Үйлену оңай ма?

2709
Adyrna.kz Telegram

Адам қай жаста үйленгені дұрыс? Ертерек пе? Әлде асығудың керегі жоқ па? Америкалық психолог Брунер Александрдың пікірінше 26-30 жаста үйленген дұрыс болады. Неге десеңіз, сол жасқа дейін адам, оң-солын танып, өмірге сергек көзқараспен қарауды үйренеді екен. “Жастардың ерте үйленіп алып, материалдық қиыншылықтарға шыдас бере алмауы да әбден мүмкін” — дейді ол. Ал неміс халқының психолог ғалымы, әрі демографы Лерш Филиптің ойы басқа. Жастадың ерте ошақ құра бергені мақтауға лайық қадам екен. Себебі жастардың өмірдің қиыншылы мен қайғысын бірге көріп, бөлісуі, бір-біріне деген сүйіспеншілігін арттырады екен. Бұндай отбасы мүшелері, барлықтың қадірін біліп, жоқшылыққа мойымайтын асыл қасиетті өздерінде осылайша қалыптастырады.

Ал біздің қазақтың қара көз қыздары мен жігіттері бұл туралы не ойлайды екен? Тыңдап көрелік:

Дәурен Тұрсынқұлов: ҚазҰУ-дың 4-курс студенті:

— Көбінесе еститініміз «материалдық проблемаларымызды шешіп алайық, содан соң қатынды ала береміз ғой, қыз қайда қашар дейсің» – деген реплика. Менің ойымша, ондай көзқараспен қарайтын болсақ, проблема ешқашан бітпейді. Дұрысы тәуелкел ету.  “Бас екеу болмай, мал екеу болмайды” деген ғой.

Махамбет Жеңіс, ҚазММУ, 5-курс:

- Әр нәрсені ойланып шешкен дұрыс. Абай атамыз айтпақшы, “Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға.” Асықпаған жөн. Сананы тұрмыс билейді ғой.

Назым Берік, ҚБТУ, 4-курс:

- Енді материалдық жағдайы жақсы, мені түсінетін, кең пейілді, жомарт қазақтың жігіті мені ұнатып тұрса, жасқа қарамас ем. Қазір-ақ тиер едім.

Тоқтархан Көмеш, ҚазҰУ, 4-курс:

- Өз басым 2-курста шыңарақ көтердім. Құдайға шүкір тегін жатақхана, стипендия. Ауылдағы ата-анамыз көмектесіп тұрады. Студент кезінде үйленіп алғанымыз аяғымызға тік тұрып алуымызға көп көмек болды. Көңілдері жарасып, екі жас бір-бірін сүйіп тұрса ештеңеге қарамасын. Әлемді махаббат билейді!

Иә, құрдастарымның пікірі осылай әр алуан болып кете береді. Ал белгілі демограф Мақаш Тәтімнің айтуынша неғұрлым кеш үйленгендердің арасында соғұрлым ажырасу көп болады екен. Осы орайда, менің бір нәрсеге таңым бар. Қазақ халқы перзенттерін атастырып та қоса берген. Тіпті, қыз бен жігіт бір бірін танымаса да, құда түсіп келген руға көңілі ауса қыздарын көп ойланбастан жіберген. Сөйткен қазақта ажырасу деген атымен болмаған. Бұл қандай таңғажайып құбылыс? Бұл нендей күш жастарды бір-біріне жіпсіз байлап қойған?  Балаларын бабаларымыз қалайша тәрбиелеген? Оның арнайы технологиясы бар ма? Бар болса, ол неге қазір ұмытылып кеткен?

Бар тапқан жауабым мынау. Сонау исламның қайнар бұлағынан сусындаған Яссауи, Қашқари, Омар Хаямдай пірлерден, бертін келе олардан нәр алған Қазтуған, Ақтамберді, Қашаған, Тұрмағамбет секілді жыраулардан, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Абай, Шәкәрім секілді ұлы ойшылдардан, Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата секілді небір әулие-әмбиелерден, Райымбек, Досан, Махамбет, Исатай, Шотан секілді қас батырлардан өнеге алған бұл қазақ. Саналары кеңіп, елдік деңгейде ойлауына осы бабаларымыздың қылып кеткен еңбегі тікелей әсер еткен. Қатын жолда бала белде деп, оларға көңілдерін байламаған. Сол себепті қатын алып, бала тәрбиелеу олар үшін үлкен проблема болып көрінбеген. Мүмкін сол стереотиптің ескіріп, жастардың ұсақталуынан осындай мәселе туып отырған болар? Бұл тек менің ойым. Ал сен не ойлайсың азамат?


  Еркебұлан САТҚАНБАЙ.   

<Masa.kz> сайтынан алынды

Пікірлер