Жанармайды жыл сайын қымбаттаудан басқа шешім жоқ па?

2583
Adyrna.kz Telegram

Кешелі бері еліміздегі бірқатар жанармай бекеттерінде жанармай бағасы қымбаттады. Бұған себеп әрине 2020 жылдан бастап жанармай акцизі яғни жанармай салығының 10 -12 теңгеге өсірілуі. Бізде неге жыл сайын жанармай қымбаттай береді? Енді Үкімет бюджеттің бүйірін жанармай акцизін қымбаттату арқылы толтыруға көшті ме?

Экономика ғылымының докторы, прфессор Жаңабай Алдабергеновтың айтуынша, қазір көрші Ресейдің өзі жанар-жағармай өнімін ішкі нарықта үнемдеп жұмсап отырған тұс..

«Ресейдің мұнай газ өндірушілерінің президенті Генадий Шмаль нарықта жанар-жағармайды барынша үнемдеп пайдалану керектігін жиі айтып жатыр. Тіпті көктем шыға Ресейде жанармай бағасы 10-15 пайызға қымбаттайтынын да жасырмады. Сондықтан Ресей мұнай өнімдерін пайлануға әлеуметтік норма енгізуді де жоспарлап отыр. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арнап талондар шығару, күніне 50 шақырым жүретін көліктерге 150 литрге дейін ғана жанармай беру мәселесі қазір Ресейде қатты талқыланып жатқан тұс.  Жалпы, Қазақстан жанар-жағармай нарығындағы 40 пайыз тапшылықты Ресей арқылы толықтырады.  Ал көрші елдің жанар-жағармайын өзіне жеткізе алмай үнемдей бастауы бізге де әсер ететіні даусыз.»,-деді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов.

«Бірақ бізге тапшылық орын алады. «Өнім қымбаттайды» деп отыруға тағы болмайды. Мұнай кеніштерін күрделі жөндеуден өткізу заман талабы» деседі мамандар Бұған қатысты маманның айтуынша, біздегі мұнайдан жанар-жағармай алудың технологиялық әдісі жетілуі үшін заманға сай күрделі жөндеулер жүргізілгені дұрыс.

«Біз үнемі жанар-жағармай тапшылығымен бетпе-бет келеміз. Қазір әлемдік нарықта мұнай бағасы бүрынғыдай қымбат емес, бірақ  Қазақстандағы жанар жағармай өнімі сол қымбат күйінше қалып отыр. Себебі біздің мұнайдан өнім алу технологиялық әлеуетеміз төмен. Осы технологиялық базамызды жетілдіргенде бензин бағасы да тұрақталатын енді»,- дейді ғалым Жаңабай Алдабергенов.

Жоғарыда сөз еткеніміздей, қазір Ресейде жанармай тапшылығы туындап отыр. Себебі көрші ел де біраз кеніштерін мұнай өңдейтін зауыттарын модернизациялаудан өткізуді жоспарлап отыр. «Ал мұндайда бізге Қытай көмекке келе алуы әбден мүмкін» дейді мамандар.

«Бізге  жанар-жағармай нарығында Ресейге деген тәуелділіктен арылу үшін Қытаймен арадағы әріптестікті нығайту керек. Қазір Қытай инвесторлары еліміздің кен орындарына көптеп инвестиция салуға бейілді. Осы орайда біздің Қытаймен арадағы келісім бар. Бұл келісім бойынша Қытай толлинг жүйесімен өз мұнайымызды қайта өңдеп өзімізге арзанға сатуы үшін біз ол елге 1 млн тонна мұнай айдаймыз. Қытай елі оны Қазақстанға қайта өңдеп арзанға сатуы тиіс болатын.  Дегенмен бұл мәселе әлі толыққанды шешіле қойған жоқ. Себебі Павлодар мұнай өңдеу зауытының технологиялық ауқымы тек Сібірдің жеңіл мұнайы өңдеуге негізделген. Павлодарға Сібірдің кен орнынан тікелей арнайы құбырлар тартылған. Ал Қытай мен арадағы толлинг жүйесін шешу үшін құбырлар тарту жағы басы ашық мәселе күйінде қалып отыр. Осылайша техникалық әлеуетіміз жарамсыз болып отыр. Болашақта осы мәселе шешілсе, жанармай тапшылығы да, қымбатшылығы туындамас еді. Сондықтан бізге келешекте Қытайдың инвестициялық әлеуетін осы мәселені шешуге пайдалану керек болады»,-дейді ғалым Жаңабай Алдабергенов.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

.

Пікірлер