Жеті атаны білуіміз керек

3939
Adyrna.kz Telegram

Өз ұрпағына жеті атасын үйрету атадан балаға жалғасып келе жатқан қазақтың тәрбиелік дәстүрі екені баршаға аян. Мұның қандастық жағынан алғанда үлгі боларлық зор қызметі мен маңызын халқымыз ерте түсінген және оны берік ұстанып келген. Енді осы қағиданың терең тамырына көз жіберіп көрейік.

Біріншіден, жеті ата тәртібі туыстық, ағайындық бірлікті, ынтымақты ұстана отырып, бір ауыл, бір бауыр болып өмір сүрген. Бір рудың адамдары осы күнге дейін бір жерде мекендеп келе жатыр.

Екіншіден, жеті атаға дейінгі туыс-туғандардың тұрмыс-тіршілігі де, күнкөрісі де, тұрған жер, суы да, өріс, қоныс, жайлауы да қысы-жазы қатар немесе бірге болады. Қиындықта бір-біріне демеуші, қамқоршы-пана, қуанышты да, реніш-қайғыны да бірге көтеріп бөліседі. «Туысы бірдің – уысы бір» деген сөз осыдан шыққан.

Үшіншіден, бір атадан тараған туыстар мен жас ұрпақтар бірін-бірі жақсы таниды. Ағалы-інілі, апалы-сіңілі дегендей, сыйластықта, бауырмалдықта бірге өседі. Мұндай туыс-туған, жақын-жуықтар арасында орынсыз жанжал, ұрлық-қарлық, барымта, зорлық-зомбылық сияқты жат істер болмайды. Өйтке­ні тәртіп бойынша туыстар бір-бірі­нің малын ұрламайды. Керісінше, сырттай қамқоршы болып, жақын-жуықтарының мал-жанына көз салып жүреді. Әкелер мен аналар бір кіндіктен шыққан перзенттерін ел, ру намысын қорғайтын ержүрек, қайырымды, қаншыл, ұйымшыл, бауырмал етіп тәрбиелейді. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деп қатты айтатыны тағы бар.

Жеті ата ұғымында ағайын арасындағы үзілмес бірлік, бұзылмас тектік тәрбие-тәлімі өте зор және бұл әдемі, ұтымды тәсілдермен жасалған. Енді осы жеті ата шежіресіне кім жатады? Бұл туралы әртүрлі ойлар мен болжамдар, талас-пікірлер газет-журналдарда да, басқа ортада да туын­дап отыр. Мұның бір өкінішті­сі, сол пікірлер арқылы қате ұғым­дар мен ой-түйіндердің байыбына терең бойламай айта салушылық пен қателіктер баспасөздерден де, оқулықтардан да жиі көрініп қалады. Тура айту керек, бұл – бұрынғы аруақ­ты ата-бабаларымыз бекітіп, айтып, дәлелдеп, нақты тұжырымдап, ғасырдан-ғасырға айқындап салып кеткен сара жол. Бұл – бұлжымай­тын тәртіп қағидасы. Жеті ата ұғы­мы жаңа заң жобасы емес, ежелден қалыптасқан қанатты қағида, санаға сіңген өсиет, өнеге мектебі, ата салтымыз. Кейбір авторлар осы дәстүрді басқаша түсіндірмекші болып және өздерінің білмейтіндігімен қоймай, өзгелерді (әсіресе, жастарды) де шатастырып жүр. Тағы бір өкініштісі, осы жеті ата туралы ойға қонбайтын қате әрі те­ріс түсініктер мектеп оқулықтары мен газет-журналдар бетінде жиі көрі­ніс табады. Мысалы, республикалық ғылыми-әдістемелік «Мектептегі мерекелер» атты журналда (№3. 2009 ж. 41-бетте) «Халық тәрбиесі – асыл қазына» тақырыбымен беріл­ген мақалада (авторы Б.Жүзбаева) жеті ата жүйесі «ата, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат» деп тізбектеледі. Мұнда әке деген жоқ. Мектептерге жаңадан енгізіліп жатқан «Өзін-өзі тану» оқулығында (2-сынып. Алматы, 2009 ж. 81-бет­те): 1. Ата. 2. Әке. 3. Бала. 4. Немере. 5. Шөбере. 6. Шөпшек. 7. Немене деп көрсетілген.

Бұл да – қате. Егер ұлттық тәрбие мен халықтық асыл қазынамызды отбасынан, мектептен бастап үйретуіміз қажет болса, енді қателік осы жерлерден басталса, оны қашан, қалай түзетпекпіз? Демек, қолға алынып отырған оқу­лықтарымыз бен оқу-үйрету ісін дұрыстап алғанымыз жөн. Осындай қателік «Қазақ тілі сабақтары» (Авторы Н.Беріков, «Ана тілі» бас­пасы, 1994 ж. 73-бет) деп аталатын жинақтың «Шежіре – қастерлі қазынамыз» деген бөлімінде кеткен.

Дәстүр, салтымызды ұлықтау мақсатымен өткен жыл аяғынан бері шығып жатқан «Дәстүр» атты жақсы журналымыздың осы тақырыпта әңгіме қозғап және оны мүлдем қате таратып жазғанына өкіне­мін (Өйткені мен осы журналдың ақылдастар алқасының мүшесімін). Осы журналдың 2010 ж. №6, 7- санындағы 2-3-бетте жеті ата «1. Балаң. 2. Немерең. 3. Шөберең. 4. Шөпшек. 5. Немене. 6. Жүрежат. 7. Туажат» деп таратқан. Әрине, бұл да дұрыс емес. Анығын айтар болсақ, мұның бәрі де қате. Ең қиыны әрі ауыры, осылайша жазып отырғандар өздерінің білмегендігімен ғана қоймай, кейінгі жас ұрпақтарды шатастырады.

Жеті ата шежіресін көбінесе отбасында, балабақшада үйрету, оқыту керек деп айтылып жатады. Бірақ сол балабақшадағы тәрбиешінің өзі теріс үйретіп жатса, не дейміз? Сарыағаш қаласындағы №2 «Ер Төстік» балабақшасының тәрбиешісі «Ғажайып әлемі» деген мақаласында «Жеті ата: ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене» деп үйретіпті («Отбасы және балабақша», №6. 2008 ж. 43-бет). Осы көрсетілген газет-журнал­да­ғыдай болса, бір ғасырда 4 ұрпақ өседі деп есептесек, жеті атаны білу үшін әр адам кемінде 175 жасқа келуі керек. Ал ол жасқа жететін адам бар ма? Әрине, жоқ. Сонда бізге халық айтқан жеті атамызды білу тіпті мүмкін емес. Жоғарыдағы айтылған жеті ата тарату жолының қателігі осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ па?

Мұндай пікірлерді айтқанда әркім белгілі бір ұғымға немесе дәлелді дәйектерге, Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды аузы дуалы билер сөзіне жүгінгені жөн емес пе? Біз әңгімелеп отырған жеті ата ұлт тарихы мен тәрбиесінде жүздеген, мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлы ұғым емес пе? Жоғарыдағы авторлар өздері көрсеткен деректі қайдан, кімнен алғандығын біле алмай отырмыз және олар оған сілтеме жасамаған.
Қазақ халқы тілге, әр сөзге мән берген, сондықтан да олар аталы сөзге тоқтаған.

Олай болса, әңгіме етіп отырған тақырыпта «ата» деген сөз бар. Яғни бұл «ата-баба» деген ұғымды көрсетіп, тайға таңба басқандай, соқырға таяқ ұстатқандай айтып тұр. Ал бала, немере, шөбере деген атамыз емес, ұрпағымыз.Сөз жеті ұрпақ емес, жеті ата туралы болып отыр ғой. Олай болса, жеті ата шежіресі өзімізге дейінгі ата-бабаларымыздан бастап таратылады. Яғни: 1. Өзің. 2. Әке. 3. Ата. 4. Арғы ата. 5. Баба. 6.Түп ата. 7. Тек ата. Рас, бұл атаулар кей жерлерде басқаша айтылуы да мүмкін. Бірақ, қалай дегенмен де, жеті ата жолы осылайша таратылатын бұрынғы би, шешендер айтып кеткені – ақиқат шындық.

 

Бұған қазіргі жөн, шежіре білетін қариялар да дәл жауап бере алады. Бұрынғылар жөн сұрасқанда «Ата тегің кім?» – деп сұрайтыны, міне, осыдан шыққан.
«Жеті атасын білген ұл
Жеті жұрттың қамын жер.
Жеті атасын білмеген
Құлағы мен жағын жер», – деген жүйелі сөз көп мағынаны білдіреді. Сондықтан да біздің ата-бабаларымыз өз ұрпақтарына жеті атасының аты-жөнін, атамекенін, өз руынан шыққан белгілі батыр, би, жақсылардың есімін айтып, үйретіп отырған. Бұл жолды қазақтың аяулы әрі білімдар перзенті Дінмұхамед Қонаев та ұстанған. Өзінің «Ақи­қаттан аттауға болмайды» атты кітабында («Санат» баспасы, 1994 ж.) былай деген: «Ал енді өзіме дейінгі жеті атамды қуалап айтсам былай: Жолын-Нұрмамбет-Азынабай-Қо­най-Жетібай-Жұмабай-Мең­ліахмет-Дінмұхамед» (13-14-бет). Басқа білетіндер де, мысалы, Сәбит Мұқанов та осылай таратқан, осыған тоқтаған. Ал бұған біз неге тоқтамай жүрміз?

Ата-бабаларымыз жеті атаға де­йін қан араластырмайды, туыстық қалыпты бұзбайды. Сегізінші атадан бастап жаңа ру атын белгілейді. Бұл үшін сол атаның ақсақалдары мен билері, ел ағалары ру мүшелерін шақырып, боз бие сойып баталасып, осымен жеті атаға толып, бұдан былай қыз алысып, қыз берісетін құдалыққа рұқсат ететін жол ашады. Бұл дәстүр – текті, дені сау, таза ұрпақ өсуінің кепілі. Осындай текті ұрпақ өсіру тәрбиесін бұрынғылар ертеден-ақ білген және оны қатты қадағалап отырған.

 

Сөз реті келгенде айта кетейік, қазақта «жүрежат, туажат» деген туыстық атаулар бар. Мұны біреулер жеті ата баласына теліп жүр. Бұл жерде «жат» деген сөзге мән беру керек. Ұлт тәрбиесіне зер салсақ, ұрпақ бұрынғы ата-бабаларын жат санамайды. Арғын Шақшақ Жәнібек ұр­пақтары 10 атадан асса да батырды арғы аталарымыз деп мақтан тұтады. Егер осыған тоқтайтын бол­сақ, анығында, «туажат» – қыздан тарайтын ұрпақ. Ол былай таралады: жиен-жиеншар, көгеншар, дегеншар, жүрежат, туажат. Мысалы, әр азамат өз нағашысын, әкесінің нағашысын біледі де, одан арғысын білмейді. Осыған сәйкес «көгеншар», «дегеншар» деген атаулар да ұмытылған. Одан туғандар жүре-жүре жат немесе туа жат болып туады. Мұны бұрынғы шежіре, сөз, жөн білетін қазына қарттар айтып кеткен.

Міне, біз жеті атаға байланысты және оның қалай таратылатынын бұрынғылардың айтып қалдырған өнегелі сөздеріне сай жазып отырмыз.


Сейіт Кенжеахметұлы, жазушы,

этнограф, мәдениеттанушы 

Арқалық

«Ана тілі».

Пікірлер