Ашамайға мінгізу баланы еңбекке баулудың алғашқы баспалдағы деуге болады. Олай дейтініміз, кез келген бала өзінің бәсіре тайын ендігі жерде өзі бағып-қағады. Оны уақытымен жемдеп, уақытымен суарып, жал-құйрығын, үстін тарап, күтімге алады. Бала тайының алдында жауапты екенін, сол тайдың иесі өзі екенін сезініп өседі. Ендігі жерде тайдың күтіміне өзі жауап береді. Сонымен қатар ол бір ғана бәсіре тайды бағып-қағудың айналасында қаншама жаңа сөздерді үйренеді. Бұрын сөздік қорында болмаған жылқыға қатысты қаншама сөз баланың санасына сіңеді. Айталық, терлік, тоқым, үзеңгі, айыл, ер-тоқым, жүген, ауыздық, шідер, құрық, т.б… Ол бұл атауларды үйреніп қана қоймайды, қалай қолданылуын да меңгереді. Бірте-бірте бала тайына мініп, өз үйінің қозы-лағын қарап, өз шаруасына араласа бастайды. Сол себепті де қазақтың баласы кішкентайынан мал танып өседі. Ол жауапкершілікке осы бастан үйренеді. Ерте есейеді, ақылы толысады, ой-санасы өседі, салмақты, байсалды мінез қалыптасады.Әсілі, біздің қазақтың балалары, қыз болсын, ұл болсын ойыншықпен көп ойнамаған. Оларда көп ойыншық та болмаған. Ал қазіргі отызға келген жігіттерге қарап, балалығы әлі қалмағанын байқаймыз. Бүгінде баласы бар қай үйге барсақ та, бөлме толы ойыншықты көреміз. Отбасында нақты шешім шығара алмайтын, аталы сөзді ұғынбайтын ұрпақтың көбейгенінің бір ұшы осында да жатыр. Бұрынырақта керісінше, баланың ойыншықпен ойнағаны көпке созылмаған… Кішкентай қазақты жауынгер, шабандоз әрі ер-азамат етіп тәрбиелеудің басы — осы ашамайлы тайға мінгізуден басталады. Лездің арасында көшуге, ашамайын ерттей салуға қазақ баласы кез келген уақытта дайын болған. Демнің арасында киіз үй тігуге де қазақ баласы ерте машықтанған, яғни жинақылыққа, сақтыққа бейімделіп өскен. Қазақтың тектілігі жылқымен де байланысты Бұрынырақта үлкендердің қадағалауымен, бақылауымен балалар арасында тай жарыс жиі өткізілген. Кез келген бала өз тайының бәрінен озып келетінін қалайды ғой, сол себепті тайды да соған бейімдеп баптаған.
Ары қарай құнан жарыс, дөнен жарыстар болады. Бұл аралықта бала да есейеді, аты да балаға әбден үйренеді. Бала шабандоз болып өсуінің себебі де осында. Қазақтың кез келген баласының ат құлағында ойнайтыны бала жасынан атқұмар болғандығында жатыр. Кез келген қазақ баласы аударыспақ, теңге алу сияқты ұлттық ойындарға еш жүрексінбей қойып кеткен. Көкпар тартқан, қыз қууға шыққан, бәйгеге шапқан қазақ баласының қанында жылқыға тән мінез, сұлулыққа құштарлық, қазақы болмыс осылай қалыптасады. Жылқы — текті, қасиетті мал. Шөпті таңдап жейді, судың тұнығын, тазасын ішеді. Жылқы арқылы баланың эстетикалық сезімі оянады. Желмен жарысып шапқан кезде балада ақындық, шешендік, жыраулық сезімдер туады, шабыт қысады. Ат үстінде өскен бала ірі әрі мәрт болған. Өмірін ат үстінде өткізген біздің халықтың дені де сау, тіпті үнемі қозғалыста жүріп, қан тарқататындықтан біздің қазақ қан қысымы дегенді білмеген. Бір қызығы, мыңғырған малы бар бай баласының өзі атқа мініп, жылқы баққан. Байдың баласы бола тұра қой, сиыр бақпағанмен, жылқышыларға еріп жылқы қараған. Ат үстінде өскен қазақтың ер-азаматы биіктікті, кеңдікті бағалай білген. Көңілі өр болған, желдей ескен ақ көңіл жомарт болған. Осы қасиеттердің барлығы қазақтың қанына жылқының тектілігімен қоса келген.
Қазіргі темір тұлпар мінген қазақ баласында мұндай кесек мінез бен жомарттықтан гөрі менмендік, паңдық, өзгені көзге ілмейтін өркөкіректік басым. Өйткені темір — жансыз. Жансыз нәрсе адамның бойындағы шынайы қасиеттерді жұтып қояды. Әрине, машина мінген қазақтың бәрі бірдей деуден аулақпын. Бірақ жылқы мен темірді салыстырсақ, ұл баланың ер-азамат болып қалыптасуына жылқы малының әсері мол болғанын байқаймыз. Өкініштісі, бүгінде біз аттан ажырап қалдық. Қазіргі кездің өзінде байқасаңыздар, атбегілер мен жылқы баптайтындардың мінезі мүлде басқа. Олар — майда-шүйдеге көңіл бөлмейтін, жақсылық жасағысы келіп тұратын кесек мінезді, сөзге шешен адамдар. Ашамайға мінген кіп-кішкентай баланың көңілінің өсіп, өзгелерден ерекшеленіп, өзгеше сезімге бөленетіні де сондықтан.
Қазақтың қыздары да шабандоз болған, кішкентайынан атқа мініп үйренген. Ұл балалардай дабырайтып шашу шашып, ашамайға мінгізбегенмен, қыз балаға да арнайы лайықталып ашамай ер жасалған. Қыздарды атқа мінгізуге тек ағалары үйрететін болған. Жаугершілік заманда әкелерімен, ағаларымен бірге жауға шапқан, соғыс кезінде олардың оққағарындай болып жүрген қазақтың қыздары жайлы тарихтан да белгілі.
«Қыз қууда» небір жігіттерді қамшымен осып түсетін қыздардың барлығы да атқа мініп өскен, яғни оларға ағалары атқа мінуді кішкентайынан-ақ үйреткен. Қыздардың да сәнімен айшықталған, күмістеліп жасалған өз ер-тұрмандары болған. Бұрынырақта тіпті кейбір ауқаттылар қызын ұзатқанда берген ер-тұрманының өзі әкелінген қалыңмал құнынан асып түскен екен…
Әңгімелескен
Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ,
«Айқын».