Ел журналистикасында соны ізденістер аз емес. Әйтсе де, бүгінде радио саласында соңғы поп, rnb секілді әлемдік сахнадағы әншілердің өлеңдерін жүз қайталайтын немесе олардың өмірін жатқа соғатын бағдарламалардан аяқ алып жүре алмайтын күйге жеттік. Бір-біріне тек сапасы ғана емес, форматымен де егіз қозыдай ұқсас бағдарламалардың жастарға рухани азық беретіндігі, әрине, күмәнді. Әйтсе де соңғы кездері елді елең еткізетін бағдарламалар, соны ізденістер бар екенін де айта кеткен ләзім десек, тың идея ұсынып отырған сол аздың бірі – Нұржау Көшербайдың “Күй дария” бағдарламасы.
Қостанай қаласының “КН” радиосынан әр сенбі сайын тұрақты түрде беріліп келе жатқан “Күй дария” көпшілік күтіп тыңдайтын бағдарламаға айналып отыр. Домбыраның қоңыр үнімен бірге еліміздің дәулескер күйшілерін сөйлете отырып, күйдің арғы-бергі тарихын айту арқылы жастардың қызығушылығын арттырып жүрген бағдарламаның арқалаған жүгі салмақты. Қатысушы күйшілердің қатары да осал емес. Тұяқберді Шәмелов, Айгүл Үлкенбаева, Абдулхамит Райымбергенов, Секен Тұрысбеков секілді көптеген танымал күйшілер қазақтың арғы-бергі күй тарихынан сыр шертеді. Оларды тыңдай отырып, ел мен жер шежіресі, фольклор өнерінің дамуы жөнінде тұтас дәуірлер көз алдыңа келеді.
“Күй дарияның” әр бағдарламасы бүгінгі заман ағымымен тәрбиеленіп жатқан ұрпаққа “аталы сөзге тоқтаудың” қасиетін ұғындырады. Оның кезекті бір бағдарламасына құлақ түрейік. Бағдарлама күй атасы Құрманғазының “Серперімен” ашылды. Арқа өңірінде Қосбасар атты әдемі күйлер топтамасы бар. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлағатты ұстаз, күйші Айтжан Тоқтаған осы күй жөнінде сыр шертеді.
Ертеде Арқада Күшікбай есімді елге сыйлы азамат, қадірлі ақсақал өткен көрінеді. Қартайғанда зарығып көрген ұл баласы 5 жасқа келгенде қайтыс болады. Қатты қиналып, өмірден баз кешкен қария кең тігілген киіз үйдің іргесінде ас-су ішпей, теріс қарап жатып, өлуге бел байлайды. Бұл Тәттімбеттің 18 жасар кезі болса керек. Ел-жұрты жиналып, жалпақ жұрт отырып қарияның қайтсек бетін бері қаратамыз деп ақылдасады. Сөйтіп, жас Тәттімбеттің “Қосбасарлары” өмірге келеді. Табалдырықты аттаған Тәттімбет 12-ден, мүшел жас бойынша топтап-топтап “Табалдырық Қосбасар”, “Зар Қосбасар”, “Жай сары Қосбасар”, “Сейіл Қосбасар”, “Сырнайлы Қосбасар”, “Қырмызы Қосбасарларын” тартады. Тәттімбеттің 62 “Қосбасарының” шығу тарихы көз алдымызға мөлдірей тұнғанда жанды баурайтын “Қосбасар” күйіне кезек берілді. “Қосбасарды” құйқылжытқан домбыра Дәулеткерейдің “биязы мектебінің” өкілі саналатын Әлкей Бесалыұлының “Қоңыраласына” көшті. Алабұртқан көңілді көз алдыңа әкелетін әдемі күй екен. “Күй дарияның” қай саны да көңіліңізді көркейте түседі. Белгілі жазушы, өнер зерттеушісі Таласбек Әсемқұлов қатысқан бағдарламаны алайық. Арқаның ең атақты күйшілері Тәттімбет пен Байжігіттің күйлерін дәріптейтін, өзін солардың ізін жалғастырушы деп есептейтін Таласбек күйші 12 ата Абақ Керейдің ішіндегі Жастабан деген рудан шыққан Байжігіт деген күйші туралы әңгімелейді. Даулы заманда өмір сүрген күйшінің өмір жолы да, шығарған күйлерінің әрбіреуінің артында тұтас тағдыр, заман көрінісі жатыр. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қалмақтар қырылып, босап қалған Жоңғария жеріне көшіп барған Байжігіттің денесі бүгінде Алтайдағы Жалаулы деген таудың басына қойылған деген аңыз айтылады.
Иісі қазаққа танымал Тәттімбет күйші Арғын руының ішіндегі Қаракесек, оның ішінде Шаншар руынан тарайды. Данышпан Абайдың әкесі Құнанбай мырзамен құдандалы болған, тонның ішкі бауындай араласқан екен. Бағдарлама қонағы Тәттімбеттің бір күйі Абайдың әжесі Зереге арналғандығын айтып өтті. Шын аты Тайбала, халқы Зере атап кеткен анамыз денелі, қараторы кісі болыпты. Найманның ішіндегі Матай руының қызы, Құнанбайдың шешесі үлкен қара кемпірді елі Молқара атандырған көрінеді. Молқара Тәттімбетті қатты еркелетеді екен. Бір күні Зере ел жиналып, күй тыңдап отырған кезде, елге ат мінгізген секілді бір- бір күй атайсың, маған атағаның қайда деп базына айтса керек. Сонда Тәттімбет табан астында “Молқара” атты күй шығарады.
Бұл күй Арқа мектебіне кеңінен танымал. Әдетте күй тартушы тыңдаушысын қызықтырып, күйдің тағылымы мол тарихын айтып, оның бояуын арттырып, әсерін қалыңдата түседі. Әркімнің ой түйетіні өз алдына, оған қоса сұлу сазды тыңдап көңіл көкжиегі кеңейеді. Бұл “Күй дария” форматының ерекшелігін айқындайды, тыңдап отырып оған лайықталған 30 минуттың қалай өтіп кеткенін аңдамай да қаласыз. Қайта уақыт аздығы сезілгендей, тамсанып барып, таңдайым әлі де татыңқырамай қалды-ау дегендей күй кешесің.
Қарқаралыда жиі тартылатын “Айдос” немесе “Қосайдар би” деген күй бар. Осы күйдің шығу тарихына үңілсек. Айдостың күйшілігі өз алдына, онымен қоса барымташы да болған көрінеді. Керейде Молақ деген бай болыпты. Байдың ұлы болмай, Айтбике есімді жалғыз қызы бар екен. Күндердің күнінде Айдос барымтадан қайтып келе жатып байдың үйіне түссе керек. Жас жігіттің көзі байдың қызына түсіп, ғашық болады. Қолға түсірген жылқысын еліне жеткізіп салып, ізімен байдың үйіне кері қайтып келген Айдос Молақтың жылқышысы болуға келісімін береді. Бір күні ел той-томалаққа кеткен кезде Айдос пен қыз табыннан ең жақсы аттарды мініп қашып кетеді. Тойдан келген Молақ бай қызы мен жылқышысының қол ұстасып қашып кеткенін біледі де, ел іші у-шу болады. Сөйтсе, қыздың атастырылып қойған жері бар екен. Қашқындарды іздеген қыз әкесі де, жесірін даулаған құда жақ – наймандар жағы да бір жыл табанынан сарсылады. Не керек, бір жылдан кейін олар ұсталғанда екі жас кішкентайлы болған екен. Оларға үкімді Керей ішіндегі Абылай ханның көзін көрген Қосайдар деген атақты би шығарады. Мән-жайға қаныққан би Айдосқа алынып қойған қалыңмалды найманға өсіммен қайтартады да, Айдос пен Айтбикенің ұлын Молақ байға бергізеді. Қыз бердің, бірақ ұл алдың, осымен тоқта десе керек. Байжігіт болса Қосайдар бидің кемеңгерлігіне таңқалып, сол билер бас қосқан кеңестен кейін күй шығарған көрінеді. Сөйтіп, дүниеге “Қосайдар би” атты күй келеді. Әділеттің ақ туын жықпаған биге қойылған күй-ескерткіш бүгінге жетті. Шежіре соңы күйші Таласбек Әсемқұловтың орындауында “Қосайдар би” күйіне ұласты.
Бағдарламаның тағы бір қонағы – дәулескер күйші Айтжан Тоқтағанның айтуынша, шын мәнінде домбыраның мүмкіндігін барынша жарқыратып көрсеткен адам Құрманғазы болса, оның Маңғыстау жерінде дүниеге келген “Төремұрат” күйі жалпақ жұртқа белгілі. Оның тарихы да тыңдағанды бей-жай қалдырмайды. Күй атасының тарихы тереңге тартар күйлерінің бірі “Төремұраттың” тууы “Күй дария” бағдарламасында маңғыстаулық күйші Сержан Шәкіратовтың жеткізуі мен орындауында беріледі.
Он екі ата Байұлының бірі таз руынан шыққан атақты Төремұрат деген батыр өткен екен. Ол Құрманғазымен замандас, дәмдес, ынтымақты, аралас-құралас болса керек. Күйшінің анасы Алқа да таз руының қызы, яғни Төремұраттың апасы болып келеді. Төремұрат батыр Данай есімді сұлуға ғашық болады. Сұлулығы жаннан артқан Данай басқаға атастырылып қойған болса керек. Төремұрат тәуекелге барып, қызды алып қашуға бел байлайды. Серіктерін ертіп іргелес жатқан Маңғыстауға, Үстіртке қашқан олар жолда түркімендер жасағына тап болып, ұрыс басталып кетеді. Түркімендер мен адайлардың арасы суысып тұрған кез болса керек, сол жерде басталған ұрыста жасағы аз Төремұрат батыр қаза табады. Осы кезде ұрыс үстіне адайдың батыр жігіттері жетіп үлгеріп, Данай мен Төремұрат батырдың серіктерін тұтқыннан құтқарады. Батырдың денесі ұрыс болған дөңде Үстірттегі Күйкен деген жерде жерленеді. Кейін Төремұрат батырдың бейітіне келіп, еске алған адайдың Сүйінғара атты батыры жас бейіттің жанындағы дөңнен үлкен күмбезді моланы көреді. Бұл кімнің күмбезі деп сұраған Сүйінғараға бір атақты байдың жатқан орны деген жауап қайтарылады. Сонда Сүйінғара тұрып, бұл күмбез тірісінде елге қайыры тимеген байдың басында тұрғанша, ел қорғаған батыр басында тұруға лайықты деп, оны бұздырып, Төремұраттың басын көтертеді. Тектілік пен тентектік астасып жатқан бұл тарих та күймен бірге жетті.
“Төремұрат” күйіндегі сылқым қағыстарда ұрыс бейнесімен қатар, қазақ қызының шолпысы сыңғырлаған сұлу бейнесі бар. Бұл күйді кейде жергілікті халық “Қыз Данайдың қырғыны” деп те атайды. Арада жыл өткен соң ру ақсақалдары қыз Данайға үш таңдаудың бірін қабылдауды ұсынады. Оның алғашқысы – атастырылған еліне бару, болмаса төркініне қайту, ал үшіншісі – осында өзі ұнатқан азаматтың етегінен ұстау. Сонда ақылды Қыз Данай үшінші ұсынысты қабыл алыпты деседі деп ойын түйіндеді Сержан ақсақал.Күй атасы Құрманғазы мен шертпенің шебері Тәттімбеттің, сондай-ақ олардан кейін дүниеге келіп талай жанның таңдайын қақтырған тамаша күйлер “Күй дария” бағдарламасында бірінен соң бірі орындалғанда, әдемі күй кешесің. Елдің тарихымен тұтастыра, сабақтастық жібін үзбей жалғастырып келе жатқан хабардың берер тағылымының молдығын осыдан көре аламыз. Ол тектілік пен ерлікті, ұлтын сүю мен жерін сүюдің нағыз үлгісін көрсетіп, насихаттайды.Сталиндік солақай саясат ұлт зиялыларын қынадай қырғаны мәлім. Ұлт зиялысының еңсесін езіп, тұтас ұлтты бас көтерер азаматынан айырылтқан талайлы заман бағдарламада күй тілімен жетіп, зұлмат қырғын жаныңды ауыртады. Шертпе күйдің тағы бір өкілі, осы зұлмат құрбаны Әбди күйші туралы көп жұртшылық біле бермейді. Сембек, Қыздарбек, Әбди секілді көрнекті күйшілердің барлығы байдың тұқымы ретінде атылып кеткен. Тек жалғыз Әбди ғана емес, күй орындағаны, домбыра ұстағандығы үшін талай боздақтың басы кеткендігі ащы шындық. Өлерінен бір күн бұрын Әбдидің соңғы тілегі сұралады. Ол еш өкінбестен, атсаңдар атыңдар, еш өкініш жоқ, тек ана отырған Хасеннің Әбікенін таңға дейін жаныма қосып беріңдер дейді. Сөйтіп, болашақ күйшіні тап басып, Әбікенге жалғыз күйі “Қосбасарды” таңға дейін ұйықтамай үйретіп, аманаттап кетеді.
Ел тарихының тағы бір белесі Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл 65 жыл толды. Қазақтың талай боздағы етігімен су кешкен сол жылдарға арналған күйлер “Күй дария” қоржынында жоқ емес. Мағауия Хамзиннің адамның төбе құйқасын шымырлататын “Белгісіз солдат” күйі сол жылдарға қойылған ескерткіш. Оның негізі туралы Мағауия ақсақалдың өзінен естіген орындаушы Жанғали күйші былай дейді. “Балалар үйінде тәрбиеленген Мағауия татар ақсақалының тәрбиесінде болады. Соғысқа кеткен жалғыз ұлы қайтпай қалады да, зар еңіреген татар шалының есі ауысып кетеді. Соғыс қасіреті ғой бұл. Рәшитім, менің Рәшитім деп жылап әнге қосқан шалдың дауысы бала Мағауияның құлағында қалып қояды да, кейін жылдар өткеннен соң осы күй дүниеге келеді. Қасіретті тарихтың шерлі күйлері, асыра сілтеудің құрбаны күйшілер жайлы бағдарлама қонағы Қазақ музыка академиясының ұстазы, танымал күйші Жанғали Жүзбаев ерекше толғаныспен әңгімелейді.Өскелең ұрпақ бойындағы ерлікті, патриотизмді арттыратын, жастардың бойына ұлттық рухты егетін бұл бағдарлама “КН” радиосы арнасында екі жыл қатарынан берілмек. Бағдарлама ауқымы өте кең. Әрбір күйді естіген сайын Отанға деген мақтаныш сезімі арта түседі. Бағдарламаның құдіреті де осында. Бір қызығы, өзі мемлекеттік қызметші болып табылатын автор Нұржау Көшербай бұл бағдарламасын кәсіби журналистік тұрғыдан жасалғандығын халықтан келіп түсіп жатқан ой-пікірлер айқындайды. Ұлттық руханиятымызға Елбасымыздың өзі ерекше маңыз беріп отырғанда Нұржау бауырымыздың күй зерттеушісі, қарапайым күй тыңдаушысы ретінде жұртшылыққа тартымды, идеясы мығым бағдарлама жасап ұсынғаны руханиятымызға қосылған үлкен үлес деп бағаладым өз басым.
Ғаділбек ШАЛАХМЕТОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің
“Телерадио және қоғаммен байланыс”
кафедрасының меңгерушісі.
«Егемен Қазақстан» газеті