(«Философия» терминінің көне грек тіліндегі мағынасы – даналықты сүю («филиа» – сүю, «софиа» – даналық). Философияның қысқарған түрі – «фәлсафа». Бұл сөздің фонетикалық тұлғасы сәл өзгеріп, тілімізде пәлсапа болып қалыптасты. Ал, философ сөзінің қазақша баламасы – ойшыл.)
Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Үзлағ әл-Фараби ат-Түрки 870 жылы қазақтың ежелгі қаласы Отырарда (арабтар Барба-Фараб деп атаған) дүниеге келген. Шығыс пен Батысты терең білімімен бас идірген ойшыл философиялық-гуманитарлық (философия, логика, саясат, социология, лингвистика, этика, эстетика, поэзия, музыка) және жаратылыстану (астрономия, космология, астрология, математика, физика, химия, медицина, география) ғылымдары саласында айрықша еңбек етіп, көптеген жаңалық ашқан болатын. Сондай-ақ, ол грек ойшылдары Платон мен Аристотель философиясы арасындағы қарама-қайшылықты жоққа шығарып, көзқарастарының синтезін жасады. Олардың еңбектерін әрі қарай жалғастыра зерттеп, дамытты. Жалпы алғанда, Фарабидің 150-дей шығармасының 40-қа жуығы ғана бізге жетті.
Фарабидің дәрежесі мен философиялық ойлау мәдениетінің жоғары болғанына таң қалған бір адам оған былай сұрақ қояды: «Сіз көп білесіз бе, әлде Аристотель көп біле ме?». Оның тұспалдап айтқан жауабы былай: «Мен онымен замандас болған жағдайда, оның ең мықты шәкірті болар едім». Фарабидің Аристотельдің өзінен мықты екенін мойындағанын осы жауабынан көруге болады дейтіндер бар көрінеді.
Кейбір грек ғалымдары «Фараби ешқандай жаңалық ашқан жоқ, тек грек ойшылдарының шығармаларын аударды», – десе, неміс шығыстанушысы Ф.Детрицийдің ойынша Шығыста Аристотель әл-Фарабидің еңбектерінің арқасында ғана Аристотель атанған. Ақын, түркітанушы О. Сүлейменов болса «Ежелгі грек ойшылдарының кітаптары сол кезде тек Бағдатта ғана сақталған. Оларды әл-Фараби араб тіліне аударды. Міне, сол кітаптар ХІ ғасырда Гранада мен Кордоваға жетеді. Сол жерде оларды латын тіліне аударады. Сосын Аристотель мен Платонның кітаптары күллі Еуропа бойынша жасырын түрде тарап кетеді. Осылайша қайта жандану – яғни Ренессанс дәуірі басталды», – дейді.
Фараби сәлем бергеннен кейін Сирия билеушісі Сайф ад-Дəула құрмет көрсетіп, оған жайғасуын сұрайды. Ғалым: «Өзімнің дәрежеме сай отырайын ба, әлде сіздің мәртебеңізге сай ма?» деп сұрапты. Патша оған: «Өзіңнің дәрежеңе сай», – деп жауап береді. Фараби барлық әмірлерден өтіп, патшаны ығыстырып, таққа өзі отырған екен.
Ұлы ойшылымыз Әл-Фарабиді өз дәрежесіне сай «Әлемнің бірінші ұстазы» деп айтатын уақыт келген сияқты!
Қуаныш Жұмабек
«Лингвистика» мамандығы бойынша философия докторы (PhD),
"Адырна" ұлттық порталы