Қазақстан байлығының 55 пайызы 165 адамның қолында

8418
Adyrna.kz Telegram

Журналист Қанат Тілеуханның «Жас алаш» газетінің ютуб каналында жас саясаттанушы, Шалқар Нұрсейіттен алған сұхбаты жарияланды. Аталған сұхбатта биылғы биліктің ауысуы мен Арыстағы оқиға сынды ең маңызды мәселелер көтерілген. Біз солардың кейбіріне тоқталып өтсек...

Шалқар Нұрсейіттің айтуынша, көпбалалы аналардың алаңға шығуы билік үшін өте үлкен «сигнал» болды. Тіпті билік мұны революция алдындағы белгі ретінде қабылдаған көрінеді.

«Билік бала-шағасының жанында алаңсыз сериал көріп отырған аналар көшеге шығады деп ойлаған жоқ. Алайда кедейшіліктен шаршаған аналар жоғары лауазымды – Тоқаев, Назарбаевтың атын атап, талап қойды. Бұл -  адамдардың демократиялық құқықтарын қорғаудан басқа жолы қалмағанының  белгісі. Сайлау арқылы немесе бейбіт митингке шығып, тіпті болмаса арыз жазып өзінің талаптарын орындатудың мүмкіншіліктері болмаған соң халық алаңға шықты. Жалпы митингіге шығу біздің қоғамдағыдай «құбыжық» нәрсе болмауы керек. Қуанышымызға қарай, күн өткен сайын алаңға шығу қалыпты дүниеге айналып барады», – дейді ол.

Халықтың 95 пайызы қалт-құлт етіп өмір сүріп жатыр

Сондай-ақ, ол биліктің 21 мың теңге беріп халықтың наразылығын басамыз дегені – уақытша шара екенін ескертті. Өйткені біздің елде мыңдаған көпбалалы ата-аналар бар.

«Билік кезінде «Жер көлемі әлемде 9 орын алатын мемлекеттің халық саны көп болуы керек» деп халықты көпбалалы болуға үндеді. Тіпті шет елдегі қандастарымызды елге шақыратын бағдарламалар да қабылдады. Биліктің осындай сөзіне сенген азаматтар отбасын құрып, балалы-шағалы болды. Яғни, билік пен халықтың арасында «Біз сенің әлеуметтік мәселеңді шешеміз. Ал сендер бізге саяси талап қоймайсыңдар» деген бейресми келісім болды. Билік өзінің берген уәдесін орындамаған соң халық саяси талаптарын қоюға көшті. Себебі халық саяси талап қоймаса, әлеуметтік көмектің көрсетілмейтінін түсінді. Алайда биліктің көпбалалы отбасыларға 21 мың теңге беріп жағдайды тұрақтандырамыз деуі уақытша дүние. Мұны биліктің өзі жақсы түсініп отыр. Қазіргі таңда мемлекеттік бюджеттің 55 пайызы әлеуметтік қолдауға кетеді. Бұл біздің еліміздің азаматтарының әлеуметтік жағдайының өте төмен екенін көрсетеді. Биыл халықаралық зерттеу орталығы «Қазақстанның жалпы байлығының 55 пайызы 165 адаммның еншісіне» деп мәлімдеме жасаған. Ал жылдық табысы 10 мың АҚШ доллардан аз адамдардың саны 11-11,5 миллион екен. Яғни, бұл еңбекке жарамды 4 миллион адамның 95 пайызы қалт-құлт етіп өмір сүріп жатыр деген сөз», – дейді саясаттанушы.

Мәжіліс сайлауы әділ өтпесе революция болуы мүмкін

Биылғы кезектен тыс президент сайлауынан кейін халық қоғам белсенділеріне сенуден қалды. Әміржан Қосановтың сатқындығынан кейін Қазақстанның демократиялық партиясы, «Оян Қазақстан» және «Республика» сияқты қоғамдық ұйымдарының жетекшілігіне күмәнмен қарайтыны жасырын емес.  Бұл сенімсіздіктің салдары қайда алып баруы мүмкін?

«Сенімсіздік жайлаған басқа елдердің практикасына қарайтын болсақ, мұның арты жақсылыққа апармайды. Сенімсіздік мемлекеттік төңкеріске алып келіп, бірнеше жылға елдің дамуын тежеуі мүмкін. Сондай-ақ экономикаға үлес қосатын азаматтардың елді тастап, шет елге көшуі бізді қиын жағдайға тірейді. Ең қорқыныштысы, елде тұрақсыздық жайласа, халықтың жаппай босып кетуі ғажап емес. Бір қарағанда, мен қорқынышты фильмнің сценариін айтып отырған секілдімін. Бірақ бұл болуы мүмкін жағдайлардың бірі болып саналады. Әйтсе де билікте азаматтардың сенімін арттыратын эволюциялық жол бар. Ол – алда келе жатқан Мәжіліс сайлауын әділетті түрде өткізу болмақ. Бірақ билік пропорционалдық емес, мажоритарлық сайлау жүйесі арқылы Мәжілісті жасақтауы керек. Билік партияға тәуелсіз азаматтарды сайлауға қатыстыруға мүмкіндік беруі керек», – дейді ол.

Жас саясаттанушы – Шалқар Нұрсейіттің мірдің оғындай ойлары көпшілікті тәнті етті. Бұған дейін «Қазақ тілді саясаттанушыларының ішінде Досым Сатпаев секілді азаматтар неге жоқ?» деп ойлаушы едік. Шалқар Нұрсейіт биліктің ақшасына алданып қалмаса, Досым Сатпаев секілді аузы дуалы саясаттанушы болғалы тұр.

Серік Жолдасбай

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

Пікірлер