Айдана Қайсарбекқызы. Аға-ау!

790

Аға-ау!

Мен бұзақы балалармен төбелесіп өстім.

Ұяң болсам да.

Сабағымды жақсы оқыдым. Қиялдасам да.

Жақсылық та жүрекке зиян ба сонда?!

Жағамды да жыртқызып ерегесіп өстім.

 

Сөзім бар деп сөзуар атандым.

Төзім бар деп тағдырға тап болдым.

Жақсыға да, жаманға да жақ болдым.

Соңында... жылауға шақ қалдым.

 

Қос уысықа сиғыза алмаған жүрегім бар еді.

Жат ырысқа сарқыған сезімім бар еді.

Жүрек бөлерде қолыма уыс деп қарағам жоқ.

Сезімім шашарда жатқа жат деп қарағам жоқ.

Бәрі соның білместіктің әлегі.

 

Талай адам басымнан сипады. 

Еркелеп «Аға!» дедім.

Талай адам маңдайымнан сүйді.

Еркелеп... «Аға!» дедім.

Бәрі оның бағалы еді.

 

Соңында 

Жақсы көргеннің жетегінде кеттім.

Жақсы көрмегеннің өсегінде кеттім.

Маған керегі махаббат еді.

Сүйгеніме де кеселіммен жеттім.

Білместік түбі қараң екен, А-ға!

 

Ал сен...

Құрсақта шетінеп кетпей... өмірге келуің керек еді.

Саған «Аға!» деуім керек еді...

А-ға!

 

***

 

Тақсырым, тəн де азап,
Мəңгі азап көтермес ар да аз-ақ...
Тамшының көлемі кеңістік тым суық
Жəне де күрсініс... сəл ғажап.

Сəл ғажап антымнан,
Тəнге азап антыңнан арылтып,
Көзіңнен əрі іркіп үрлейін...
Күмəннің отынан күл болғым келмейді,
Күлмеші тағы үркіп!?

Сəл үркіп сүртейін
Көзіңнен тамшы іліп,
Жылаған сен емес, əнші бұлт!
Күліме көмбеші, сөнбеші, жаршы үміт,
Кеткенше жан шығып...

 

***

 

Уа, гитара,
Қайғырғаның қайғың ба?
Қуанғаның бақыт па?
Мəнім бар ед, ол да бірақ ашыққан...
Сүйдім дейсің сеніп тұрып күмəнмен
Күйдірмейсің өртеп көріп жатып та.
Өртеп те көр...
Бірақ көзің тайдырма!
- Бізден гөрі бақытсыздау бақыт па?
- Бізден гөрі бақыттырақ қайғың да!

Қайғыңды өлшеп көз жасымның жанымен,
Бас тартып та көргем жоқ па бəрінен?
Көнген оңай, сенген оңай дей алсам
Тірі емеспін əлі мен....

Тірі көзім мөлтілдей ме қайғың деп.
Ие, гитара! Баққа қонар айдын көп.
Талпынғаным не тұрады сен үшін
Бақ құсы боп қанатымды жайғым кеп?!.

Топшымдағы қара мұңның күйесін,
Есіме сап отырасың жиі осы.
Бақ құсы емес екенімді білесің,
Қанатым жоқ, көріп
"Ұш!" деп сүйесің...

Енді қайт дейсің?

 

***

 

Бейкүнə ғадауат!
Бейкүнə ғадауат...
Жасыңды сүртейін қолымнан келгенше,
Жаныңда болайын қолмнан келгенше.
Ай туып келеді ақ; 
Күн батып барады ақ.

Бейкүнə ғадауат!
Мен енді келмейін,
Мен енді көрмейін...
Сенбейін қисапсыз адалдық бар десе ел.
Ақылым жетері – күтіп тұр жер-қойын,
Жетпесе тағдырмын əумесер! Тек қана
Ренжігім келгені жаман-ақ.

Бейкүнə ғадауат!
Ей, сыңар ғадауат!
Сезімнен қош кеттің, ақылға қош келдің!
Сенімі осы енді саямның.
Жылама, əйтеуір, бəрін ал өткеннің.
Кеткеннің. Əйтпесе, ақталып қоярмын...

Ай туып келеді ақ;
Күн батып барады ақ.
Бейуақ ренжігім келгені жаман-ақ.
Көзіңнен  сүйейін, отыңа күйейін,
Тек қана жылама,
Жылама, Ғадауат!
Бейкүнəм. Ғадауат...
Ақымақ аңғалдық ақылыңа аманат.
Ей, сыңар Ғадауат!

***

 

Көзкөрген

Сен келдің де сезіміме сыр айттың.
Өзгердім де өзгені мен мұңайттым.
Бәрін көріп, көнгендігім болмаса
Бұның бәрін өмір ғой деп кім айтты?
Бұның бәрін тағдыр ғой деп кім айтты?

Сен көрдің бе, көзсіздікті жыл айтты,
Мен көндім де шексіздікте шын айттым.
Көздің бәрін ағызғанмен бейуақ
Уақыт мені емдейді деп кім айтты?

Уақыт мені емдемесін сезгенмен,
Сөздерімді көрсетпеуге сөз бергем.
Кездерімді көрсетпеуге кез келген,
Көздеріңді көндірсейші, Көзкөрген,
Сезгеніңді білдірсейші, Көзкөрген?!

Көздерімнен айта да алмай айым мән,
Қайырмамды қабағыңнан қайырғам.
Күнім аунап, айым құлап жатқанмен
Сен ғой мені уақытымнан айырған,
Сен ғой мені уақытымнан айырған...

Сенделдің де, сен келдің де сыр айттың,
Мен көндім де көздерімді мұңайттым...
Әжіміңе шынын айтып жатқанмен
Уақыт енді емдейді деп кім айтты?

 

***

 

Тамырыңдай тура басып
Əр сырыңды айтар кім?!
Көркем соңы бола алмадым қайсы əннің?
Бір ай толса алдағымды көрер деп,
Бір күн батса арманыма сенер деп
Жапырағың жая сала жайқалдың.

Қайырмасын қайтармадым қайсы əннің?
Есіме сал, сəт дайын!

Тамырымдай туламаған құлдық-ау!
Жан, неғылған мұң мынау?!
Əн басы - шың, қайырмасы - құлдырау,
Құлқыным да құрдым-ау!
Ал қайырмаң қайда айтылды, тоқтайын...

Тамырымдай тура сонда
таңды басып айтар кім?
Қайырмасын қайтара алам қайсы əннің?..
Бір ай толса таңдауыңды көрер деп,
Бір күн батса күнəңа да көнер деп
Жатырында шырылдайсың өлең боп
Өмір деген сайтанның...

 

***

 

Келмек түгіл сезімге ерте келгім 
Еркелетіп әкетем ертең елді. 
Көкті көргем көздерін көктем еткен, 
Өкпелетіп әкемді ерсі өлеңім...
Қош, қош, ғалам, тәнінен сүйген Тәңір 
Қиналса іңір дәл мендей, еркеленгім 
Келеді әлі, өтінем, өртеме енді! 

Жасыл жаның мақұлдар асыл жанды 
Тосын мәнді тосқандай тосылғанмын. 
Есім қалған ескі үйден ерте кетіп, 
Еркелетпей ет жүрек басылғанмын. 
Күйретіп ап кеудеде күйбелеңді 
Сүй деп оны күйді де досым қалды 
Жырмен өбем енді оның жасын мәңгі. 

Ұқтырам деп барлығын көзімменен 
Сезімге өлең кигіздім, 
Төзімге де 
Тәжін тағып… шашынан иіскедім 
Айнадағы көз жасты сезінгенде. 
Жаңбыр исі бұрқырап жастығымнан 
Мастығым мән іздейді көз ілмеген. 
Сонша жасық болды екен сезім неге? 

Бұлтын артса басыма бозаң ғалам 
Жалғыздықтан өзгесін жаза алмағам. 
Мұңның жылап қалмауы үшін күліп 
Түсіндіріп көрейік ғазалға мән. 
Сен өмір сүр, еркелет, содан кейін 
Келбетіңнен кербездеу көз алмаған 
Бір-ақ келте ғұмырда мазаңды алам.

 

***

Күйінгем жоқ, күйім ғана кеткені –
Әкем маған, шешем маған өкпелі,
Жанарыңнан Ертіс тасып есерсоқ.
Кешіріңіз мені, жүрек, көкөрім
Көптен бері көбейе алмай сенерің
Сен де күлдің, сенде күлді кек тегі...
Енді кімге өкпелейік, өлеңім?!

Иілгем де, иілгем де жоқ тегі –
Əкем маған шешем маған өкпелі,
Жүрегіңіз Есіл аңқып есірер...
Кешіріңіз, ғалам, мені есімсіз,
Кешіріңіз, ғалам, мені есімсіз,
Кешіріңіз, ғалам, мені есімсіз,
Күнəм да жоқ, кінəм да жоқ кешірер -
Кешіресіз онда мені несін сіз?!

Сүйінгем де, сүйілгем де жоқ тегі –
Əкем маған шешем маған өкпелі,
Əму сүйген əмірдейін əн төксем...
Кешіріңіз, адам, мені аяулы:
Кешіріңіз сүйгендігім үшін де,
Тəңірге бас игендігім үшін де,
Кешіріңіз, адам, мені...
Алданбаңыз, табыныңыз;
Армандаңыз, сағыныңыз...
Армандаңыз, сағыныңыз...
Тек мені!

Пікірлер