай атты екі ұлды болатыны туралы аян береді. Ер Сайынның жұртына Аюбикені «жүкті келді» дегізген – осы жайт. Өйткені бұл Көбіктінің жалғыз қызын патшалардай найқалтып, қаса байдай шайқалтып, түйесіне күң беріп, ат ерттеуге құл беріп аттандырғанша болған жағдай еді.
Әлқисса, Қобыландымен жауға аттануға уағдаласқан үш жыл да келіп жетеді. Бірақ жорамалшының айтқанын тыңдаған Қобыланды атын іркіп, қалмаққа Ер Са­йын жалғыз шабады. Жырда айтылған­дай, «Алласын еске алмаған, бабасына сиынбаған» батыр жорықта қатты жа­раланып, атының басын кері бұрады. Жанындағы қырық жігітпен бақұлдасып:
Топтан таңдап алғаным,
Белден төсек салғаным,
Арманда болып, көре алмай,
Құла түзде қалғаным, – деп асыл жары Аюбикеге сәлем айтады. Оқиғаның осы тұсына келгенде жырдағы Аюбике образы айшықтала түседі.
Олар елге келместен,
Жұрты хабар білместен,
Аюбике сол сұлу
Түнде жатып түс көрді.
Қатты шошып оянды,
Түсінде жаман іс көрді…
Батырлар жырының ежелгі дәстүрімен жарының қиын жағдайға тап болғанын Аюбике түсінде көріп-біледі. Осы жерге келгенде қазақтың салт-дәстүрімен астасып келетін айрықша оқиға көрініс табады. Келінінің түсін жорыған енесінің сөзінен «түс көрушіден емес, жорушыдан» дейтін қазақ мақалының тегін айтылмағанын білесіз. Барлық жамандықты «басқа заттарға көрінсін» деген ананың жорамалы ақыры шындыққа айналады. Естіртуге келген қырық жігіттің сөзіне иланбаған Аюбике Сайынды іздеп жолға шығады.
Мен тұл үйінде тұра алман,
Күнде дауыс қыла алман.
Жер жүзінде бар болса,
Өзім іздеп табармын,
Жаралы болса, бағармын.
Дүниенің төрт бұрышын
Тегіс кезіп қарармын.
Жалпы, эпостық дастандардың шығу тегі сөз болғанда олардың тұрмыс-салт жырларымен тығыз байланыста екеніне көзіңіз жетеді. Бұл туралы Мұхтар Әуезов: «Батырлар жорыққа аттанғанда айтылатын «Қоштасу» жыры, ол қалыңдық әкелгенде айтылатын үйлену салт-жыры, ол өлгенде жанкүйерлері жылап-сықтап айтатын «Жоқтау» жыры сол батыр жайында эпостық жырдың негізін құрамауы мүмкін емес. Мәселен, бір кезде болған Сайын деген батырдың жайына байланысты туған «Қоштасу» жыры, ол өлгенде туған «Естірту» жыры, әйелінің «Жоқтау» жыры кейін бір тұңғыш нұсқасын жасауы ықтимал. Басқа ақындар оған тағы да қоса түскен. «Ер Сайын» жырында Сайынның өлер алдында қырық жігітпен бақұлдасқан «қоштасуы» да, қырық жігіттің Аюбикенің «жоқтауы» да бар», – деп ой айтады. Бұл да – көңілге түйер көп сырдың бірі. Сол Аюбике анамыздың «жоқтауын» бүгінгі қазақ қыздары жалғастырып жүр ме? Мұндай күрделі та­қырып басқа әңгімеміздің жүгі болсын.
Анығы, қазақ қыздарына тән ең үлкен құндылық ары мен жарына деген адалдық десек, артық айтқандық болмас. Осы тұр­ғыдан жырдағы Аюбике образы – басқа батырлар жырындағыдай серт пен сенімді асқақтатқан биік тұлға.
Өзім тірі жүргенде
Кеудеме еркек мінгізбен,
Алмадай болған қызыл бет,
Қиғаш ерінге сүйгізбен.
Берен төсек, құс жастық,
Маңайға бойдақ жүргізбен.
Маңдайың құлаш Ер Сайын,
Қалпың еске түскенде,
Жанымды нағып күйгізбен?!
Аузым тола қан болса
Дұшпаныма білгізбен, – деп келетін Аю­бикенің жоқтауы – осы сөзіміздің дәлелі.
Жыр Аюбикенің емінен жазылған Ер Сайынның да, Қобыландыға ерген екі ұлы Киікбай, Бөкенбай бастаған батырдың да қалмақты жеңуімен аяқталады. Түйгеніміз, жырдағы Аюбике адал жар, алтын құрсақ ана ғана емес, бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық дара тұлға болғандығы. Дұрысы, мына заманда қазақ аруына тән тектіліктен көз жазып қалған көріктілерімізге «Ер Сайын» жырын оқуға кеңес береміз.


Біләл ҚУАНЫШ,

«Ана тілі».

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Сөзге жауап тапқан жігіт

Бір бай қонақ қондыруға өте тар адам екен. Елінің салты бойынша қызы айтқан өлеңге жауап ...