Ел Үкіметі бұқаралық спортты дамытуға айрықша назар аударып отыр. Ал бұқаралық спорттың дамуы үшін азаматтарға қолайлы спорт сарайлары мен спорт алаңшалары салынуы керек.
Бұл бағытта Жамбыл облысы жоспар бойынша ауқымды жұмыс атқарып отыр. Аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сәйкес, облыста шағын спорт алаңшаларына түгендеу жүргізілген болатын. Осы сараптаманың арқасында өңірге 266 спорт алаңшасы қажет екені наықталып, нақты тапсырма берілді. Мәселен биыл өңірде 174 спорт алаңшасын салу жопарланса, бүгінде оның басым бөлігі пайдалануға берілді. Нақтырақ айтсақ, биыл жыл басынан бері 134 спорт нысаны пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 40-ы ашылып, спортпен шұғылданамын деген азаматтарға зор мүмкіндік тумақ.. Ал, қалған 92 нысанның мәселесі 2020 жылы толық шешіледі деп күтілуде.
Облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековтың айтуынша, Жамбыл облысының 80 жылдығына орай Тараз қаласында бірнеше спорт алаңшалары пайдалануға берілді. Солардың бірі «Жансая» мөлтек ауданында орналасқан «Алаш Арена» кіші футбол алаңшалар кешені.
«Жыл басында облыс бойынша 174 спорт алаңшасын ашу жоспарланса, «Алаш Арена» 134-ші спорт алаңшасы. Қаланың халық көп шоғырланған аймағынан бой көтерген ғимарат, жеке кәсіпкерлердің қаржысына салынған. Кешенде стандартқа сай 2 кіші футбол алаңшасы, заманауи үлгідегі жаттығу залы мен арнайы киім кешек ауыстыратын және жуынуға арналған бөлмелері бар. Жыл соңына дейін жоспар толық орындалып, келер жылы 92 алаңша беріледі деп күтілуде. Ал, биыл Тараз қаласы аумағынан 15 спорт алаңшасы бой көтерсе, оның алтауы бюджет есебінен, қалған тоғыз спорт алаңшасы жеке кәсіпкерлердің қаржысына салынған. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен бірқатар спорт алаңшалары қалпына келтірілген. Қазіргі жастардың кәсіби спортшы деңгейіне жетуі үшін, осындай спорт алаңшалар септігін тигізеді», – деді Нұрбол Жүнісбеков.
Басқарма басшысы жергілікті тұрғындардың дене шынықтырумен айналысуы үшін демеушілер көмегімен 400 адамға арналған 1 спорт кешені салынды, бюджет есебінен тағы екеуінің құрылысы жүргізілуде. Айта кетейік, жыл басынан бері облыс спортшылары ірі халықаралық жарыстарға қатысып, 14 спортшы жүлделі орындарды иеленсе, оның 1-і Әлем чемпионы атанды.
«АДЫРНА»
ұлттық порталы