Биыл «Қазақфильм» студиясының құрылғанына 50 жыл. Өз жұмысын алғашында Қазақ телевизиясының құрамында бастаған студия 1969 жылы 3 қарашада бөлініп, жеке шаңырақ көтерді. Ширек ғасырға жуық жұмыс істеген студияда Тұрғанбай Мәткәрімов, Болат Ғабитов-Жансүгіров, Анатолий Федулов, Юрий Дубровин, Әсман Дүйімбаев сынды таланттар шоғыры еңбек етті. Жуырда Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Қазақтелефильм» студиясының ардагерлері бас қосып, 50 жылдық мерейтойды атап өтті. Осыған орай Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві фотокөрме ұйымдастырып, слайд жасап, тарих шежіресін суреттер арқылы көрсетті.
[caption id="attachment_28026" align="alignnone" width="1024"] [/caption]
Архив қорында осы уақытқа дейін "Қазахтелефильм" студиясының тарихына қатысты 50 шақты сурет қана сақталған болатын. Киностудияның мерейтойы қарсаңында архив қызметкерлері "Қазақтелефильмнің" ардагерлерімен хабарласып, олардың жеке қорларынан фотоқұжаттарын алдырып, архив қорын 500-ден астам фотоқұжатпен толықтырды. Көрмеде қорға жаңадан қосылған суреттерден 75 фотоқұжат іріктеліп, көрермен назарына ұсынылды. Көрме 5 бөлімнен тұрды: 1-ші бөлімі киностудияның іргетасын қалап, өркен жаюына үлес қосқан қызметкерлеріне арналды. Киностудия төрт шығармашылық сала бойынша кинотуындылар жасағандықтан, көрменің қалған төрт бөлімінде сол салаларға жеке-жеке тоқталуды жөн көрдік. Атап айтсақ, 2-ші бөлім деректі фильмдер түсірілімдеріне арналса, 3-ші бөлім фильм-концерттер түсірілімінен сыр шертеді. 4-ші бөлімде мультипликация және көркем фильмдер түсірілімдері қамтылса, 5-ші бөлім театрды экрандауға арналды.
«Қазақтелефильм» студиясы түсірген екі мыңнан аса телеөнімнің мыңға жуығы архив қорына өткен. Қазіргі кезде «Казақстан» республикалық теле-радио корпорациясының «Алтын қорында» сақталған туындыларды архивке тапсыру жұмысы жүргізілуде. Осы жұмыстың нәтижесінде биылдың өзінде «Қазақтелефильм» студиясы әзірлеген 150 туынды архив қорына түсті.
Кезінде «Қазақтелефильмде» қызмет еткен майталмандардың жеке қорында сақталған кино-фотоқұжаттардың уақыт өткен сайын құндылығы артатыны анық. Осы орайда архив қорына өз фотоқұжаттарын мемлекеттік сақтауға тапсырған Сапабек Келдібаев, Вадим Дорожко, Мұрат Қырықбаев, Валерий Задорновский, Петр Сидоренко, Қосылған Әбжанов, Оралбек Сарбасов, Сәкен Тәжімұратов, Тана Тайпина, Ғалым Шалабаев, Ескендір Тынышпаевтың қызы Елена Тынышпаева, Кәрім Танаевтың жұбайы Зинагүл Түркебаева, Болат Ғабитов-Жансүгіровтың жары Қарлығаш Қаңтарбаева, Әсман Дүйімбаевтің қызы Гүлнар Омарбекова, Рифкат Музабековтың қызы Альфия Музаметовалардың ісі құптарлық. мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің директоры Гүлмира Мұхтарованың айтуынша, тапсырылған фотоқұжаттар негізінде «Қазақтелефильм» студиясының 50 жылдығына орай екі томдық суреттер каталогы шығарылмақ. Мыңға жуық деректі фильмді қамтыған каталогтың бірінші томын архив қызметкерлері осы жылдың аяғына дейін шығаруды жоспарлап отыр.
Өткенімізге қайта үңіліп, барымызды түгендеп, жоғалтқанымызды іздеп тауып, бүгінгі ұрпапың керегіне жарата білу - басты міндет. Тарихымыздың жаңғыртып, жандануына үлесін қосып жүрген Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің қызметкерлерінің еңбегі ерен екенін атап өту керек.
Салтанат СМАИЛОВА,
"Адырна" ұлттық порталы