«Адырна» «Нұр Отанның» бас жүлдесін алды

2353
Adyrna.kz Telegram

«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының шілде айында жариялаған «Тілге құрмет — елге құрмет» байқауының жеңімпаздары анықталды. Естеріңізде болса, бұл байқау бес номинация бойынша үздік журналистер мен интернет порталдарды анықтаған болатын. «Адырна» ұлттық-этнографиялық порталы «Мемлекеттік тілдегі ең үздік интернет жоба» аталымы бойынша топ жарды. Жеңімпаздарды «Нұр Отан» ХДП-сының хатшысы, саясаттанушы Ерлан Қарин өз қолымен марапаттап, арнайы сыйлықтарын табыс етті. 

Биыл бұл дода тіл мерекесі қарсаңында төртінші рет ұйымдастырылуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарияланған конкурсқа қатысамын деушілер республиканың барлық аумағынан табылған. Сөйтіп, байқау комиссиясының қарауына 300-ге жуық материал ұсынылыпты. «Олардың ішінде ең көбі баспа шығарылымдарының басылымдары, сонымен қатар теле және радио бағдарламалары», дейді «Нұр Отан» ХДП-ның қызметкерлері. Сондай-ақ өтініштердің саны бойынша екінші орында 50-ге жуық өтініш білдірген «Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі үздік жоба» аталымы тұр. Ал «Мемлекеттік тілге қолдау көрсетуге және насихаттау ісіне үлес қосқан үздік ұйым» аталымы бойынша 20-дан астам мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар өтініш білдіріпті. Есесіне «Мемлекеттік тілдегі үздік интернет жоба» аталымы бойынша ең аз өтініш түскен. Дегенмен, байқауды ұйымдастырушылар бұл аталым бойынша қатысушылардың саны өткен жылға қарағанда көбірек екенін айтып отыр. Демек, қазақ тілі өз шекарасын интернет-кеңістікте де белсенді кеңейіп жатқандығын дәлелдейді.

Сыйақылар мен дипломдарды партия хатшысы Ерлан Қарин табыстап, «Нұр Отан» партиясы өзінің бағдарламалық құжаттарында мемлекеттік тілдің орнын ерекше айқындап, елді және халықты біріктіруші басты факторларының бірі ретінде қарастыратынын айта кетті.

Байқаудың жеңімпаздары: «Жас қазақ үні», Теміртау қалалық «Құрыш қала» газеттерінің, «Қазақстан» телеарнасының Көкшетау, Өскемен қалалық бөлімдерінің, «Астана» радиосының журналистері, сонымен қатар «Адырна», «Қасым.кз»  интернет порталдары, «Айгөлек» журналы редакциясы және басқалар.


Сандуғаш СҰЛТАНҚЫЗЫ

 

 

Пікірлер