Бүгін Дінмұхамед Қонаевтың туған күні. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері 1912 жылы 12 қаңтарда дүниеге келген. Осыған орай біз Димаш ақсақалдың көзін көрген қоғам қайраткері Кеңес Аухадиевпен сұхбаттастық...
- Кеңес аға, кезінде Орталықтың (Мәскеудің) Қонаев кадрлары арасында алғаш, тікелей сізге шүйлігуіне не себеп болды? Кешегі болған оқиғалардың бәрі бүгін тарих. Тарих шындыққа басымдық береді. Ал біз ақиқатты өз аузыңыздан естігіміз келеді.
– М.С.Горбачевты СОКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлаған пленумға мен де қатысқанмын. Ертесіне, елге қайтуға жиналып жатқанымда, Димекеңнің (Д.А.Қонаевтың) көмекшісі "Сізді бірер күнге Мәскеуде қалсын" деп, Қазақстанның бірінші басшысының бұйрығын жеткізді. Содан, ертесіне Димекең бастаған топ, Әшімов, Назарбаев, Әуелбеков, Демиденко, мен, жиынтығы оншақты адам болып, Горбачевты құттықтап, кабинетіне кіргенбіз. Көңілі орнына түсіп, арқа-жарқа болып отырған Бас хатшы Димаш Ахметұлының қолынан қысып, бәрімізбен сәлемдесіп болған соң: Димаш Ахметұлы – біздің алтын қорымыз, оны бағалай біліңіздер" деп, жылы-жылы сөйлеп, арқадан қағып шығарып салды. Горбачевтің жаңағы сөзіне қарағанда Қазақстан басшылығында таяу арада өзгеріс бола қоймайды деген ойға келдік.
Алайда арада алты ай өтпей жатып Орталықтың Димекеңе қырын қарап сөйлей бастағаны байқалып қалды. Партия басшылығына келген Горбачев пен Лигачев партияның басқару бағытын өзгертіп, Орталық Комитеттен бұрын болмаған нұсқаулар мен тексерулер түсіп, "Партия қатарына қазақтардан адам көп алынады немесе билік басында жүргендердің ішінде қазақтардың үлес салмағы басым" деп, Димекеңе қырын қабақ танытатындарын анық байқатты. Қысқасы, Қонаевқа жақын жүргендердің ішінде мен де болдым. Мәскеу соны түсінді, маған тікелей шүйлігуінің басты себебі – сол.
– Жас, болашағынан үміт күттіретін маман ретінде сізді сақтап қалуға Қазақстан басшылары тарапынан әрекеттер болған жоқ па?
– Осы кезде Мәскеуде "Республика басшылығында көп отырып қалғандар бар" деген сөздер жиі айтылып жүрді. Соңында біз сияқты үлкен қызметте жүрген жас кадрлармен жеке-дара әңгіме жүргізу процесі басталды. Менімен жеке сөйлескен СОКП ОК ұйымдастыру бөлімінің орынбасары, Орта Азия және Қазақстан бойынша сектор бастығы Могиличенко, Мищенколар: "Сендер жассыңдар. Шалдар жол ашып, орын босатуы тиіс", деп ішке бүккен ниетін жұқалап жеткізе бастады. Маған олардың сөздері арандату секілді көрінді.
Арада бір ай өтер-өтпес уақытта Димекең: "Лигачевтің алдында үстіңнен жазылған арыз бар екен. Олар "өзіңіз қараңыз, әйтпесе сіздің де жауапкершілігіңізді қосып, Орталықта қараймыз. Қысқасы, сені қызметінен босат деп отыр", – деді.
Мен ол екеуінің менімен қалай сөйлескенін айтайын деп оқталдым да "сөз тасыған болмайын" деп, өзімді-өзім тежедім.
Содан көп ұзамай Ақмолаға келген Горбачевтің Димекеңе қырын қарағанынан, тіпті сөйлеспек тұрмақ, қатарласып жүргісі келмейтінін байқатқан оғаш мінезіне қарап, Бас хатшының Димаш Ахметұлына деген көзқарасының мүлдем өзгергенін түсіндім.
Сонымен, 1985 жылдың 23 қыркүйек күні Қазақстан Компартиясы ОК бюро мәжілісінде менің мәселем қаралып, Димекеңнің қол қоюымен қызметтен босатылдым. Қанша қиын болса да, ол кісіге өкпе білдірмедім. Димекеңді сыйлағандықтан және өзінің де қысылып тұрғанын ұққандықтан оғаш қылық көрсетіп алмауға тырыстым.
– Өзіңіз айтпақшы, елуге толар-толмас шағыңызда биліктен қол үзіпсіз. Оның себебі түсінікті. Бірақ тәуелсіздікке қол жеткен алғашқы жылдары да, соңғы жылдары да қоғам аренасынан сіздің есіміңізді жоғалтып алдық. Неге, әлде өзіңіз қоғамдық өмірге бел шешіп араласқыңыз келмеді ме?
– Мені облыстық партия комитеті хатшысы қызметінен босату туралы қаулыға Димекеңнің өзі қол қойғанмен, оның Мәскеудің бұйрығы екендігі белгілі болып қалды. Кейін, қатардағы маман ретінде төмендетіліп, шаруашылық жұмыстарына жіберілдім. Содан, өзіңізге белгілі Желтоқсан оқиғасы бастала салысымен Орталық тағы да маған шүйліге бастады.
Сол жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, республикалық және облыстық прокуратураларға бірталай рет "жауап беруге" шақырылыппын. Содан кейінгі жағдайды өзің білесің, сол кезде қызметте емес, зейнетте, үйде отырған Асекеңді (Асанбай Асқаровты) отырғызып қойды, ол өзінің өмір жолын "Тағдыр" деген кітабында бастан-аяқ баяндаған. Өзінен асып мен не айта аламын? Алайда төрт жарым жыл өмірін бәлеқорлардың кесірінен тас қапаста өткізген Асекеңнің қажыр-қайратына әлі күнге дейін тәнтімін. Асекеңнің басына түскен қиындық мені көп жайттарды қайта зерделеуге түрткі болды.
Көп ұзамай мен жұмыс істеп жүрген "Главриссовхозстрой" мекемесінің партия ұйымына мен Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жүрген кездегі кемшіліктерім туралы, оның ішінде "жоғарғы оқу орындары студенттерінің қатарына қазақтар көп алынғанын, олардың басшылығында қазақтардың пайыздық үлесі көбейген деген астыртын мәліметтер" түсіп, менің партиялығымды қайта қарауды өтініп, облыстың сол кездегі бірінші хатшысының ауызша түрдегі "Партия қатарынан шығарылсын" деген нұсқауын қоса жіберіпті. Мен жұмыс істейтін, құрамында 200-ден астам коммунисі бар бастауыш партия ұйымының хатшысы Сюриков: "Бізге келгелі 1,5 жылдай уақыт болып қалды. Партия қатарынан Аухадиев жолдасты шығаруға ешқандай себеп көре алмай отырмын" деп үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, оны барлық коммунистер бір ауыздан қолдады.
Тәуелсіздікке қол жеткен соң мені ешкім мемлекеттік-саяси қызметке шақырған жоқ, мен де ешкімнің алдына "мені ескеріңдер" деп барған емеспін. Мен қызметтен кеткенде "Құдай ешкімнің есігінің алдына апарып отырғызбасын" деп мақсат қойдым. Саяси күрес пен билік үшін күрес белең алып тұрған тұста, "Сіз республиканың ең биік басқару эшелонында болдыңыз, сіз бізге қосылсаңыз болды, қара жұмысын өзіміз-ақ атқарамыз", – деп мені өз тобына шақырушылар да болды. Бірақ олардың бірде-біріне ыңғай бермедім, одан елге, ел бірлігіне пайда келер-келмесіне анық көзім жетпеді.
– Сіз қызметтен ерте кету арқылы экономикалық бостандыққа да жас кезіңізден, ерте қол жеткізген шығарсыз...
– Оған сөз жоқ. Егемендігімізбен бірге маған ғана емес, қазақстандықтардың бәріне экономикалық бостандық берілген жоқ па? Мен жүрген жерлерімнің бәрінде осы сөздерге басымдық бере айтамын. Тіпті Димекеңнің өзі оңашада, тек сыр сақтай алатын жолдастарының ортасында "егеменді ел болсақ, көп нәрсе өзімізде шешілер еді" дейтін еді.
– Естуімізше, жергілікті ұлттардың (қазақтардың) Алматыға тіркелу мәселесі сіз Алматы қалалық атқару комитетінде басшылықта жүрген кезде біршама жеңілдетілген көрінеді...
– Мен қалалық атқару комитетінде қызметте жүргенімде, менің қабылдауыма бір қазақ ақсақалы келіп, өз баласын өз үйіне тіркете алмай жүргендігін, ал "Сібірден келгендер оп-оңай тіркеліп алатын көрінеді" деп арыз-шағымын жеткізді. Осы әңгімеге дейін паспорт тіркеу орындарында, үй бөлу мекемелерінде жергілікті алматылықтардың мүддесін қорғайтын табанды адамдар табыла қоймайтын. Төлқұжатты тіркеу мекемелеріне жайғасып алған өзге ұлт өкілдері: "Әкесін тіркетіп алған соң, қазақтар артынан үй сұрайды" деген әңгімелер де шығара бастағанмен, жоғарыдан келіп жатқан пәрменге қарсы тұра алмады. Сөйтіп, ұзақ жылдар бойы Алматыны қазақтандыруға қарсы бағытталған кедергілер бірте-бірте жойыла бастады.
Алматының 1980-1985 жылдардағы келбетіне мен жұмыс істеген Алматы құрылыс комбинатының еңбегі қыруар екендігін естен шығаруға болмайды. Бұрынғы үй салу әдістерінен кейінгісі, бұрынғы жобаларынан соңғысы жетілдіріліп отырды. Сол кезеңдерде тікелей менің нұсқауыммен пәтерлердегі ас үйдің көлемі ұлғайтылып, оның ауасы тазартылып тұруы үшін ас үйден балкон шығару ұсынысы жобаға енген болатын.
– Сіз ұзақ жыл билік эшелонында болдыңыз. Сол кезде өзіңізді өмір бойы өкінішке қалдырған ағат қылықтарға бой алдырғаныңыз немесе соңыңыздан сөз ерген кездер, өзіңіз сол үшін қазір ұялатын сәттер орын алды ма?
– Меніңше, әрбір пенде елуге келген соң ғана соңына қарап, "өмірімді қалай қалыптастырдым" деп ойланатын тәрізді. Мен өз басым, тіпті жолдастарыммен қалжыңдассам да, әрбір сөзіме есеп беретіндердің қатарындамын. Сондықтан мені қатты ұялтатын, тіпті өзің айтпақшы, "ар алдында мазалайтын жайттарды" еске түсіре алмай отырмын.
– Кезінде салынған үлкен Алматы каналы (ҮАК) "сол қоғамның ғана қажетін өтеді. Ал оның құрылысы қаланы ылғалдандыру, суармалы алқапқа айналдыру мақсатында ғана жүргізілді, қазір кенері кеуіп бос жатыр" деген әңгімелер бар. Сонда құны 30 миллион сомға (рубльге) бағаланған нысанның Алматы облысы аудандарын суармалы алқапқа айналдыру мәселесінде шынымен оның қажеті болмағаны ма, әлде ол да "Қонаев дәуіріне" деген көзқарастың құрбанына айналды ма?
– Үлкен Алматы каналы туралы сұрағыңның өзі ойқаштау екен. Сендерде де кінә жоқ. Димекеңнің басына қара бұлт үйірілген кезде Орталық тарапынан "Алматы тау етегіндегі сұлу қала, оның көркіне тек қана өзен жетпейді, канал сол үшін ғана салынды" деген оғаш пікірлер айтылып жүрді. Сол заманның, канал құрылысын басталу тарихының ақ-қарасын айырып бере алатын адам да қалмай бара жатыр. Бұл канал Алматы облысының Шелек ауданынан Еңбекшіқазақ ауданы, Талғар ауданы сияқты бірқатар аудандардың жерін суландыруға бағытталған. Өйткені сол аудандарда кепілдендірілген су көзі жоқ. Мысалы, Шелекте темекі көшетін отырғызу үшін таудағы қардың еруін күтіп отыратын. Қазір сол аудан тұрғындары үлкен Алматы каналы арқасында су тапшылығын ұмытты десе де болады. Қазір сол аудандарға жолым түсе қалса, көз көрген тұрғыластарым, ауыл тұрғындары Үлкен Алматы каналының құрылысы өткен ғасырдағы қазақ ауылдары игілігіне жасалған жақсылық, біз мұны "Димекеңнің көзі" деп, көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Өйткені канал келген соң агротехникалық режимді бұзбай, егістікті дәл суаратын мезгілден кешіктірмейтін болдық. Соның нәтижесінде өнім сапасы да жоғарылады " деседі.
– Аға, сіз Қонаев атамыздың қай қасиетін сағынып, еске аласыз және Қонаевтың азаматтық болмысын іздейтін және іздегеніңізді таба алмай, жаныңыз жабырқайтын сәттеріңіз бола ма?
– Менен қандай жауап күтесіз? Сіздер, журналистер қауымы сондай қитұрқы сұрақтарға құмар екенсіздер. Дегенмен жауап беріп көрейін.
Шығыс философтарының бірі "Егер адам баласы өзінде бар дүниені қанағат тұтып, өз дүниесі өзіне жететіндігін сезінгенде ғана дүниенің жалғандығын жеңе алады" деген екен. Мен осы тіркестер Димекеңе арналған ба деймін. Ол кісі зейнетке шыққан кезде саяжай тұрмақ, жеке көлігінің болмағанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.
1985 жылғы Қазақстан Компартиясының ХVІ-съезі мен 1986 жылдың желтоқсанына дейінгі аралықтағы "байбаламдар" Димекеңнің жүрегінен қан тамшылатып, өртеп-күйдіріп, санасын тілгілеп жатты ғой. Бірақ Димекең шыдады бәріне. "Мен адалмын, оттай бермеңдер" деп жайбарақат отыра берген сияқты. Сонда да еңбегін бұлдап, ешкімге өкпе артқан жоқ. Көзі жұмылғанша "Қалың орманда тек биік қарағайдың ғана басын жел шайқайды, халқыма өкпем жоқ" деуден танбай кетті. Димекең туралы бір сауалдан бір сауал туындатып, бір құпиядан бір құпияға тереңдей берсең, "Әулие екен ғой" деген сөз аузыңа түседі...
– Аға, мен сіздің "Өмір жолы тар соқпақ..." атты ғұмырнамалық мемуарыңызбен танысып шықтым. "Мемуар әдебиеттердің авторларының басым көпшілігі өзінің тұлғасына басымдық береді, сондықтан оны тарихтың бір үзігі деп қабылдауға болмайды" деген пікірлер айтылып қалады. Сіз ода әдебиеттерді тарихтың бір үзігі деп қабылдай аласыз ба? Және келер ұрпақ та солай қабылдайды деп үміттенесіз бе?
– Сөзіңнің түйірі бар. Бірақ қарсылығым да бар. Қазір архив жүйесі дегеніңіз жұмысын әлсіретіп алды ғой... Қоғам қайраткерлерінің бірі "жазған-сызғанын тарихта қалсын" деп архивке өткізіпті дегенді естіген емеспін.
Біздің бастан өткерген, сүріп жатқан кезеңіміз "өтпелі кезең" деп аталып кетті. Өтпелі дүние де өте шығар, бірақ сол дәуірде өмір сүрген біздердің іс-әрекетіміз бен ой-өрісімізді келер ұрпақтың білгені жөн. Өйткені өтпелі кезеңде адамдардың іс-әрекеті, қабілеті мен білімі, ұлтжандылығы мен тайсақтығы тарихи сынға түседі. Саясат аренасында азаматтық болмысты сақтап қалу жолындағы күрес – өте күрделі, қайшылықты күрес. Оған бәлкім, біздер, кесімді сөз айта алмаспыз. Ең дұрыс бағаны болашақ ұрпақ береді. Біздің күресіміз бен еңбегіміздің жемісін жейтін не қасіретін тартатын да солар...
– Қаланың байырғы тұрғындары "1970 – 1990 жылдарға дейін Алматы қаласының сәулеті бір композицияға бағынған, таудан ескен самал қаланы бір мезгілде есіп өтетін архитектуралық ансамбль еді" деп еске алады. Соңғы жылдардағы өзгеріске көңіліңіз тола ма? "Алматы шығыстық келбетінен айырылып бара жатыр" дегенді Алматының байырғы тұрғындары көп айтады.
– Алматының ауа райы өзінің табиғи ерекшелігіне тікелей байланысты. Алатаудың басынан Қапшағайға дейінгі аралықта шөлейт аймағыңда, таулы қыратың дейсің бе, табиғаттың барлық түрі кездеседі. Мысалы, тау басында мұз жатса, оның етегі қалың қарағай, одан төменде бау-бақша, одан төменде шөлейт пен құмдауыт. Мәңгі мұздан шыққан суық ауа төмен қарай төмендесе, ыстық ауа өрге көтеріледі. Қала құрылысын салған кезде осы ерекшеліктер ескерілмей, біраз қателіктерге жол берілгені рас. Мысалы, қазіргі Ұлттық кітапхана Абылайхан көшесіне келетін тау самалын бөгеп қалады. Алматы құрылысының ұлттық нақышта өсіп-өркендеген кезі – жетпісінші жылдардың басы мен сексенінші жылдардың орта шеніне тура келеді. Дәл сол тұста Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы болып жұмыс істегенімді мақтан етемін.
Алматы үйлерін әдемі бір әуенге бағынған ансамбль десек, сол ансамбльдің құрылымын жетілдірген, әуезді, ұлттық әуенге бағындырған басты тұлға Қонаев болғаны даусыз. Алматының көркін әлемдік деңгейге көтеруде Қонаевтың еңбегін дәлелдеп жату артық, тек елдің есіне сала өтсең ғана жеткілікті. Димекең "Арасан" моншасын мен Алматы обкомының бірінші хатшысы болып жүргенде салдыртты. Өзінің тіке сөйлеп, көңілге дақ қалдырмайтын жұмсақ мінезімен сәулетшілерден:
– "Сендер Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауидің моншасын көрдіңдер ме?" – деп сұрағаны есімде. "Көрдік, соның құрылысын ескердік" деген жауапқа көңілі толмай: "Тағы көрсеңдерші!" дейтін. "Соған ұқсатып салыңдар, өзіміздің шығыстық мәнерде салынсын", – деп тікелей бұйрық берген жоқ. Өйтсе, мамандардың тірлігіне жөн-жосықсыз араласқандық болса, екіншіден, сырт көзге ескілікке, ұлттық нақышқа іштартқан болып көрінер еді. Соның бәрін іштей таразылап, ойын ыммен, емеурінмен ғана білдіретін. Өзінің де бағынышты басшы екенін, бодан елдің көсемі екенін о кісі де іштей ұғып, бәрін өлшеп-пішіп отырады екен ғой.
– Сонау 1980 жылдары Қонаевтың тікелей араласуымен "Алматыда метро салу туралы СОКП Орталық комитетінің қаулысы шыққан" деген дерек ара-тұра болса да айтылып қалады...
– Рас, ондай қаулының шыққаны рас. Бірақ Димекең: "Метроны бастасақ, ешбір бөгелмей, уақытысында аяқтау қажет. Өйткені Алматы жер асты топырағы тау етегі болғандықтан, байланысы нашар, бос", – дейтін.
Жер сілкінісі жиі болып тұратын Алматы үшін метроны жеделдетіп қана салу қажет екенін ол кісі болжап, білген екен де. Сөйтіп, Димекен Алматыда метро салу туралы Орталықтың қаулысын шығаруға қол жеткізді. Метроға байланысты Орталықтың қаулысы шыққан соң құрылысты бастауға дайындық жұмыстарын жүргізе бастадық. Стансалардың орны, атына дейін белгіленді. Бірақ құрылысты бастайтын кезде басына күн туып, қызметтен шеттетілді.
– Қазір кеше мен бүгінді жалғастырып тұрған "дәстүр сабақтастығы" деген бар ма өзі? Аға ұрпақ өкілдері өткенді аңсайды, кейінгі толқын артқа қарайлауды қажетсінбейді. Соңғы кездері "қатігез ұрпақ қалыптасып келе жатыр" деген пікірлер айтылып қалып жүр.
– Қоғам бір орында тұрмайды. Әрбір толқынның өзі өмір сүрген дәуірін өзгелерден айшықтағысы келетіні, өткенмен емес, ертеңмен өмір сүретін өзінен кейінгі толқынның оқыс әрекетін қабылдай алмай, "қатігез ұрпақ қалыптасып келе жатыр" деп өмір заңдылығын түсіне алмайтыны да заңдылық па дейсің? Бұл сұраққа жауап іздегендердің алғашқысы да, соңғысы да сен емессің. Мәселе – өткенге қарайлай бермей, заман көшіне, заман ағымына өзіңді бейімдей алғаныңда болса керек. Өйткені мен өз тұрғыластарыма қарағанда, биліктің дәмін ерте таттым, оның зардабын да ерте сезіндім. Бәлкім, өзің айтпақшы, "экономикалық бостандықты ерте сезініп", "қызмет бермеді" деп ешкімге өкпе артпай, қоғам ағымына ілесіп кеткеніме себеп болған жастығым шығар...
Сұхбаттасқан Рауан ІЛИЯСОВ,
"Адырна" ұлттық порталы
|