Тұрар Тұрсынханова: Ұлысқа үлгі болған ұлы әнші еді...

2736
Adyrna.kz Telegram

Ол– алты алашты аузына қаратқан әнші еді. 
Ол – ән академигі атанған Жүсіпбек Елебековтің сүйікті шәкірті, телқоңыры (Жүсекең Қайрат Байбосынов пен Жәнібек Кәрменовті осылай атайтын) еді. Ол – сазгер еді. Ұстаз еді. Ол – қазақ ән өнерінің қамқоршысы еді. 
Ол деп отырғанымыз — қазақ дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлі Жәнібек Кәрменов. Биыл әйгілі әншінің дүниеге келгеніне 60 жыл, дүниеден озғанына 17 жыл толды. 1949 жылдың 22-наурызында өзіміздің Шығыс Қазақстан өңірінде өмір есігін ашқан өнер иесі 43 жасында, 1992 жылдың 22-маусымы күні Қапшағайдың тас жолында өмірден өтерін біліп пе? 
Өнер аялағанды сүйеді. Өнерге жылы жүрек, аялы алақан керек. Иә, Жәнібек Кәрменовтің өнеріне қол соғып, өміріне нұрлы жол салған жандар жетерлік. Сондай жанның бірі, қол ұстасып 20 жыл ғұмырын бірге өткізген әншінің аяулы жары - Тұрар Тұрсынханова.

Әуелі әнімен, кейін сөзімен құлатты…

– Жәкеңмен қалай таныстыңыз?
– 1970 жылы мамыр айында Зоя деген апайымыздың үйінде қонақ үстінде таныстық.
– Кімді кім ұнатты? Сіз бе, әлде Жәнібек ағамыз ба?
Шамасы, мен ұнатып қалдым-ау деймін. Әніне ғашық болдым. Басында менсініңкіремей отырғам. «Мынау ма әншілерің?» деген секілді. Менің қалада сауда саласында қызмет істейтін Төлеуғазы Есімбеков деген ағайым болды (ол кісі дүниеден өтіп кетті). Сол кісі мені ауылда туыстарымның үйінде жатқан жерімнен (Алматы түбіндегі «Калинин» колхозында) «екі әнші болады. Соған қонаққа барамыз» деп қоярда-қоймай алып кетті. Менің уылжыған жас кезім. Басында «кәрі-құртаңның арасында не бар» деп ойладым. Бірақ қанша дегенмен әншілер болады дегенде елең ете қалдым. Сол кездері Нұрғали Нүсіпжанов пен Ескендір Хасанғалиев дуэтпен ән айтып жататын. Біздің кумиріміз сол кісілер болатын. «Сол екеуі ме?» деп сұрап едім, «олар емес-ау» деді. Содан не керек, кім болса да барып көрейік дедік. Келдік. Келсем, екі жап-жас жігіт отыр. Бірі – қап-қара, бірі – сап-сары. Бірі қолын дәкемен байлап алыпты. Жолда троллейбуста келе жатып қақтығысқа ұшыраған болуы керек. 
– Ол кезде студент шығарсыз…
– Студентпін. Бірінші курсты аяқтаған кезім. Енді ауылға кетуім керек болатын. Үйге кеткім келмей, қыдырып жүргем-ді. 
– Жәкең ол кезде оқып жүр ме екен?
– Жұмыс істейді екен. 20-21 жастағы кезі. Бірақ маған сондай жас көрінді (күлді). Отырыста ең алдымен домбыраны қолына Жәнібектің досы Жабықбай алды. Ғарифолланың стилінде ән салды. Оның да дауысы ащы еді. Ұйықтап кетейін деп қалғып-мүлгіп отырғанда ұйқымды шайдай ашты. Үлкен кісілердің жанында аса қызықты болмай отырған. Бір-екі ән салғаннан кейін Жәнібекке берді домбыраны. Екеуінің ұстағаны — бір домбыра. Жәнібек домбыраны дыңғырлатып әрі отырды, бері отырды. Күй ме, сарын ба, әлденені тартқандай болды. Жабықбай домбыраны ала салып, тарсылдатып айтып шыққан-ды. Ал бұл ұзақ отырды. «Айтса-айтпай ма, неғып отыр мынау?» деймін іштей. Осылайша бес минуттай отырды ғой деймін. Содан кейін Иманжүсіптің бір әнін орындап берейін деп алдымен комментарий жасады. Менің Иманжүсіптің атын бірінші рет естуім. Содан әнді шырқатты-ай келіп. Ол столдың ана шетінде, мен мына шетінде отырдым. 

«Мен жасымда жігіттер топтан астым,
Менменсінген талайдың көңілін бастым.
Қасыма ерген жігітке олжа салып, 
Бір күнде сегіз қызды алып қаштым», – деген сөздер бар екен әннің ішінде. Ой, құлап қалдым соған (жақсылап бір күліп алды).

«Бар қатыны қыпшақтың ұл туса да,
Сонда да бола бермес Иманжүсіп»… 

Сөздері сұмдық енді. Өзім бірінші рет естідім. Орындаушысы қандай керемет. Сенесіз бе, сол үйдің терезесі Жәнібектің даусынан сыңғырлап кетті. Ондай дауысты бұрын-соңды естіген емеспін. 
– Оған дейін әнге қызықпаушы ма едіңіз…
– Қызықпасам, отырысқа бармайтын едім ғой. Бұлар Нұрғали мен Ескендірден кем болмады. Жәнібек Иманжүсіптің «Қош, аман бол, туған жер» әнінен соң бірінен кейін бірі, бірнеше әнді қатарынан шырқады. «Жамбас сипар» деген секілді әнді бұрын естімегем ғой. Айтқан әндерінің сөздері де қызық екен. Арасында «Қасына сұлулардың көп жантайдық» деген сияқты сөздері бар. Бұрын естімегеннен кейін бе құлаққа түрпідей тигені рас (әрине, жақсы мағынасында). Арасында күліп қоямыз. Сол кештен бастап менің ағайым да бірден Жәнібекке көңілі құлапты. «Ертең менің үйіме қонаққа барасың» деді. Сол күннен Жәнібектің гастролі басталып кетті. Мен үйіме кетуім керек-ті. Оның бәрі жайына қалды. Ертеңіне Жәнібек ағайымның үйінде қонақта болды. Содан кейін туған-туысқандардың үйінің бәрінен дәм татты. Үшінші күні Көпен Төлегенұлы деген нағашым қонаққа шақырды. Сонымен, бір жетіде Жәнібек жарты Алматыны шарлады. Мен ауылға кетерде біздің ауылдың бірінші хатшысы Мәркен Усатаев Алматыға келген екен. Сол кезде ол кісіні жоғарыда айтқан ағайым Жәнібекпен, досы Жабықбаймен таныстырады. Бірінші хатшы екеуіне «демалыста босқа жүргенше, ауылға концерт беріп қайтыңдар» деп қолқа салады. Бір жағы, қалтасы тесік студенттерге тиын-тебен болсын дейді. Үйге келіп демалып жатқам. Бір күні кешке қарай есік қағылды. Шықсам, есік алдында Жәнібек пен Жабықбай тұр. Екеуі Әжібай деген потребсоюздың бастығының үйіне түскен екен. Сосын: «Төкеңнің үйінде қарындасы бар еді. Осында тұрам деуші еді. Соның үйін білесіз бе?» деп сұрапты. Ол кісі біздің үйді нұсқап жібереді. Сөйтіп екеуі мені іздеп келді. Сол жолы Алматыға Жәнібек екеуміз бірге қайттық. Ол кезде студенттерді картоп, жүгері жинауға апаратын. Бірінші қыркүйекке дейін қалаға жетуіміз керек. Жәнібектің де жұмысқа шығатын уақыты жақындаса керек. Көпен ағам айтты: «Жәнібекке мәшине тауып берем. Сонымен бірге қайт» деді. Автобусқа билет жоқ. Ол кезде такси дегенді білмейміз. Сөйтіп екеуміз бірге қайттық. Алматыға келгенше әңгіме айттық. Жәнібек ауыздың суын құртатын небір әңгімелердің тиегін ағытты-ай дейсің. Мен – тыңдаушы. Ол – айтушы. Әңгіменің майын тамызады екен. Қысқасы, Жәнібек ең алдымен әнімен, содан кейін сөзімен құлатты ғой мені. 
1972 жылы Жәнібек ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне түсу үшін соңғы емтиханын тапсырды. 18-тамызда. Сол күні біздің үйлену тойымыз да болды. Тойымызға Рақымжан Қошқарбаев, Сапарғали Бегалин, Еркеғали Рахмадиев, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғалиев, Ғафу Қайырбеков секілді елге ардақты азаматтар қатысты. Жазушы Кәкімжан Қазыбаев асаба болды. «Алматы» қонақ үйінің банкет залында өткіздік. Ол кездегі «Алматы» қонақ үйінің директоры Рақымжан ағаның өзі еді. Тойдың бас ұйымдастырушысы да өзі болды. Сөйтіп екеуміздің жаңаша өміріміз басталған. Содан бала Жәнібектен дана Жәнібекке дейінгі жиырма жылды бірге өткіздік қой. Әсет, Ақбота, Шаһкерім есімді үш баланың ата-анасы атандық.

«Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады»

– Қандай ерекше қасиеттерін бөліп айтар едіңіз?
– Ерекше қасиеті көп болатын. Нағыз сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі еді. Жәнібектің халқының, тыңдарманының жүрегінде сақталуының бірден-бір себебі – адамгершілік қасиетінің биік болғандығынан ғой деп ойлаймын. Әншілігін былай қойғанда, оның адамгершілігі жоғары болатын. Қатар жүрген тұрғыластарынан «сен сұмдық әншісің», «сен ғұлама жазушысың», «сен сондай шешенсің» деген сөздерді көп естіді. Елдің бәрі оны мақтайтын. Сонда айтатын: «Менің бойымда қандай да бір жақсы қасиет болатын болса, бірінші тума таланттан. Ол – анамның сүтімен дарыған қасиет. Менің бойымдағы қалған бар жақсылық, титтей де жақсы қасиетім болса, осы алдымда жүрген ағаларымнан дарыды» дейтін. Алдындағы ағаларының басы Жүсекең (Жүсіпбек Елебеков) еді. Жүсіпбек Елебеков пен Хабиба апай Жәнібекке ерекше қамқорлық танытты. Әке орнына әке, шеше орнына шеше болды. Жәнібекті Алматыға алып келіп, бас-көз болған Жүсекең ғой. Сол кісінің арқасында Манарбек Ержанов, Сапарғали Бегалин, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Қалибек Қуанышбаев секілді жақсы-жайсаңмен танысты. Аралас-құралас, дос-жаран болды. 
– Кімдермен жақын араласты?
– Жәнібектің дос болмаған кісісі жоқ шығар. Кез келген адаммен тіл табысып кететін. Достары көп болды. Соның бірі – Құныпия Алпысбаев. Қазір Астанада тұрады. Жәнібек Құныпиямен менің көзімше ақиреттік дос боламын деп төс қағыстырған. Тұрсын Жұртбаев, Несіпбек Айтов, Дәулет Сейсенов, үлкен ағалардан Рымғали Нұрғалиев, Мұхтар Мағауин секілді ел ардақтыларымен үлкен сыйластықта болды. Ақселеу Сейдімбековпен достық әрі шығармашылық байланысын ешқашан үзген жоқ. Қысқасы, ол қазақтың өнері мен әдебиетінің нағыз қаймақтарының бәрімен араласты. Жәнібек қайтыс боларының алдында «Қазақ концерттің» залында 25 ақын-жазушының 50 жылдық мерейтойларын өткізді. Бастан-аяқ өзі жүргізді. Қалада өткізген ең соңғы іс-шарасы — осы. 
– Есіңізде қалған қызықты оқиғалар болды ма?..
– Ең қызықты оқиға Жәнібек өмірден өткеннен кейін болды. Ол кезде Шаһкерім екі жаста. Мен үйде баламен отырғам. Жәнібектің жетісін өткіздік. Үйге келуші ел-жұрт та саябырси бастаған. Онда «Көктемдегі» үйде тұратынбыз. Үйде Жәнібек Швецияға барғанда алып келген магнитофон болатын. Жәнібек сол кездері Ақселеу Сейдімбек ағамызбен бірге «Асыл мұра» деген телевизиялық хабар жүргізді. «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» деп Жарасқан ақынның жазып жүргені — осы хабар. Бағдарлама аясында он шақты хабар жасалды. Сол хабардан кейін Жәнібек «Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты» деген атаққа ұсынылды. Сыйлықты 1984 жылы алды. Бұл Жәнібектің алғашқы сыйлығы еді. Сол кездері үйге құтты болсын айтып ел-жұрт көп келетін. Бір күні атақты жуу үшін он шақты адамды қонаққа шақырдық. Қонақтар дастарханға отырғанда аудиокассетаны басып қойдым. Үйдегі әрбір отырыс сайын таспаны қосып қоятынмын. Бір жағы естелік үшін. Мұны айтып отырғаным, Жәнібектің жетісі өткеннен кейін бір күні әлгі таспалардың бірін қосып қойып үй сыпырып жүргенмін. Ас үйге жақындап қалғанда «Әй, Тотай» деген Жәнібектің дауысын естідім. Жәнібек қайта тіріліп келгендей, жүрек қабым жарылып кете жаздады. Жәнібектің өлімін естігенде жүрегім жарыла жаздап еді. Мұны естіп екінші рет жүрегім жарылудың аз-ақ алдында қалды. Сөйтсем таспалардың ішінде мұндай сөздің бар екені есімде қалмапты. Бір отырыста жазып алынған таспа екен. Ондағы айтылған сөз мынау: 

- «Әй, Тотай! Мен сені алғанда екі нәрсені ойлап едім: мен сені алғанда жыртық көңілімді жамасын деп алып едім. Өмірдің ащы-тұщысын көрген, қажыған, талған, тозған халіме дәнекер болсын деп алып едім. Өзім жалғыз болып едім. Бауырымнан өрбітіп бала, ұрпақ өсірсін деп алып едім. Алдыма келген ағаға басын иіп, ізет қылған келін болсын деп алып едім. Құрбыма: шашынан тартса, уысында бір тал қыл кетер, қалжыңын көтерер жар болсын деп алып едім. Сен соның бәрін көтеріп келесің. Сен бір ауыз сөз сөйлеші…».

Жәнібектің үй иесі деп маған сөз бергені ғой баяғы. Осы таспа менде әлі бар.

Қабылбаевтың қабылдауы

– Білуімше, Жәнібек ағаның Ішкі істер министрлігінің ән-би ансамбліне жұмысқа орналасуының өзі бір қызық хикая екен. Соны айтып берсеңіз? 
– Жәнібек менімен алғаш танысқан кезде Ішкі істер министрлігінің ән-би ансамблінде солист болып істеп жүрген. Ол жерге келгенінің өзі қызық. Жәнібек студияда оқып жүрген шағында Жүсекең бір жаққа гастрольге кетеді. Сол кезде Жәнібекті, атын айтпай-ақ қояйын, оқу орнының директоры оқудан шығарып жібереді. Содан Жәнібек қысқы сессиясын тапсырмастан ауылына кетіп қалады. Жәнібек өзі тез өкпелейтін және кешпейтін. «Осыны аяқтамасам, ештеңе болмас» деп ауылға тартып отырған ғой. Ауылға барғаннан кейін оны автоклуб меңгерушісі қылып қояды. Екі курс оқығаны бар және жап-жақсы әнші дегендей. Сол кездері Қажытай Ілиясов деген жазушы Жәнібек жайында радио очерк дайындайды. Ол радиодан беріледі. Радио очерк-ті елдің сол кездегі Ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаев тыңдайды. Бірден Жүсекеңе телефон соғады. «Жәнібек деген балаңыз қайда?» дейді. Жүсекең: «Мен келсем, кетіп қалыпты» дейді. Одан кейін Шырақбек марқұм бірден Семейге хабарласады. Милиция атаулыны аяғынан тік тұрғызады. «Кәрменов 24 сағатта кабинетімде болсын» деп әмір береді. Сөйтіп құрығы ұзын милиция қызметкерлері қаладан ауданға, ауданнан ауылға шығып ақыры Жәнібекті табады. Автоклубтан шығып келе жатқан жерінен қолына кісен салып, 24 сағат емес, 12 сағатта Алматыға жеткізеді. Түкке түсінбеген шешесі жылап қала береді. Жәнібектің өзі де түсінбей қалады. Не керек, аяғында пима, үстінде тон – министрдің кабинетінен бір-ақ шығады. Сөйтсе, ол кісі министрлікте ән-би ансамблін құрайын деп жатыр екен. Жәнібекті соған солист-әнші қылып алады. «Сені осы жұмысқа алайын деп іздедім» дейді. Студияны бітірген қағазына да қарамайды. Аз-маз әңгімеден кейін Жәнібекті тамақтандырып, киімін шешіндіріп, милиция формасын киіндіріп Сәтбаев пен Байтұрсынов көшелері қиылысынан бір бөлмелі пәтер береді.

Бір күннің ішінде. Сағат 10-да ұшып келген, 11-де тамақ ішкен, сағат 1-де үйдің кілтін қолына алған. Қуанышы қойнына сыймаған Жәнібек қаладағы достарын іздейді. Ең алдымен Жабықбайды тауып алады. Ол «Қазақ концертке» жұмысқа тұрып алған екен. Содан кейін ауылға телефон соғып, шешесіне аман-саулығын, жұмысқа тұрғандығын, пәтер алғандығын айтады. Мұны естіген шешесі: «Жалғызымнан қалғанша, өлген артық» деп жүгін буынып, түйініп, малын сатып қалаға тартады. Аядай бөлмеде, анасы бар, тағы басқа туған-туыстарымен бірге он шақты адам тұрып жатады. Жәнібек Шырақбек ағамен күнде кездеспесе де, аптасына бір рет көріп тұрады.

Бір күні хал сұрасқанда Жәнібек ауылдан анасының келгенін айтады. «Ол кісіге барып сәлем беру керек қой» дейді Шырақбек Қабылбаев. Сәлем беруге келсе, бір бөлмелі пәтерде он шақты адам есіктен төрге дейін қаз-қатар тізіліп жатыр дейді. Жәнібекке берген бір төсекте апасы жатыр дейді. Осыдан кейін біраз уақыттан соң Шырақбек Қабылбаевтың саяжайында кездесу болады. Ол кісі Жәнібекті де шақырады. Жәнібек келсе, Дінмұхаммед Қонаев пен Бәйкен Әшімов отырады. Жәнібек әуелетіп ән салады. Үлкен кісілер мұқият тыңдайды. Сонда Дінмұхаммед Қонаев Жәнібекке: «Келесі кездескенде маған бір жоғары оқу орнын бітірдім деп айтатын бол» дейді. Содан кейін «Мұның не жағдайы бар екен?» деп сұрайды Ш.Қабылбаевтан. Ол кісі: «Менде жұмыс істейді. Солист-әнші. Бір бөлмелі пәтер бердім. Апасы бар. Он шақты кісі тұрып жатыр» дейді. Димекең: «Сендер министр болып тұрғанда жөні түзу үй болмай ма?» дейді. «Менде артық үй жоқ. Генерал Калюта дегеннің баласына арнап қойған бір үй бар еді. Одан басқа үй жоқ» дейді министр. «Қойшының баласына күнде ешкім үй бере бермейді. Генерал баласына үй тауып береді. Мен рұқсат бердім» дейді сонда Димекең.

Содан Жәнібек 1969 жылы 31-желтоқсан күні үш бөлмелі үйдің кілтін алады. Сөйтіп 20 жасында айды аспанға шығарып, бір жылда екі үйге ие болады. Әрине, мұның бәрі өнердің арқасы ғой. 
– Ол кісінің қандай әнін ерекше жақсы көресіз?
– Иманжүсіптің әні. Содан кейін «Айтбай». «Базарың құтты болсын, ардақты елім» деп басталады ғой. Бұл енді — керемет ән. Сол «Айтбай» әнінің фильм-концерті сақталған болу керек. «Қазақстан» телеарнасы тауып берсе, жақсы болатын еді. Көкшетауға барып түсірген фильм-концерті де бар болатын. Ол кезде техниканың жоқтығынан көбі сақталмады. 
– Алтын қорда сақталған әндері бар шығар… 
– Алтын қорда Жәнібектің 25 шақты әні сақталған. Бар-жоғы 25-ақ ән. Басқа әншілеріміздің 250-350-ге дейін жазылған бейнетаспалары бар. Мұның бәрі уақытында құнттамағандықтан ғой. Және Жәнібек ешкімнің алдына жалынып бармаған, кел деп жалынғандар да болмаған. Сонымен қала берген. Бір жағы өмірден ерте кетемін деп те ойлаған жоқ қой.

Жүсекең жайында роман жазсам деуші еді...

– Ол кісінің қандай жоспарлары бар еді…
– Жоспары көп болатын. Жүсекең жайында роман жазамын дейтін. Жатса-тұрса елдің қамын ойлап жүретін. Бір оқиға есіме түсіп отыр.

Бір күні Жәнібек айтты: «Жүріңдер, мәшинеге отырыңдар. Бір жерге барып келейік» деді. Жанымызда кішкентай Шаһкерім бар. Мамыр айының аяқ кезі. Жүйткіп отырып консерваторияның жатақханасына келдік. «Сендер отыра тұрыңдар. Мен қазір шығамын» деп ішке кіріп кетті. Әрі күттік, бері күттік. Мәшине іші ыстық. Күн жылы. «Міне, қазір» деп кеткен Жәнібегім бір сағаттан кейін бір-ақ шықты. «Не болды? Неге сонша жоғалдың» десем, «Саламат деген студентім мемлекеттік емтиханға келмей қала ма деп… Соған келіп едім» дейді. Сөйтсем, Жәкең өз студентіне ертең емтиханға кел деп айтуға келіпті. Мен айттым: «Сен қызық адам екенсің. Өзіміз де оқыдық. Кезінде біз жүгіретін едік. Кафедра меңгерушісі емес, студент» дедім. «Жоқ, сен білмейсің ғой. Ол — күшті әнші. Кішкене керітартпа мінездері бар» деді. Қандай кішіпейілділік. Кафедра меңгерушісі болғанына қарамастан, студентінің жатақханасына іздеп келіп, тауып, ертең емтиханнан қалма, тосам дегенді айту үшін келген. Мұндай кафедра меңгерушілері бар ма, қазір? Қайран, кең жүректі Жәнібек. Ол өнерді қатты құрметтейтін. Талантты тани білетін.

Өнердің қадірін кетіріп жүргендерге «Ол саған Ташкенттің Алай базары емес, ақшаға сатып алатын» дейтін. 
– Жәнібек ағамыз ән де жазды емес пе?
– Жазды. Ең бірінші әні Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңіне жазылды. Оны Шаһкерім орындайды. Бұл әнді Бекболат та орындады. Одан кейін «Толғауды» жазды. Сол «Толғау» маған Жәнібектің өзіне арнап жазғаны секілді көрінеді. 
– Қиналған, қайғырған кездері болды ма?
– Болды. Бірақ тіс жарып айтпайтын. Бәлкім, ішінен тынып жүретін болар. Комсомол сыйлығын 1984 жылы алуының өзі сонда деп ойлаймын. Ол кезде Жәнібектің қолына су құя алмайтындардың барлығы еңбек сіңірген әртіс болып кеткен-ді. Біреулер «Әй, Жәнібек, сенің әлі ешқандай атағың жоқ па? Ой, сен әлі еленбей жүр ме едің?» деген секілді іліп-қақпа сөздерді айтқанда, «Құрманғазы халық әртісі болмай-ақ консерваторияның атын алып, ел жүрегінде қалды емес пе, Ақан мен Біржан қашан халық әртісі болып еді, Абай қашан халық жазушысы болып еді? Мені халқым таныса, болды, халқымның берген бағасы бәрінен артық. Маған үкіметтің берген бағасының ешқандай қажеті жоқ» дейтін. 
Ол кездегі өкімет бағалай білмесе де, Жәнібектің халқына өкпе-назы болған жоқ. «Халықтың бүкіл маңыраған қойы, кісінеген жылқысының бәрі менікі» дейтін ол. Шынында қазақтың қай үйіне барсаң да дастарханы жайылып тұратын. Жәнібек қай жерге барса да хан көтеріп қарсы алатын. Ұлысқа үлгі болған ұлы әнші еді.
– Өзіңіз ән айтпайсыз ғой?
– Мен ән айтпаймын. Жақсы тыңдаушымын, сыншымын. Бір үйге бір әнші жетеді ғой енді. Тыңдаушы да, сыншы да керек қой. 
– Биыл Жәнібек ағаның дүниеге келгеніне 60 жыл. Мерейтойлық шаралар қолға алынып жатқан болар… 
– Жақында Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің хаты келді. Онда Жәнібектің соңында қалған аудио және бейнетаспаларының мемлекеттік тапсырыспен жарыққа шығарылатыны және Астана қаласынан бір көше беруге қала әкіміне ұсыныс хат жолданғаны айтылыпты. 
Жәнібектің 60 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өтуді Мәдениет министрлігіне Бекболат Тілеухан, Рымғали Нұрғалиев, Ақселеу Сейдімбек, Тұрсын Жұртбай секілді ағаларымыз құлағдар етсе керек. Ол кісілерге алғыстан басқа айтарым жоқ. 
Алла сәтін салса, алдағы уақытта Жәнібектің бұрынырақта жарық көрген үш кітабы қайтадан басылып шығайын деп жатыр. 2002 жылы Астанада Айман Мұсақожаеваның музыка академиясында Жәнібекке арнайы класс ашылды. Академияда Жәнібектің Ербол Сарин және Айтбек Нығызбаев деген шәкірттері сабақ береді. Ақпан айының 19-ында шәкірттерінің ұйымдастыруымен академияда еске алу кеші өтті. Президенттің мәдени орталығында да шәкірттерінің бас болуымен Жәнібекті еске алған кеш өтті деп естідім. Осылайша Астанада Жәнібектің 60 жылдық мерейтойы басталып жатыр. 
Осыдан біраз уақыт бұрын «Таугүл» ықшам ауданынан Жәнібек атына көше берілді. Бір күні Берік Қараев деген жігіт телефон соқты. «Апай, не қарап отырсыз? Ана жақта барлығы әкімдіктің табалдырығын тоздырдым. Ең болмаса Жәнібек ағаға қатысты деректерді әкеп беріңіз» деді. Сөйтіп Берік Қараев деген жігіттің арқасында Жәнібекке көше берілді. Бұған да мен жүгірген емеспін. Менің табаным тоздырып отыратындай уақытым да болған жоқ. Жәнібек пен Мәдина Ералиеваның көшелері қиылысып жатыр. Басында 500 метр еді, қиып-қиып 270 метр болды… 
Құдайға шүкір, Жәнібекті елі ұмытқан жоқ. Халқының жүрегінде. Соңында қалған шәкірттерін көріп қуанып отырам. Жәнібек жетпеген биіктерге өзінің шәкірттері жетіп жатса, мен үшін бұдан үлкен қуаныш жоқ.


Әңгімелескен

Азамат Қасым

Пікірлер