Ақ отау жұмбақтары

4354
Adyrna.kz Telegram

Сүйікті балалар!

Киіз үйдің жұмбағын,

Ұға жүрші ұрпағым.

Жұмбақпенен зерделеп,

Бабалардың біл салтын.

Қорғайды деп мұрасын,

Кәміл сеніп жүр халқың…

Ақ отау жұмбақтары

(қазақ киіз үйі және жиһазының жұмбақтары)

Оянып тұрарыңда,

Беті-қол жуарыңда.

Ішерде ас-тағамды,

Бір істі бастардағы…

Қасиетті сөзді айтып,

Жұмбақты баста, қане?!

  1. 1. Дүниеде дөңгелек дәу, білесің бе?

Өзі аппақ жаулығы бар төбесінде.

Үш белбеу, бес киім, бір жапқышы бар,

Сансыз бау, ою-өрнек денесінде…

Сүйектері, жиһазы көзді тартқан,

Ішіне балалар-ау кіресің бе?!

(киіз үй, түндік, үш белбеуі – екі белдеу, бір басқұр, бес киімі – үш туырлық, екі үзік, бір жапқышы – киіз есік)

2.Жайсаң қабырға,

Жисаң қом етесің.

Жиылғанда киер екі кепесін.

(кереге және жиылғанда керегенің басына кигізілетін кере қап)

3. Қырық найза буылған,

Бір қалпаққа сұғылған.

(буылған уық және кигізілген уыққап)

4. Жетпіс кемпір жер тесіп жатыр.

(жайылған керегенің сағанақтары, яғни кереге аяқтары)

5. Төрінде төртеу отыр төремін деп.

Көрпеміннің екеуі тұр,

Көтеріп төбе биді беремін деп.

(төрдегі төртеу — жүкаяқтың сирағы, есікте жатқан – табалдырық, оның үтіндегі екі таяныш – таяныш көтеріп тұрған маңдайша, яғни есік ағаш)

6. Есігім шығыста,

Кебежем сол жақта.

Төрім батыста,

Келінім оң жақта,

Отым ортада.

Келіп той,

Құрт-май, қымыз,

Қазы-қарта.

(қазақ киіз үйі және оның орналасу бағыттары, ондағы меймандостық)

7. Отыз отырма, қырық қабырға,

Бәрін ұстап тұрған,

Ауыз омыртқа.

(уық, кереге, шаңырақ)

8. «Таңба», яки  «мөрі» бар,

Иығында  жағалай.

Оны анықтап көріп ал,

Ол не екен, балақай?

(дөдеге)

9. Төбеде төрт шық,

Төртеуі де тең шық.

(түндік бау)

10. Әуелінде шөп едім,

Желкілдеген көк едім.

Қолға түстім құбылдым,

Он жерімнен буылдым.

Қабырғаға құрылдым.

(ши және ораулы ши)

11. Бір сарайға кіресің,

Кірерде бас иесің.

Бас иілмей кіре алмас,

Хан-қараша, кәрі-жас.

(киіз үйдің есігі)

12. Ақ, қара шөп бар шамалы,

Орсаң терің ақталады.

Сумен соқсаң батталады,

Әсем-әсем дақталады,

(жүн, киіз, текемет)

13. Ақ, қара шөп бар шамалы,

Сумен соқсаң батталады.

Күмбезіңе жабылады,

Керегіңе табылады.

(киіз, туырлықтар)

14. Өзі әсем оюлы,

Үйде жатар жаюлы.

(сырмақ)

15. Салынатын төрге,

Тоғыз қабат бүлде.

Білесің бе бұл не?

Төселеді төрге!

(төр көрпе, қонаққа төселеді)

16.

Үш сирақ жылжымайды белдігінен,

От-жалын аймалайды кіндігінен.

Үстінде қара құдық қалпағы бар,

Сан алуан мәзірімен таң қалдырар.

(ошақ, қазан, қазанның қақпағы)

17. Екі басы жұдырықтай,

Ортасы қылдырықтай.

(қазан тұтқыш)

18. Үш аяғын кереді,

Бірігіп басы келеді.

Қажетті тіліне іледі.

(мосы)

19. Ыстыққа күймейді,

Сән құруды сүймейді.

Жамбасына телпектің,

Төселуге елпекпін.

(түп киіз)

20. Жисаң жеңдей,

Жайсаң көлдей.

(шымылдық)

21. Желбіреген желмен,

Жасау болып келген.

Келін, күйеу мәйітті

Жасырады елден.

(шымылдық)

22. Өн бойында тістері,

Бұл не деген күшті еді.

Тісі өрге қараған,

Қажетіңе жараған.

(адалбақан, киім ілгіш)

23. Тептім, терекке шықтым.

(үзеңгі)

24. Аттан биік, иттен аласа.

(ер)

25. Сүп-сүйкімді кішкене,

Бесте, яки үште де.

Үлпілдекті тағынып,

Бар бүлдеге малынып,

Мінеді екен таққа,

Аяғын сап қапқа.

(сүндетке отырғызылатын бала, тағатын үкісі, киетін сүндет киімі, ашамайы және тепкішек)

26. Бір ағаш, төрт сирақты, өзі қайқы,

Адамды көтеруге болды оңтайлы.

Сирағы болғанымен бір орыннан,

Ешқашан өздігінен жылжымайды.

(қайқыбас төсек)

27. Бір бетте гүл жазира көктем тұрар,

Жанға рахат силауға біткен бұлар.

Төрт маусымда ешқашан өзгермейді,

Керемет көркін көріп көзің тұнар.

(түскиіз)

28. Бір нәрсе өзі төртбақ былшияды,

Сабаласаң ісініп тырсияды.

(жастық, құс төсек)

29. Өзі бөз,

Қол жуғанда болар кез.

Міндеттерін айқындар,

Үш-төрт түрлі аты бар.

(қол орамалдар – майлық, сулық, бет орамал, сән орамал, сүлгі)

30. Керегеге асылып,

Алғаны бар жасырып.

Өзі төрткіл мұртты,

Жалпақ қарын мықты.

(аяқ қап, табақ қап)

31. Сырты әдемі сүйінер,

Босағаға ілінер.

Тазалауды тілеген,

Затпен іші сіреген.

(кір салғыш)

32. Жасалған гүл мен майдан бір домалақ,

Тазартар кір-қоқыстан бұл ғаламат.

Аналар кейде оны қолданады,

Сәбидің саулығы үшін әдейі арнап.

(қара сабын, бұзаушық)

33. Үй ішінде құдық тұр,

Құдық суын ұрып тұр!

Азығыңды ол қамдайды,

Жүрегіңді жалғайды.

(саба, іркіт, сармай)

34. Мінгеседі артыңа,

Екі сайлы қалпында.

Ішінде бар тәтті дәм,

Торғын-торқа, алтында.

(қоржын)

35. Сауыт емес киетін,

Тек алдыңды қаптайды.

Киіміңе тиетін,

Кір-қоқыстан сақтайды.

(алжапқыш, шалғыш)

36. Бес уақ сәжде жасауға,

Жайылады қашанда.

(жайнамаз)

37. Үйге сән,

Киімдерді қорғайды, тұрғызбайды шаң.

(киім жапқыш)

38. Бір ыдыс өрнектелген, күмістелген,

Ата-баба ұстаған ұлыспенен.

Ішіне құйылады асыл тағам,

Армандар алты ай жазда бір ішпеген.

(қымыз тегене және қымыз)

39. Ел жатса да, елекем жатпайды,

Ішіне жылы су сақтайды.

Бес кезек қызмет борышын,

Әр күні асырып ақтайды.

(құман)

40. Астына ас-су тағамның,

Төсеу үшін арналған.

Ақ дәмін салып қазағым,

Келеді бағзы заманнан.

(дастарқан)

41. Іші харам ыдыс бар,

Мәңгі сыртқа қояды.

Қорғайтынға қораны,

Үнемі ас құяды.

(итаяқ)

42. Тоғыз белбеу, қос жібек,

Екі құлақ, бір шүмек.

Жібегіне қол тисе,

Жөнеледі күмбірлеп.

(домбыра)

43. Төрт сирақты жазық,

Кептіреді азық.

(өре)

44. Мүшесі өзі малдың,

Таң-тамаша қалдым.

Сүттен алған тағам,

Салынады екен оған.

(қарын)

45. Кішкентай ғана аран,

Асты толған боран.

(елеуіш)

46. Өзі өрмелі, сапты,

Жүргізеді атты.

(қамшы)

47. Кергіштелген тақтайлы,

Үйді иттен сақтайды.

(ергеншек)

48. Бір атым тізгіні ағаш, өте шабан,

Бірден артық мінбейді оған адам.

Қамшылап күні бойы тебінсем де,

Япыр-ай, әрең жылжыр екі-үш қадам,

Жылжығанда өрнек боп ізі қалған.

(құрылған өрмек, адарғы, тоқылған өрнекті бау)

49. Бәйгеге түсер шағыңда,

Байланады басыңа.

Күн өтпейді тиімді,

Шайқалтпайды миыңды.

(шыт)

50. Аналар киген ақ жаймам,

Көрінер сирек әр жайдан.

Киген жерің бапталар,

Иманың да сақталар.

Шашыңа шайтан ермейді,

Шаң-тозаңға бермейді.

(шылауыш, кимешек, жаулық)

51. Торқа емес, мақта да емес, жүн де емес ,

Балалар күнде оны көрген емес.

Өтпейтін шапса қылыш, салса найза,

Ерлер киген болғанда соғыс, егес…

(дулығалы сауыт)

52. Адам кимейді, хайуан киеді.

Оларға суықта пайдасы тиеді.

(жабу)

53. Қалған боп сұқ саусаққа,

Тұратын таңмын бір затқа.

(тері оймақ)

54. Арқандалып тұратын,

Салдыр-сұлдыр бір затым.

Мың сан аттап бір белден,

Жабдық жасар құратын.

(ши, тоқу сөресі, тасы)

55. Керек емес кіруің,

Салып қояр құлыбын.

Сақтайды ол ішіне,

Қажетін өлі-тірінің.

(сандық)

56. Сандық емес, үлкен,

Қарасаң өзі бір тең.

Ішіне салынады,

Орын-көрпең біткен.

(қаршын)

57. Бір күмбез төбе жағын алар ашып,

Заты бар иығынан жабар жазып.

Егер де анық көрем десең мұны,

Ішкі бетте оның бар әсемдігі.

(киіз үйдің тегеріші)

58. Өткермеден өткен,

Шыр айналып кеткен.

Болса да сәнді, шырайлы,

Жаңбырлы күні тұрмайды.

(құлдырауыш)

59. Болғанда асты гүлсіз, беті гүлді,

Жинаған арасына жүн-жұпырды.

Төрт бұрыш әрі торқа, әрі бөзден,

Хәлінше адамзатты жылындырды.

(көрпе)

60. Өзі ұзын зат,

Онсыз жүк те артпайсың.

Онсыз барды байлап-матап

Ұстауға айла таппайсың.

Ол төтенше берік,

Атыңды да қоясың оған сеніп.

(арқан-жіп)

61. Ұзыннан ойылған ағаш,

Толтырсаң да су мен жем,

Ешқашан онда толмас.

(науа)

62. Төрт сирақты, қақпақты,

Бетіне өрнек баттапты.

Сүйектеп күміс те қақтапты,

Ішіне азық сақтапты.

(кебеже)

63. Бір таудан, бір тау көрдім биік тұрған,

Ішіне от пен суы сиып тұрған.

Не деген мейірлі зат біле алмадым,

Тиіп кетсең желіні иіп тұрған.

(самауыр)

64. Ақ шатыр,

Ақ шатырдың ішінде қызыл көзді шал жатыр.

(самауыр)

65. Дарияның бір құс отыр ортасында,

Құйрығы дарияның жағасында.

(шөміш, ожау)

66. Шаршамас бала көрдім жалғыз аяқ,

Аузына тістеп алған шиден таяқ.

Жүрген сайын белбеуін қабаттайды,

Әжесі жаниды оны аямай-ақ.

(ұршық)

67. Өзі қатты, аппақ,

Қант емес шақпақ.

Азық болар жесең,

Сусын болар езсең.

(құрт)

68. Саяда бір құдық бар суы қатқан,

Бетіне бетегесі шығып жатқан.

Бір кепке құйсаң оны жентек азық –

Жасайсың, қашан татсаң жанға жаққан.

(қазанда ұйыған айран, қатық, сүзбе)

69. Саяда бір құдық бар суы ақтан,

Ішіне құйсаң ірір қойыртпақтан.

Қайнатып ақ қалыпқа құйғаныңда,

Шығады азық тақтайдай болып қатқан.

Тіліп же, үгіп те же арықтасаң.

(қазандағы сүт құйған айран, шыптаға сүзіп алған ақ ірімшік)

70. Саяда бір құдық бар суы ақтан,

Ішіне батпан салсаң мұз боп қатқан.

Тіліп-тіліп қайнатып ғажаптанба –

Кесек-кесек сары азық алып жатсаң.

(қазандағы сүт, араластыратын мәйек, сары ірімшік)

71. Бір жансыз табылады адамзаттан,

Іні бар жырық қана кіріп жатқан.

Арқасы інге кірсе көрінбейді,

Қажетін адам оған майдалатқан.

(бәкі)

72. Сар мойнақты метал,

Бабын тапсаң қылпылдар.

Хайуанды өлтіреді,

Кіріскен ісінің өңін келтіреді.

(пышақ, сар мойнақты пышақ)

73. Домаланып тұрады,

Ұясында бұғады.

Тек қана кірді,

Жууға шығады.

(сабын қап, қара сабын)

74. Мықты тұғыр,

Іші шұңқыр.

Сілтей берсең қазығын,

Дайындалар азығың.

(келі, келсап)

75. Емес дорба десем,

Жасайды оны шешем.

Сусыны бар, шөл басып –

Күш жинатады екен.    

(торсық, торсыққа құйылатын сусын)

76. Жаңбыр өтпейді,

Оны жасауға оңай еңбек кетпейді.

Кисең сәнді,

Бірақ оған қазір қол жетпайді.

(шекпен)

77. Тоғыз қабат торқа емес,

Бір беті алуан бұлттан.

Бабаларға болған ес,

Қорғап қыстан, суықтан.

(ішік, тон)

78. Тоңдырмайды кисеңіз,

Жатқың келсе төсеніш.

Мәтел еткен халқымыз,

Айта қойшы білсеңіз.

(кебенек)

79. Өзі имек кермелі,

Істіктерін зулатқан.

Шындық әрі ертегі,

Көздегенін құлатқан.

(садақ, жебе)

80. Дөңгелек дәу қақпақ,

Қалады жанды сақтап.

(қақпан)

81. Жарты айдай иілген зат,

Жартылай киім киінген зат.

(садақ, қорамсақ)

82. Сабы ұзын үшкір,

Қолына алған күшті ұл.

Қарсыласына сілтейді,

Деп оны жер құштыр.

(найза)

83. Өзі бүкір, алысқа түкір.

(Мылтық)

84. Көпшік еткен етегін,

Белді қорғап өтетін.

Әжелердің бұйымын,

Білдің бе не екенін?

(белдемше)

85. Келтіргенде сәніне,

Жарайтын жас-кәріге.

Буынына киетін,

Әйелдердің бәрі де.

(тізе қап)

86. Ағайынды он, кигені екі тон.

(қолғап)

87. Төрттен қосқан басы бар,

Маңдайында шашы бар.

Өзің көрген баяғы,

Салпылдайды сабағы.

(тымақ)

88. Ерте тұрдым, екі айыр жолға түстім.

(шалбар)

89. Барады, барады, аузын ашып қалады.

(кебіс)

90. Белі қайқы, жоны тайқы,

Сілтесең шабады,

Қойсаң інін табады.

(қылыш, қылыш қынабы)

91. Тіс деген жоқ, ерні өткір,

Қазықтаулы көмейі.

Қан шығармай бірде-бір,

Бөлшектейді, жемейді.

(қайшы)

92. «Белімнен қыс» дейді,

Қыссаң тістейді.

Отқа түсіп жұмыс істейді .

(қышқаш, шымшуыр)

93. Жылт-жылт етіп,

Әр үйді кезер.

Шеберге серік,

Олақтан безер.

(ине, тебен)

94. Бір тұғырда, мың шұңқыр.

(темір оймақ)

95. Мылжа басты, мың көзді.

(темір оймақ)

96. Болғанда бір ауызға екі қақпақ,

Еркінде адамзаттың ашып-жаппақ.

Бір үйдің мәзірін де, шақ-шұқтарын,

Ішіне сол нәрсенің қойған сақтап.

(асадал, яғни шкаф)

97. Сөрелі үш дөңгелек,

Зырлап алға жөнелед.

Сөресінен ұстасаң,

Әкетеді жетелеп.

(балалардың жүруге дағдыланатын үш аяқты арбасы)

98. Қос доға бас жабдық,

Арқалығы тағы бар.

Тәттілігі артық,

Тірлік оған таңылар.

Дәретханасы да бар,

Азығы дайын,

Үстіне бүлде жабылар.

(бесік, нәресте, шүмек, түбек, бесік көрпе)

99. Керіледі торқа,

Торқа үстінде жорға.

Жорғалайды, күседі,

Гүл, өрнекті із түседі.

(кергішке керілген кездеме және біз кесте)

100. Бір сүйем ғана ұсқыны,

Елпектетер күштіні.

Бір-екі құлаш бауы бар,

Не екенін табыңдар?!

(мұрындық, бұйда, бас жіп)

101. Ойға қарай зулайды,

Сенсіз өрге бармайды,

Жетелесең қалмайды.

(қол шана)

102. Бір денеде үш ін,

Бір інде өткір жұқасы.

Келесі екі қос әлібін –

Сақтайды отағасы.

(қын, пышақ, сақпы)

103. «Бөрік» емес десем,

Баста ғана тұрағы.

«Бөрік» дейін десем,

Көзді жауып тұрады.

(томаға)

104. Жазда қайрандайды,

Қыста сайрандайды.

(шана)

105. Табаны жалпақ боз жорға,

Тайпалсын десең сал жорға.

(шана)

106. Қос құлақты, жүз тісті,

Жүзінен бір із түсті.

Бір денені екіге,

Бөліп тастар бұл күшті.

(ара)

107. Ә дегенше тап береді,

Тап бергеннен қақ бөледі.

(балта)

108. Болғанда жалпақ табан, жалғыз тісті,

Қолында адамзаттың барлық күші.

Үстінен бірер рет жүріп кетсе,

Нәрсенің астындағы кірер түсі.

(сүргі)

109. Бір ыдыс кергіштелген аузы арандай,

Құйған нәрсең өтеді аялдамай.

Тек түбінде қыл-қыбыр…

Қалар ылғай.

(сүзгі)

110. Сусында да сусын бар,

Отқа түсіп қанығар.

Ақ қатығы тағы бар,

Онсыз басың ауырар.

(сүт шәй, қаймақ)

111. Дөп-дөңгелек қос батпан,

Бірі айланып зыр қаққан.

Қарттардың ең керегін,

Дәннен үгіп беретін,

Бұл не айтшы зерегім ?!

(қол диірмен)

112. Қара тауды тазалаған,

Сәбилерді мазалаған.

Қия бетті тақырлап боп,

Бүктетіліп тасаланған.

(ұстара)

113. Жүздесесің,

Үлкенге де, кішіге.

Үнсіз күтсең,

Құрметсіздік ісі де.

Құрметіңді сезіндірер кісіге,

Не екенін білесің бе түсіне?!

(сәлемдесу:  ұл бала қолын кеудесіне қойып,»ассалаусағалайкум», десе, «уағалайкум уассалам», деп сәлем алады, қыз бала: «Саламатсыз ба? Амансыз ба?» деп есендеседі)

114. Үй тігерде керек,

Борандар да тірек.

Айыр тұмсық сұм заттың,

Кім айтады атын?!

(бақан)

115. Ұзынырақ бақаннан,

Жаңбырлы күні бата алған.

Киіз үйдің қажетті,

Бір мүлігі аталған.

(тіреуіш)

116. Қос құлақты ыдыс,

Тоқылады жүннен.

Ақ дәм, азық, дән салып,

Бабалар артып жүрген.

(қап, дағар)

117. Төрт сирақты таған,

Төрден орын алған.

Қаншама дүние үстінде,

Күшіне қайран қалам.

(жүк аяқ)

118. Теріден қуыстап,

Аузына ағаш сап қайыған.

Қарашы дұрыстап,

Іші толған майман.

(талыс)

119. Темір де, ағаш та емес,

Ыдыс, су құяды.

Шөлдерде қатады ес,

Мол су сияды.

(тұлып, мес)

120. Он екі түйе, он жылқы,

Тоғыз сиыр, бес ешкі.

Бір жарым қоян, үш түлкі,

Таба алмасаң болдың күлкі.

(мал мен аңның іштілік уақыты)

121. Табаныма байладым,

Қос таяқпен айдадым.

(қар шаңғы)

122. Ізі бар, адымы жоқ аяғының,

Тимейді ұшы жерге таяғының.

Хайуанға екі аяғын арта салып,

Келеді әнін шырқап баяғының.

(арба, дөңгелек, дәрте, дауыс)

123. Еңкеймесе екі бетін кір басар,

Еңбектенсе екі беті нұр шашар.

(кетпен)

124. Бүйірі тесік жолмен,

Биікке шықтым.

(саты)

125. Саусақ батпас түтіктен,

Сандуғаш құс сайрайды.

(сыбызғы)

126. Аяғы біреу, қолы жоқ,

Шиыр-шиыр жолы көп.

Өзі сөйлей білмейді,

Салған ізі сөйлейді.

(қарындаш, қалам)

127. Денесі жоқ, аузы қас,

Аузына түскен құтылмас.

(қақпан)


Әлима ЫСҚАҚҚЫЗЫ,

«Шалқар» газеті.

 

Пікірлер