«Ақ беті айдай жарқырап…»

4890
Adyrna.kz Telegram

«Қырық қыз» эпостық жырын 1907 жылы Ақтөбе облысының Ойыл ауданындағы қазіргі «Саралжын» кеңшарында дүниеге келген атақты жырау Қайролла Иманғалиұлы ел аузынан жазып алған. Сондай-ақ қарақалпақ тілінде де осыған ұқсас көлемді жыр бар екен. Қазақ жырында басты кейіпкер – Ханшайым аталса, оларда Гүләйім деп аталады. Алайда сөз саптаулары мен өзіндік ерекшеліктері бар аталмыш дастан қыздардың ер-азаматтардан қалыспайтын намысқойлығын, елжандылығын, сезімталдығын тілге тиек етеді.

«Қырық қыз» эпосында кездесетін жер-су аттарына тоқтала кетелік. Әмудария – қызыл сулы дария; Қожелі – ертедегі қала аты; Төрткөл – Хорезмдегі ежелгі қалалардың бірі; Қаржан тауы – Қазығұрттың бір тармағы.  Ерте ғасырларда өмір сүрген, аты аңызға айналған Бақтияр хан Бесқала маңын­дағы Төрткөл таудың Көкше жағындағы Қарабұлағын жайлаған екен. Алты ұлы бар ханның айтарлықтай сұлу, кербез, ерке Ханшайым есімді жалғыз қызы болады. Сөзге шебер, табан астында суырып салып жауап беретін Ханшайым батырлық іспен айналысады. Оймауыттың ойындағы Миялы деген жайлауды әкесінен қоймай сұрап, қалап алады.
Атасы берген қонысқа,
Тіктірді сайлап отауын.
Есігін үлкен ойдырды,
Есігінің бір жағын,
Он екі адам жиылып,
Зордан тіктеп қойдырды.
Он келілік құлыпты,
Есігіне ұрғызды,
Жайлаудың биік жерлерін,
Тегістеп әбден сүргізді.
Ел аралап жүріп қырық қызды таңдап жинайды, оларға түрлі жауынгерлік өнер үйретеді. Алысудың айла-амалдары мен түрлі қимыл-әрекеттерді меңгеруге баулиды. Тау арасына барып құрал-саймандармен соғысудың түрлі әдісін көрсетіп, қыздарға үлгі бола білді. Белдерін бекем буып, ерлерше киінген қыздар 20-20 болып екіге бөлініп, өзара семсерлеседі, қылыштасады. Сөйтіп жүргенде, астындағы аты Хан­шайымды алып қашады, әлденені сезгендей мазасызданып, жер тарпиды.
– Он тоғыз ай Миялыдай жайлауға берік қорған салдырдың, найзаларды қарағайға саптадың. Алты ай бойы арғымақты баптадың. Сенің Ақтаңгерің алдағы болатын оқиғаны сезіп тұр. Бес жылдан бері үш мың әскер қолы бар қалмақ біздің жерімізді басып алуға әзірленіп жатыр. Соның хабарын саған ескертіп тұрған болар, – деп қырық қыздың ішінде Қарашаш есімді қыз сәуегейлік айтады. Осыдан кейін қыздар соғыс ісіне деген жаттығуларын, тыным таппай, одан әрі күшейтеді.
Бірде әкесі Бақтияр елге ас бермек болып, келінін жұмсап, қызы Ханшайымды қасына шақыртады. Тойға барған кезде қыздар жігіттерден қалыспай көкпар тартады. Ат жарысына қатысатын кезде Ханшайымның тұлпары тағы да ерекше мінез танытады.
Қайта-қайта кісінеп,
Қара жерге жануар,
Қайрап басты тұяғын.
Мойнын төсеп сұлуға,
Ашты көңіл бұлағын.
Осыдан кейін дүбірлі додаға қатысуға ниеттенген жылқының айтпағын түсінген Ханшайым ауылдан бір баланы атшабар етіп алады.
Атшабарға Ханшайым,
Жақсы киім кигізді.
Бір дорба май сөк жегізді,
Жаңағы келген баланы,
Көтеріп атқа мінгізді.
Он күншілік жерге кеткен 95 жылқының ішінен Ханшайымның жылқысы мәреге бірінші болып жетеді.
Ханшайымдай сұлудың,
Кәмшат киіп басына.
Гауһардан жақты қойдырып,
Арқа қаптал тұсына,
Екі көздің жанары,
Суда жатқан гауһардай,
Тістерінің ажары,
Қатар тізген маржандай.
Талшыбықтай бұралып,
Ақ беті айдай жарқырап,
Көрген кезде сымбатын,
Жігіттер тұрар қалтырап, – деп жырда суреттелгендей, қыздың сұлулығына, ақылдылығына елдегілер қайран қалысады. Қырық қыз той-тойлап жүрген кезде Ханшайымға Жүрім мен Сәйеке деген жігіттер ғашық болады. Бірінен-бірі қызды қызғанып жүріп, олар соңында төбелесіп, пышақтасып, бірін-бірі өлтіреді.
Ханшайым бәйгеден алған олжасын Төрткөлдің халқына таратады, түйе, биелерді сойдырып, елді тойдырады. Осыдан кейін аттарын шынықтыру үшін қияда жатқан шөлге аттанады. Қыздар кеткеннен кейін қалмақтың залым ханы Қараша бейбіт жатқан елге шабуылдайды. Бірнеше күн бойы ойрандап болған соң, қара қасы қиылған, оймақ аузы ойылған Ханшайым сұлудың дидарын көруге ықыласы кетеді.
Биік тауда аттарын баптап, сан алуан жаттығулар жасаумен шұғылданып жүрген қыздар елдегі жағдайдан хабарсыз еді. Шағырлының тауында ұйықтап жатқанда Ханшайым қырылып қалған адамдарды, бұзылып, қирап жатқан үйлерді түсінде көреді. Дұшпанның ойран салғанын іштей сезді.
Түлкі жортпас түлейден,
Түнде жүріп келеді.
Қаршыға ұшпас қалыңнан,
Қарайып өтіп келеді.
Осылайша жырда қалмақтан кек алуға шыққан қыздардын жүрістері тым суыт суреттеледі.
Іздеп жолды табайық,
Халықты азат қылайық, – дейді Ханшайым қыз. Тынбастан жеті күн, жеті түн жүріп отырып, олар Дербент тауына жетеді. Қараша ханның сансыз әскеріне қарсы шабуылды бастап кеп жібереді.
Қызды соғыс майданы,
Атыс-шабыс күшейді,
Шақпақ оттар шағылды,
Кесті жүзі қылыштың,
Небіреулер құлады,
Небіреулер сұлады.
Қыздар кейін қайтпады,
Болдырса да майданда,
Шаршадым деп айтпады,
Қыздардың батыр екенін,
Қалмақтар анық байқады.
Қараша хан әскерінің қырық мыңы қаза табады. Соған қарамастан жау тағы да жасақтарын жаңадан әкеліп қосып жатты.
Әскерлердің біразын,
Таспен ұрып өлтірді.
Біраздарын балықтай,
Найза ұшына ілгізді.
Дұшпанға ерік бермеді,
Жарқылдап өткір қылышын,
Жауға қарсы сермеді, – деген ұзын-сонар жырда қырық қыздың ерліктері ерекше сипат алады. Қарсыласқан қалмақтар өз жауынгерлерінен мың-мыңдап айырылып жатады. Сондай-ақ жекпе-жек шайқаста да қыздар айтарлықтай күшті, қайратты, қажырлы болып шығады. Қыздардың ел қорғауға деген ықыласы зор екен. Мысалы, қалмақтың Күнқағар деген батырымен айқасқан кезде Ханшайым ұрандатып, бойына мықты рух дарытады. Ақырында жауды аяусыз қырып болып, Ханшайым Қараша ханның басын алады. Қиян-кескі жеті күнге созылған ұрыс барысында Ханшайым Алшора есімді батырмен танысады. Екеуі бірлесіп жауды жеңіп, Кушан деген қалада жеңістерін тойлайды.
Жырдың соңында Ханшайым мен Алшора отау құрады, олардың Білеу деген ұлдары болады. «Білеу» деген қорған соғады, білеулі халқы көбейіп, мұраттарына жетеді.


Нұрлан ҚҰМАР,

«Ана тілі».

 

Пікірлер