Кемел ойлауға жетелейтін кепілдік туралы керемет фильм

443

(немесе «Гарантия» фильмінен кейінгі ой)

Соңғы кездері кино түсіру жеке бизнеске айналып кетті. Режиссерлер киноны ел қамы үшін түсірмей, қалай жақсы пайда табам деп, қалай рейтингті арттырам деп бас қатырады. Соған қарамастан, өз көрермендеріне тәлім-тәрбие беріп, қазіргі заманның дертіне айналған мәселелерді қозғауды мақсат тұтатын режиссерлердің бар екеніне көзім жетті. Түркістан облысының «Жастар ресурстық орталығы» жыл сайын жастарға арналған үлгі-өнегелік, тәрбиелік мәні бар фильмдерді көрермендердің назарына ұсынуда. Жастарды кино арқылы тәрбиелеп жүрген режиссерлердің бірі Серік Таласовтың «Гарантия» фильмі көрермендерді тебірентіп, көңілдеріне терең ой салды. Серік Таласов 2013 жылы «Жаңғырық» атты фильмімен көпшілікке танылған еді. Қазіргі таңда «Жанұя», «Бойжеткен», «Хеллоу ауыл» фильмдері мен «Барыңды бағала!», «Әмиян», «Байлық», «Өтелмес борыш», «Ұстаз» сынды қысқа метражды кинотуындылары көпшіліктің ықыласына бөленуде. Серік Таласовтың «Гарантия» фильмінің басты артықшылығы – кино таза қазақ тілінде түсірілген. Әрине, арасында бірең-сараң жастардың қолданып жүрген жаргон сөздері мен «арзымайды» деген диалект сөз, орыс тіліндегі сөздер кездесіп қалады. Бәлкім, жастарға арналған фильм болғандықтан солай әдейі кірістірді ме екен? Режиссердің айтуынша, фильм түсіруге мемлекеттен қомақты қаржы бөлінбегендіктен, қиындықтар көп туындайды. Мысалы, «Алимент» қысқа метражды фильмін түсіруде сценарист болмаған, ал ең алғашқы «Жаңғырық» фильмін түсіру үшін бар болғаны 230 мың теңге жұмсалған екен.  Қаржы жетіспесе де, кино түсіруде режиссердің ізденісі мен еңбегіне, ақылдылығына тәнтімін. 

«Гарантия» фильмі – тәрбиелік мәні зор, көпшілікке жеткізер ойы терең көркем кинотуынды. Фильмде өзекті проблемалар қозғалып, әлеуметтік мәселелер қамтылған. Фильм бақытсыздыққа душар болған, берекесі мен құты қашқан отбасы жайлы. Басты мәселе – ене мен келіннің арасындағы  қарым-қатынас, күнделікті ұрыс-керіс, түсініспеушілік. Әкенің жары мен анасының қарым-қатынасы, баласының тәрбиесіне немқұрайлы қарауы. Отбасын сүттей ұйытып, үйдің ырыздығын келтіретін ана емес пе? Ене мен келіннің арасындағы сыйластық, сүйіспеншілік отбасының барлық мүшесінің көңіл-күйіне әсер береді. Фильм мұнымен қатар, еліміздегі мәселенің барлығы пара арқылы шешімін тауып жатқандығын да батыл  бейнелейді. Басты рөлдерді Сафаралиева Ұлжалғас, Сарыпбекова Жәудір, Нұрман Руслан, Омаров Олжас, Қалыбаев Ғалымжан және танымал жайдарманшы Ұлан Мамырбекұлы сомдайды. Ұлан Мамырбекұлы фильмде де өзінің бейнесіне ұқсас көңілді, ашық-жарқын, әзілкеш «Ұлан» атты кейіпкердің рөлін ойнайды. Серік Таласовтың әрбір туындысы көрермен үшін қымбат, қазіргі заманда жастардың тәрбиесі жайлы фильмдер ауадай қажет екені – уақыттың ұшқыр талабы. «Гарантия» фильмі арқылы отбасының бақытты болуы үшін әрбір отбасы мүшесі жауапкершілікті өз мойнына алып, жұмыла күресуі керек, бір-біріне қолдау көрсетіп, қиын сәттерде бірін-бірі қолтығынан  демеп, түсіне білуі қажет екенін ұқтым. Серік Таласовтың шығармашылық жұмысына сәттілік тілеп, жаңа туындыларының жарық көруін асыға күтемін. Мемлекет Серік Таласов сынды режиссерлерге үлкен сенім артып, қомақты қаражат бөлсе, ол кісінің еш өкінбейтіндей құнды дүниелерді көрермендерге тарту ететініне көзім әбден жетеді.

Айсұлу Съезхан,

Абай атындағы орта

мектеп-гимназиясының

11-сынып оқушысы.

Ғылыми жетекшісі: Жидегүл Әбдіжәділқызы

Пікірлер