Өткен заманда бір саясатшы тор құрып қойса, торына кішкене бір торғай түсіп қалыпты. Торғайды адам қолына ұстап үйіне апара жатса, торғай тілге келіп былай депті:
- Мен кішкене торғаймын, союға жарамаймын, қапасқа салсаң құсалықпен өлемін. Мені еркіме қоя бер, кең дүниеге жібер. Ақысына сізге екі ауыз ақыл айтайын, – депті.
- Кәне, ақылыңды айт, – депті адам.
- Жарайды, бір ауызын қолында, бір ауызын жерге түскен соң айтайын. Өйткені қос қолдап қысып тұрғанда, өкпем қысылып ештеңе айта алмаймын, – депті торғай.
Аңшы босатыпты.
- Бірінші – өткен іске өкінбе, екінші-көзбен көрмей сенбе! – депті. Торғай анадай жерге қонып отырып: – сен ештеңені білмедің, менің бөтегемде жұдырықтай гауһар бар еді, – дейді. Адам қонып отырған торғайды ұстауға тұра ұмтылыпты. Торғай әр жерге ұшып қонып ұстатпайды. Адам қуып қоймаған соң адамға былай дейді: «Менің жаңағы айтқан өсиетіме түсінбепсің, өзің ақылыңа салшы, менің өзім жұдырықтай жоқпын, менің бөтегеме ондай зат қалай сыяды? Бұл бір. Екінші – мен саған ұстатпаймын, қанатым бар. Сондықтан өткен іске өкінбе» – деп ұшып кетіпті.