Қайран, Мейірхан ағам - ай...

1016

Арқадағы атақты Қоянды жәрмеңкесінде Біржан сал келіп «Айтпайды» айтпай сауық ашылмайды екен. Сол әнді біз ес білгелі дүлдүл әнші Мейірхан аға шырқайтын. Әннің киесі сол кісінің бойына толық қонғандай көрінетін! Арқадағы салтанатты жиындар да Мейірхан сері келіп «Айтпайды» шырқамайынша шымылдығын түрмейтін! «Базарың құтты болсын, ардақты елім» деп әуелете ән басталғаннан кейін барып жиын-думанның шырайы кіретін.

***

Арқадағы дәстүрлі ән өнерінің озық тұлғасы Мейірхан аға еді! Кешегі Біржан, Ақан, Мәди, Жүсекеңдерден үзілмей жеткен асыл мұраны көзінің қарашығындай сақтап, киелі өнерге кір шалдырмаушы еді! Қазақ әнінің қасиетін жан жүрегімен сезініп, көрінген жерде ән айтпайтын бекзат болатын. Талғамы мен таланты бірдей өнерпаз ретінде бізге үлгі-өнеге бола білді. Сол Арқадағы үлкен мектептің тұтас бір дәуірі бүгін сізбен бірге көшіп бара жатқандай. Шәкірттеріңіз бар, соған жұбанамыз. Таспада үніңіз, тарихта аяулы атыңыз қалды, соған алданамыз. Бүгін Қарқаралының қызыл арша домбырасының «Шектері жетімсіріп ызыңдап тұр...»

***

​ «Шайтанкөл» әніңіздің өзі неге тұрады! Серік ағамыздың ғажап әнін енді кім шырқайды, енді кім сіздің мәнерлі дауысыңызды қайталайды? Қайран, Қарқаралы топырағы тағы бір ардагер тұлғасынан айырылды. «Бір Қасым сыйған қабірге, мың топас сыяр еді ғой...» Сіздің төрдегі үңірейіп қалған орыныңызды кім толтырады?

***

Бірде филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов үлкен той жасап, аталған басқосуға Арқадағы сал-серілердің бәрі жиналды. Банкетті ақын Сәттібай екеумізге жүргізу тапсырылды. Төрде Мейірхан аға мен Жақсыгелді аға отыр. Әнді ағалар бастап берсе деп едік, қос ұстаз қозғала қоймады. Мейірхан ағаның табиғаты сол, елп ете түспейді. Шәкірттері Ерлан Төлеутай, Ерлан Құжиман, Құрмаш Ыбыш, Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркен, Ержан Базарбек, не керек сайдың қызыл тасындай інілері әнді бас - көз жоқ ешқашан бастап кетпейді. Жоқ, жүрексініп емес, ағаны, ұстазды құрметтеп ешкім домбыраға қол созбайды. Керемет сурет. Озық дәстүр. Ежелгі әдеп.

Ағасының бабы келмей отырғанын сезе қойды ма, бір кезде Ерлан аға Төлеутай бастады ғой деймін, әнші інілері бірінен соң бірі құйқылжысын келіп! Қос ұстаз іштей разы, бірақ желкілеп кетпейді. Өздерін салмақты ұстап бақты. Төргі үстелде емтихан қабылдағандай інілерінің шабысын бақылап отыр. ​
Ән аруақтандырмай қойсын ба, шәкірттері толық ән айтып болған соң Мейірхан аға мен Жақсыгелді аға да сахнаға қарай беттеді. Ән айтты. Шырқады. Ерекше шабыт. Басқаша мәнер. Тосын бұрылыс. Баяу тыныс. Мүлде басқа тарап.

Міне, ұстаз дегем сонда!

***

«Шайтанкөл» әні біздің үйде күніне бір рет шырқалмаса шайымыздың дәмі келмейтін. Әкемнің «коронкасы» осы ән! Мейірхан ағаның жан дүниесі ақын еді... Соңғы сөйлескенімізде: ««Адырна» журналына шыққан келін екеуіңнің топтамаңды оқыдым. Бас бәйгені сендерге беріп отырмын», деп риза дауысымен емірене тілек айтып еді. Әрине, өссін, жетілсін деп демеп жатқанын сезініп тұрасың. «Домбыра» атты кішігірім дүниеме де арнайы қоңырау соғып: «Жиенжан, домбыраға ғажап тіл бітірдің» деп, дәстүрлі ән мектебі туралы, қазіргі әншілердің әнді бұзып жатқанын, ақын-жазушылардың да өнерге атүсті қарайтын болып кеткенін, дұрыс деген әншілердің өзі әннің мәтінін түпнұсқамен айтпайтынын, дәстүрлі әншілер осылай болғанда, эстрадаға не жоқ деп біраз қынжылып сөйлеген.

Қайран дүние, сізден де көшті.

Алтын ағалар бірінен соң бірі кетіп жатыр. Ауыр қаза... Иманды болыңыз...

Мирас Асан

Пікірлер