– Бейсенбек ЗИЯБЕКҰЛЫ, өзіңіз білесіз, Үкімет әруақытта банктерді қолдап отырады. Дағдарыс кезінде бірқатар банктерді өзінің қолтығының астына алды. Ал қазіргі қысылтаяң шақта банктердің қарапайым халыққа қатысты үтымды жобаларды неге жоқтың қасы?
- Негізінде, банк саласы – экономиканың «күретамыры» іспетті нәрсе. Ал осы «күретамырды» біз – енді-енді аяғынан тік тұрып келе жатқан мемлекет кезінде жекеменшіктің қолына беріп қойдық. Біз жіберген негізгі қателіктің бірі осы болды. Есіңізде болсын, енді-енді Тәуелсіздік алған тұстары банк жүйесін жекеменшіктің қолына беруге келгенде бас қатырып ойлану керек еді. Себебі әр мемлекет өзінің қаржылық саясатын оңтайлы жолға қойып, халқының әлеуетін көтеру үшін оған арнайы бір құрал-жабдық қажет. Міне, мұндайда бірден-бір пайдаланатын құрал банк жүйесі екені белгілі. Ал біз осы қаржылық құралды тым еркінсітіп жібердік. Мемлекеттік бақылауды азайтып алдық. Сондықтан бұл арада тағы да сол мемлекеттік бақылау, қадағалау мәселесінің шеті шығады.
– Біздің қайсыбір қаржыгерлеріміз «таяу болашақта отандық банктердің ауқымы кең шетелдік нарыққа шығу мүмкіндігі басталады» дегенді айтып қалады. Сіз өз тарапыңыздан мұндай пікірлерге қалай қарайсыз? –Жалпы, біз өзі әсіреқызыл пікірлер айтуға тым бейімбіз. «Отандық банктер таяу болашақта сыйымдылығы кең шетелдік нарыққа шыға алады» дегенге өз басым сене қоймаймын. Ол үшін, әрине, бізге әлі біраз маңдай тер төгу керек. Меніңше, бұл баз біреулердің асыра сілтеп айтқан ойлары болуы керек. Негізінен, біз банк жүйесін жасақтауда әлі де болса басқаны қойып, білікті мамандарға қол жеткізе алмай отырмыз. Осыған қатысты бір мысал айтайын. Мәселен, Жапонияда банктер арнайы мамандарды қызметке аларда әрқилы көзқарастағы, әртүрлі пікірдегі адамдарды жұмысқа алуға тырысады екен. Бұл ретте жапондардың ойы «қандай да бір мекемеде дәйім пікір қайшылығы болып тұруы керек. Сонда ол мекеменің жұмысы алға басады» дегенге саяды. Рас, логикалық түрде ойласаңыз, пікір қайшылығы болған жерде қоғам дамиды. Бізде керісінше, тек банк саласы ғана емес, кез келген мекемеде командалық жүйемен жұмыс істеу деген дерт дендеп тұр. Бұл дерт соңғы кездері әсіресе қаржы саласында асқынып бара жатқанын мойындауымыз керек. Тамыртаныстық дендеген жерде қаржы саясаты дамымайды. Негізінен, қаржы саясаты асқан салқынқандылықты талап етеді. Менің ойымды түйіндей келе айтарым — осы. Біз банк секторын жандандыру үшін алдымен осы командалық тұрғыда жұмыс істеуден арылуымыз керек. Бұл саланың әлеуеті сонда ғана артады. Сонда ғана барып біз нәтижелі жетістіктердің жемісін көретін боламыз..
- Өзіңіз білесіз, соңғы жылдары Қазақстанға шетелдік банк жүйесі келе бастады. Қаржы жүйесінде шетелдің экспанциясына тәуелді болу қазаққа не береді деп ойлайсыз?
– Мен өз басым қарапайым тұтынушы ретінде шетелдің банкісінен несие аламын ба, әлде отандық банктердің қызметіне жүгінемін бе, оған аса таңдау жасап жатпаймын. Сондай-ақ бұл ретте маған қайсысының қызметі тез әрі жылдам, пайыздық төлемі арзан болса болғаны... Бұл бір деп қойыңыз. Екінші жағынан шетелдік банктерге қарап, біздің отандық банктер бәсекеге қабілетті болуды ойлануы тиіс. Сондықтан шетелдік банктердің елге келуіне жеке басым оң көзқарастамын. Меніңше, бұл – қазаққа бәсекеге бейім болуды үйретеді деп үміттенуіміз керек...
– Керісінше, бұл үрдіс қаржылық қауіпсіздігімізге қандай да бір нұқсан келтірсе ше?
- Өз басым, бұдан аса қауіп көріп отырған жоқпын. Шетелдік банктер жекелеген банк секторы болғандықтан олар қаржылық қауіпсіздігімізге нұсқан келтіре қоймайтыны анық. Тек шетелдік банктермен мемлекеттік маңызы бар жобаларды қаржыландыратын кезде абай болып, келісімшартты «жеті рет өлшеп бір рет кесу керек» деп ойламын.
- Қазір өзіңіз тәрізді экономист мамандар «елдегі өнеркәсіпті дамытпайынша, банк жүйесін дамыту мүмкін емес» деген пікірлерді жиі айтады. Сіз мұнымен келісесіз бе?
– Әлбетте, келісемін. Егер банк жүйесінде нақты экономиканы білетін, алдын ала экономикалық болжам жасай алатын азаматтар отырса, бұл мәселе өзінен өзі шешімін табар еді. Байыптап қарасақ, 2007 жылдан бері біздің елдегі несие беру көлемі бірнеше есеге дейін көбейген. Ал осы аралықта өндіріс қуаттылығы артты ма? Өндірістің ауқымы қаншалықты кеңейді? Міне, біз кезінде осы жағын тереңдеп зерттеуіміз керек еді. Сол кездері халыққа оңды-солды есепсіз беріліп жатқан несиеге бақылау қойылып, оның орынды-орынсыз жұмсалып жатқаны қадағаланғанда, нақ қазір сіз бен біз өнеркәсіптілік қарқынымыздың әлсіздігі жайында әңгіме қозғамайтын едік. Ол кездері банктер өндіріспен етене жақын араласуды мүлде ойламады. Біле білгенге өндіріс пен банк тығыз байланыста болғанда, негізінен пайда көзі банкке түсетін еді. Өнеркәсіпті, отандық бизнесті банктер арзан несиемен қамтығанда экономикамыз да қарқын алатын еді. Банктер де әр жыл сайын Үкіметтен қолдау қаржы сұрап отырмайтын еді...
Сұхбаттасқан Қарлығаш ЗАРЫҚХАНҚЫЗЫ
«Адырна» ұлттық порталы