Арулар сыны

2907
Adyrna.kz Telegram

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жыл бойы өткізіліп келе жат­қан «Ана тілі» аруы» бай­қауының қоры­тынды сы­нағы болды. Оған оқу ор­ны­ның барлық фа­куль­тетте­рінен іріктеліп алынған 14 ару қатысты.
Байқау алдында сөз сөйлеген универ­ситеттің тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаева мұндай шаралардың тәрбиелік, тағы­лымдық мәні зор екендігіне назар аударды.

Арулар «Таныстыру», «Поэзиялық композиция», «Сән үлгісі», «Сұрақ-жауап», «Өне­рім – өнерім» тақырыптары бойынша сын­ға түсті. Айта кеткен жөн, байқауға қатысушы­лар бұл кезеңге өте жоғары дайындықпен келіп­ті. Сол себепті де қазылар алқасына жүлдегер­ді анықтау оңай тимеді. Қыздар сан қырлы талант иелері болып шықты. Олардың арасында әнші де, биші де, суретші де, спортшы да… бар.
Журналистика факультетінің студенті Ирина Тен ұлты кәріс болғанымен, қазақ қызынан кем емес өнер көрсетті. Биология факультетінің студенті Меруерт Донбаеваның кәнігі бишілер­ден еш кемдігі жоқ. Шығыстану факультетінің студенті Толқын Мырзакимованың тілге арналған өлеңі жиналған қауымға ой салды. Қыздардың ерекше қасиеттері жайлы осылай жалғастыра беруге болады.
Сонымен қорытынды сәт те келіп жетті. Қа­зылар алқасының ұйғарымымен бас жүлде өнерімен де, сах­надағы жүріс-тұрысымен де ерекшеленген филология факультетінің студенті Әйгерім Әшірәліге берілді. Бірқатар аруларға номинациялар бойынша дипломдар, бағалы сыйлықтар тапсырылды.


Ш.Нұрсұлтанқызы,

«Ана тілі»

Пікірлер