Еңбекшiқазақ ауданының Нұрлы ауылында Қытайдан көшiп келген туыстарымыз тұрады. Енем Қабираның үлкен ағасы 1921 жылы шамасында туған Қажақыман Белдеубайұлы ақсақалдың ҚХР-дың Алтай аймағының Буыршын ауданында тұратын 34 жастағы немересi жүрек талмасынан қайтыс болғанын естiп, көңiл айтуға барған едiк. Қытайға баратын «визасын» күтiп, аза тұтып отыр екен. Көңiл айтысып, мән-жайды бiлiсiп болғаннан кейiн, тоқсанның сеңгiрiне келсе де тың ақсақалымыз әңгiменiң желiсiн газетiмiздiң жай-күйi жаққа бұрды. Сонымен қатар киiз үй жабдықтарына қатысты ырым-сырымдар да айтылды. Тұңғышына қайғырып отырған Нәзиқан жеңгей диктофонды қосып қойғанымды көрiп: «Газетке жазасың ба?» – деп сұрады. «Егер қарсы болмасаңыз…» – деп ыңғайсыздансам: «Жаза бер, егер қажет деп тапсаң!» – деген соң, төмендегi сұхбатты жазып алған едiм.
– Алдымен толық аты-жөнiңiздi айтсаңыз…
– Атым – Нәзиқан, әкем аты – Абылайхан.
– Бақанға қатысты ырымдарды бiлесiз бе?
– Киiз үйдiң бақаны – қасиеттi нәрсе. Ол, жел соққанда – үйдiң тiреуi. Қазақ екiқабат әйелдерге бақан аттатпайды. Жерге тастатпайды. Үйге немесе өреге сүйеп қоятынбыз. Сол сияқты қойдың күйегiн де аяқпен басуға болмайды. Ол да – қасиеттi нәрсе. Өйтсе, құрсақта жатқан баланың кiндiк бауы мойнына оралып қалады да, туған кезде шетiнеп кетуi мүмкiн.
– Бұрын ауылда малшылық тұрмыс жағдайында тұрдыңыздар ғой. Әйелдердiң үйде босанатыны туралы бiлесiз бе?
– Бiлгенде қандай! Өзiм тоғыз құрсақ көтердiм, соның алтауы – тiрi. Балалардың барлығын бiрдей үйде тудым. Жасауыммен бiрге жүк түйiп келген «алақұр» бар едi үйде, кезiнде енем соны апамнан ырымдап алып қалған болатын. Босанғанда сол құрдың екi ұшын кереге басына байлап, қолтықтың астынан асылған бойда жүрелеп отырып босанатынбыз.
– Жолдасыңызбен бiрге төркiндеп кеткен кезде иесiз қалған төсек-орындарыңызға қатысты қандай ырымдар жасалатын едi?
– Бiз жоқта енем балта, пышақ немесе қайшы тастап қоятын. Иесi жоқ төсекке сайтан түнейдi дейдi. Төсекте жаңағы айтқандай қасиеттi заттар жатса, сайтан жоламайды дегендi айтатын апам (бұл жерде «апа» деп енесiн айтып отыр).
– Қамшы тастамай ма?
– Қамшыны баланы бесiкке салған кезде бесiкке асып қоятын. Немесе жанына жүген тастайтын.
– Желбауды қандай уықтарға байлайтын едiңiздер?
– Бүйiрдегi екi керегенiң төрдегi керегемен қосылатын жерiндегi екi уық пен оларға қарама қарсы уықтарға, яғни төрт жерден байланады. (алты қанат киiз үй туралы айтып отыр. Соған қарағанда, киiз үйдiң қанаты санына есiк те қосылады, яғни бес кереге бiр есiктi үйдi алты қанат үй атайды дегендi бiлдiрсе керек). Желбауды қара және ақ түстi жүннен есiп жасап, ұштарын қылмен шашақтап, сәндейдi.
Марат УАТҚАН,
тарих зерттеушісі