Қаймана

3243
Adyrna.kz Telegram

Ежелден қалған «Ер Төстiк» атты ертегiмiзде Бапы хан жерасты елiне түскен кезде, Шалқұйрық атқа тiл бiтiп: «Бiз ендi жер астына түстiк, бiзге бұдан былай жерастының елi жолығады. Бiраз жүрген соң жылан Бапы ханның ордасына келгенiмiзде, менi алысқа қалдырып, өзiң ордаға кiресiң. Ордаға кiргенiңде есiңде болсын: екi босағадан екi қара шұбар жылан ысылдап тұра келедi, олардан сескенушi болма, олар – жылан Бапы ханның есiгiн күзеткен құлдары. Төр алдына бара бергенiңде, екi сұр жылан ысылдап келедi де, екеуi де жеңiңнен кiредi, қойныңнан шығады, қойныңнан кiредi, қонышыңнан шығады. Бұлар жылан Бапы ханның ұлы мен қызы болады. Төрге отыра бергенiңде, дәу екi сары жылан ысылдап тұра келедi, одан да сескенбе. Бұлар – жылан Бапы ханның өзi мен әйелi. Егерде бұлардан сескенсең, сенi Ер Төстiк демейдi, жерастының елiне қадiрiмiз болмайды, жер үстiне жол тауып шыға алмай қаламыз», – дейтiн қызғылықты суреттеу бар (Қазақ ертегiлерi. «Балауса баспасы», Алматы, 2007).

Бұл үзiндiге қарап, екi қара шұбар жыланды – киiз үйдiң есiгiнiң екi босағасына, екi сұр жыланды – ошақтың екi жағындағы желбауға, екi сары жыланды – төрдiң екi жағындағы уықтарға шандылған желбауларға мифологиялық тұрғыдан балауға болатын сияқты. Есiктiң екi босағасын керуге болмайтын тыйым күзетшi қара шұбар жыландардың құтын қашырмайтын ежелгi нанымнан туған ба деп қаласыз. 

Жалпы, қазақ ертегiлерiнде жылан көбiнесе байлық пен билiктiң жарылқаушысы, кесапаттан сақтайтын қорғаушы iлкi аналық бейнесiнде көрiнедi. Бапы – iлкi ата – Баба атауының үндестiк заңымен қысқарған нұсқасы бол­ғандықтан, «Ер Төстiк» ертегiсiнде аталық (патриарх) дәуiрге өткен заманнан берi келе жатқан фольклорлық алтын мұра деп көремiз. Бұндай ауысушылықты есепке алмағанда, үйдi орап жатқан (морға қараңыз) жыланның бейнесi iспеттi табалдырықты басуға болмайтын тыйым қалыптасқаны түсiнiктi де. Жыланның жағымсыз бейнесiн адамзат тарихының аналықтан аталық қауымға ауысқанына байланысты екенiн бұрынғы бiр мақаламызда жазғанбыз. Сол себептi де Ер Төстiк бiр бұлақтың басындағы бәйтерекке өрмелеп бара жатқан айдаһарды өлтiредi. Бәйтеректiң басындағы ұяда шуылдаған алып қара құс – Самұрықтың балапандарын аман сақтап қалады.

Тарих тұрғысынан қарағанда, академиялық тарих зерттеушiсi Ю.Зуевтiң еңбектерiнде айтылғандай, бұрынғы аналық «Ашына» тайпасының аталық тайпасына ауысқанын көрсетсе керек деп қорытынды жасауға болатын сияқты. Ю.Зуев «ашидэ» қытай тiлiндегi атауды «аштак» тұлғасына келтiрiп талдаған. Және «аштактар» шығыс парсы тайпасы болуы мүмкiн деген болжам жасайды.

Бiз, өз кезегiмiзде, бұл атауды Ю.Зуевтен өзгеше талдап көрмекшiмiз: атаудың бiрiншi буынындағы «аш» тұлғасын түрiк тiлдерiнде «р» дауыссызының «з»-ға өзгеру заңдылығына сүйенiп, ары қарай тарқататын болсақ, түркологияда «з» өз кезегiнде «й, ж, д, т, ш, с» дауыссыздарына дейiн өзгеретiн ереже бар екенiн бұрынғы бiр мақаламыздан бiлемiз. Осы ереже бойынша, «аш» тұлғасы «ас», «аз», «ат», «аж», «ай» тұлғаларына өзгере алады. Түрiк тiлдерiнде «а» мен «е» дауыстыларының алмасуы қалыпты заңдылық: ана – ене, асыл – есiл, ар – ер, т.б.

Осындай екi ереженiң негiзiнде «аштак» сөзiн «астек, айтек» тұлғаларына ауыстыра аламыз. Орыс тiлiндегi «ацтек» деген этностық атауды мажарлар өз тiлдерiнiң үндестiгi бойынша, «asztek» [остейк] дейдi. Қазақ тiлiнде «ш» орнында көбiнесе, «с» дауыссызын қолданатындықтан, бiз өз тiлiмiзге бейiмдеп, «астек» тұлғасын қолданғанымыз дұрыс. Астектер Беринг бұғазы арқылы Азия­дан осыдан 12-15 мың жыл бұрын ауып кеткен халық екенiн тарихи әдебиеттерден бiлемiз. Осыған қарағанда, мифолог-ғалым Серiкбол Қоңдыбайдың «Ежелгi түрiк мифологиясының» жасын осы межеге апаратынының негiзi бар сияқты.

Осы жазылғандардың негiзiнде жылан мағынасындағы «қай» сөзiнiң басындағы «қ» дауыссызын қалдырсақ  «ай» болады. Қазақ жыраулары «асыл» сөзiмiздi «қасыл» тұлғасында да қолданғаны тарихи жырларымыздан белгiлi. Сондай-ақ, Қытайда тұратын бауырларымыз «қиянат» дегендi «иянат» деп те қолданатынын тас қапаста отырудан әлемдiк рекорд жасаған жазушы ақсақалымыз Қажығұмар Шабданұлының жақында жарыққа шыққан «Қылмыс» романынан оқыдық. Ең алғашқы мақаламызда, Ю.Зуевке сүйенiп, сөз басындағы «һ~қ» араб-парсы тiлiнiң түрiк тiлiне еткен ықпалынан пайда болған деп талдаған болатынбыз. Бұл құбылыс та «ашына» дегендегi сөздiң басындағы «а»-ның қытай тiлiнiң ықпалы (аққай~ақай~ақан~ақас) деген сияқты тағы бiр қайта қарауды талап ететiн бiз бiлмейтiн тiл заңдылығы бар екенiн аңғартады.

Алғашқы адамдар күндiз көретiн күннен гөрi түнде шығатын толған айға табынғаны көкейге қонымдырақ. Сол себептен де алты алаштың бiреуi – Айханды тiзiмде бiрiншi кезекке шығарған едiк. Осы айтылғандарға қарағанда, түрiк халықтарының ең алғашқы құдайы Ай болғанға ұқсайды. Түрiкмен этникалық атауы түрiк кiсi деген мағынаны бiлдiредi. Осы мақаланың тақырыбын түрiк­менге ұқсатып, «Қаймана қазақ» тұрақты сөз тiркесiн алғанымыз «Ай тектi қазақ» екенiмiздi айшықтап тұрғандықтан екенi ендi түсiнiктi болды ғой деп ойлаймыз. Бұрынғы «қай» жылан ендi «айға» өзгергенiне куә боламыз.

Әрi көршiм, әрi сыйласатын досым Болат Бисәлиев соңғы бiр кездескенiмiзде, Мұқаметжан Тынышбаев кестесiнен алынған «сарқасқа» рулық ұранды талдағандағы сөз соңындағы «қа» буыны қалай түсiп қалатынын түсiнбегенiн айтып едi. Бiздiң «көкбөрi» тотемдiк атауымыз анатолия түрiк тiлiнде «бозқұрт» аталады. Атаудың түбiрi – «құрт». Қарақыпшақ Қобыланды жырымызда Құртқа атты кейiпкерiмiз бар. Көкiрегi зерделi қазақ оқырманы осыны бi­ледi деп ойлағандықтан, талдап, ұзаққа созбай қысқа қайырған едiк. Көкбөрi – жалпы түрiктiк тотем. Бiз құс пен жылан қазақ ру/ тай­паларының тотемi туралы жалғасты мақаламызды осымен аяқтаймыз. Сыни пiкiр бiл­дiр­сеңiздер, қуана қарсы алуға бiз дайынбыз.


Марат УАТҚАН,

тарих зерттеушісі 

 

Пікірлер