Салпық бидің салиқалы шешімі

3406
Adyrna.kz Telegram

Суан руынан шыққан Ілешұлы Салпық би 1880 жылдың қақаған қаңтар айының соңғы жұлдызында Іле өзенінен өтіп, Кеген мен Нарынқол асуынан асып, Текес ауылында тұратын бауыздау құдасы, Албан руының Алжанынан шыққан Қайранбай қажының ауылына келеді. Қайранбай қажы Алжаннан шыққан алғашқы болыстардың бірі әрі тұңғыш Мекке-Мәдинеге барып, қажы атанған білімді де білікті, ел сыйлаған тапқыр, шешен адам болған екен.Бұл кезде Салпық бидің Қайранбай қажының інісіне өзінің қызы Нұржамалды ұзатып, құда болғанына төрт-бес жыл уақыт болған екен. Осы мерзім ішінде би мен қажы бірінің сырын бірі жақсы білетін, айтарын айтқызбай түсінетін құда болып, сыйластықтары жарасып, араларынан қыл өтпестей тату, дос болып кетіп еді. Салпық би жол ортаға бір қонып, Текес­те отырған құдасының қыстауына ат басын тірейді.

Қайранбай қажының ағайын-туыстары Суан елінен келген атақты керуенбасшы, бай әрі би болған құдаларын шын ықыластарымен қарсы алып, барлық құда күту кәдесін жасай отырып, ауылдағы құда-жекжаттардың есен-саулығын біліп, арқа-жарқа болып қалады.
Төрде тізе түйістіріп қатар отырған Қай­ранбай кажы ізеттілікпен Салпық биге қарап: «Ал, Апахан құда, ел шеті аман ба? Сен де, мен де жау өті, жер шеті шекарада тұра­мыз ғой, ел іші тыныш, жер шеті бүтін бе?» – деп әңгімеге тартады. Салпық би аз-кем ойлана қозғалып, қолтығындағы құс жасты­ғын арқасына сүйеп, шалқая отырып: «Иә, Қажы болыс, рахмет, өзің сұраған елім де, жерім де аман, бірақ еліме, жеріме қол сұға алма­ған ұры-қары дейміз бе, әлде барымташы дей­міз бе, ел ішінде болатын кейбір сұға­нақ­тар малымның шырқын бұзып, қара ала айғырдың үйірін Іле өзенінен өткізіп, Текес асырып кетіпті деген сыбысты естіп, із шала келгенім де бар. Ауылыңызда, еліңізде сондай әпербақан даңғойлар бұрын-соңды бар ма еді, әлде жоқ па еді», – деп, құдасына күле қарайды да, сөзін өлеңмен жалғастырады.
Жылқы басы айғырым еді қара ала,
Одан туған сәйгүлік еді көкала.
Одан туған желмая еді торала.
Торалада салымды еді сарала.
Одан туған, шаппай желіп бәйге алған –
Желдіқара, Телқара.
Көкаладан туып еді Аққоян,
Маған біткен атақ-даңқ пен бақ қоян.
Сараладан туып еді Сарбауыр,
Ұшқырлығы секілді еді қандауыр,
Осыларға ноқта басы Қамбар ата қарала,
Қоймас деген үмітпен келіп едім жоғала,
Қараламның үйірінің әр басын
Сутөгілмес тайпалма
Бермес едім жорғаға, – деп, жұмбақтай сөйлеп, жастығына қайта жантаяды.
Салпық бидің сөз саптасына зер салып, мұқият тыңдап отырған қажы-болыс төңірегінде отырған атқосшыларына сілкіне карап: «Азаматтар, атқа қоныңдар. Апахан босқа қауіптене қоймас. Елдегі барлық ығайлар мен сығайларды жиып, қараланың үйірін шып-шырғасын шығармай тауып беріңдер. Іргелес отырған елдің іргесін сөгуге болмайды. Бүгін мал олжаласа, ертең адам олжалайды, сонан кейін ьнтымағымыз бұзы­лып, өзімізге өзіміз жау боламыз. Жақыннан жау іздейтін берекесіз елдің әдеті. Біз бір қап, бір саптан тараған ұрпақтармыз. Апахан бидің Қарала, Көкала, Торала, Сарала, Желдіқара, Телқара, Сарбауыр, Аққоян деп айтып отырған сөздері тек Қамбар атаға айтылған атау емес, түсінген адамға сөз төркіні тереңде жатқанын білу керек. «Түгел сөздің түбі бір, сөз атасы – Майқы би» деген сөздің төркініне үңілсек, қазақ халқын отыз жыл бейбіт өмір сүруге жол бастаған осы Майқы би бабамыз емес пе? Ел ішінен шыққан сүмелектер болса, ізін суытпай Апахан бидің алдына алып келіңдер, биден кешірім сұрасын. Олар үшін ат-шапан айыбын мен төлеймін», – деп сөзін түйіндейді.
Қайранбай қажы-болыстың айтқанын екі етпеген ауыл азаматтары Қарала айғырды үйірімен қарағайға жасырған жерден та­уып, жылқыны барымталаған сұғанақтарды қолға түсіріп, Салпық би мен Қайран­бай қажының алдына алып келеді. Сонда Қайранбай қажы Салпық биге: «Ал, Апахан би, Қарала айғырды үйірімен шып-шырғасын шығармай алдымызға әкелді, ұры-қары, барымташылардың қолдарын арттарына байлап алып келді», – деп, қарымта қайтару мақсатында сөзін өлеңмен жалғастырады.
«Қарала айғырды бастатып,
Жайылымын тастатып,
Іле суына шомылдырып,
Толқынына көмілдіріп,
Нарынқолдан асырып,
Қарағайға жасырып,
Қойған екен жылқыңды.
Алдыңа, міне, келіп тұр,
Кешірім сұрап иіліп.
Аяғыңа бас ұрып.
Ендігі сөз өзіңде,
Қандай айып бұйырсаң», – деп, Апахан биге жылы шыраймен күле қарап, оң қолын төсіне қойып, иегін сәл төмен иіп, ізеттік нышанын байқатады. Төрде отырған Салпық би құдасы Қайранбай қажыға былай деген екен:
«О, Қайранбай, болыссың,
Басында жүрсің төл істің.
Айтқаныңнан қайтпайтын,
Қара қылды қақ жарған
Ақиығы екенсің
Әділетті болыстың.
Айтқаныңды бұлжытпай,
Орындайтын халқың бар.
Сол халықты сыйлайтын
Атадан қалған салтым бар.
Берген айып болмайды, алған ғайып,
Мына жалған, білесің, алмағайып.
Білерлігің қайда бар,
Білмегенді кешірмей,
Маздатқаның жөн болар.
Ердің отын өшірмей.
Ел болған соң ішінде
Жақын да бар, жат та бар.
Әділ болсаң әр істе,
Бақыт та бар, бақ та бар.
Мінгізгенім өзіңе,
Келісімім Ақбоз ат.
Жақын қалды еліме,
Уақыт та аттанар», – деп, қосарға мі­ніп келген Ақбоз жорғасын алдыртып, Қай­ранбай қажыға көлденең тарта отырып, қол­тығынан өзі демеп, көтеріп мінгізген екен.
Салпық би құдасына риясыз ырза болған Қайранбай қажы «алмақтың да салмағы бар, сый берсең, сыпыра бер», – дегендей мәрттік жасап, жылқышыларына Ақтанау аталатын айғырының үйірін айдатып келіп, Салпық биге қарап: «Иә, Апахан би, мен сенің кесіміңе келісе отырып, қапыда жылқыңнан шашау шығып, менің тентектерімнің құрығына іліккен өңшең ала жылқыңның шырқы бұзылмасын, айыбым емес, айғағым болсын, айдауға жылқышы да берем, жылқыңа қосып еліңе айдап қайт, «қайтқан малда қайыр бар», екі құданың арасындағы алыс-берістің бір дәнекері болсын», – деп жылқышы беріп, екі айғыр үйірлі жылқыны Апахан бидің алдына салып айдатып, Текестен Кегенге дейін шығарып салады. Сол жерде Қайранбай қажы Салпық бидің иығына қол артып: «Қадірлі Апахан би, еліміз аман, жеріміз бүтін, жанымыз амандықта болса, келер жаз жайлауда, дәм бұйырса, өзіңнің Белжайлауыңа барып қайтам. Қалған әңгіме-дүкенді сонда жалғастырайық», – деп қош айтысады.
Қытымыр кыс өтіп, мамыражай көктем аяқталып, жадыраған жаз келген мерзімде Қайранбай қажы өзінің уәдесінде тұрып, Үйгентас Белжайлауының Басатқарағай беткейіндегі Басатжұртта отырған құдасы Салпық бидің ауылына келіп, ат басын тірейді. Апталап жатып, тағы бір үлкен істің түйінін шешеді.
Салпық бидің кіндігінен Тәшіман, Жақыбай, Кенжебек, Іргебай, Ақжол атты бес ұл және Нұржәмила (Нұржамал) деген қыз өрбиді.
Салпық бидің екінші ұлы Жақыбай бидің өз алдына отау тігіп, сән-салтанат құрып, елге танылып, төрт құбыласын тани білген шағы екен. Жақыбай биден Тұтқабек, Ерғали, Нұрғали, Төрехан, Мырзахан деген ұлдар мен Зәуре, Гүлжәмила атты қыздар дүниеге келген. Қайранбай кажы-болыстың ат арытып, Салпық би құдасының ауылына келгендегі негізгі мақсат-тілегі сүйек жаңартып, қыз алысып, қыз берісіп, қарым-қатынасты жаңа қырынан өрбітіп, ел мен елдің жақындығын жандандыру болса керек.
Үйгентас Белжайлау белінің қарағайлы бет­кейіне тігілген он екі қанат ақ үйдің төрін­де құс жастыққа шалқая жатып, конағасы­нан дәм татып, мамыражай отырған Қайран­бай қажы-болыс қасында қатар отырған Сал­пық биге бар денесімен бұрыла қарап:
«Иә, Апахан би, өркенің өссін,
өрісің кеңейсін,
Алла Тағалам көбейтсін алысы мен берісін», – дей келе:
Не көрмеді бұл қазақ,
Жері менен елі үшін?
Қанын төкті, шайқасты,
Азды-тозды сол үшін.
Қалмақтар кеп шапқанда,
Арғын-Найман атойлап,
Берген екен қолұшын.
Құда болып мыңжылдық,
Құйрық-бауыр асасып,
Жасайын деп өзіңмен
Келдім ана Албаннан
Бір жақсылық келісім», – деп тоқтап, сөзін ары жалғастырады. «Өзің жақсы білесің, Апахан би, біз бұрыннан сар-сүйек құдандалы елміз, сенің Жақыбай деген ұлыңнан бойжетіп қалған қыз бар екен, сол қызыңды менің ана інімнен туған, өзіме өкіл бала етіп, бауырыма салып өсірген жалғыз ұлым Әзікенге Құдай қосқан қосақ жалқының сыңары болсын деп құда түсе келдім, ендігі сөз өзіңде», – деп қысқа қайырыпты.
«О, Жаратқан Алла жар болса,
Ұл-қыз өсіріп бар болса,
Кеңір ме еді өрісім,
Бұтақтамай тар болса.
Мал қосылған төскейде,
Бас қосылған төсекте,
Өркен жайып келеміз
Албан, Суан бір туған
Ағайынды десек те.
Он екі болыс Албансың,
Қоя алмаймын жалған сын.
Жалғыз қызым
Нұржанды (Нұржамал)
Келін етіп алғансың.
Келін іздеп келісті,
Жалпақ жатқан Жалайыр,
Шапырашты, Дулатқа
Оқалы түйе бастатып,
Ақтылы қой айдатып,
Құдалыққа барғансың.
Алаламай аланы,
Үйір қосып үйірге,
Ауа кеткен жайылып.
Үйірімен жылқымды
Алдыма айдап салғансың.
Қыз жат жұрттық ежелден,
Жиеніме беремін,
Өзі келіп таңдасын», – деп шұбырта жө­нелгенде тыңдап отырған Қайранбай қажы-болыс иегін көтеріп: «Өрелі ой, ақтылы сөз айттың, ризамын өзіңе, бұйымтайым орындалды. Енді мен ауылыма оралайын», – деп қоштасып, атқа қонып, Текесті бетке алып, суыт жүріп кетіпті.
Көп ұзамай сол жылдың күзінде баласы Жақыбайдан туған Гүлжәмила атты немере қызын тоғыздан-тоғыз жасау жасатып, еншісіне қоралы қой, үйірлі жылқы айдатып, Қайранбай қажының өкіл ұлы Әзікенге ұзатыпты.
Әзікеннен Тоқтархан, Қаһарман деген екі ұл болған.
Мен бұл әңгімені 1954-55 жылдары Жақыбай бидің бәйбішесі, менің әжем Шаруан (ауылымыз мама деп атайтын) марқұмнан естігем. Шаруан әжем 1959 жылы қыс айында 87 жасында қайтыс болды. Әзікенге ұзатқан Гүлжәмила әпкеміз осы Шаруан әжемізден туған. 1955 жылы желтоқсан айында үлкен жездеміз Әзікен Қайранбай қажы баласымен дидарласып, әңгімелескенде, ол кісі де осы әңгімені ширата түскен еді. Үлкен әпкем Гүлжәмила 1961 жылы қайтыс болып, Алматыдан Текеске апарып, өз қолыммен топырағын торқаластым.
Әзікен жездеміздің баласы Тоқтархан бір­неше жыл Нарынқол ауданында халық­тық бақылау комитетінің төрағасы болып қызмет істеген, 1997 жылы дүние салды.


Әдепхан ТӨРЕХАНҰЛЫ,

«Ана тілі».

 

Пікірлер